Алакөлдің «Ару-Анасы»
(Алакөлге саяхат естелігі -2019 жыл, шілде айы)
Биылғы жаздық демалыстың біраз күнін отбасыммен бірге Алакөлдің Ақши жағалауында өткіздім. Көзбен көріп, құлақпен естігендерімді саралап бір керегі болар деген оймен Сіздерге ұсынып отырмын. Оқып шығыңыз, өкінбейсіз...
Демалыс маусымының келуімен, темір жол билеттері әдетінше «сатылып» кетіпті. Алматыдан Үшаралға ұшатын ұшақтан да тамыздың 20 дейін бір орын жоқ. (Бұл биыл /2019 жылдың/ маусым айының ортасындағы жағдай). Амалсыз Талдықорған әуежайына хабарласып, білдік. Онда шілде айының 10 күнінен кейінгі ұшақ билеттері бар екен, бірақ, электронды түрде емес, нақты жеке басты растайтын құжатпен келіп алуымыз тиіс. Әсіресе балаларға белет құжатсыз мүлде сатылмайды. Лажсыз Талдықорғанға аттандым. Алматыдан Талдықорғанға Саяхаттан да, Сайраннан да көліктер із суытпай жүріп жатыр. Жол ақысы 1600 теңге. Талдықорған қаласынан әуежайға баратын маршрут болмағандықтан, «Такси қызмет көрсету» (8-7282-400-400) нөмірі арқылы такси жалдап барып келдім. Салонның бағасы әуежайға бару – 1700, қайту 2000 теңге болды. Сонымен Талдықорған – Үшарал – Талдықорған бағытында билетті алып Алматыға қайттым. Сервистік қызметтің нашар дауы артық (7000 теңге) ақшам мен бір күн уақытымды алды.
Межелі уақыт жеткенде бала-шағамды алып Алматыдан аттандым. Бір қызығы екі станциядан да жекеменшік көліктер қатынайтын болса да, Саяхаттан жүретін шағын автобустарда 12 жасқа дейінгі балаларға 50 пайыздық жеңілдік бар екен де, Сайраннан жүретін автобустарда ондай жеңілдік жоқ болып шықты. Талдықорған әуежайы жаңа, шағын, ретті екен. Былтыр ғана Чехиядан сатып әкелінген 2 дана «L-410» маркалы 18 кісілік шағын ұщақ биыл көктемнен бастап Талдықорған мен Үшарал арасында қатынап жүрген болатын. Билет бағасы ересектерге 6 000, балаларға 3 000 теңге. Арзан болу себебі 30 пайыздық жеңілдікті мемлекет беріп отырғандығы. Тексеруден өтіп, ұшаққа жайғастық. Екі қала арасына күніне 3 мәрте қатынайтын әуе құралы бір сағат көлемінде бізді Үшарал әуежайына жеткізді. Ұшақ бұлт үстіне көтерілмей, таулардан қалықтап ұшып отырса да, жүрек- қан қысымында ақауы бар адамдарға әсері анық білінді. Ұшақтың алдында отырған жасамыс әйел кісі тынысы тарылып, мазасы кетті. Стюардесса ол кісіні арт жақтағы өз орнына алып келіп жайғастырып, науқастың сөмкесінен дәрісін алып берді. Бірақ, ол да жақсы көмектеспеді, стюардесса оның арқасын тарап, қолын уқалап әбігерге түсті. Біз валерьянка тамшысын суға араластырып бердік. Науқас әйел сәл де болса, өзіне келгендей болды. Әуе жайда оны дәрігерлер күтіп алды. Бұны жазып отырғаным, жолаушы жүргенде қажетті дәрі-дәрмекті толық алып жүрген абзал.
Үшарал әуежайына шыққанымыз сол еді, бір топ таксист ентелеп жетіп келді. Алакөлдің Ақши ауылы жағалауындағы демалыс орындарына жеткізу бағасы салоны 10 000 теңге екен. Келер кезімізде ұғысқанымызда 6 000 – 8 000 арасы дегенді естіген едік. Ал мұндағы баға «аспандап» тұр. Қайсыларыңыздың көліктеріңіз жаңа?-деген менің сұрағыма, сұңғақ бойлы, егде жастағы адам : менің көлігім жаңа –деп жауап берді. Мен соның көлігіне мінетін болдым. Сол кезде оның қасында тұрған, қырықты қырқалаған бір таксист онымен шармаяқтаса кетті. Тіпті, жаға жыртысуға шақ қалды. Ауыл азаматтары арасында үлкенді сыйлау, бір-біріне жол беру деген ұғым ұмытылған секілді. Біз Ақшиге қарай жолға шықтық. Шамасы бір жарым сағат жүріп діттеген жерімізге жеттік. Жолдың біраз бөлімі жөндеу үстінде, қалған бөлігі де тым шіркін-ай емес. Ал Талдықорған мен Үшарал арасындағы жол күрделі жөндеуден өтіп жатқанына қарамай Алматы мен Талдықорғаннан келіп жатқан автобустар да жиі кездесіп жатты. Бізді әкеле жатқан көліктің иесі Асаубай аға әңгімешіл адам екен, оның үстіне өмір бойы темір тұлпарды тақымдаған шебер жүргізуші болып шықты.
Алакөлге дайындалып жүргенімізде, интернеттен біраз қонақ үйлер мен демалыс орындарының жағдайын қарастырған едім, соның ішінде «Ару-Ана» - аталатын пансионат маған ұнап, оның басшысы Жанат Данекерқызымен телефон арқылы сөйлесіп қойған едік. Ол кісі біздің келетінімізден хабардар болатын.
