Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3795 0 пікір 5 Шілде, 2011 сағат 06:19

Нұрперзент Домбай. Іштен шалу

«Аргументы и факты Казахстан» газетінің таяудағы санында (22-28 маусым, 2011 ж.) «Давай поговорим с тобою, брат» деген тақырыппен мақала шықты. Тақырыптың астында «Казахи и русские: история и судьба» деген тақырыпшасы да бар. Материал газет тілшісі Юрий Кири­нициянов пен «Тамыр» журналының редакторы, философия ғылымдары­ның кандидаты Әуезхан Қодардың екеуара әңгімесі негізінде жазылған.

«Аргументы и факты Казахстан» газетінің таяудағы санында (22-28 маусым, 2011 ж.) «Давай поговорим с тобою, брат» деген тақырыппен мақала шықты. Тақырыптың астында «Казахи и русские: история и судьба» деген тақырыпшасы да бар. Материал газет тілшісі Юрий Кири­нициянов пен «Тамыр» журналының редакторы, философия ғылымдары­ның кандидаты Әуезхан Қодардың екеуара әңгімесі негізінде жазылған.
Бұл сұхбат өзін нағыз қазақпын, осы жердің, елдің иесімін дейтін кім-кімнің қанын қайнатып, ашу-ызасын туғызбауы мүмкін емес. Сұхбаттың алғысөзінің өзі жаныңды түршіктіреді. «Что думают... представители двух самых крупных этносов страны - казахи и русские?» деп келеді. Осыны оқып отырып екіұдай ойға қаласың. Орыстар да қазақтың жерін өз топырақтары санайтын секілді. Яки қазақ та елдегі көп диаспора өкілдерінің бірі ретіндей көрінеді. Жақсы, бұл «әлқиссасы» ғой. Ары қарай кетейік. Тілші жазушы Герольд Бельгердің бір «заметкасын» мысалға келтіреді. Сонда Гера ақсақал былай деген. «Издаются прекрасные содержательные казахские газеты. В них печатаются интересные материалы. Но ничего этого русские не знают и не читают. Весь интеллектуальный и духовный поток проходит мимо их сознания». Дәл осы сөзге бір жағынан қуанасың. Қазақ газеттерінде тамаша, маз­мұнды дүниелер шығып жатса жақсылық емес пе?Ал егер осыларды орекеңдер білмесе, оқымаса, онда қазақтың не жазығы бар. Тамаша мақалаларды оқығысы келсе қазақ тілін үйренсін, білсін. Бұған кім қарсы? Гера ақсақал сол «заметкасында» тағы да былай депті: «русскоязычный читатель живет в искаженном, изуродованном и обёднённом мире». Герекеңнің мұнысы артықтау енді. Қайта қазақ оқырманынан гөрі орыс оқырманының жағасы жайлауда, «мұрты өрге шаншылып» тұр. Бір мысал келтірейік. Біздің елде 2756 мерзімдік басылым бар. Осының 453-і ғана қазақ тілінде, 2303-і орыс тілінде. Бұлар - Қазақстанда шығып жатқандар. Осыларға қоса Ресейден құстай ұшып келетін 5248 газет-журнал тағы бар. Сонда «обё­днённом» болатындай орыстілді оқырманның басына не күн туды?
Енді Әуезханның «әләулайына» келейік. Ол не дейді? «Если говорить честно, то казахи оказались в более привилегированном положении. Пошел процесс, который я называю «нациестроительство»». Қандай өкінішті! Бұл сөздерді басқа емес, өз қандасың айтып тұр. Апырмай, қайдағы «привилегия»? Қаншама қазақ қалалық жерде үй жағдайын жақсарта алмай кезекте тұр? Ауылдағы бауырларымызды алайық. Жұмыс көзін таба алмай, еңселерін тіктей алар емес. Осы ма «привилегия»? Рас, ұлт серпілгісі, өсіп-өркендегісі келеді. Мұның несі ерсі? Қазақ қай ұлттан кем еді? Ол да өркениетті, өзгелер санасатындай, есептесетіндей ұлт болуға толық құқылы. Қодар мырза, сондай-ақ өзге этнос өкілдерін «ауладан» шығарылып тастағанға теңегеніңіз мүлдем жарасымсыз. Басқасын сөз етпей-ақ қоялық. Қазақстан халқы Ассамблеясын қайда қоясыз? Осы құрылым арқылы Парламенттің төрінде жайғасқан депутаттарымыз - басқа ұлт өкілдері емес пе? Қаншама тілде басылымдар жарық көріп жатыр. Бұларды елеп-ескермегеніңіз қалай? Колбин заманында «билік дәліздерінде» қанша қазақ, қанша орыс жүргені шотқа қағылып, саналып еді.

