Сенбі, 23 Қараша 2024
Қазақтың тілі 6809 12 пікір 5 Шілде, 2019 сағат 10:59

Термин түзудегі ұлттық таным мәселесі

Ғылым мен техниканың дамуымен байланысты қалыптасатын ғылым тілі терминдер негізінде дамиды. Термин түзуде ұлттық таным мен мәдениет ұғымдарын басшылыққа алған жағдайда қазақ тілін ғылым тіліне айналдыруға болады. Бұл үлкен істі атқаруда терминжасамның негізгі қағидаттарына тоқталмау мүмкін емес. Аты айтып тұрғандай, қазақ терминологиясы қазақтың тілдік бірліктерімен түзілгені қашанда абзал. Ғалым Ш.Құрманбайұлының «Қазақ тілінің терминологиялық қорының қалыптасуына негіз болған басты көз ұлт тілінің өз байлығы екендігі сөзсіз. Оның бастауларын әріден, түркі тілдерінен, төл тіліміздің тармақталып дербес даму тарихымен қараған жөн» деген пікірі ойымызға дәлел болмақ. Қазақ терминологиясын ұлттық таным негізінде қалыптастыру қағидатын алға қойған А.Байтұрсынұлының қазақ тіл білімі мен әдебиеттану салаларына қатысты терминдері бүгінде маңыздылығын жоя қоймады. Жоймайды да. Себебі ол терминдер, ең алдымен, қазақ халқының болмыс-бітіміне, мәдениетіне, ұлттық танымына сай құрылған болса, екіншіден, ұлттық тіліміздің ғылым аренасындағы орнын танытуда жылдар бойы қызмет еткен терминдер болып саналады. А.Байтұрсынұлының термин түзудегі қағидаттарының бірі – термин қалыптастыруда ең алдымен қазақ сөздерін алу. Қарапайым тілмен айтқанда, «қазақ терминологиясы» қазақ тілінің тілдік бірліктері арқылы жасалуы тиіс, ғылым тіліндегі әрбір термин демесек те, басым көпшілігінің аты да, оның заты да қазақы сипатқа ие болуы керек. Ендігі кезекте ғалымның қазақ тіл білімінің ғылыми дәрежесін танытқан терминдеріне назар аударсақ. А.Байтұрсынұлының «Тіл-құрал» еңбегінен буын, дыбыс, нүкте, дауысты дыбыстар, зат есім, сын есім, сан есім, есімдік, етістік, үстеу, қосымша, жалғау, жұрнақ, т.с.с. терминдер қатарын көруге болады. Ғалым түзген әрбір термин қазақтың ұлттық танымын көруге болады. Қазақы тәрбиемен бой түзеген, қазақ шығармаларымен рухани азықталған әрбір қазақ бұл терминдерді бірден қабылдайды әрі тәжірибеде қолданады. Десек те, ғалым қолданған кейбір шағыс етіс, дүркінді етіс, өсіңкі етіс, билік рай, ереуіл рай, реніш рай, сенімді рай, сенімсіз рай, мұң рай, көніс рай, қайрау рай, азалы рай, теріс рай сынды терминдер бүгінгі құрылымдық грамматикада қолданылмайды. Ғалымның бұл терминдері қолданысқа ие болмағанымен, оқырманға түсінікті, қабылдауға жеңіл. Когнитивті лингвистика саласын зерттеуші ғалым Э.Оразалиева А.Байтұрсынұлының зерттеулеріндегі  тілдік бірліктерді танымдық аяда қарастыра отырып, мынадай пікір айтқан: «Сөз басын «Аңдату» деп бастап, «...анық көріп, сезіп, біліп тұрған айналамыздағы заттардың бәріне» зер салған ғалым тіл мен танымның тығыз байланысқан арақатынасын өз тұжырымдамасының өзегіне айналдырды. Бұл ретте тілші «адам санасының» үш негізін барлық тілтанымдық фактілерге арқау етті, сөйтіп, тілдің міндетін де осы үш арнадан өрбітті. Олар – ақыл, қиял, көңіл. «Ақыл ісі – аңдау, яғни нәрселердің жайын ұғу, тану, ақылға салып райлау, қиял ісі – меңзеу, яғни ойдағы нәрселерді белгілі нәрселердің тұрпатына, бернесіне ұқсату, бернелеу, суреттеп ойлау, көңіл ісі – түю, талғау» дей отырып, ғалым бүгінгі танымдық лингвистиканың мақсат-міндетін, негізгі ұғымдарын өзектеді» [1,29]. Сөз саптауда ұстанған осындай қағидаттар негізінде жасалған терминдер қазақ тіл білімі, әдебиеттану салаларын ғылыми тұрғыда қалыптастырды әрі осы салаларды бүгінгі тұғырына жеткізді. Қандай да бір термин түзуде ұлттық болмысымызды, дүниетанымымызды негізге ала отырып, ұлт тақырыбы аясынан алыстамаған жағдайда жасалған термин халық үшін, тұтынушы үшін қашанда өміршең келеді. Қай елдің термині болмасын, ол сол елдің тілдік ерекшеліктерінен, мәдениетінен, ділінен, танымынан хабар беруі тиіс. Себебі термин ғылым тілінің бір бөлшегі ғана емес, ол ұлтты танытушы құралдардың бірі. Осы қағидат негізінде жазылған С.Қожанұлының «Есептану құралы», Ж.Күдериннің «Өсімдіктану», Е.Омарұлының «Пішіндеме», Ж.Аймауытұлының «Психология», М.Жұмабаевтың «Педагогика», Н.Қаратышқановтың «Пән сөздері» және «Атаулар сөздігі» еңбектері қазіргі салалық терминологияның қайнар көзі болып саналады. Бұл авторлардың жақша, өлшеуіш, айырым, бөлім, сабақша, тұқымша, аналық, аталық, тікше, ұқсастық, әдіс, әдістеме, кеңес, жанартау сынды көптеген терминдері әлі күнге дейін ғылыми еңбектерде де, күнделікті тұрмыс-тіршілікте де қолданылып келеді. Олардың қай-қайсы да қарапайым халық үшін өте түсінікті. Бүгінгі терминологиялық қордағы көптеген бірліктер қабылдауға ауыр болып келеді. Оның себебі терминдер кірме сөздермен аталуында. Ал ұлттық тілдің бірліктері арқылы жасалған терминдер қабылдауға жеңіл болып келеді әрі қазақтың ғылым тілін дамытуға үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Ғылым тілінің негізгі бірліктері – терминдер. Терминдердің үнемі қолданыста болуы қазақ ғылым тілінің дамығандығын көрсетеді.

