Сенбі, 23 Қараша 2024
Дін мен тін 4034 19 пікір 18 Маусым, 2019 сағат 11:39

Қазақстанда мұсылмандар партиясын құратын кез жетті

Қазір біздің Ислам мемлекеті екенімізді  Әлем халықтары мойындап отыр.  Демек, біздің ел «дін заңын ұстайтын мемлекет» деп Алланың алдында уәде беріп қойған деуге болады. Ондай болса біздің құқығымызды үкімет бұза алмайды. Шариғатпен жүруге, Алланың әмірін орындауға, Тәңірді іздеуге, бойды тазалап жәннат жолын ұстауға Үкімет қарсылық көрсетпеуі тиіс.

Бірақ, солай бола тұра Ата заңымызға «Дін мемлекеттен бөлек, дін мемлекетке қарамайды, екеуі екі бөлек» деп жазып, әлем мойындап отырған шындыққа қарамай арнайы бап енгізіп қойдық. Ал, негізі Ата Заңда  ұлттың исі, діні, бұрқырап көрініп тұруы керек болатын. Осындайда «Заңда олай жазылмаған, енді не істеуге болады?» деген іштен сұрақ жаңғырығы естіледі. Ал оны ашық айтсаң қабылданған заң бойынша сен Үкіметке қарсысың.

Әрине, бұл біздің о бастан дінді ел болып ұстануда, дін туралы заңды қабылдауда кеткен зиянды қателігіміз көп. Мұндай қателікті түзетуге болады. Оған құрал болар білім керек. Ол құрал - дінді басқаруда терең білімді ілімділер керек. Алланы мойындауда мемлекетті дін жағын басқарып отырғандардың Аллаға деген тазалығы мен бейімділігі, жоғары дәрежеде білімі ғана емес, іліми дәрежедегі білімі болуы керек. Сол себепті де Құранда: «оқыған адамдар, түсінетін адамдар» деп дін ұстанушыларды бөледі. Себебі, «Дін – діндар адамдарға аманат екенін ұқсын» - дегені. Ал енді осындай діндарлардың шығуы, өзге де жанашырлардың көбейуі, Алла Тағалаға бейімделгендердің өсуі, Діни басқармада отырғандардың ілім деңгейінде болуларына алып келетін Алланың қатал сұранысына жетеді. Ал ол орындалмаған жағдайда Алладан қатал сұрау бар екенін олардың өздері де білулері керек.

Осы жерде енді Үкіметке батыл сауал қоюға болады. Өйткені, Үкімет дайындаған  Ата заңдағы елдің дін туралы ұстанымы бүгінгі таңда алдымен өзіне қиыншылық тудырып отыр. Үкімет неге:  «Сен қанатың бар ұш» десе «жоқ мен түйемін» дейтін, «ей, онда аңдып келе жатқандар сені ұстап алып қояды ғой»- десе «мен тығылып қаламын» деп басын құмға тыға салатын, «түйе екенсің онда жүк артайық» десе жоқ мен құспын» деп қанатын көтертін түйе құс (страуыс) сияқты  дінімізге құбылмалы көзқараспен қарап, өз болмысына ұқсас «құбылмалы діни құрылым – Діни агенттік пен Дін министрліктерін»  құрып, артынша дін атауынан үркіп қайта жойып, халықты алдаусыратып, құран ұстанымдарына өз заңдарымен ашықтан ашық қарсы шығуда.  Осы орайда Үкімет, неге өз халқының тағдырын тереңнен қозғап, сабырлығын Құранға әкеліп тіреген Абайды, «Бір Аллаға сиынып, кел балалар оқылық» деп  баладан бастап бәрімізді имани тәрбиеге шақырған Ыбырай Алтынсаринді тыңдамайды?  Өзінің алғаш әліппе білімдерін діни медреселерде алған Алаш көсемдері діни ұстанымдарына неге  аудармайды?  "Қазақты ешқашан да өз дінінен де, жазуынан да айныта алмайсыз" - деп алғаш шегелеп айтқан Алаштың бас ұстазы Байтұрсынов емес пе? Діндар Мәшһүр Жүсіп, Шәкәрім, Ғұмар Қараштар сол қалың Алаштың ортасынан көрінген жоқ па? Сол Алаштың 1 және 2 съезіне қатысқан молдалар тіршілігі бізге неге сабақ болмауда?  Исламды ұлт дәстүріне сай тану, түсіну, насихаттау солардан қалған мұра. Бүгінде біз мойындамасақ та, кесенесі көк тіреп Түркістанда тұрған әулиеміз  Қ.А.Йассауийді діндар ретінде алғаш танығандар да, танытқан да солар. Ұлт ұстазы Байтұрсыновтың Науан хазіретті М.Ломоносовпен салыстырғанынан неге хабарсызбыз? Біздің зиялы Алаштықтар ешқашан өз діннен қол үзбеген.

