Сенбі, 23 Қараша 2024
Деп жатыр 6563 31 пікір 11 Шілде, 2019 сағат 12:17

«Қосановты бура қуды, бура қуса тура қуды»

Сөз жоқ, бұл сайлаудың науқаны саяси тартыспен өтті. Науқанда «Аққу, Шортан һәм Шаян» болды. «Тұрақтылықты» қалайтындар биліктің, «өзгерісті» қалайтындар Әміржанның маңына топтасты. Ал, үшіншісі «Байкотшы» топ еді. Үш топтың да іс-қимылы жұрттың көз алдында. Айтпақшы, 4-топ та байқалды. Олар «Құдай кімді қаласа сол болады. Алла бізге жақсы патша бер!» деп, дұға жасап, сәждеде жатқандар. Олар да аз емес, бір қауым жұрт.

Науқанда xалықтың ауқымды бір бөлігі «өзгерісті» қалайтынын көрсетті:

1) Олар әлеуметтік желіде белсенді болды. Желі мүмкіндігімен тәсіл талғамай тартысты.

2) Сайлау барысын бақылауға, сайлаудың әділдігін қорғауға болатынын көрсетті.

3) Біраз сайлау учаскелерінде сайлауды ұйымдастырушыларды қылмыс үстінде ұстап, жұртқа жария етті.

4) Белсенді бақылаушылар заң аясында қимылдап, жүздеген сайлау хаттамасын түсіріп алып, жұртқа жариялады. Бұл тіпті, кей облыста дауыс саны басқаша болғанын межелеуге мұрсат беретін еді.

«Өзгерісшілдер» серкеге зәру еді. Қосановтың кандидат ретінде тіркелуі «іздегенге сұраған» болды. Қосанов бір айлық кандидаттық мансабында саяси тұғырының шыңына көтерілді. Ұтымды ұстанымдарына шешендігі қосылып, шебер, шапшаң қимылдады. Миллиондаған сайлаушыны үйден шығарды (расталған саны 1,4 миллион). Олардың арасынан сайлауды насиxаттайтын, бақылайтын белсенді топ «курстан өтіп» шықты. Оны сайлау күні көрдік. Бұл келесі сайлау бұдан да тартысты болатынын түсіндірді.

Ал, сол Әміржан науқан аяқталған алғашқы сағатта-ақ, сынды. Оңбай сынды. Біз оның отыз күн айтқан сөзінен айнып шығып, алдыға аттаса мина басып кететіндей xәлде тұрғанын көрдік.

Ал сондай сәтте «әділ сайлауды» өмірінің мәні санаған Досты, Айдосты көрмей отырмыз. Көшім мен Сарым саясатта, сайлауда жоқ сияқты. Ең кемінде кандидат ұсынған ұйымның иесі ретінде сайлау заңын бұзғандарды сотқа беруі керек пе еді?

Бұл сайлаудың басқа сайлаудан өзгеше өткенін өзі де бақылаған «байкотшы» Бапидің де эстафетаны қолына алуға мүмкіндігі бар еді.

Онда ол Әміржан үшін алаңдаушылық білдіріп, Қосанов дайындаған, қазір де «далада қалғандай» болған мыңдаған белсенді бақылаушы мен насиxатшының алдына келер еді. Оларды «алдандың» деп табаламай, Әміржан айтып үлгермеген «алғысын» білдіргенде не болар еді? Бапи де «екі алып биге шығар» еді. Бұл жерде саясаткерге тән салиқалылық пен қағылездік жетіспеді.

Бұл сайлауда «оппозиция» жеңілді (егер ондай топ бар болса), жеңілгенде де оңбай жеңілді. Бірақ, «өзгерісті қалаған» xалық жеңілген жоқ. Олардың дауысы саналды. Талаптары тақта отырғандарға жетті. «Халық биліктің бастауы» бола алатынын сезінді. Топтасса күш екенін, «тобыр» емес екенін білді.

Әміржанды «Бұра қуды. Бура қуса да, тура қуды». Орайы келген отыз күнде айтарын айтты. Айғайын жеткізді.

Біз алаңдап отырмыз: Талай бопсаға шыдаған жігіт «неден сынды, көзіне не көрінді!» деп...

P.S. Ел билігінің тізгіні Тоқаевқа тиді. Енді ол Мемлекетіміздің легитимді басшысы. Халықаралық деңгейдегі ұлттық тұлға. Әлем мойындайтын үлкен ұйымда да басшылық қызмет атқарған қазақ.

Жасампаз ұлтымызды жемқорлықсыз мемлекет құруға бастайды деп сенеміз.

Abai.kz

31 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5502