Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 6608 24 пікір 21 Маусым, 2019 сағат 12:35

Тіл мәселесінде отпен ойнауға болмайды

Құрметті, Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Ел биліктің әр сөзін аңдып, әр ісін бағып отыр. Дәл қазір піспеген шешімді асығыс қабылдай салатын кез емес. Елмен санаспаса, ортаға салмаса болмайды.

Қоғамды дүрліктірген мәселенің бірі, мәдениет және спорт министрі болып кеше ғана тағайындалған Ақтоты Райымқұлованың қазаққа сіңіп кеткен аударма сөздерді қайтадан орысша нұсқасына ауыстырамыз деген шешімі.

Қоғамның талқылауына салмай, пікірін білмей бұлай істеуге оның моральдық хақысы жоқ. Онсыз да елеңдеп отырған елді, осы бір ойсыз қадам жайсыз күйге түсірді. Осының өзінен кешелі-бері «билік қазақты құртуға біржола көшті, тілден айыру – елден айыру, бұған шыдауға болмайды» деген сияқты пікірлер қызу талқыланып жатыр. Былайша айтқанда жоқ жерден мәселе шығарып, елдің наразылығын қолдан тудырып отырсыздар. Сізге шынымды айтайын. Өз басым «сынып», «мұражай», «пайыз», «әнұран», «мұрағат», «мейрамxана», «қолтырауын», «ұшақ», «ақау», «әлеует», «ота» деген сөздерге үйреніп қалдым. Самоварды самаурын дейтініміз сияқты бұл сәтті аударылған, отыз жылдан бері санаға сіңген сөздер. Аударылғаны бар, ежелден қолданылып келе жатқаны бар, бұл сөздерге қазақ әбден үйренді.

Кеңестік дәуірде қалыптасқан аз ғана топқа қазақыланған атаулар ұнамайды екен деп ауыстыра салуға мен қарсымын. Басшы айтса болды ел қоштайды дегенді де қою керек. Ал "сымтетік", "қылтима", "күйсандық" деген сөздерге келсек, бұны ел қабылдамады, сондықтан олай айтпайды да. Бұл сөздерді ел қолданады деп қазаққа қарсы біреулер кезінде Нұрсұлтан Әбішұлының аузына салып жіберген еді. Аудармаларды реттеу керек деген содан басталғанын да білеміз.

Негізінде аудармадан қорқатын ештеңе жоқ. Тіл - тірі ағза. Керегін алады, керек емесі қалады. Сондықтан асығатын ештеңе жоқ, ақылға салайық. Бұл шешімнен қайтпаймыз дейтін болсаңыздар, «класс», «музей», «гимн» деп өздеріңіз айта беріңіздер. Бірақ қазақша баламасына тиіспеңіздер. Гимн деп те, әнұран деп те айта берейік. Бұл тілімізді байытпаса кемітпейді. Тіл комитеті, терминком, тіл институтының мамандары сіздерге бағынышты болғандықтан үнсіз келісіп отырған болар. Бірақ іштей олар да наразы.

Сондықтан тілді тұқыртып, елді түртпектей беруді қою керек. Тым болмаса елдің талқылауына салыңыздар. Жаны ашыған әр адам пікірін білдірсін, талқылауға қатыссын. Тіл - ұлттың жаны. Тіл, жер, тәуелсіздік мәселесінде отпен ойнауға болмайды.

Мәди Манатбектің facebook парақшасынан

Abai.kz

24 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394