Осы жерде өз тарапымнан өзім араласқан екі деректі алға тартып әңгімені өрістеткелі отырмын.  Біз, елімізде кешегі өмірге келген  Діни Агенттік пен Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі  ашылуын қаншама уақыт күттік. Осы мәселені көтеріп, Республикалық қоғамдық саяси апталық «Қазақстан» (№4, 29.01. 2004 ж.) газетінде жарияланған «Дін Үкіметке керек болмаса да халыққа қажет! Республика Президенті Н. Назарбаев мырзаға Ашық Хат» деген мақалама сол кездегі Президент  аппаратынан  Конфессияаралық қатынастар бөлімінің меңгерушісі Р. Жошыбаев мырзаның; «Біздің еліміз Конституция бойынша зайырлы мемлекет болғандықтан Дін министрлігі біздің Үкіметімізде болуға тисті емес» деген сол жылғы жауап хаты әлі күнге менің мұрағатымда сақтаулы тұр. Сол «болмайды» деген діни құрылымдар құрылды ғой. Болмайды деген нәрсе болады екен ғой. Бірақ осы құрылымдар неге тез құрылып, неге тез құрдымға кетті?

Алланың әмірінсіз ештеңе болмайды. Өмірден өткен ата бабамыздың тіршілігінде тілеген дұғаларына орай, оқ шығармай-ақ қол жеткізген егемен елімізге бұл діни құрылымдар да Жаратушының берген сыйы болатын. Еліміз егемендігін алғанда  атом қаруы әлеуеті жөнінен әлемдегі алғашқы төрт мемлекеттің бірі, ал  мұсылман елдері арасында осы жойқын қаруға иелік еткен тұңғыш мемлекет болды. Өзін ғана емес, әлем мұсылман елдерін қанатының астына алып қорғай алатын әлемдік әлеуетке жетті.  Діни пайымы барларға - елімізде Мұсылман, Ислам, Дін аты осылай өз шоқтығын көрсетті. Осылай өз сыйын берген Жаратушы Иеміз неге ол құрылым атауын қайта құрдымға жібертті. Өйткені, аталынған  құрылымдар дін атауына сай жұмыс жасамады, дінге кері жұмыс жасады.

Аз кем мысалдар келтірейік. Сол кездегі дін министрі БАҚ-қа берген сұбхаттарында; «Діни экстремизм мен терорризмге қарсы іс қимыл жөніндегі 2017-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама» әзірлеп жатқанын айтып жар құлағы жастыққа тимесе, Алматыда Жастар арасындағы діни экстремизмнің алдын алудағы әйелдер ұйымдарының рөлі деген республикалық конференция өтіп, онда діни экстремизм мен терорризмге иммунитет қалыптастыру ұраны көтерілді. Біраз діні таяз ғалымдарымыз; «Елімізде діни терроризм мен экстремизм эпидемиясы етек жайып барады» деп жұртты үрейлендіріп бақты. Бұдан да сорақысы Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында өткен «Ислам және өркениет» тақырыбына арналған ІІ Республикалық имамдар форумы; «…Жолдауда жүктеген міндеттерді сапалы орындау мақсатында діни  экстремизмнің алдын алу, тұлғаларды оңалту және  оларға ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жан-жақты білімді, білікті және мемлекет мүдделерін қорғай алатын имамдар корпусын (Діндарлар діннің мүддесін қорғайтын имамдар туралы айтуы керек емес пе?. Б.А.) жетілдіру қажет деп санаймыз» деп үндеу тастады. («Е.Қ.» мен «Айғақ» газетерінен.Сәуір айы. Б.А.).Ау, осылайша ұрандатып жатқандар өз сөздеріне өздері неге зерделеп мән бермейді? Сөз – дұға, Алланың қазынасы. Сөйлем – Алланың адамдарға ойын жеткізуге берген мүмкіндігі. Неге олар; «Діни экстремизм мен терроризмнен қорғанайық!» деген сөзді, «алдымен дінді – дінге жапсырылған экстремизм мен терроризм атауынан қорғайық!» деген сөзге алмастырып, жандары шырылдап, дәстүрлі дінімізге өздерінің құрметі мен жанашырлығын көрсетпейді. Мына бағдарлама мен бастамалар, сөз төркінін түсінген адамға – дін атын бүркемеленіп дін дұшпандарының сойылын соғу, Ислам атын жамылған содырларды қорғау болып тұрған жоқ па ?! Бұл «белсенділер» дін емес, діннің атын жамылғандардың салып жатқан ылаңы екенін неге өз атымен айтпайды? Мен көргенімді көрген қалпында осылай жұмсартып айтсам да, осы уақытқа дейін жалғыз әрпі өзгермеген Құранда; «Олардың ішінде Кітапты білмейтін надандары да бар. Олар тек қана басшылардың айтқанын істеп, бос қиялмен күпірлікте ғана жүреді» деп қатаңырақ айтқан. («Бақара», 78 аят).

Мен осы орайда; «Діни экстремизм мен діни терроризмнен қорғанайық емес, алдымен дінді – дінге жапсырылған экстремизм мен терроризм атауынан қорғайық! Елбасымен еліміздегі Исламның жайы туралы еркін әңгіме» деген тақырыппен оқырманға ой салар мақала жарияладым («Төртінші билік» газеті, №9, 15 мамыр, 2017 ж.). Оған ұзатпай Дін істері комитетінен төраға міндетін атқарушы Б.Күлекеев деген азаматтан мынандай жауап та жетті.  «... Бүгінгі таңда әлемдік және халықаралық тәжірибе көптеген мемлекеттер діни эктремизм мен терроризм деген терминді тұрақты қолданады. Осы күнге дейін бұл терминге халықаралық қауымдастық, әлемге танымал беделді ғалымдар тарапынан шектеу қойылып, қарсылық білдірілген жоқ... Бұдан басқа, қазіргі уақытта елімізде ҚР діни экстремизм мен тероризмге қарсы іс қимыл жөнінде 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы іске асырылуда. Бағдарламаның әзірлеушісі Қазақстан республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Тероризмге қарсы орталығы болып табылады. Бағдарламаны іске асырушылар барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері болып табылады. Сонымен қатар, осы бағдарламаның жалғасы ретінде ҚР діни экстремизм мен терориизмге қарсы іс қимыл жөніндегі 2017-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарлама жобасы қалыптастырылуда. Ведмоство аралық жұмыс тобы шеңберінде мемлекеттік бағдарламының жобасы бірнеше рет мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен мұқият пысықталып, алдын ала келісілді».

Міне, қазіргі үкімет ұстанымы! Жасырып, қысылып, қымтырылып отырған жоқ. Дінді күстаналап, оған адамдардың жасаған бар былғанышын жауып отыр. Бұны айтып отырғаным дін туралы жаңа заңды қабылдауда  Үкімет асықпай сабырмен тон пішуі керек. Елімізде дайындалып жатқан «Дін туралы» заң, осы орайда ел болып ойланып қабылдар имани құжат болуы керек. Дін - тірі дүние. Діннің иесі - Алла, қожасы соны ұстанатын жандар. Заңды діңгегінде діні бар дін зиялылары дайындауы керек. Қазір біздегі мықты діндарлар бар жоғы құранды жатқа білетін, бар жоғы қарилық деңгейден аспағандар, таза дін ілімінен хабары аз жандар. Қазіргі дайындалып қойған заң жобасы, көрші елдердің дін туралы заңдарының құрама көшірмесі. Ол қазаққа  толымды заң болып сіңіспейді. Біз ата бабамыз еншіліп беріп кеткен діни дәстүрімізге әр уақытта адал болуымыз керек. Асығыс заң қабылданып кетсе оның ақыры зауалды болады,  қайта жөндеу көп уақыт алады.  Осындай асығыстықтан кезінде Ата заңымызға еніп кеткен  Кеңес Үкіметі кезінде атеист-коммунистердің санаға мықтап сіңіріп тастаған “Дін мемлекеттен бөлек!” деген  жалған ұраны, ширек ғасырдан бері Ата заңымыздан алынбаған ақтаңдақ болып тұр. Дінді жоққа шығарып, осы ұранды шегелеп көтерген сол ұлы империяның өзі Жаратушының қарғысына ұшырап, жер бетінен жойылып кеткенін көріп отырған жоқпыз ба? Құрандағы «Алла - өз дінін өзі қорғайды!» деген сүренің мәнін ұғынып, тып-тыныш тұрған дін атын ластаудан қорқуымыз керек.

