Сенбі, 23 Қараша 2024
46 - сөз 5203 3 пікір 24 Маусым, 2019 сағат 12:14

Мария Тереник деген кім?

Павлодардың тәуелсіз орыстілді басылымдары қала тарихы жайында материалдар дайындағанда, әдетте, тарих ғылымдарының кандидаты Мария Тереник ханымның жазбаларына сүйенеді. Мария Серафимовнаның тарихшылық қызметі, азаматтық ұстанымы, саяси дүниетанымы қандай? Осы орайдағы ой-пікірімізді ортаға саламыз.

М.С. Тереник 1929 жылы Ресейдің Новосибирск облысында туған. Кеңестік кезеңде «Очерки по истории комсомола Павлодарщины» атты кітап жазу барысында ғылыми зерттеу тақырыбын және оның кезеңін (1921-1925 ж.ж.) айқындап, тарих ғылымдары кандидаты атағын қорғады (1966), ширек ғасыр Павлодар индустриалды институтында (қазіргі С.Торайғыров атындағы ПМУ) КОКП тарихы кафедрасының доценті, меңгерушісі болып істеді, Компартия мүшесі, 1991 жылдан бастап зейнеткер.

Мария Терениктің жазбаларын негізінен жергілікті «Новое время» газеті (құрылтайшысы - павлодарлық ірі кәсіпкер С.М. Стрюк, бас редакторы - И. А. Лебедева) ұдайы жариялап тұрды. Ол КОКП тарихына маманданған тарихшы бола тұра, Қазақстан Республикасының тарихи, заңдық құжаттары жайында өз көзқарасына сәйкес теріс байыптаулар жасады. Атап айтқанда, ҚР Білім және ғылым министрлігі бекіткен орта ғасырлардағы Қазақстан тарихының шынайылығына, Ата Заңда бекітілген Қазақстан Республикасының территориялық аумағының тарихи-құқықтық негізділігіне күмән келтірді. Сөйте отырып, патшалық Ресей империясы әскерлерінің қазақ жеріне жасаған басқыншылық жорықтарын, отаршылдық саясатын жоққа шығарып, патшазада Павел Романовтың (1860-1919) жағымды тарихи бейнесін жасауға тырысты. Патшалық-кеңестік кезеңнен қалған ғимараттар мен ескерткіштерді, символикаларды, атауларды әбден тозығы жеткеніне, саяси-идеялық мән-мағынасының ескіргеніне қарамастан барынша қорғаштап, ғаламның ғажайып құрылыстарына жетеқабыл құндылықтар тәрізді дәріптеді! Керісінше, егемендік кезеңіндегі сәулет өнерінің туындыларын мейлінше сынады! Мария Терениктің Павлодар қаласы тарихы мен өлке ономастикасы жөніндегі жазбалары Славян мәдени орталығының жетекшісі Татьяна Кузина ханымның мұрындық болуымен «Павлодарь – не Кереку» (!) деген атаумен жинақ болып жарық көрді.

Оның жарияланымдарын басшылыққа алған Павлодардағы патшашыл-кеңесшіл топ ата-бабамыздың тасқа түсірген суреттері негізінде жасалып облыс мәслихаты бекіткен облыстың логотип-таңбасын өзгерту, қазіргі кезде қирандысы ғана қалған «Россия» қонақ үйін облыстық бюджет есебінен бастапқы қалпына келтіру, Павел Романов патшазаданың 155 жылдығын тойлау мәселелерін көтерді!.. Сондай-ақ 9 Мамыр мемлекеттік мерекесі күні Павлодар қаласының орталық алаңында бір кезде патша әскерлерінің жауынгерлік белгісі болған, қазіргі кезде сепаратизмнің символикасына айналған георгий ленталарының жұртшылықтың жаппай қолдануын насихаттады.

