Сенбі, 23 Қараша 2024
Тарих 3959 2 пікір 4 Шілде, 2019 сағат 11:05

Ұмытылмас Ұлттық қасірет хақында

Қазақ халқының тарихындағы ең бір қаралы кезең – өткен ғасырдың 20–30-шы жылдарындағы ашаршылық нәубеті. 1917–1918, 1921–1923, 1931–1933 жылдары үш дүркін айналып соғып, халықты үлкен апатқа ұрындырған ашаршылықтардың қайғылы салдары ауыр болғандығы сондай, ұлтымыздың дамуы мен өсуін ғасырларға кері шегергені ақиқат. Кезінде ауызға алуға тыйым салынып, тарихтағы «ақтаңдаққа» айналған бұл кесапаттың шындығы мен астары қайта құру жылдары ашыла бастағаны, кейіннен Қызыл империяның құшағынан босап, Тәуелсіздік алған кезеңде терең зерттеуге алынғаны белгілі.

1989 жылы 8 сәуірде шаңырақ көтерген, республикадағы үкіметтік емес ұйымдардың алғашқы қарлығашы болған «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының саяси қуғын-сүргін құпияларын ашып, репрессия құрбандарының адал есімдерін қоғамға қайтаруға атсалысумен қатар алдына қойған міндеттерінің  бірі – Ашаршылық ақиқатын жарыққа шығару, тоталитарлық билік жасаған әділетсіздіктерді әшкерелеу, оған тарихи тұрғыда баға беру  еді. Қайта құру жылдары өткен Құрылтайшылық конференциясында шаңырақ көтерген, сталинизм қылмыстарын әшкерелеуді басты мақсаты еткен осы «Әділет» қоғамының мүшесі ретінде жазушы-ғалым Бейбіт Қойшыбаев бұл тақырыпқа үздіксіз қалам тербеп, халқымыздың тағдырындағы алапат апаттың шындығын көрсетуге өз үлесін қосып келеді. Алматыдағы Ұлттық кітапханада Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні қарсаңында өткен «Ашаршылық пен Үлкен террордың тарихи сабақтары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда қаламгердің «Ұлттық апатты тану» атты жинағының тұсауы кесілді.

«Арыс» баспасынан жарық көрген  публицистикалық хроникасын  автор «Әділет» тарихи-ағарту қоғамының отыз жылдық тарихынан мағлұмат беретін кіріспе мақаламен ашып, одан әрі әр жылдарғы жұмыстарын кезең-кезеңімен топтастырған екен. Оқырман кітапқа енген мақалалар, зерттеулер, конференциялардағы сөздер мен баяндамалар, сұхбаттар, үндеулермен таныса келе, еліміздің тәуелсіз даму үдерісі кезінде аталмыш  қоғамдық ұйымның санамызды жаңарту бағытында тынымсыз атқарып келе жатқан істеріне қанығады, жазушының танымды жарияланымдарымен танысады. Басылым еліміз бастан кешкен қасіретті терең түйсініп, Ұлттық апат құрбандары алдында айтып-жеткізгісіз қарыздарлығымызды, бұл орайдағы мәңгілік борышымызды ешқашан ұмытпай,  аруақтарды әрқашан ұлықтай беруге міндетті екенімізді ұғуға септеседі.

Автор «Публицистикалық хрониканы түйіндер бірер сөз» деген тақырыппен берген қорытынды мақаласында: «Біз арамыздағы орыс диаспорасына да, күшті көршіміз демократиялық Ресей Федерациясына да қазақтың 1931–1933 жылдарғы жойылып кетудің аз-ақ алдында қалған ұлттық апаты үшін кінә артпаймыз, біз тек халқымызды сол масқараға душар еткен қылмысты саясатты айыптаймыз», – деп ой түйеді.  Б. Қойшыбевтың   ойынша, қазақ сүйегі үстінде «социализм орнатуға» келген, содан бері арамызда бірге тұрып жатқан бүгінгі жұрт «сол қылмысты саясатқа жанама түрде қатыстылықтарын түсініп, қазақ қасіретіне тарихи әділеттілік тұрғысынан қарауы керек». Осы арқылы «екі ел арасындағы және өз мемлекетіміз ішіндегі этносаралық шынайы достық жарасымын тауып, қазақстандық бірлікті арттыра түсетін рәуіште жалғаса беретін болады».

Жинақтың қалың көпшілікке, зерттеушілерге, білім қуған жастарға пайдалы боларына күмән жоқ.

Балжан Хабдина

Баспа және полиграфия ісінің қайраткері

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3236
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5373