Осы жерде Елбасымыздың осыдан он бес жыл бұрын; «...Исламдық қауып қатер» деген ұғымды еріннің ұшымен айта салу оп-оңай болғанымен, оның, үрейлі қанатының кеңге жайылып бара жатқаны соншалық, енді Ислам тарапынан болатын мифтік қауіп қатер туралы емес, Исламның өзін нақты  қорғаудың қажеттігін сөз ететін кез келді...» («Сындарлы он жыл», 2003 ж.) деп Алла аузына салған сөзін бүгін қайта алға тартқым келіп отыр. Өйткені, дін - ұлттан да, тілден де бұрын, Адам Ата келмей тұрғанда, өмірге келетін әр адамды  тәрбиелейтін құрал ретінде Жаратушы тарапынан әзірленген нақыл-қуат.

Әрине, дәл қазір елде бас жарып, көз шығарып жатқан ештеңе жоқ сияқты, бірақ ертеңі жұмбақ болып тұрған бұл жойқын селге ар-ождан тұрғысынан қарау - өз туған жерімізде, елімізде тұрған біздің ұлттық құқығымыз. Мысалы, бұған дейін Парламентте дінге байланысты мәжіліс депутаты М. Әшімбаев жетекшілік ететін, дінге басшылық ететін министрлік жанында министрдің өзі жетекшілік ететін  комиссия  жұмыс жасаған еді. Осы екі комиссия құрамына енген азаматтар арасында  нағыз дін жанашырлары байқалмады. Менің жеке пікірім – қолтығына Құран қыстырып, тілінің ұшымен ғана дін деп айтқан жандар діңгегінде діні жоқ болса, олар еш уақытта діннің нағыз  жанашыры бола алмайды. Осы тұрғыдан таразылар болсақ  комиссия құрамына енген  дін теологтары деп көрсетілген ғалымдардың  да көпшілігі қажетті діни ілім алмағандар, тіпті өздері дінді ұстанбаған атеистер. Олардың көбі ғылыми атақтарын да дінді жоққа шығарудан қорғағандар,  діни өресі таяз жандар.

Бұлай айтып отырғаным, біздің елде;  «елді ел ететін – дін» екенін түсінетін жандар әзірге аз болып отыр. Сондықтан дінді, Алланы іздеп табуға біз бейімделуіміз керек.  Сондай мемлекетте ғана дұрыс тіршілік етіп, ұстанған дінімізді нұрландыра аламыз. Бұл адам бойының Аллаға деген ыңғайлануы. Заң мен шариғаттың арасындағы ара қашықтықты үйлестіру. Шариғат Алланың заңы болғандықтан ол қашанда заңнан биік тұруы керек. Қазір кей мемлекеттер осы ұстанымды ұстауда сөзге келіп жатса, кей мемлекеттер соны ұстанбауда сөзге келуде. Құранда күллі жер бетіндегі адам баласына бірақ дін түсірілгенін айтады.  Бір-ақ Құдай, бірақ Ислам бар екенін білген соң әр мемлекет  өз ұстанымына қарай осы жолға бейімделуі керек. Біз бұл жолға тазалану арқылы ғана жетеміз. Себебі тазалануға бейімділгендерге ғана Құдай өз жолын көрсетеді. Қазақ ұстанған діннің аты – Ислам. Сондықтан осы күнге дейін өз аттарынан өздері шошып жүрген  Республикалық мұсылмандар діни басқармасы,  Республикалық Ислам ұйымы атауымен қайта құрылып, атына сай жұмыс жасағаны мақұл.  Елдегі қазіргі дін дертін ( Жалпы діндегі емес, себебі Алланың дінін еш уақытта дерт шалмайды. Б.А.) мемлекеттік тұрғыдан қолдау арқылы ғана қуаттандырып сауықтыруға болады.