Әуезхан да арада ширек ғасыр өткенде осыны есімізге қайта түсіріп отыр. «Русских крайне мало в «коридорах власти» дейді. Қазір кеңестік уақытта емес, тәуелсіздік заманында өмір сүріп жатқанымызды білмегені ме, қалай? Ұлт азаматтарының ел басында жүруі заңдылық. Бұған қуану керек. «Количество школ с преподаванием на русском языке постоянно сокращается» дейді орыс тілінің қамқоршысы. Ағасы-ау, қазақтың саны жылдан жылға өсіп жатыр ғой. Қазақ балалары қазақ мектебіне барғысы келеді. Тіпті өзге ұлт жеткіншектері де қазақ тілін білуге мүдделі. Осыдан келіп орыс мектептерінің саны азаятыны белгілі жайт қой. Бұған несіне ренжисіз. Одан да Ресей жақтағы орыс мектептеріне селкеу түспесін деп тілеңіз. Ондай жағдайда алаңдауға болады. Енді сұхбат берушінің қазақ тіліне қатысты «ой-толғанысына» көңіл бөлелік. «Я же думаю, что переход к государственному языку надо было построить иначе, более плавно. Разбить на несколько этапов. И, может быть, на несколько поколений». Қазақ тілінің жанашырлары «Мемлекет қашан мемлекеттік тілде сөйлейді. Осы маңызды мәселені неге созбақтай береміз?» деп шырылдап жүрсе, Әуезханға салсақ, құлашты сермемей, жайлап «жүзуіміз», мәселені кейінгі ұрпаққа қалдыра беруіміз керек екен. Осы сұхбаттан байқағанымыз - қандасымызға өгіз аяң, тасбақа тірлік майдай жаға ма деп қаласың. Мәселен, қазақтың жетекші ұлт екенін тілге тиек ете келе, «победителю надлежит быть благородным, терпимым, щедрым душой» десе, тағы бірде «Центральная Азия всегда была... терпима к различным языкам...» деп білгішсінеді, «қазақстандық ұлт» жөнінде «...перенести этот вопрос лет на сто» деп тағы да мәселені кейінгіге ығыстыра береді. Қазір жаһандану кезеңі екені, ұлттық құндылықтарымызды орнықтыруда, насихаттауда белсенді қарекет танытпасақ ертеңдері кеш болатыны Әуезханды аса шошыта қоймайтындай.
Орыс журналисі де, біздің Әуезхан да Қазақстанда­ғы орыс тілінің тағдырына бастары қатып, түнімен дөңбекшіп ұйықтай алмайтын сияқты. «Ауылда орыс тілін ұмытып бара жатырмыз...», «Өткен бір кездесуде қазақ журналистері орысша сөйлей алмады...» дей ме, қайдағы-жайдағыларды мысалға келтіреді. Негізі, тілді білу, білмеу - бұл әркімнің жеке шаруасы. Өзге тілді білмедің екен деп ар-намысқа тию - турасын айтқанда, қылмыс. Кім біледі, әлгі қазақ журналистері орыс тілін білетін шығар. Киринициянов олардың ішіне кіріп шыққан жоқ қой. Үндемесе, пікірталасқа қатысқысы келмесе, осыны тіл білмегендікке санап, тон пішу әділдік болар ма екен? Жалпы, қазаққа орыс тілін, ағылшын тілін үйрен, әйтпесе күнің қараң болады деп үгіт-насихат жүргізудің соншама қажеті жоқ. Қазақ онсыз да бұл екі тілді білудің ауадай қажет екенін жақсы түсінеді. Қазақ сондай халық - намысшыл, білмекке, жаңалыққа құмар. Ал енді қазақ тіліне келетін болсақ, бұл тілді Қазақстанда тұратын орыс па, шүршіт пе - бәрі де білуге міндетті. Ол - мемлекеттік тіл. Заңда бекітілген. Заңға бағыну, оны орындау - парыз.
Кириницияновке қазақша үйрену қиын түсіп жүргендей көрінді. Әйтпесе мына сөзді айтпас еді ғой. Ол Елбасын терең құрметтейтінін айта келіп, былай дейді: «Он много сделал для страны. Но не понимаю его, когда он выдвигает директиву: к 2020 году 95 процентов населения страны должны говорить по-казахски. Как-то все это напоминает коммунизм к 1980 году...». Бағанадан «терпима» қажет деп отырған Әуезхан осы жерде шалттық танытады. «А что будет, если человек не сумеет выучить язык?» дейді. Қазір 2011 жыл. 2020-ға дейін бақандай тоғыз жыл бар екен. Тоғыз жылда бір тілді оқып-үйренбеген адамға не дейміз? Қабілеті жетпесе, ықылас-ниеті болмаса, өзінен көрсін. Әуезхан ағасы, былай ғой, Қазақстанда тұрып қазақша білмеген орыс далада қалмайды. Орысша сөйлей берсін. Ал бірақ қызмет істегісі келсе, депутат не әкім, яки министр болам десе мемлекеттік тілді білуі тиіс. Қарапайым логика. Бас қатыратындай күрделі есеп емес бұл.