Осы топ жуырда, Мәдениет және өнер қайраткерлері күні Г.Н.Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінің алдында өткізілген мерекелік шарада бір кезде облыста Жаңа экономикалық саясатты (НЭП) жүзеге асыруда белсенділік көрсеткен коммунистерді обкомның І хатшысы Колмогоровтың (А. Вервекин) қызыл жалаушалармен марапаттау көрінісін сахналауға ықпал еткен сияқты. Олар тәуелсіз орыстілді БАҚ өкілдерімен жең ұшынан жалғасып өздерінің іс-әрекеттеріне тосқауыл қоюды көздеген мемлекетшіл, отаншыл азаматтарды жағымсыз реңкке ие «нацпат» деген сөзбен атап, жұртшылыққа құбыжық кейпінде көрсетуді көксеуде, енді әкімдердің өздеріне ауыз салып, оларға өз ықпалын жүргізуді ойластыруда деп байыптаймыз.

М.С. Тереник ханым Павлодар облысының аумағы қазақтардың тарихи мекені емес, мұнда бастапқыда жоңғарлар, кейін орыстар қоныстанған деген пайымдауын тұспалдап та, ашық та айтуда! Осы пікірін биыл, 27 мамырда «Қазақстан-Павлодар» телеарнасынан сөйлегенінде тағы қайталады.

Мария Серафимовна қазақ жерін жаулаған патша әскерлерінің 1720 жылы қазақтар «Кереге жар» деп атаған, қазіргі кезде Павлодар қаласы орналасқан жерге «Коряков Яр» бекінісін салғанына 270, 280, 290 жыл толғанын салтанатты мереке (!) ретінде тойлау жөнінде 1990, 2000, 2010 жылдары үш мәрте мәселе көтерді! Абырой болғанда, облыс пен қаланың сол кездегі басшылары оның ұсыныстарының бірде-бірін қабылдаған жоқ! Керісінше, жергілікті зиялы қауым өкілдерінің орынды уәждеріне, Жамбыл Артықбаев, Қайырболат Нұрбаев, Қырықбай Алдабергенов тәрізді тарих ғылымдары докторларының ғылыми дәлелдемелеріне құлақ асып, әлгіндей даталарды мерекелеуден бас тартты, сөйтіп тек Қала күні мерекесін ұйымдастырды.
Мария Серафимовна Павлодар комсомолы тарихын жетік білгенімен, орта ғасырлардағы Ертістің Кереку өңірі тарихын: байырғы бабаларымыз – түркілер, қимақтар, қыпшақтар қағанаттары туралы хабары аз тәрізді. Әйтпесе, бұл аймақ – қазақтардың тарихи мекені емес деген сөзді айтпас еді ғой.

Дегенмен егде жасқа жеткендіктен бе, кім білсін, кейде Мария Серафимовна тарихшы-ғалымнан гөрі ырымшыл тақуа, діндар, астролог, тіпті экстрасенске де… ұқсап кетеді. Мысалы, Павлодардың 280 жылдығы мерейтой емес, қала күні ретінде аталып өтілуіне былайша реніш білдірді: «… Но то ли дьявол попутал, то ли выдавленный Солнцем протуберанец оказался намного длиннее своих предшественников (говорят, в иные годы Солнце выбрасывает огромные массы раскаленных газообразных веществ, высота которых достигает 500 километров) – но произошел у многих «сдвих по фазе» («Еще раз о юбилеях, спорах и… протуберенцах» «Новое время», 20.09. 2000.).

М.С. Тереник ханым павлодарлық жазушы, журналист, ұзақ жылдар облыстық «Звезда Прииртышья» газетінің бас редакторы болып абыройлы қызмет атқарған С.П. Шевченконың (1927-2001) тарихи туындысын жария сынай отырып, автордың ар-намысына тиетін аса ауыр сөздер айтқаны да шығармашыл зиялылардың жадында.
Сөз соңында, Павлодардың логотип таңбасы мен қала күні жайында зерделеуге ниеттенген азаматтар осындай жайттарды есіне алса екен дейміз.

Арман Қанидың facebook парақшасынан

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5371