Жаратушымыз Құранда; «Он сегіз мың ғаламды сендер үшін жараттым, ол менің қазынам, сен сұрасаң мен беремін, мен пәкпін, мен жомартпын және уәдеге берікпін» деген. Біздің елдің егемендігі – кешегі өмірден өткен бабалардың тіршілігінде сұраған дұғасына берген Алла тағаланың сыйы. Бұл - Жаратушының сыйы, дінінің - құдіреті.

Осыны көре, біле тұра, кешегі кеңес үкіметінің шекпенінен шыққан, соның атейстік мектебінде білім алған  біздегі бүгінгі саяси күш жетекшілерінің бәрі асыл дінге үрке қарап, діннің бар екенін, оның мәңгі  тірі екенін мойындағылары жоқ. Бұл дерт - саяси партиялардың ғана емес, Алланың сыйына оп оңай егелік еткен Үкіметіміздің де айықпас дерті болып отыр. Қазір біздің елде Ел Президенті жетекшілік ететін Әлем Діндері құрылтайы хатшылығы мен аты күнде өзгеріп, ақырында министрліктің әлжуаз бір комитеті дәрежесінде қалған Діни комитет аталатын екі құрылым бар. Осы дұрыс па?  Сонда үш жылда бір рет өтетін Әлемдік және  дәстүрлі дін көшбасшыларының құрылтайы үшін арнайы құрылған хатшылықтың атқарар қызметі не?  Бұл құрылым сол үш жылда бір өтетін жиынды ұйымдастырудан басқа қазаққа не тындырып, не көмегін беріп отыр? Қазір қарамағында Бейбітшілік пен келісім сарайы бар, онда Мәдениеттер мен діндердің орталығы қызмет жасайтын бұл құрылымның штаттағы қызметкерлері де баршылық. Сонда күнде аты ауысып отырған Діни комитет қосамжарланып не істеп отыр? Неге екеуі біріктірілмейді? Бұдан жиырма жыл бұрын  Үкімет жанында кеңес Үкіметі күйреген соң төрт жыл жабылып қалған Діни хатшылық қайта ашылып, оның төрағалығына үкімет басшысының бірінші орынбасары бекітілген еді. Сол кезде өмірге келген осы құрылымды Президент аппараты жанынан құрып, неге тізгінін қазір әлемге дінді қолдаушылығымен көрініп жүрген Елбасына ұстата салмасқа?...

Қазір бізде не көп, партиялар көп. Партия дегеніміз қауымдасып жұмыс жасау. Біздегі бар партия кешегі атеизмді ұстанып, бүгінде жер бетінен жойылған, кеңес үкіметінің бесігінен шыққан ұйымдар. Бұл қауымдастықтар  арасында дәстүрлі дінімізді қорғайтын, дінге жанашыр болатын нақтылы ұжым әзірге  жоқ. Кезінде діндарлардың  дәрменсіздігін пайдаланған Үкімет өз заңымен дінді қорғайтын мұндай ұйымды  құруға тиым салып тастаған. Сонда дәстүрлі дінімізді кім қорғауы керек?..

Менің айтпағым ел атынан қимыл жасап отырған осы саяси күштердің қимылында ортақ бір кемшілік бар. Ол кемшілік - сенім жұтаңдығы. Сенім – дін. Дінімен көрінбеген бұл күштер ел ертеңіне, өз елінің толық табиғи жаратылыс болмысымен емес, батыс еуропаның немесе көрші орыс елінің қимылына еліктеп, ноқталы ботадай қимыл танытуда. Бұл – дәрменсіздік! Ұлттық қозғалыс - ұлттық болмысымен көрінуі үшін, өзгеге ұқсамайтын  өзіндік мінезі болуы керек және ол мінез сол ұлттың болмысы негізіндегі дәстүрлі діңгегі дініне арқа сүйемесе еш қашан пәтуа таппайды. Әлем картасына назар салсақ бізден де халқы аз, жағдайлары бізден әлде қайда төмен қаншама мемлекеттер, әлемдегі алпауыт елдерге жалтақтамай-ақ, ешкімге ұқсап бақпай-ақ, жаратылысындағы ұлттық  абыройымен баянды тіршілігін жасап жатыр. Біреуден артық, біреуден кенже қалса да ешкімнен ықпайды, ешкімнен бүгежектеп қаймықпайды, ешкімге жалтақтамайды, ешкімге ұқсағысы да келмейді. Өйткені, өмірлік қалыптасқан өзіндік ұлттық болмыс бітімдері мен өздеріне тән діни дәстүрлері бар. Қызығасың...

Діннің иесі - Алланың өзі! Аллаға қарсы келу Алланың қаһарына ұшырау ғой! Дінге енжарлық  елге де, елдікке де қауіп, елдегі діни үрдістердің теріс бағыт алуына жол ашады. Осы орайда Мұсылмандар діни басқармасы ислам діні үшін табан тіреп жұмыс істеп, республиклық Ислам ұйымы деген ат алуы керек. Елдегі мұсылмандар құқығын пайдаланып, дін жұмысын үкімет билігіне беріп, діни дәстүр туралы пәтуаны да соларға айттыртып  қоймауға тиіс.

Қазақ халқын ұлт есебінде сақтаймыз, елдегі дін Исламды қорғаймыз, «осы дінге сыналап кіріп алып, ұлттың өз ішінде болатын қақтығыстарды тудыруды ниет етіп отырғандарға ел болып тосқауыл қоямыз» десек, бізге  қазір ұлттық демократиялық бағыттағы Мұсылмандар партиясы қажет-ақ  деп ойлаймын. Бұл орайда  көрші елдердің өнегелі тәжірибелерін ел тіршілігіне енгізсек, ұтпасақ - ұтылмаймыз. Қазір Ресейдің үш аймағында мұсылмандар партиясы, “Нұр” мұсылмандар қозғалысы және Ресей мұсылмандар Одағы, думада Мұсылмандар фракциясы жұмыс жасаса, азербайжанда Азербайжан Ислам партиясы, Тәжікстанда Ростохоз және Ислам қайта өрлеу партиясы, украинада Украин Ислам партиясы жұмыс жасап отыр. Бұл аз десеңіз, еліміздің егемендігін бірінші таныған Түркияның Үкімет басына келген Әділет және даму партиясының Төрағасы Реджеп Тайып Эрдоған партиясы жұмысынан неге өнеге алмаймыз. Бұл елдер де өздерін зайырлы мемлекет санайды. Тағы бір еске ұстар жағдай Тәжікстандағы ұзаққа созылған азамат соғысына соңғы жылдары құрылған Мұсылман партиясы нүкте қойып берді. Ал енді басқа діндегі әлемнің алып мемлекеттері өздерінің ұстанған  діндерін қалай құрмет тұтып отыр. Кеше ғана шаңырық көтерген Израил мемлекеті өз дініне арқа сүйеп қана қайта қуаттанып өмірге келіп, әлемді өзіне қаратып отыр.  Дін жүрген жерде сенім мен иман жүреді, иман жүрген жерде әлем халықтары үміт етер елдің тыныштығы үстемдік құрады.