Қазіргі таңда тілді жанды құбылыс ретінде зерттеп жүрген ғалымдар оның бірнеше қызметін анықтап көрсеткен. Поляк ғалымы А.Киклевич «Ветка вишни. Статьи по лингвистике» [2] атты еңбегінде тілдің номинативті, магиялық, индексалды, экспрессивті, әлеуметтік, прагматикалық, стилистикалық, этологиялық, танымдық, креативті, конститутивті, интерлингвистикалық сынды 11 қызметін ажыратып көрсеткен. Соның ішіндегі номинативті және танымдық қызметі - осы терминология саласына қатысты ұғым. Термин түзуде негізге алынатын бірден-бір ұғым – таным. Себебі қандай да бір ойдың түпкі тамыры танымнан бастау алады. Таным арқылы уәж, ассоциация, болжам сынды құбылыстар жүзеге асады. Терминдер де бойынан осы үдерісті өткізеді. Яғни белгілі бір тілдік бірлік танымдық, психологиялық, философиялық саралаудан өтіп барып ойға айналады. Танымдық тұрғыда әбден сұрыпталған ой коммуникацияның бірлігі ретінде қоршаған ортамен байланысқа түседі. Мұндағы қоршаған орта деп отырғанымыз, диалогқа қатысушылар немесе термин түзуші мен оны қолданушы. Нақтырақ айтсақ, қандай да бір ақпаратты айтушы және оны қабылдаушы болады. Демек, терминді түзуші де, қабылдаушы да ұлттық мәдениетімізден, ділімізден хабары бар тұлға болуы керек. Сонда ғана терминологиямызды ұлттық сипатта қалыптастыруға мүмкіндік аламыз. Ендігі кезекте ұлттық санамыздың қабылдауына қиындау келетін терминдер жайында ой қозғасақ. Тілімізде заман талабына қарай кеңінен қолданылып жүрген банкомат, ломбард, терминал, рейтинг, имидж, анимация, бренд, тренд, паркинг, мейк ап, дресс-код, блогер, брифинг, депозит, грант, бонус, кастинг, караоке, логин, медиа сияқты терминдер бар. Әртүрлі сала бойынша мұндай терминдердің саны өте көп. Ғалым Б.Қалиевтің «Халықаралық терминдерді неге аударуға болмайды?!» деген мақаласында осы мәселе қозғалған.  Нақтырақ айтсақ: «Халықаралық терминдер» деген термин жоқ. Болса, олардың ішінде ең құрығанда қытай, жапон, араб, парсы тәрізді шығыс халықтарының немесе түркі халықтарының бір-екі сөзі жүретін еді ғой. Термин дегеніміз бар болғаны кез келген тілдегі ғылыми ұғымдардың атаулары ғана. Әр халық ғылыми терминдерді өздерінің ұлттық тілдері негізінде өздері жасап алулары керек» [3]. Демек, тілге еніп үлгерген бұндай терминдерді сүзгіден өткізіп, барынша ұлттық тілімізге бейімдегеніміз абзал. Сонда ғана ұлттық терминқордың құрамы қазақ сөздерімен толығатын болады.

