Сенбі, 23 Қараша 2024
Ел іші... 8829 21 пікір 19 Шілде, 2019 сағат 14:43

Түрмедегі Жәкішевке Тоқаев билігі рақымшылық жасай ма?

Тұп-тура бес күннен соң, Семей сотында «Қазатомпром» компаниясының бұрынғы басшысы, ұзақ мерзімге сотталған Мұхтар Жәкішевті уақытынан бұрын бостандыққа шығару туралы сот отырысы өтеді екен. Әлеуметтік желіге осы ауандағы ақпар тарады. Мурат Мухамеджанов дейтін азамат өзінің «Facebook» желісіндегі жеке парақшасында жазды. Ондағы ақпаратқа сенсек, Жәкішев ісі Семей сотында, 24 шілде күні қаралады екен.

(Мурат Мухамеджановтың суреті)

Ақпарат әлеуметтік желіге тарады. Тараған сәттен бастап-ақ, Ақорда билігінен араша сұрап (амнистия), Жәкішевті қолдаған жұрттың қарасы көп болды. «Саяси тұтқын» атанған Мұхтар Жәкішев кім? Ол не үшін сотты болды? Рет-ретімен жазайық, енді.

Жәкішев

Мұхтар Жәкішев қазақ кәсіпкері. «Қазатомпромның» бұрынғы басшысы. Қазір 56 жаста. Біздікілерді айтпағанда, әлемдік деңгейдегі мамандар оны «уран өндірісінің генийі» деп атаған екен. Оның Халықаралық мінберлерде сөйлеген сөзі – әлемдегі уран бағасын нарықтық жағдайға сәйкестендіруге ықпал еткен. «Википедия» дерегі солай дейді.

Алматыдағы «физ-матты» бітірген. Қазақ мемлекеттік университетінде, Мәскеудегі физика-инжинерлік институтында білім алған. Университетте сабақ берген. 1992 жылдан бастап коммерциялық бағытта жұмыс жасаған. Бірнеше компанияларда басшылық қызмет болған.

1998 жылдың қыркүйегінен бастап «Қазатомпром» Ұлттық компаниясының президенті болып тағайындалды. 2009 жылға дейін сонда қызмет етті. Арада 2001-2002 жылдары ҚР Энергетика және табиғи ресурстар вице-министрі қызметін атқарды.

Әкесі Еркін Ғазизұлы Жәкішев – Заң ғылымдарының докторы. Анасы Раиса Нұрғалиқызы Жәкішева Химия ғылымдарының кандидаты. Өзінің төрт қыз, бір ұлы бар.

Жәкішев ісі (хронология)

Жәкішев 1998 жылдан бастап өзі басқарған «Қазатомпром» компаниясының басшылығынан 2009 жылдың мамырында босады. Босағанда қалай, 2009 жылдың 21 мамыр күні «Қазатомпромның» Астанадағы кеңсесінде тұтқындалды. Оны тұтқындауға келгендер өздерін Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлері ретінде таныстырған. Арада үш күн өткенде «мемлекет мүлкін жеке мақсатына пайдаланып, Қазақстанның ірі уран кен орындарынан оффшордағы фирмалардың мүддесі үшін «доля» алды» деген айып бойынша қамауға алынды.

2010 жылдың наурызында Астананың Сарыарқа аудандың №2 соты Мұхтар Жәкішевті 14 жылға соттады. Оған «қаржыны ысырап қылды және пара алды» деген айып тағылды. Жазасын қатаң режимді колонияда өтеу міндеттелді.

Ал 2011 жылы оның үстінен екінші мәрте қылмыстық іс қозғалып, «ірі көлемде алаяқтық жасады және бөтен мүлкін иемденіп, ысырап етті» деген айып тағылды.

2012 жылы түрмедегі Жәкішев тағы 10 жылға сотталды. Сөйтіп ақырында, сот алдыңғы жазасын есепке алып, екі жаза біріктірілді. Түпкілікті сотталған мерзімі – 14 жыл болды.

Мұхтар Жәкішев қамауға алынып, тергеу басталғаннан кейін 2 ай өткенде ғана оған әйелімен кездесуге рұқсат берілді. Тергеу кезінде қорғаушыларға қысым жасалғаны (адвокатқа қорғалушымен қылмыстық істің мән-жайын талқылауға тыйым салу т.б.) туралы ақпарат БАҚ-та жария болды.

Жәкішев ісінің «саяси» астары

Жәкішевтің тұтқындалуында саяси астар бар дейді кей сарапшы. Өйткені, тұтқындалғанға дейін Жәкішев пен оның үлкен қызын кеденде тоқтатып, бірнеше сағат бойы әуежайда ұстаған көрінеді.

Жалпы Тәуелсіз сарапшылар Мұхтар Жәкішевтің тұтқындалуына қатысты екі түрлі пікір айтады, деп жазады «Азаттық».

Бірінші себеп – 2003 жылы олигарх Мұхтар Әбіләзовты түрмеден босатуды сұрап, «кепілдік еткендердің» ішінде Жәкішевтің де болуы.

2010 жылы ақпан айында Астанада кәсіпкерлер кеңесі өтіп, сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Нзарбаев кәсіпкер Нұрлан Смағұловты сөге сөйлеген.

«Азаттықтың» айтуынша, экс-президент Назарбаев: «Оның достары, арасында сен де барсың, маған хат жазып, жемқорлығы үшін түрмеге қамалған Әбіләзовты босатуды менен өтініп, кепіл болдыңдар. Отанға қызмет ететін болады деп ан-су ішіп, жазбаша түрде маған сөз бердіңдер. Қазір ол барлық достарының бетіне түкіріп кетті. Аты-жөндеріңді атамай-ақ, қояйын. Ал сендер жауап беруге тиіссіңдер» деген екен.

Екінші себеп – уран өндірісінде Ресей мүддесіне қайшы келетін әрекет жасап, жапониялық «Toshiba» компаниясы арқылы канадалық «Uranium Oneның» жолын кеспек болған саясаты.

2008 жылы Мұхтар Жәкішев мәлімдеме жасап, өзі басқаратын «Қазатомпром» компаниясы 2010 жылы уран өндірісі жөнінен әлемде бірінші орынға шығатынын мәлімдеген. 2009 жылы ол тұтқындалды. Содан кейін-ақ, Ресей канадалық «Uranium One» компаниясын Қазақстан кеніштеріндегі үлесімен қоса сатып алды да, 2011 жылы уран өндірісі мен қоры жөнінен әлемде алғашқы орынға шықты.

Жәкішев – «саяси тұтқын»

2013 жылы қазан айында құқық қорғаушылар алянсы Мұхтар Жәкішевті саяси тұтқындар тізіміне қосты. Оған сот пероцессі кезінде Жәкішевтің құқығының өрескел бұзылуы туралы фактілер себеп болған. Бұған дейін Жәкішев «саяси тұтқынға қатысы бар тұтқын» деп сипатталып келген. Мұхтар Жәкішев 2018 жылғы саяси тұтқындардың жаңартылған тізіміне де енген.

Оның денсаулық жағдайы

2017 жылы Мұхтар Жәкішевтің анасы Раиса Жәкішева Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жазып, ұлын кешіруді сұрады.

2018 жылы құқық қорғаушы, қоғам белсендісі Бақытжан Төреғожина желідегі парақшасында Жәкішевтің денсаулығы мен отбасы туралы жазба жариялады. Оның айтуынша, Мұхтар Жәкішевтің денсаулығы қатты нашарлап кеткен. Күніне 30 дәрі қабылдайды екен.

Қолдаушылар 2018 жылы Жәкішевке рақымшылық жасау туралы үндеу хат та жариялаған.

2017 жылы Жәкішевке операция жасалған. Нақтылап айтсақ, оның көзіне операция жасалды.

Ал 2018 жылы жүрек-қан айналымы дертіне шалдыққан Мұхтар Жәкішевке үшінші топтағы мүгедектік берілген.

Жәкішев кімнің жолын кесті?

Уран саласының әлемдік сарапшылары Мұхтар Жәкішевті генийге теңеген екен. Ол банкрот болып, жабылудың тап алдында тұрған «Қазатомпромды» әлемдік лидерге шығарған. Жәкішев басшылық қызметте болған 10 жыл ішінде «Қазатомпром» әлемдік нарыққа ықпал етуші бірден-бір қазақстандық компанияға айналды.

Мұхтар Жәкішевтен кейін «Қазатомпромға» Владимир Школьник пен Нұрлан Қаппаров келді. Айтпақшы, осы ретте Нұрлан Қаппаров туралы да аз кем айта кеткен жөн болар.

Нұрлан Қаппаров «Қазатомпром» басшысы болды. Қытайда, Бейжіңде 45 жасында қайтыс болды. Қаппаров Қазақстандағы қалталы 50 байдың қатарында еді. Оның дәулеті 120 миллион долларға бағаланған.

Ресми мәлімет бойынша, Бейжіңдегі іс-сапар кезінде, түскі ас уағында жүреге тоқтаған.

Естеріңізде болса, Мұхтар Жәкішев сотталар алдында «Қазатомпромды» әлемдік лидерге шығарамын деп уәде еткен еді ғой.

Марқұм Нұрлан Қаппаров та Бейжің сапарының алдында «Қазатомпромды» атом электрстансыларына арналған жанармай шығаратын ең ірі өндіріс орнына айналдырамын деп уәде еткен.

Сәйкестік пе? Бәлкім... Енді «dalanews.kz» жазған мына дерекке қараңыз, Қазақстан уран өндірісі жөнінен әлемдегі көшбасшы елдер қатарында. Жерімізде уранның 12 пайызы шоғырланған екен. Ал әлемдік қауымдастықтың дерегінше, қазір Қазақстанда ұзын-ырғасы 17 уран кеніші жұмыс жасаса, солардың 5-еуі ғана «Қазатомпромға» тиесілі екен. Қалғандарында шетелдік компаниялардың үлесі бар (бұл дерек ескіруі де мүмкін).

Жоғарыда Жәкішев жапониялық «Toshiba» компаниясымен байланыс орнатпақ болды дедік қой. Кей деректерге сенсек, марқұм Нұрлан Қаппаров та дәл осы компаниямен келіссөздерді жандандырмақ болған-мыс.

Қаппаровтың қазасына қатысты әлеуметтік желілер мен БАҚ-та түрлі болжамжар айтылды. Сол болжамдардың бірі, оған қатты әсер ететін у берген ресейлік арнайы қызмет агенттері болуы мүмкін. Егер уран өндірісіндегі мемлекеттік сатып алуларда Қаппаров Ресейден гөрі Қытайға басымдық бергенін ескерсек, бұл әңгімеге талқылауға тұрарлық мәселе-ақ. Десе де бұл әзірге дәленденбеген болжам ғана.

Қалай десек те, Жәкішевтен кейін «Қазатомпромда» бірнеше басшы ауысты.

Жәкішевтен кейін келген басшылардың бірде-біреуі компанияның ісін өрге домалата алған жоқ дейді сарапшылар. Жәкішев жасаған қыруар жұмыстың инерциясымен ғана ілгері жылжып отыр-мыс.

Әлеуметтік желідегі пікірлерге шолу

Жоғарыда Жәкішев ісі сотта қаралып, уақытынан бұрын босату мәселесі талқыланатын болды деген ақпар тарады дедік. Осы ақпарды бөлісушілер соттың әділ өтіп, Жәкішевке рақымшылық жасалуын сұрауда. Солардың (Facebook) бірсыпырасы міне:

Мурат Мухаметжанов: 24 июля, в 10.00 часов в г.Семей, будет заседание суда по условно-досрочному освобождению Мухтара Джакишева. Народ свидетельствует.

Сұлтан-Хан Жүсіп: Мұхтар Жәкішевке  шұғыл бостандық берілсін!

Сәуле Әбілдаханқызы: Әбден түбіне жетіп, өлім аузына әкеліп, енді босату туралы ойлағандарына да шүкір. Бұл жүйе қандай жиіркенішті!

Мұхтар Тайжан: Ал бұл енді жақсы жаңалық! Соттың шешімі оң болсын!

Мәди Манатбек: Құдайға шүкір!

Түйін. Мұхтар Жәкішев сотты болып, түрме көргелі де 9 жыл болды. Оның денсаулығының нашарлағаны жайлы бірнеше мәрте айтылды. Түрмеде оның көзіне ота жасалғаны да белгілі. Қарт анасы ұлына рақымшылық жасауды сұрап, Президентке хат та жазды. Жәкішевті қолдаушы жұрт оған араша сұрап, қол жинады да. Одан кейін қылмысты болған азаматтардың кейбірі 2016 жылы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай рақымшылық жасау туралы заңның аясында босап шықты. Ал 2009 жылы тұтқындалып, 2010 жылы сотталған Жәкішев сол отырғаннан әлі отыр. Енді бес күннен соң сот болады екен. Назарбаев билігі кезінде түрмеде отырған Жәкішевке Тоқаев билігі рақымшылық жасай ма?

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

21 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5520