Сенбі, 23 Қараша 2024
Арылу 3709 16 пікір 21 Маусым, 2019 сағат 10:47

Бас Прокуратура: "Сайлау заңнама нормаларына сай өтті"

19 маусымда Қазақстан Бас прокуратурасы таяуда өткен кезектен тыс президент сайлауы кезіндегі заңбұзушылықтар туралы мәлімдеме жасап, сайлау "заңнама нормаларына сай өтті" деді. Бұл туралы ведомство өзінің ресми сайтында жариялады.

Мәлімдемеде "президент сайлауының нәтижесіне күмән келтіруге негіз болатын заңбұзушылықтар болмады" деп жазылған.

Рас. Сайлау "заңнама нормаларына сай өтті". Бірақ, Бас Прокуратура әлеуметтік желілерде тараған жүздеген заң бұзушылықтарға көз жұма қарап отырғаны қалай?

Мәселен...

Мынау әлеуметтік желіде кең таралған видеолардың бірі. Бірнеше бюлетенді қатар алып, кемінде бес адамның атынан дауыс бермек болған бұл заңсыздық  сайлау бақылаушыларының назарына ілікті.

 

Ал, мынау Қызылорда қаласында болған деседі. Бір мұғалім киімін ауыстырып, екінші рет дауыс беріп жатыр.

Тағы бір Заңсыздық -  Маңғыстау облысында болған. Өңірдегі 11-шағын ауданның №21 сайлау учаскескесінде  сайлау комиссиясының төрайымы бақылаушыларға сайлау нәтижесі көрсетілген хаттаманы беруден бас тартты. Және, еш себебін айтпастан, есіктен шығып кеткен.

Осыған ұқсас жағдай Алматы қаласындағы №49 сайлау учаскесінде де орын алды. Комиссия төрағасы Бижанов Атығай Бүркітбайұлы бақылаушылардың еркін жұмыс істеуіне кедергі жасап, сайлау аяқталар тұста бақылаушыларға сайлау нәтижесі көрсетілген хаттаманы беруден бас тартты. Сондай-ақ, Бижанов мырза өзінің пенсияға шыққанын және ешкімнен қорықпайтынын алға тартты. Ал, комиссия құрамындағы №62 мектеп мұғалімдері бақылаушыларға тым белсенді болмауды ескертіп, "ешкімнің әкесін сайлап жатқан жоқпыз ғой" деп реніш білдірген.

Ал, мына бейнекөріністе сайлауға келген егде жастағы әйел адамның атынан оған дейін біреу дауыс берген. Бірақ, ол жүйенің қалай жүзеге асқаны әзірге белгісіз.

Біз Бас прокуратураның мәлімдемесінен кейін әлеуметтік желі арқылы таралған сайлаудағы заңсыздықтардың бір бөлігін ғана көрсеттік. Ал, мұндай видеолардың тым көп екенін және біразының өшіріліп тастағанын ескерсек, Бас Прокуратура тез арада осы Заңсыздықтарды анықтап, кінәлі адамдарға шара қолдануы тиіс емес пе еді?

Қош! Енді ресми мәліметке кезек берсек...

Прокуратура БАҚ пен әлеуметтік желілерде жарияланған бюллетеньдерді топтап салу мен басқа да заңбұзушылықтар туралы видеолар бойынша тексеріс жүргізіп жатқанын айтады. "Мәліметтердің көбі расталмады" деп жазады ведомство. Әлі жалғасып жатқан тексеру қорытындысы бойынша заңсыз әрекеттер анықталған жағдайда кінәлілерді жауапқа тарту үшін Бас прокуратура материалдарды "сотқа жібермек".

Ведомство дерегінше, сайлау кезінде 36 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалып, сотқа жіберілген. Оның отызы сотта қаралған, алтауы қаралып жатыр. "Басқа адамдар атынан дауыс беру үшін азаматтарға бюллетеньдер бергені үшін учаскелік сайлау комиссиясының 11 мүшесі әкімшілік кодекстің 110-бабымен жауапқа тартылды. Оларға 25 айлық есептік көрсеткіш (63 125 теңге) көлемінде айыппұл салынды" деп жазады ведомство.

Мәлімдемеге қарағанда, отбасы мүшелері үшін бюллетеньдер алған тоғыз сайлаушыға сайлау құқығы туралы талапты бұзғаны үшін айыппұл салынған. "Осы бап бойынша тағы төрт іс әлі сотта қаралып жатыр" дейді прокуратура.

9 маусымда Қазақстанда президент сайлауы өтіп, елді отыз жылдай басқарған Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев жетпіс пайыздан аса дауыспен жеңіп шыққан. Сайлау кезінде де, нәтижесі шыққан соң да Қазақстанның бірнеше қаласында мыңдаған азамат наразылыққа шығып, бірі сайлауға бойкот жариялап, кейбірі дауыс беру нәтижесін заңсыз деп тануды талап етті.

Сайлаудан соң тәуелсіз бақылаушылар да дауыс беру кезінде жаппай заңбұзушылық болғанын айтқан. Олардың кейбірі бақылаушылар алған хаттама мен сайлау комиссиясы бекіткен хаттама нәтижелерінде айырмашалық барын айтып, Тоқаевты "заңсыз президент" деп тануды талап еткен.

Желіде сайлау күні және учаскелер жабылған соң, бюллетеньдерді топтап салу, бір сайлаушыға бірнеше бюллетень беру, учаскелік сайлау комиссиясы хаттамаларын мазмұнын өзгертіп қайта жазу, "карусель" сияқты заңбұзушылықтар болғаны жөнінде ақпарат тарады. Заңбұзушылықтардың бірқатарын сайлауға ерікті түрде бақылаушы боп қатысқан азаматтар анықтады. 9 маусымда Бас прокуратура сайлау күні 19 заңбұзушылық фактісі тіркелгенін хабарлады. Бірақ хаттамаларды қайта жазу оқиғаларына байланысты түсініктеме бермеді.

12 маусымда Қазақстанның бірнеше қаласында қауіпсіздік күшейіп, интернет бұғатталды. БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі басқармасы "Бейбіт шеруде наразыларды жаппай ұстау – Қазақстанның адам құқығы бойынша алған міндеттемелеріне қайшы екені анық" деп мәлімдеді. Ұйым Қазақстанды азаматтардың бейбіт жиын өткізу мен пікір айту еркіндігін сақтауға, азаматтарға конструктивті түрде саяси өмірге араласуға мүмкіндік беруге шақырды.

Нұра Матай

Abai.kz

16 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3242
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394