Сейсенбі, 26 Қараша 2024
3771 4 пікір 25 Маусым, 2019 сағат 16:41

М.Әшімбаев: сын-сағатта бірліктің биігінен көрінген халықтың әрекеті көңіл қуантады

«Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Арыстағы апаттан зардап шеккен азаматтарға партия тарапынан жүйелі көмек көрсетіліп жатқанын айтты. Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

«Айтып келмеген апат Арыстағы ағайынға ғана емес, бүкіл Алашқа ауыр соққы болып тиді. Әп-сәтте әбігер күйге түстік. Бірақ байбаламға бармай, осы келеңсіздікті өздерінің жеке мақсаттарына пайдаланғысы келетіндерге жол бермеуіміз керек. Ол үшін әрине, қандай жағдай болса да елдік пен бірлікті ту етіп әрекет ететін әдетімізге салып, жұдырықтай жұмылуымыз қажет. Өйткені «жұмыла көтерген жүк жеңіл». Қазірдің өзінде еліміздің барлық өңірінен Арысқа қарай көмек керуенінің лек-легімен ағылып жатқанын көріп отырмыз. Сын-сағатта біртұтастықтың биігінен көріне білген халықтың бұл әрекеті көңіл қуантады», – делінген жазбада.

Сондай-ақ «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары осы игі істе «Nur Otan» партиясының да белсенділік танытып жатқанын жазады.

«Алғашқылардың бірі болып кеше партиямыздың Қарағанды облыстық филиалы азық-түлік, киім-кешек және басқа да керек-жарақтардан тұратын 10 тонна гуманитарлық көмек жіберді. Партияның мұрындық болуымен Қызылорда, Ақтөбе, Павлодар, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарынан да автокеруендер жолға шықты. Сонымен қатар партиямыздың Ақмола облыстық филиалы Щучинск-Бурабай демалыс орындарында арыстық 100 баланың демалысын қамтамасыз етеді. Павлодар облысы да жазғы маусымда 300 баланың демалысына жағдай жасауға дайын. Осыған байланысты балалардың тізімін жасақтау жұмыстары да басталып кетті», – дейді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар ол партия жанындағы Балалар құқығын қорғау жөніндегі республикалық кеңестің өкілдері, соның ішінде білікті психолог мамандар апат болған өңірге арнайы барып, зардап шеккен ата-аналар мен балаларға жан-жақты көмек көрсетіп жатқанын және аймақтағы еріктілердің басын қосып әрекет еткен жасотандықтардың белсенділігін атап өткен.

Одан бөлек, «Nur Otan» партиясының мүшелері, кәсіпкер азаматтар да бұл жағдайға бейжай қарамай, көмек қолын созып жатыр. Атап айтқанда, Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты, «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің мүшесі Т.Есенғұлов төтенше жағдайдан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету мақсатында 50 миллион теңге қаражат бөлген. Партия Саяси кеңесінің тағы бір мүшесі, атыраулық кәсіпкер 1 миллион теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетсе, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі Шыңғыс Қозбақов 2 миллион теңге аударған.

Апаттың салдарынан темір жолдағы қозғалыстар шектеліп, кейбір жолаушы пойыздарының кідіруге мәжбүр болғаны белгілі. Соған байланысты партияның Қызылорда облыстық филиалының ұйымдастыруымен кідірген 5 пойыздағы 1200 жолаушыға ауыз су мен ыстық тамақ тегін таратылды. Сондай-ақ 15 жолаушыға қажетті медициналық көмек көрсетілді.

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1535
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3315
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6019