Ойланайықшы, алдымен  осы біздің елімізге егемендік қалай келді, оған кімнің еңбегі сіңді? Осы күнге дейін елімізде осы мәселеге имани тұрғыда өз дәрежесінде баға берген жан баласы бар ма? Ел егемендігін кешегі алпауыт басқыншы дінсіз елдің құшағынан қамырдан қыл тартқандай шығарып алып, сый етіп, аманаттап тарту еткен қандай күш? Ол күш неге елде ерекше мақтанышпен айтылмайды, мойындалмайды? Бұл Ұлы Жаратушымыздың  бізге ғана берген сыйы емес пе. Сол Жаратушымыз бізге – өзін мойындайтын, кезінде ата  бабамыз ұстанып, артындағы ұрпағына мұра етіп кеткен діні бар, сенімі бар мемлекет болуға қайта мүмкіндік беріп, даңғыл жолды көрсетті емес пе? Неге мойындамаймыз оны, неге жасырамыз, кімнен жасырамыз? Бір-ақ сәтте (1991 жылдың 7 қыркүйегінде), бір оқта шығартпай, бір тамшы қан тамыздырмай, кез келген дұшпанынан өзін жан-жақты қорғай алатын және басқа көмек сұраған мұсылман елдерге жоғарыда айтқанымыздай пана да бола алатын, әлеуеті жағынан әлемдегі алғашқы төрт, ал мұсылман елдері арасында атом жойқын қаруына иелік еткен тұңғыш мемлекетті тарту еткен - жалғыз Жартушымыз емес пе?! Неге біз ел болып осыны естен шығарамыз? Көзі бар – көр соқыр болып отырған біз, ел болып, халық болып осы құдірет иесі Жаратушыны мойындап, оған бас иіп, «Рахмет, жарылқаушы Тәңірім!» деп егемен мемлекет ретінде осы күнге дейін рахмет айттық па. Жоқ! Қайта дінін жоққа шығарып отырмыз.  Осыны неге айтпай келеміз?  Неге біз ұйқыдан оянбаймыз?

Отан, ел деген не?.. Ол халықтың өткені, бүгіні және келешегі. Құран сүрелеріндегі  аяттар да – болған, болып жатқан және ақыр заманға дейін алдағы болатын тағдырлар негізінде тізілген тарих және бағыт беретін сабақ. Құранның өзінде; «Ей, адам баласы! Шүбәсіз сендерді бір ер, бір әйелден жараттық. Сондай-ақ бір бірлеріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық» («Хұжырат» 49 – 13) деп ескерткен жоқ па. Демек, Жаратушымыз бізді ұлт етіп жаратқан екен, оның діні, дербестігі мен бірлігін сақтау және қорғау әрбір мемлекеттің, ұлт азаматы мен дін иелерінің  абройлы борышы, әр ұлттың өзіндік ұлттық дәстүрі болатындығын ешкім жоққа шығара алмайды. Ешбір ел еш уақытта  өз дінінен алшақтамаған. Тіпті, кезінде Ата жұртымызда Ислам мемлекеті алғаш құрылған кездері, барынша гүлденіп шарықтаған дәуірді басынан кешкенін біз неге ұмытамыз? Оның нақтылы дәлелі – әлем мойындаған Алтын орда мен Ақ Орда мемлекеті тарихы. Ал, әулие Ахмет Йассауийді өзіне пір тұтқан жиһангер қолбасшы Әмір Темір - Мауераннахр жерінде мемлекеттің күш қуаты мен тұрақтылығын сақтау үшін оны басқаруда; «Ережелер мен заңдарды Исламға негіздедім, өзім де дінді қатаң ұстандым» деп өсиет қалдырмады ма? Елдің, ел болып іргесін сөкпеуі – өткен тарихымыз көрсеткендей, елдің тұтас алғандағы сенімінде. Ал жер бетіндегі сенімнің әкесі әлімсақтан – дін! Дінсіз ел, дінсіз отбасы, дінсіз адам баласы болмайды. Діни сенімінен айырылған ел  ел болып жер бетінде мәңгілік тұра алмайды, қаншама ұлы күшке иелік еткенмен кешегі Кеңес империясы сияқты жойылып кетеді.  Құранда; «Тәңірім арқылы білім алыңдар» деп айтқан. Қазір Жер жүзіне, күллі жер бетіне тазарту мәселесі келіп жатыр. Дінде – қарсылыспайды, дінде - қоштайды, қол ұстасады, бірігеді.  