2006-2009 жылдары аралығында ҚР Үкіметі жанындағы республикалық терминология комиссиясымен бекітілген аудио – дыбыс, блокировка –құрсаулау, @ – айқұлақ, резюме – түйіндеме, проблема – мәселе, кнопка – түймешік,  эксперт – сарапшы, каньон – шатқал, процент – пайыз, аукцион – бәссауда, процесс – үдеріс, принцип – қағидат сынды терминдер бүгінде  халық арасында кеңінен қолданылып жүр. Бұл бір жағынан терминдердің әдеби тілімізден негіз алуы болса, бір жағынан сол бірліктердің негізі болатын ассоциацияның болуы. Қандай да бір термин айтылғанда қабылдаушы санасында соған сәйкес уәждің болу, болмауы автоматты түрде сараланады. Яғни термин шындықпен санасып түзілгенде ғана адресант пен адресат арасындағы байланыс үзілмейді. Бұл жердегі шындық деп отырғанымыз – уәж. Десек те, жоғарыда аталған терминдердің кейбірі, яғни пайыз, үдеріс, бәссауда, мәселе сынды терминдер қайтадан кірме атаулармен (процент, процесс, аукцион, проблема) бекітілді. Тілімізге сіңіп, ғылым тілінде орнын тауып үлгерген бұл терминдер жалпыхалықтық тілде ұлттық тіліміздегі таңбалануымен қолданылып жүр. Демек, ұлттық тілді танытушы терминдерді жоймай, керісінше олардың санын көбейту керек. Ш.Құрманбайұлының 2014 жылы шыққан «Қазақ терминологиясы» атты еңбегінде  терминге қойылатын талаптардың бірі ретінде терминнің уәжділігін көрсеткен. «Терминнің уәжділігі – термин мағынасының ұғынықты, өзі белгілейтін ұғымы жөнінде анық мәлімет беруі» [4,502]. Уәжі мен таңбасы бір-бірімен үйлесім тапқан терминдерді І.Жарылғаповтың еңбектерінен көруге болады. І.Жарылғаповтың ғылымға енгізген балмұздақ, оқырман, көрермен, суреткер, қаламгер, аялдама, дүниетаным деген терминдері бүгінгі күні терминологиялық қорымыздағы сәтті жасалғандар қатарында. Бұл терминдердің сыртқы формасы мен ішкі мағынасы бір-біріне үйлесімді қолданған. Сол арқылы тілді тұтынушы тарапынан үлкен сұранысқа ие болып отыр.

