Ресей Қазақстанға 76 млн доллар өтемақы төлейтін болды
Естеріңізде болса, сәуірдің басында Беларусь басшысы "Ресей бізге кірлеген мұнай сатып отыр" деп дау шығарған.
Беларуське, ол арқылы Еуропаның бірнеше еліне мұнай жеткізуші құбыр – Ресей еді. 19 сәуірде Беларусь басшысы Ресейден ластанған мұнай келіп жатқанын айтып дабыл қақты. Құны 2,5 миллиард долларды құрайтын, 37 миллион баррель мұнайдың ластанғанын айтты. Құбыр Ресейдікі. Беларусь Ресейден сол үшін өтемақы сұрады. Мәскеу мойындады. «Мұнай құбырын жарамсыз ету» бабы бойынша қылмыстық іс қозғады. 4 адам қамалды. Екеуіне іздеу жарияланды. Ресейдің ластанған құбырының кесірі қазақ мұнайына тиді. Өйткені, Қазақстан қазірдің өзінде «Атырау-Самара» құбыры арқылы Беларуське, одан әрі Еуропаға жылына 15 миллион тонна мұнай жіберіп отыр. Ол мұнай жаңағы Ресейдің құбыры арқылы өтіп жатыр.
Міне, сол ластанған мұнай үшін Ресей бізге өтемақы төлейтін көрінеді. Енді осы ақпарды тарқатып жазайық...
Ресейлік "Транснефть" дейтін оператор-компания Қазақстандық "Қақтрансойл" операторына өтемақы төлейтін болды. Баррельіне 15 доллардан есептепті. Сөйткенде, Усть-Луга дейтін Балтық портындағы кірлеген мұнайдың жалпы сомасы 76 миллион долларды құрайды екен. Бұл туралы "Deutsche Welle" сайты хабарлады.
Бұған дейін "Reuters" агенттігі де кірлеген мұнай үшын Ресей Қазақстанға өтемақы төлейді дегенді хабарлап айтқан.
Әуелде Ресей құбыры ластаған экспорттағы қазақ мұнайы 5 млн тонна деп болжанған. Ал алдын ала есептеулер бойынша, жалпы көлемі 700 мың тонна деп жазыпты орыс ақпараты.
Беларусь Қазақстан мұнайын алғысы келеді
Ресей құбырымен өтіп жатқан мұнайдың ластануы туралы әуелі Беларуссияның "Белнефтехим" компаниясы айтқан. Тексерістер жүргізілген соң, орыстар құбырдың ластанғанын мойындады.
Келтірілген шығынның барлығын егжей-тегжейлі есептеген Беларусь басшысы Александр Лукашенко енді мұнайды орыстан емес, қазақтан сатып алғысы келетінін елші Ертісбаевқа айтыпты.
«Біз қазірдің өзінде келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Қазақстан мұнайын Беларусь мұнай өңдеу зауыттарына жеткізу туралы сол келіссөздерді қайта жандандыруды көздеп отырмыз. Меніңше, біз бұл мәселені шеше аламыз. Қазақстан мен Беларуське қатысты проблема жоқ. Тек транзит мәселесінде Ресейдің позициясы бар. Ресей – ЕАЭО-қа мүше ел. Меніңше, біз белгілі бір мөлшерде Қазақстан мұнайын жеткізу туралы келісімге келе аламыз деп ойлаймын».
Бұл Беларусь президенті Александр Лукашенконың сөзі.
«Біз дайынбыз. Ешқандай проблема жоқ. Бізде мұнай да, мұнай өнімдері де жетерлік. Біз Беларуське мұнай жеткізуге дайынбыз. Тек Қазақстан мен Беларусь арасындағы келіссөздерді Ресей де қолдауы керек. Себебі, транзит Ресей территориясы арқылы жүргізіледі. Әрине, бұл Ресейге тиімсіз. Олардың өз мұнайлары жеткілікті. Алайда біз Еуразиялық одақ барлығы үшін қолайлы болғанын қалаймыз. Одақ барлығына ортақ болуы үшін одақтас елдер бір-бірлерін қолдауы керек деп есептейміз».
Ал бұл Қазақстанның Беларусьтегі елшісі Ермұхамет Ертісбаевтың жауап сөзі.
Қазақтан мұнай сатып алу Лукашенконың қалауы. Біздікілер де бұған кетәрі емес. Құдай берген мұнай бар. Сатып алсаң, мінекей дегелі тұр. Қазақстан да, Беларусь те, Ресей де экономикалық одақты құрушы елдер. Одақ аясында бір-біріне тауар сатуға құқылы елдер. Сол үшін де Лукашенко Ертісбаевты қабылдап, мұнай саудасын сөз еткен екен. Тек оған Кремль көне қойсын ба? Қазақстанның да, Беларусьтің де Кремльге кіріптарлығы жоқ емес қой.
Құбыры ластанып, қып-қызыл шығынға батып жатқанына қарамай Ресей бәрібір өз мұнайын сатқысы келеді. Екі теңге болса да, Мәскеудің қалтасына түскенін қалайды. Сондықтан да, «ақ орыс пен сары орыстың саудасына қазақтар таласып жатыр» деп, орыс ақпараты ойбайға басты. Әне, қараңыз:
Мұнай – Қазақстан экономикасын өлтірмей тұрған ең негізгі тауар. Біз әлем бойынша мұнай сатушы елдердің алдыңғы қатарындамыз дейді Астана жақтағы ақ жағалылар. Бұл мақтаныш па, әлде сіз бен бізді қойшы, өздерін-өздері алдарқату ма, әйтеуір өңделмеген шикі мұнайды аямай сатып жатырмыз. Иә, Қытайға да, басқасына да сатып жатқан сол мұнайды Ресей рұқсат берсе Беларусьтерге де сата жатар. Бірақ, қайдам... Ресей тісіндегісін оңай бере қоятын ба еді...Не де болса, президент Тоқаев үшін бұл да бір үлкен сынақ болмақ. Тауар бар, сатып алушы дайын. Лукашенкоға мұнай сату өзіне тиімді-ақ. Ол үшін әуелі Кремльдің көңілін табуы керек. Осымен тәмам.
Естеріңізде болса, 2018 жылы «Abai.kz» ақпараттық порталында «Қазақ мұнайына қазақтан басқаның бәрі бастық» атты мақала жарияланды. Сол жерде Қазақстандағы мұнай кен орындары мен мұнай өңдеу зауыттарына кімдер қожалық етіп отырғаны егжей-тегжейлі баяндалған еді.
Қазақстан мұнай қоры жөнінен әлемде 12 орында тұр. Мұнай өндіру бойынша алдыңғы 15 елдің қатарында. Жалпы биылдыққа 89 миллион тонна мұнай өндірмек көрінеді. Бұл туралы министр Бозымбаев айтқан. Былтыр 90 миллион тонна мұнай өндіріп саудалаған екенбіз.
Сөйткен Қазақстанның сыртқы қарызы 161,5 миллиард долларды, оффшордағы ақшасы 167 миллиард долларды құрайды. Ал көп балалы аналар үйсіз-күйсіз, үкіметтен 21 мың теңге сұрап жүр...
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz