Ертіс үшін егес
Белгілі алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай: «Алаш Орданың хатшысы, Ахмет Байтұрсынұлының ең сенімді адамдарының бірі еді деген Биахмет Сәрсенов туралы да, Ахметжан Қозыбағаров туралы да ештеңе айтылмайды. Осындай негізгі міндеттерді атқарған тұлғалардың ішінен әлі де жарыққа шықпағандары көп. Бұлар туралы деректер кез-келген архивте болуы мүмкін», – дейді. Біздің порталымызда журналист Азамат Қасымның Биахметтің аға-бауырлары жайлы «Сергелдең кешкен Сәрсеновтер» атты мақаласы жарияланған. Ендігі орайда біз Алаш идеясын өмірінің соңына дейін берік ұстанған адал ардагер Ахметжан Қозыбағарұлы турасында сөз қозғамақпыз [1].
Алаштың асыл азаматы туралы «Қазақ» газетіндегі тарихи деректерден бөлек, көрнекті алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбайдың, семейлік қаламгерлер М. Кенемолдин, Д. Сейсенұлы, жас тарихшылар Е. Рахметуллин, А. Садырбаев, т.б. зерттеулеріндегі материалдар осы мақаламыздың жазылуына көп септігін тигізді. Ғұлама ғалым Қайым Мұхамедхановтың жеке архивінен табылған жалғыз сурет негізгі қозғаушы күш, мотиватор екенін айтуға тиіспіз.
Бұғылының бұласы
Алаш азаттық қозғалысының аса белсенді қайраткері, саясат серкелерінің бірі Ахметжан Қозыбағарұлы бұрынғы Семей облысы Бұғылы болысының Әтей ауылында 1879 жылы 1 мамырда дүниеге келген. Оның руы – тобықты жүзбенбет. Атақты шежіреші Мәшһүр Жүсіп Тобықтының екі баласы Рысбек пен Дәулетбек деп таратады. Осы Рысбектің баласы Мұсабай би, одан Төленқожа шығады екен. Оның екі ұлының бірі Шегір делінеді. «Шегірдің Қыпшаққа берген қызынан туған жиені – Жүзбенбет» дейді шежіреші [2]. Бұлай болғанда жүзбенбет тобықтының жиені болып шығады. Бірақ қалай болғанда да жиен атымен бір қауым ел болып таралған аталар аз емес.
Ахметжанның әкесі ауқатты кісі болыпты, Абаймен замандас, сыйлас-сырлас адам екен. Қозыбағаровтар әулеті басып шығарған шағын кітапшадағы деректерге қарағанда, ғұлама Абайдың ақылымен Қозыбағар екі ұлын Семей қаласында оқытқан деседі [3]. Ахметжан алдымен шаһарда ауылшаруашылық мектеп-интернатын тәмамдайды, содан соң 1900-1902 жылдары Семей уезінде №4 емдеу бөлімшесінде шешекке қарсы егуші болып жұмыс істепті.
Қозыбағар баласы Ахметжанның жастайынан алғыр да қайсар, өр болғаны туралы қызықты деректер айтылады. Зерттеуші А. Садырбаевтың жазуына қарағанда, ол елде болып жатқан саяси-әлеуметтік жағдайларға өз пікірін білдіріп, белсенді болып араласқан. 1906 жылы 9 қаңтарда мектеп әкімшілігінің қатаң тыйым салғанына қарамастан, Петербургтегі қаза болғандарды еске алу шарасына оқушылардың қатыстырып ұйымдастырады. Осы алмағайып кезеңде Ахметжанның ақыл-ойы толысып, саяси сауаты пісіп-жетіліп, туған халқының бостандығы үшін күрес жолына түсуге белін бекем буады. 1902-1906 жылдары Омбы қаласындағы 4-жылдық фельдшерлік курста оқып, білімін жалғаған ол Омбыдағы қоғамдық-саяси жұмыстардың ортасынан табылады.
1911-1912 жылдары Семей қаласында түсірілген тарихи фотосуретте алдыңғы қатардағы үш адамның ортасындағы тұлғаны ғұлама ғалым Қайым Мұхамедханов «Ахметжан Қозыбағаров» деп көрсетеді. Сом тұлғалы, отырысы мығым, берік, әрі өзіне сенімді жігіт бейнесі байқалады. Екі қолын кеудесіне айқастыра ұстап, қос жанары тік, өткірлеу біткен, тура қарайтын жас азаматты сол кездегі «Қазақ» газеті «пікірлі, шын ұлтшыл жастарымыздың бірі» десе, дегендей-ақ екен!
Омбыдағы кезеңінде ол «Бірлік» жастар қозғалысына қатысып, Әбілқайыр Досов, Жанайдар Сәдуақасов, Хамза Жүсіпбековтермен танысады. Кейіннен советтік идея жолына түскен олардан Ахметжанның айырмасы, Алаш азаттық идеясынан айнымай адал бола алғандығымен сипатталады. Тіпті ол ұлының есімін де «Алаш» деп қойған санаулы тұлғаның бірі.
Ахметжан Қозыбағарұлы Омбы дәуірін тәмамдаған соң, 1906 жылдан 1918 жылдар аралығында Семей қаласындағы губерниялық ауруханада фельдшер болып ұзақ уақыт қызмет етті. Ал оның 1916-1920 жылдардағы алмағайып замандағы батыл іс-әрекеттері, Алаш автономиясы жолында тік тұрған қабілеті-қарымына арнайы тоқталамыз.
Алаш автономиясының жұмысы тоқтатылып, Алаш Орда үкіметі таратылған соң, ағарту ісінің қуатты күшіне сүйенген алаш азаматтарының қатарында ол оқу-білім жүйесін жолға қоюға атсалысты. Ахметжан Қозыбағаров 1923-1927 жылдарда кооперация басқармасының төрағасы, кейіннен төраға орынбасары қызметін атқарады.
Алаштың арыстай азаматтарын қуғындау ісі басталған 1929 жылы Ахметжан да бұл тұзақтан аман қалмады, ол 1932 жылға дейін түрмеге қамалды. Соңынан болшевиктердің айтар айыбы, тағар кінәсі дәлелденбей бостандыққа шығады. Ол саналы ғұмырының соңында Алматы қаласында болып, 1932 жылдан бастап №2 кірпіш зауытының амбулаториясында меңгеруші қызметін атқарған.
Негізгі мамандығы фельдшер, бірақ ұлтының азаттығы жолында басын бәйгеге тіккен алашшыл қайраткер, білікті ұйымдастырушы, қоғамның белсенді тұлғасы Ахметжан Қозыбағаров 1937 жылы 25 тамызда Семей түрмесіне қамалып, ату жазасына кесіледі. Оның есімін мүлде атауға болмай, тек жиырма жылдан соң, 1957 жылы ақталған.
Алаш жолына адалдық
«Тірі болсақ – бір төбеде, өлсек – бір шұңқырда» деп бәтуаласқан Алаш арыстарының резонанстық дәуірі – Ахметжан Қозыбағаров өмірінің де жарқын парақтары. Ол тіпті патшалық Ресейдің отаршылдық саясаты тым күшейгенін, халық тағдырын ойыншыққа айналдырғанын Омбыда оқыған жылдарынан бастап сезді. Қазақ ұлтына ең ауыр тигені – ата-бабасынан ғасырлар бойы мирас етіп, баяғы көшпелі өмір дағдысына сай, мал шаруашылығын дамытудағы ең тиімді тәсілі шұрайлы жерлерінен айырыла бастауы еді. Орта жүз қазақтарының Ресей империясының құрамына енген 1822 жылдардан бастап ғасырға толмай, қазақ даласының үштен екісін жұмырына жұқ қылмай қылғытқан отаршылдардың аяусыз әрекеттері туралы ұзақ ойланатын.
Азаттық – адамның идея үшін шындық жолында күресе алу мүмкіндігі. Еркіндікке деген ұмтылыс 1917 жылдың өліара шағында Семей шаһарында жақсы үрдістермен басталды. Ахметжан Қозыбағаровтың ғұмырнамасын саралай келе, бұл кезеңдегі оның қызметі мен қоғамдық негіздегі жұмыстарын негізінен үш арнада қарастыру байқалады. Олар: Алаштың төтенше съездеріне, ең бастысы, ұлы құрылтай жиынына қатысуы, ұлттық партия жұмысының аймақтық, яғни Семей облыстық комитетіндегі жұмыстары және земстволық басқару жүйесіндегі қызметі. Соңғысына Алаш мектептері мен оқу-ағарту саласына қатысты жайттар бағамдалады.
Тарихтан белгілі болғандай, Семей облыстық қазақ сиездері 1917 жылғы сәуірде және 1918 жылғы мамырда ұйымдастырылған. Алғашқы Семей облыстық І қазақ сиезі 1917 жылғы 27 сәуір және 7 мамыр аралығында өткізілді. Жақып Ақпаев төрағалық еткен сиезге Райымжан Мәрсек, Шәкерім Құдайбердіұлы, Ә. Ермекұлы, Н. Құлжанова, С. Сабатаев, Б. Сәрсенов, Х. Ғаббасұлы, Ж. Аймауытұлы, М. Тұрғанбайұлы сияқты қазақтың белгілі белсенді тұлғаларының қатарында біздің кейіпкеріміз Ахметжан Қозыбағаров та бар. Сиезге Өскемен, Семей, Павлодар, Қарқаралы, Зайсан және көршілес Ресейдің Бийск уездерінен жалпы саны 200-ден астам делегат қатысты [4].
Осы жылы шілде айында Ахметжан Қозыбағаров Орынборда өткен І Жалпықазақ кіші құрылтайына делегаттыққа ұсынылады, онда ол Семей облысы қазақтары атынан Ресей Құрылтай Жиналысына №8 кандидат болып тіркеледі. Сиез жұмыстары уақытымен өткізіле келіп, соңы Алаш автономиясы жарияланатын құрылай жиынына ұласты. Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан осы демократиялық бағыттағы тұңғыш ұлттық автономиясының төрағасы болып сайланады.
Ал 1917 жылдың қазан айында Семей қаласында «Алаш» партиясы атынан алғашқы сиез өткізіледі. Сəкен Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешу» романында: «Семейде областной «Алаш» партиясының ашылған хабарын жазған едік» деп жазатын оқиға осы. Сиезде «Алаш» партиясының Семей облыстық уақытша комитеті құрылады. «Алаш» партиясының Семей облыстық комитеті құрамына: Ә. Бөкейхан, Р. Мәрсек, И. Әлімбекұлы, А. Қозыбағарұлы, Т. Құнанбай, Х. Ғаббасұлы, С. Дүйсенбиев, Ә. Ермек, М. Малдыбай, Ә. Молдабай, Б. Сәрсенов енген. Сиезде қаралған ең негізгі мәселе – «Алаш» партиясын қалыптастыру және партия мүшесінің қандай адамдар бола алатындығын айқындау мәселесі еді [4].
«Алаш» партиясының Семей облыстық комитеті он бес мүшеден тұрды. Комитет төрағалығына Халел Ғаббасұлы сайланса, орынбасары болып Ахметжан Қозыбағарұлы бекіді. Комитет хатшылығына Садық Дүйсенбин, қазынашысы болып Әнияр Молдабаев сайланды. Комитеттің құрметті төрағалығына Әлихан Бөкейхан ұсынылды. Бұл облыстық комитетке «Алаш» партиясының шартнамасын жасау жүктелді. Комитет шешімі бойынша «Алаш» партиясына: «Алаш партиясының программасын жақтырып, жөн көрген программадағы мәселелерді іске айналдыруға тырысатын кісі кіреді. «Алаш» программасынан таймайтын, өтірік айтпайтын, шыннан қайтпайтын, жақындық, туысқандыққа бүйрегі бұрмайтын, дүниеге қызығып сатылмайтын, шыншыл, адал, тура кісі кіреді... «Алаш» партиясына кіремін деген кісі осы айтылған шарттарды ойлап, толғап, жүрегі қалайтын болса ғана кіруге жөн» делінген. Партия шартында көрсетілгендей, Алаш ісіне адал адам деп Ахметжан Қозыбағаровты айтса болады.
«Алаштың» облыстық комитеттері сол кезеңде ұлт-азаттық қозғалыстың өрістеуіне, халық арасында партияның үлкен беделге ие болуына зор үлес қосты. Облыстық комитет мүшелері Екінші жалпықазақ құрылтай жиынына қатысып, Алаш Орда үкіметінің орнауында үлкен рөл атқарды. Сонымен бірге бұл комитеттер бүкілресейлік құрылтай сайлауында «Алаш» партиясының жеңіске жетуіне атсалысты.
Бас көсеммен байланыс
Ахметжан Қозыбағарұлының жеке өзінің көсем Әлихан Бөкейханмен кездесуі, өзара байланысын айшықтайтын санаулы ғана дерек бар. Оның бірі – Әлиханның 1917 жылғы 21 қазанда Семейге келуі дейтін айтулы оқиға болса, екіншісі – ұлттық милиция жасақтау ісіне және сот ісін құру жөніндегі қатынас қағаздар.
Сұлтанмахмұттай арыстың қаламына ілініп, бейне бір суреттей сақталатын мына жолдарда Әлиханды Семей халқының, ондағы басшы азаматтардың көңіл-күйі мен қимыл-қозғалысы толық сипатталады. «Бірсыпыралар Әлихан келгенде құтты болсын айтуға һәм оның қылған қызметтеріне жүректерінің қалай риза болғанын білдіруге қандай сөз табудың қамына кірісті. Қозыбағаров һәм басқалар жас балаларға және қара халыққа Әлиханның өмірін, қылған қызметтерін сөйледі» [5]. Мұндағы Ә. Бөкейханның қылған қызметін сөйлеп бергені рас болса, онда Қозыбағаровтың тегін адам болмағанын, ел келешегін ойлаған Әлихандай арысты жақсы, жетік білгені байқалады.
Ары қарай оқиық: «Сөйтіп отырғанда поезд тосып автомобильмен алып келуге жіберген екі кісінің (Мұстақым һәм Тарабаев) басы көрініп, күтіп отырған құрметті еріміздің келіп қалғаны білінді. Ал жұрт қадыр кісісін көргенде мұндай сүйсінбес. Әркім түрегеліп аяқбасқан жерінде қуаныштан бір-екі минут есінен айырылып па, әйтеуір дағдарыңқырап тұрды. Ғалихан жұртқа аман-сәлем қылып отырған соң, қара халық атынан Шынжы Мұсатаев келгеніне құтты болсын айтты. Онан соң комитет атынан Ахметжан Қозыбағаров сөйледі» дейді [5].
Осы арада бізді Ахметжанмен бірге аталған Шынжы Мұсатаевтың есімі ерекше қызықтырады. Семей шәрінен небары 75 шақырым жерде Шынжы қыстауы бар. Жаңасемей ауданына қарайтын Знаменка ауылының шығыс жақ бетіндегі қара тастан қаланған, биіктеу зират осыдан 100-120 жыл өмір сүрген Шынжы есімді кісіге арналған екен. Сол маңның жалғыз үйлік қыстауындағы кісілердің айтуына қарағанда, бай, ауқатты адам болғанға ұқсайды және олар аймақтағы тұзды түйеге теңдеп, қалаға кіре тартқан деген жалқы деректі айтады. Қалай болғанда да осы аталған зират біз айтып отырған Шынжы Мұсатаевқа қатысты ма, әлде «Сарыарқа» басылымының редакторы болған Шынжы Керейбаевқа қатысты ма, жоқ па, алдағы уақытта айқындай түспекпіз.
Ахметжан Қозыбағарұлының Әлиханмен байланыстыратын екінші оқиға ұлт көсемінің 1918 жылғы 25 маусымдағы хатынан көрінеді. Ә. Бөкейхан 1918 жылы 25 маусымда
«Бек тығыз.
Семей уезінің земский управасының бастығы Ахметжан Қозыбағарұлына.
Семей уезінен болыс басына 30 милиционер алуға қаулы қылынды. Осы жігіттерді тоқтаусыз жиясыз. Жиылған азамат, ат Семейге келеді.
Алаш Орда бастығы Ғалихан»
деп қойған номер 2 қатынас қағазын жолдайды. «Нұсқауға орай Ахметжан Қозыбағаров іле-шала 26 маусымда Семей уезінің барлық болыстарынан ат-әбзелдерін сайлап, 30 жігіттен милиция даярлауды қатаң тапсырады» дейді тарихшы Е. Рахметуллин [6].
Мұрағатшы М. Кенемолдиннің жазуы бойынша Семей уездік Земство басқармасының төрағасы Ахметжан Қозыбағаровтың Омбыдағы Əлихан Бөкейхановқа уездік қазақ соты құрамын сайлауға байланысты жіберген жеделхатының көшірмесі сақталған [7]. Онда:
«Омбы. Учебная көшесі 86,
Бөкейхановқа
Қырғыз соттарының мәселесі қандай?
Егер сот құрамы таңдаулы адамдардан тұрса, онда уездік земствоның төтенше құрылтайын шақыруға кеңес беремін. Біз сізден ресми телеграфхабарын күтеміз.
Уездік земство бастығы Қозыбағаров»
делінген.
Алғашқы мектептер және «Сарыарқа»
«Қазақ» газеті Қозыбағарұлының фельдшерлік жұмысы туралы жазады. Ал кейін өзі қызмет еткен Семей уездік земство басқарма өз ұлтын, өз халқын шынайы құрметтеген азамат ретінде көрсетті. 1917 жылдың желтоқсанынан 1918 жылдың наурызына дейін Қозыбағарұлы төраға қызметіне ұсынылды және демократиялық сайлауда басым түсіп, төраға болып сайланады. 1918 жылдың наурызынан Алаш Орда атынан Семей уездік шаруалар мен қырғыз депутаттары Кеңесінің мүшесі, кейіннен төрағалық қызмет атқарады.
Бұл кезеңде Алаш қаласында ұлттық білім беру жүйесі қалыптаса бастады. Оған Семей облыстық және уездік земство басқармаларының көмегі тиді. Райымжан Мәрсекұлы, Х. Ғаббасұлы, А. Қозыбағарұлы басқарған бұл земство мекемелері бірқатар мектептердің ашылуына және бұрыннан бар мектептердің жүйелі білім беруге көшуіне оң ықпал етті. Мұратбек Кенемолдиннің дерегінше, Ахметжан Қозыбағарұлы қазақ мектептерін ашуға және ұлттық педагогика кадрларын дайындауға қатысқан. Бұл жұмысқа Мәннан Тұрғанбайұлы, Мұхтар Әуез, Жүсіпбек Аймауытұлы, Әбікей және Қаныш Сәтбаевтар қатысып, бірге атқарды. Бұл кезде екі қазақ мектебі, бір мұсылман және орта білім беретін әйелдер мектептері ашылды [7].
1920 жылға қарай жаңадан ашылған бастауыш мектептер саны жетпіске жеткен. Дегенмен, педагогикалық кадрлар мен оқу құралдары жетіспеді. Ол жөнінде Ахметжан Қозыбағарұлы «Қазақ» газетінің 1918 жылғы16 қыркүектегі № 265 санындағы «Оқу құралдары» мақаласында осы өзекті мәселені көтерген.
Қозыбағаровтың қайраткерлік қасиеті қаламгерлік қабілетімен де ұштасып жатады. Жоғарыда біз мысалға келтірген М. Кенемолдиннің «Алаштың ардагер азаматы» атты мақаласында «Қазақ» газетінен кейін ұлт зиялылары шоғырланған «Сарыарқа» басылымына әр жылдары маңызды тақырыптар жөнінен түрлі мақалалар жазып, редакция жұмысына қолғабыс тигізіп тұрғаны айтылады.
Ертіс үшін егес
Қазревком (Қырғыз революциялық комитет) мен Сібревкомның арасындағы жер дауы мәселесінде де атадан артық туған Ахметжанның қимыл-әрекеті ұлт мүддесін қорғау жолынан танбағанын көрсетеді. «Алаштың бір арысы» атты мақаламызда Павлодар уезі бойынша қазақ жерін сақтау үшін күреске түскен Ахметолла Барлыбаев сияқты алашшыл азаматтардың майданы Семей өңірі бойынша да күрделі жағдайда өтті. Қазақ даласын бөлшектеуге, Сібірге қосуға жаны құштар И. Смирнов, М. Фрумкин, В. Косарев, В. Соколовтардың шовинистік көзқарасына тосқауыл қойған ерлердің сапында Қозыбағаров та болды.
«Ертіс өзенінің бергі бетін қазақтарға қалсын да, арғы бетін Сібірге қосайық» деген оспадар, жөнсіз бастама іске аспады. Алтай, Қосағаш қазақтарының Қазревком құрамына кіру ниетін қостамаған Сібір ревком басшылары Ленинге арқа сүйеп біраз жерді тыс қалдырды. Нәтижесінде біз Қосағаш қазақтарынан айырылып қалсақ та, ұлы Ертістің арғы бетіндегі біраз жерімізді аман алып қала алдық.
Алаш мұрасын зерттеуші М. Кенемолдиннің жазуынша, «шығыстағы қазақ жерінің тұтастығын сақтап қалған Əлихан Бөкейхан бастаған Ə. Ермекұлы, Х. Ғаббасұлы, М. Əуезов, Ж.Аймауытұлы, Ы. Мұстамбаев, Р. Мəрсек, А. Қозыбағарұлы тəрізді ұлт зиялыларының еңбегі тыңғылықты зерттеліп, түпкілікті бағасын алған жоқ».
Ахметжан салдырған аурухана
Алашорда жұмысы тоқтатылып, уездік комитеттегі қызметінен соңғы қуғындау Ахметжан Қозыбағарұлы өзінің кәсіби қызметі – медицина саласына оралуға септігін тигізді. Бұл әулет мүшелерінің естеліктерінен белгілі. Арыстан қалған тұяқ, есімін ұлы идея құрметіне қойып атаған Алаш Ахметжанұлы көрнекті алаштанушы ғалым Қайым Мұхамедхановқа 1980 жылы хат жазады. Бұл хатта 1921-1922 жылдары Ахметжанның Шыңғыстауда Арқат дәрігерлік бөлімшесін басқарып, губерниялық ұйымдар мен жергілікті халықтың демеушілігімен жиналған қаржыға емхана салғанынан деректер береді [8].
Семейдегі аралда. Санмен белгілеу бойынша: 1) Ахметжан Қозыбағарұлы, 2) Абдолла Бейсекеев, 3) Темірғали Долбин, 4) Қажен Белгібаев, 5) Исайын әнші. Фотосурет Қ. Мұхамедхановтың жеке архивінен.
Фельдшер Ахметжан Қозыбағарұлының идеясы бойынша салынған аурухананың құрылысы 1921 жылы басталып, 1922 жылы аяқталады. Мекеме орналасқан Жәнібек елді мекенінің айналасы Арқат таулары мен одан аққан мөлдір сулы бұлақтарымен көздің жауын алатын көркем жер. Бұл қазіргі Абай ауданының Қарауыл ауылынан 70 шақырым қашықтықта болған еді.
Саман кірпіштен қаланып, төбесі темір шатырмен жабылған аурухана екі үлкен ғимараттан тұрды. Іші ағаш еденнен жасалған 16 бөлме болды. Ал іргетасы бірыңғай тау тасынан қаланды. Жоспар бойынша мұнда кейіннен шағын қалашық құрастыру ойда болған.
Аурухананың құрылысын жүргізуде Арқат тауларының тұрғыны, халық арасынан шыққан шебер Мендебай Арыстанбаев атсалысты. Ауруханада меңгерушісі Ахметжаннан басқа Омбы фельдшер мектебін бітірген Алпысбай Көккөзов есімді дәрігер де қызмет еткен екен. Ал медициналық мекеме медбикелері Семейден арнайы шақыртылған орыс әйелдері мен қыздары болыпты.
Алаш Ахметжанұлының дерегінше, бұл кезде әулеттің отбасы мүшелерімен ағайынды Ақтайлақ пен Нұртайлақтың қыстауында ауруханадан 3 шақырым қашықтықта тұрған. Алаш 1973 жылы тек іргетасының қалдығы ғана қалған осы аурухана қызметкері Әзімжан есімді азаматпен сөйлесіп, аурухананың кейінгі жай-күйінен сыр суыртпақтайды. Әзімжанның әңгімелеуіне қарағанда, мекеме 1963 жылға дейін сақталып келген.
Қозыбағаровтың қарашаңырағы
Ахметжанның жанұясында әйелі – Тұрар, үлкен ұлы Алаш пен Сәтен, Жошы, Сара, Рәш есімді ұл-қыздары болған. Қайраткердің сүйікті жары Тұрар Қозыбағарова атақты батыр Базаралы Қаумен баласының немересі болып келеді. Абай болыс кезінде итжеккенге айдатып жіберетін Базаралының немересі Бекежан Кенесариннің деректеріне қарағанда, ол жездесі Ахметжанның заманында өр тұлға, адал азамат, еліне жанашыр, халқына қормал болғанынан жазады.
Тұрардың есімі Нәзипа Құлжанова ұйымдастырған алғашқы алаш әдеби кешінен таныс. 1914 жылдың күзінде ұлы Абайдың өмірден өткеніне 10 жыл толуына арналған, семей жұртшылығы тамашалаған әдеби кеште ол «Біржан-Сара» спектакліндегі ақын Сараның ролін сомдайды.
М. Кенемолдиннің мақаласында 1937 жылдың 26 тамызында НКВД органдарының тергеу құжаттарында түскен Ахметжан Қозыбағаров отбасындағы адамдардың кім екені, жасы қанша болғандығы жайлы деректер бар. Онда «А. Қозыбағаровтың 58, ал əйелі Тұрардың 43, үлкен ұлы Алаштың 19 жаста екені» көрсетіледі. 1937 жылдан 19 жасты шегергенде Алаштың туған жылы анықталады: 1918. Алаш Ахметжанұлы әке жолын қуып, медицина саласы бойынша қызмет атқарса, Жошы Қозыбағаров – Қазақ ССР еңбегі сіңген экономист ретінде белгілі.
Алаш деп соққан адал жүрек сталиндік қанқұйлы жүйенің шырмауынан аман қалмады. Оны тіпті большевиктік жүйе үшін аса қауіпті саналған алашордашылар тобында болғаны үшін алпысқа да толмаған ғұмырында бір емес, үш рет тас түрме мен қуғын-сүргінге салды. Ақырында 1937 жылдың 9 қыркүйегінде Шығыс Қазақстан облыстық НКВД басқармасы жанындағы үштік Ахметжан Қозыбағарұлын Совет өкіметіне қарсы күрескен астыртын контрреволюциялық ұйым құрып, басшысы болды деген жаламен айыптап, ату жазасына кесті. Үкім 1937 жылы 11 қазан күні орындалған. Алайда оның жазықсыз екені 1957 жылдың 28 қарашасында Түркістан əскери округының Əскери трибуналының шешімімен А. Қозыбағаровтың ісінде ешқандай қылмыстық əрекет жоқ деп тауып ақтады.
ХХ ғасырдың алғашқы ширегіндегі алашшыл азаматтар кәсібіне адал берілгендігіне қарамастан, қоғамдық жұмыстармен де қауырт әрі қарбаласта айналысуына тура келді. Уақыт қысылтаяң шақта осындай ділгірлікті талап етті. Атадан артық туған Ахметжан Қозыбағарұлы ақ халатқа қандай адал, кіршіксіз ақ болса, Алаш мүддесіне де сондай таза, адал, ақиқатшыл болды. Дегенмен де оның алаш мұраты үшін жігерге толы қызметі мен өнегелі өмірі әлі де тың зерттеулерді күтіп жатыр.
Әдебиеттер:
1, Қасым А. Сергелдең кешкен Сәрсеновтер // «Қазақстан тарихы», 2018 ж. 11 қаңтар.
2, Көпейұлы М.Ж. Арғын-Тобықты шежіресі. https://qamba.info/site/book
3, Садырбаев, А. Ахметжан Қозбағаров. // Аудан тынысы. 2009, 4 желтоқсан. 4-б.
4, Алаш қозғалысы. Қамзабекұлы Д., Тілешев Е. – Алматы: Сардар, 2014.
5, Еспенбетов А. Шығармалары. 2-т. Астана: Фолиант, 2012.
6, Рахметуллин Е. Айбынды Алаш әскері. // «Қазақстан тарихы», 2018 ж. 11
7, Кенемолдин. М. Алаштың ардагер азаматы. // «Абай» журналы, 2011. №1.
8, Қайым Мұхамедханов: хаттар сөйлейді. Алматы, 2016.
Заңғар Кәрімхан
Abai.kz