Көптеген шетел терминдері тіліміздің акустикалық-артикуляциялық ерекшеліктеріне сай өзгеріске ұшырап қолданылып жүр. Бұндай терминдер жөнінде А.Байтұрсынұлы мынадай пікір айтады: «Иауропа халықтарының бәрінің де тіліне сіңіп кеткен жалпы жұртқа ортақ пән сөздер, қазақ тілінің заңдарына келтіріліп, бізге де пән сөз болып алынсын» [4]. Мысалы: кабель – кәбіл, режим – режім, токарь – төкір, слесарь – сілесір, стация – станса, табель – тәбіл, табельщик – тәбілші, почта – пошта және т.б.  Бұлардың қазақша баламасы табылмай жатқан жағдайда осындай тілдік амалдарға бару терминология саласында кездеседі. Оны жоғарыдағы А.Байтұрсынұлы тұжырымынан көруге болады. Дегенмен, бүгінгі тіл білімінің қай саласын алып қарасақ та, жиі кездестіруге болатын адресат, адресант, коммуникация, коммуникант, интерпретация, нарратор, аспект, ассоциация сынды терминдерді қазақ тілінде берген дұрыс. Тіл қаншалықты ұзақ өмір сүрсе, бұл терминдер де соншалықты қолданысын тоқтатпайды. Соған сәйкес тіл саласында көп қолданылатын осы терминдерді бүгінде мынадай баламамен беруді ұсынып жүр. Мысалы: адресат – айтарман; адресант – оқырман; коммуникация – қатысым; коммуникант – тілдесуші; интерпретация – түсіндіру; нарратор – баяншы; аспект – ая; ассоциация – ұқсастық және т.б. Бұндай терминдер тіл білімі саласында өте көп. Терминдерді қазақшалау мәселесін қазақ тіл білімі саласынан бастау керек.

Терминді атаның қанымен, ананың сүтімен дарыған ұлттық мәдениетімізді, ұлттық тәрбиемен қалыптасқан болмысымызды, жылдар бойы жинақталған танымымызды, тәжірибемен жүйеленген аялық білімімізді бір арнаға тоғыстыру арқылы  жасаған жағдайда ұлттық терминологияның негізі қалыптасады. Ғалым Ж.Манкееваның «Тіл – тек коммуникативтік құрал емес, сонымен бірге адам болмысының, оның мəдениетінің көрінісі. Өйткені мəдениет таңба, белгіден тысқары, яғни тілден тысқары өмір сүре алмайды. Адамды түгелдей дерлік таңбалық əлем қоршаған. Өйткені адам болмысының өзі таңбалық, тілдік болмыс. Адам бір мезгілде таңбаны тудырушы да, оны талдаушы да. Тіл – тек денотативті (белгілі сигналдық) коммуникация құралы ғана емес, сонымен бірге коннотативті (белгілі əлеуметтік-мəдени, идеологиялық мəні бар) құрал. Тілде əр халықтың тарихы, оның өмірі, тіршілігі, шаруашылығы мен мəдениеті жатыр» [6,126] деген пікірінен тіл мен ұлттың ажырамас ұғымдар екенін көруге болады.  Ойымызды қорытындылайтын болсақ, қазақ терминологиясын ұлттық дәрежеге жеткізу үшін терминдегі ұлт, ұлттағы термин көрінісін зерттеп, соған сәйкес ұлттық сипаттағы терминдер жасау керек. Бұл, әрине, қазақ терминологиясы үшін жаңа кезең болатыны анық. Себебі тілдің мәртебесін халықаралық деңгейде көтеретін ғылыми тілі. Ал ғылыми тіл деп отырғанымыз – терминдер. Сол терминдер қазақ тілінде болса, ұлттық тілді ғылыми тұрғыда танытуға мүмкіндік туады.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Оразалиева Э. Когнитивті лингвистика: қалыптасуы мен дамуы. – Алматы, 2007.
  2. Киклевич А. Ветка вишни. Статьи по лингвистике. – Олстын, 2013.
  3. Қалиев Б. Халықаралық терминдерді неге аударуға болмайды?! // Жас Алаш республикалық газеті. 29 қаңтар, 2018.
  4. Құрманбайұлы Ш. Қазақ терминологиясы. – Алматы, 2014.
  5. Манкеева Ж. Қазақ тіл білімінің мәселелері. – Алматы, 2014.

Айгерім Қожабекқызы Қожахмет

Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық  ғылыми-практикалық орталығының ғылыми қызметкері, педагогикалық ғылымдар магистрі

Abai.kz

12 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1469
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3245
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5404