Сенбі, 23 Қараша 2024
5341 9 пікір 4 Маусым, 2019 сағат 16:40

20 жасар қазақ мергені Әлем чемпионы атанды

31 мамыр мен 2 маусым аралығында Елордада «Nur-Sultan Ethno Fest»  мерекесі аясында ат үстінен садақ атудан өткен І Әлем чемпионаты аяқталды. Осы сында қазақстандық мерген Ералхан Айкөз жамбы атудан тұңғыш Әлем чемпионы атанды.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы ұйымдастырған Әлем чемпионаты ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің күнтізбелік жоспарын сәйкес өтті.

Ат үстінен садақ атудан І Әлем чемпионатына 12 мемлекеттің 25-ке тарта спортшы-мергендері қатысты. Негізгі бәсеке 1-2 маусым күндері өтті. 1 маусым күні «Азиялық стильде», ал, 2 маусым күні «Түрік стилі» мен «Қазақ стилі» бойынша өткен мергендік бәсекелері аяқталып,  осы үш жарыстың қорытынды нәтижелері бойынша І Әлем чемпионатының жеңімпаздары анықталды. Спортшыларға бесінші орынға дейін жүлде берілді.

І Әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері: 1 орын – Ералхан Айкөз (Қазақстан), 2 орын – Эрденесувд Эрдене (Монғолия), 3 орын – Ли Сунг Хо (Оңтүстік Корея), 4 орын – Абзал Тулыбеков (Қазақстан), 5 орын – Михай Козмей (Румыния).

Түркістан облысы, Төлеби ауданы, Майбұлақ ауылында 1999 жылы дүниеге келген Ералхан Айкөз жамбы ату спортымен 2014 жылдан бастап шұғылдана бастаған. 2015 жылғы жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатында 16 жасар Ералхан  жеңімпаз болды. Түркістан облыстық ұлттық спорт мектебінің шәкірті бұл нәтижені  2017 жылы да қайталады.

2018 жылы жастар арасындағы елішілік чемпионаттың жеңімпазы, 2019 жылы күміс жүлдегері болды. Сондай-ақ, Ералхан Айкөз биылғы жылы Алматыда өткен жастар арасындағы І Азия чемпионатында күміс жүлдені және ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатында қола жүлдені жеңіп алған.

Ералхан халықаралық жарыстың додасында да шыңдалып үлгерген мерген. Венгрияда, Түркияда өткен фестивальдарға қатысты. Елордада 2017 жылы жамбы атудан тұңғыш ұйымдастырылған «Алтын жебе» халықаралық турнирінде ол қола жүлдеге қол жеткізді. Әлемнің айтулы мергендері бақ сынаған мұндай ірі жарыста 18 жасар бозбаланың жүлде алуы үлкен жетістік еді.

2018 жылы екінші мәрте өткізілген «Алтын жебе» халықаралық турнирінде Ералхан күміс жүлдені қанжығасына байлады.

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371