Жұма, 4 Қазан 2024
2721 2 пікір 6 Шілде, 2019 сағат 13:12

Елбасы Жолдауына сай ЖОО мен колледждер жаңартылады

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің пленарлық отырысына қатысты.

Аталған отырыст мемлекет басшысы білім сапасын арттыруға бағытталған шаралар туралы ойын айтты. Ол кісінің айтуынша, еліміздің білім саласында алға ілгерлеушілікпен қатар, біршама мәселелер де бар.

Бәріміз білетіндей, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы үнемі Қазақстан халқына арнап Жолдау жолдайды. Соның бірі 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында Елбасы азаматтардың әл-ауқатын арттыру басты мақсат екенін атап өтті.  Ол жолдауда Елбасы үкіметке, әр сала басшыларына қазақстандықтардың тұрмытық деңгейін жоғарлату үшін жұмыс істеуге керек деп тапсырма берді.

Біз сөз етіп отырған жолдаудың екінші тарауы "қазақстандықтардың тұрмыс сапасын арттыру" болатын. Дәл осы бөлімнің төртінші тармашасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жоғары білім беру ісінде оқу орындарының маман дайындау сапасына қатысты талаптар күшейтілетінін айтқан еді.

"Біз гранттардың санын көбейттік, енді жауапкершіліктің кезеңі келді. Жоғары оқу орнының табыстылығын бағалаудың басты критерийі – оқу бітірген студенттердің жұмыспен қамтылуы, жалақысы жоғары жұмысқа орналасуы. Жоғары оқу орындарын ірілендіру саясатын жүргізу қажет. Нарықта жоғары сапалы білім беруді қамтамасыз ететіндері ғана қалуға тиіс. Назарбаев Университетінің тәжірибесіне сүйеніп, үздік шетелдік топ-менеджерлерді жұмысқа тарту арқылы әлемнің жетекші университеттерімен әріптестік орнату маңызды. Қазіргі білім инфрақұрылымының базасында Назарбаев Университетінің үлгісімен өңірлік жаңа жоғары оқу орнын құру қажет деп санаймын", - деген еді Назарбаев.

Елбасының осы жолдауына сай елімізде білім саласының сапасын жоғарлату бағытында, әсіресе, жоғары оқу орындарының білім деңгейін көтеру мақсатында көп жұмыс жүріп жатыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласындағы көптеген ілгерілеушіліктерге қарамастан елдегі жұмыс берушілердің көбі жоғары оқу орындары мен колледждерді бітірушілердің білім сапасына көңілдері толмайтынын айтты. Әсіресе, кәсіби білім беру саласын жаңғырту керек екеніне ерекше тоқталды. «Жақын арадағы 3 жылда 180 колледж және алдыңғы қатарлы 20 ЖОО құрылады», – деді Президент.

Бірақ айта кетерлгі, осы жерде бір мәселені ерекше ескерген жөн. Жоғары оқу орындары мен колледждер жаңадан ашылады деп түсінуге болмайды. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің мәлімдеуінше, «Жас маман» жобасы аясында елде қазір жұмыс істеп тұрған 20 жоғарғы оқу орны мен 180 колледждер іріктеп алынып, арнайы жаңартылады және жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.

Аталған оқу орындарында арнайы орталықтар және заманауи ғылыми зертханалар құрылатын болады. Бұл зертханалардың деңгейлері халықаралық стандарттарға дейін жеткізіледі деп жоспарланып отыр. Осы мақсатта, яғни жоғарғы оқу орындары мен колледждерді модернизациялауға алдағы үш жылда республикалық бюджеттен елу сегіз млрд теңге көлемінде қаражат бөлінетін болады.

Сөз соңында ерекше айта кетейік, біз айтып отырған «Жас маман» жобасының ең басты мақсаты – индустриалды және қызмет көрсету салаларындағы ең сұранысқа ие жүз мамандық бойынша арнайы мамандар даярлау болмақ. Осы жоба бойынша колледждер заманға сай құрал-жабдықтармен жабдықталады деп жоспарланған. Осы жоба аясында шетелдік білікті мамандар, біздің ұстаздарымызды оқытып, кәсіпке дайындайды. Белгіленген оқу орындары арнайы халықаралық салалық аккредитациядан өтетін болады.

«Бастысы – шетелдік әріптестерімізді тарта отырып, білім беру бағдарламаларын модернизациялау, барынша жаңарту», – деді ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Әрі сөз соңында бұның жастарды қолдауға және еліміздің білім саласын жаңғыртуға бағытталған мемлекеттік маңызға ие, аса құнды жоба екенін атап өтті.

Abai.kz
2 пікір