Сұхбатқа қатысты айтатын нәрсе көп. Көрініп тұр, Әуезханның бүйрегі орыстілді қазақтарға бұрады. Әрине, бір қазақты бұлай екіге бөлу жақсы емес. Әуезханның ойынша, қазақ пен орыс мәдениеттері арасындағы «байланыс катері» - осы орыстілді қазақтар. Бұл да қисынға келмейді. Орыс мәдениетін ерекше құрметтеген ұлт ақыны - Абайды орыстілді қазақ деп айта аламыз ба? Мұқағалиды алайық. Сергей Есенинге арнап жазған өлеңінде орыс ақынына деген сүйіспеншілік, бауырмалдық менмұндалап тұр емес пе? Сонда Мұқағали да орыстілді қазақ болғаны ма?
«Философ» Қодардың мына сөзі де таңырқатпай қоймайды. «...ну, хорошо, вы умеете говорить по-казахски. А что дальше? В наших поликлиниках стали лучше лечить? В наших школах - лучше учить? Казахская обувь лучше заграничной? Мы собрали собственный казахский автомобиль или запустили казахский космический корабль? Нет ответа». Бұл не салыстыру? Әуезханның арғы ойы белгілі болды. «Елдің бәрі қазақша сөйлеп кетсе жұмақ орнай қала ма екен?» дегендей пиғыл аңғартады. Тілді білуде көп мән бар, Қодар мырза. «Тіл болмаса, ұлт та болмайды» деген Ғұмар Қараш, «Өз тілін білмеген ел - ел болмайды» деген Халел Досмұхамедұлы осы сөздерді еріккеннен, жайдан-жай айта салмаған болар. Сізге салса тамағымыз тоқ, көйлегіміз көк болса жетіп жатыр екен ғой. Тілге бас ауыртудың қажеті жоқ секілді. Кешіріңіз, бұл ойыңызға қосыла алмаймыз. Жарық дүниеге қазақ болып келдік пе, қазақ болып өмір сүрген дұрыс. Ал қазақтың басты белгісі - өзінің тілі. Тіл дегеніміз, Х.Досмұхамедұлынша айтсақ, «жұрттың жаны».
Киринициянов та кәнігі журналист емес пе. «Хочется спросить: кто вам, братья-казахи, мешает говорить и писать по-казахски, читать казахскую литературу? Президент - казах, правительство тоже практически все состоит из казахов. Не говоря уже о местной власти...» деп қамқорсыған ол тақтайшаға жазылған қазақша сөзге үрке қарап: «Но обрати внимание: во всех акиматах таблички только на одном языке. Казахском. Скажешь, табличка-мелочь? Пусть мелочь. Но неприятная. Я бы назвал это «застенчивым национализмом» деп ақылгөйсиді. Бір қарағанда, қазақ тілінің үстем болуына қарсы еместігін аңғартқанымен, мына жағынан келіп мұны «неприятный» санайтындығын жасырмайды. Түлкібұлаңдық деп осындайды айтатын болса керек.
Сонымен сұхбатты оқығанда не түйдік? Байқағанымыз - қазір ұлт санасы оянып келеді. Ұлтта жаңғыру, түлеу бар. Сонымен қатар мемлекеттік тілге деген ел көзқарасы басқаша. Оны үйрену, білу міндет екендігін отандастарымыздың көбісі ұғынған. Бір ғажабы, осы оң өзгерістер, ілгерілеушілік кейбіреулер­ге, онда да орыс тілінсіз тамағынан ас өтпейтіндерге ұнай қоймайтындай. Бірдеңені айтып қалғысы, тұяқ серпіп қалғысы келеді. Қоғамның ішінде пікір туғызсам дейді. Бұл ниет іске аса қоймас. Өкінішке орай, әлі де болса газет сөзін ой елегінен өткізбей, оған сеніп қалатындар бар. Парасат-пайымы биік, мемлекетшіл, елшіл оқырмандарымыз көп болсын деп тілейік.
Сананы тұрмыс билейді деген де сөз бар. Әңгімелеріне қарағанда бұл екі сұхбаттасушы да тұрмыстағы кейбір қиындықтарды бастан өткеріп жатқандай көрінеді. Тілші баланы өсіруге, дәрі-дәрмек пен емделуге көп ақша кететінін айтса, Әуезхан мемлекет аудармашыларға зейнетақы тағайындауда, әлеуметтік жағынан сақтандыруда кепіл бола алмай отырғанын сөз етеді. Мұндай және басқа қиыншылықтар кімнің басында жоқ дейсіз. Жеке өкпе-наздары да бар ма, қалай... Дегенмен де тұрмыстағы түйткілдерді немесе жеке бастың ренішін себеп қылып ұлт жөнінде, оның ата-бабадан қалған асыл мұрасы - тілі туралы ұшқары, көптің намысын тудырар пікір айту жөн саналмайды. Ұлт та, тіл де қасиетті. Сондықтан байқаған лазым.

Нұрперзент Домбай

http://anatili.kz/?p=6817#more-6817

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1468
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3241
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5394