Сау басқа сақина тілеп алар, осы мақаланы жазу маған да оңай тиіп отырған жоқ. Қазір елде осындай жағдайда «Діннің сөзін кім сөйлейді, дінді кім қорғайды?» деген сұрақ ашық тұр. Өйткені, белгілі ғалым, қазіргі Евразия университетінің проректоры Д. Қамзабекұлы айтқан: «Ислам туралы әгіме айтсаң ...саған 37-ші жылдың авторлығын бере салуы да кәдік» деген үрейден бізге арылу керек. Біздің елде осы үрей әр қазақ отбасының, оның ішінде дін кадрларының сүйегіне әбден  сіңіп қалған. Осы үрейден арылуы керек! Бұл орайда «Бодан халықты орыстандыру мен шоқындыру туралы» Жарлығын іске асыруға патша архиерейі жанына генерал губернаторы мен оязбастығын ертіп, 1900 жылы 1200 қазақты шіркеу түбіне жинап, «Құдай деп Айсаға табынасыңдар, құранды тастаңдар! деп  «Евангели кітабын» таратуға келгенде болыс Шалбай Тыныкебаласы: «Айса құдай емес. Біздің құдайымыз барша дүниені, дүниеде болған  нәрселерді жаратушы. Біз бұл кітаптан бүгін құтылмасақ ертең кеш болады. Дін үшін өлеміз!» деп Исламды қорғап аттандағаны сияқты, біз де дінімізді дінсіздерден қорғауымыз керек.

Осы жерде мына бір жайтты еске салғым келіп отыр. Кезінде Арыстанбаб  әулие  біздің Йассауий бабамызға құрманың дәнін аманаттап тапсырған. Бұл ғалымдар айтқандай аңыз емес, шындық. Дән – түскен жерінің құнарына қарай өсетін жанды тіршілік. Және ол дән Исламның дәні болса. «Иассы» деген сөз ілімде «әулие ағаш, дайын ыдыс» деген мағана береді. Менімше, ендігі Исламның қайта көктеп өсіп өнер жері осы біздің Иассауий мен әл Фараби бабаларымыз туылған қасиетті қазақ елі, қазақ жері. Бұл жерде туылған әр перзент өз дінімен мақтануы керек. Кезінде осы қазақ топырағында дүниеге келген Сұлтан Бейбарыс  Араб еліне жеті жасында құл болып жетті. Осы елге бір жағынан «Крестшілер», екінші жағынан моңғолдар дүлей күшпен «Ислам дінін құртамыз» деп барғанда,  солардан тайсақтап араб патшаларының өзі Исламға сатқындық жасап жатқанда, Бейбарыс бабамыз, кемел жасында Құдай берген қуаттымен Исламды жер бетінде дін ретінде сақтап қалуға дәнекер болды. Ол тарихта ислам дінін сақтаушы патша аталды. Бізге; «Бабамыздың сондай  патша болып туылуы, туылған топырағының дінінің күштілігінен еді» деп айтуымызға болады.  Бәлкім, бүгінгі Түркістан топырағының қайта түлей бастауы, соңғы уақытта әлемдегі Ислам елі бастарындағы даудың қазақ жерінде пәтуаға келуі, ертеңгі жаңа мұсылман қазақ елінің тағдырынан хабар жеткізіп отырған көрініс болар... Бұл ұлттық идея болуы керек.

Осы орайда мемлекетті басқарудағы адамдар қазынасын арттыру керек. Ал адам баласының қазынасы - ішіп жегенде ғана емес, адам баласының қазынасы сол ұстанған дінін терең білуінде. Дінге Алла берген еркіндігін берсек, қоғам басқаша гүлденеді.   Бізге жат жұрттық түрлі діни ағымдар емес, өз жерімізде өсіп жетілген дәстүрлі қазақы өз  Исламымыз керек.

Әрине, бұл көтеріліп отырған проблема, егемен  еліміздің әрбір азаматын ойландырар мәселе. Елімізде дін мемлекеттен заң жүзінде бөлінген. Дегенмен, тұтас бір ел ішіндегі дүние - еш уақытта сол мемлекеттен бөлек өмір сүре алмайтынын біз жақсы білеміз. Дін – сенім. Сол сенім болмаса адам да, мемлекет те жер бетінде ұзақ тіршілік жасай алмайды. Діннен тыс - дінсіз тіршілік жасаймыз деу жай ғана тәкәппарлық, шолақ ойлылық. Ей қазақ, дініңе қара, оған жанашыр бол, Алла разы болсын!

Бақтыбай Айнабеков, дінтанушы

Abai.kz

19 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475