- Қастер келдіңдер ме? Ат-көлік аман жеттіңдерме? –деп көп жыл көрмеген жақын жаныңдай, жадырай келіп амандасты. Телефонда сөйлескенімде дауысы жағымды естіліп еді, енді міне жүзі де жылы, сабырлы да, салмақты, биязы мінезді ханымды көргенде іштей қуанып сала бердім. Өзі ертіп жүріп, уәделескеніміздей люкс бөлмесіне орналастырды. Түскі астан соң Алакөлдің айдынын аймалап, жібектей жұмсақ су ішінде, ерке толқынымен тербелдік. Ғажап дүние, одан алған әсерді, денеңнің сезген рахатын тілмен айтып жеткізу қиын.
Алакөл – Шығыс Қазақстан мен Алматы облыстарының аумағындағы, Балқаш-Алакөл қазаншұңқырында орналасқан тұйық көл. Жалпы аумағы 2696 шаршы шақырым, теңіз деңгейінен биіктігі 343 метр. Орташа тереңдігі 22 метр болса, ең терең жері 54 метрге дейін барады. Оған 15 өзен құйғанымен, ағып шығар өзен болмағандықтан көл суының тұздылығы жоғары. Су құрамында минералдардың алуан түрі бар. Ел арасында Алакөлдің емдік-сауықтыру қасиеті туралы айтылып, жазылып жатыр, ол туралы көп айтудың қажеті шамалы. Алакөлдің осы Ақши жағалауында көбінде ұсақ, қара шағыл тастар кездеседі. Жүріп-тұруға ыңғайсыз болғанымен, табанға жасалған массаждай әсер етеді. Алакөлдің суы тәулік бойы жылы екен. Мен кешкісін де, таң енді қылаң беріп, шығыс көкжиектен алтын табақтай болып, күн көтерілген сәтте де көлге түстім бәрі-бір су жылы. Алғаш көл суына аяғың тигенде салқын білінгенімен, бірден су ішіне еніп кетсең, жып-жылы су құшағын сезесің, бейне жаурап келіп, жылы да, жұмсақ көрпе ішіне сүңгіп кеткендей әсерде боласың. Ал одан соң «көк торғын көрпеден» қайтып шыққың келсеші? Денеңді бос ұстап, еркіңді көлге берсең, ол сені жас баладай әлдилеп, алақанына алып, су бетінде ерке толқынымен тербетеді. Судың тұздылығынан тығыздығы жоғары болғандықтан, көл ішінде еркін қозғаласың, секірсең де, доп ойнасаңда қол-аяғыңның бәріне қанат біткендей жеп-жеңіл болып кетеді. Әсіресе, ол - балалар үшін табиғаттың таптырмас сыйы. Олар балықтай жүзіп, су астына сүңгіп мәз-майрам болып жатады.
Алакөлдің аты айтып тұрғандай күннің әр сәтінде көл бетінің түсі мың құбылып, түрлі түске еніп отырады екен. Таң рауандап атып келе жатқандағы түсі қара көк болса, күн шыға біртіндеп жасыл түске өзгеріп, көл бетіне аспаннан сансыз алтын жебелер жауғандай жылт-жылт етіп көз ұялтады. Түске таман көл беті көгілдір түске ауысып, кеш бата біртіндеп ақшулан түске, одан қасқарая бере қаракөк түсіне қайта бастайды екен. Тіпті, бір сәттің өзінде көлдің бір бетінде ақшулан толқын тербелсе, енді бір тұсында көгілдір нұр ойнап жатады. Суға түспей-ақ, осынау көріністі қарап, тамашалап отырудың өзі де бір ғанибет іспетті.
Пансионаттарда таңғы ас 8-00 де беріледі. Астан соң демалушылар біртіндеп жағажайға жинала бастайды. Сағат 10-13 арасы адамдардың ең көп топтасатын кезі. Түскі астың уақытының келуімен біртіндеп қонақ үйлерге қайтады да, астан соң ұйқыға батады. Ұйықтамасқа шараңда жоқ, судан шыққан дене ас қабылдаған соң өзі-ақ ұйқы сұрап, маужырай бастайды. Менің түскі ұйқы десе зәрезеп болатын балаларымның өздері де ауыздары аңқыиып, ұйқыға басатын болды. Ұйқыдан кейін сағат 15 немесе 16 –дан бастап адамдар қайтадан су жағасына шоғырланады. Кешкі астың келуімен (19-00 де) адамдар біртіндеп су жағасынан ұзай беретін.
Демалушыларды аралап емдік батпақ, піскен жүгері, тұздап, кептірілген балық, пирашки, салқын сыра сатып жүргендердің қарасы қалың. Олардың дені балалар, арасында әйелдер мен ересек ер адамдар да кездеседі. Олардың бір тобы өзге ауылдардан келіп, осында қожайындарынан тамақ алып, соны сатып жүргендер. Бұлар негізінен жүгері сатушы балалалар. Олар 300 теңгеден күніне 150 жүгері сатады. Әр талы үшін қожайыны оларға 40 теңге сыйақы береді. Сонда күніне 4000-5000 теңге табыс табады. Олардың жатын орны мен тамағы жұмыс берушілер тарапынан қамтамасыз етілген. Пирашкидің бағасы 100 теңге, оны негізінен өздері дайындаған әйелдер сатады. Емдік батпақ Алакөл маңындағы Ақтүбек деген ауылдың маңындағы өзен бойынан жеткізіледі. Ол жерде батпақ үстінде қалыңдығы 2 см. болатын тұз қабаты бар екен. Шамамен 1 кг-ға жуық батпақ бағасы 250-300 теңге арасында. Демалушылар буындарына, бетіне, мойнына жағып, 15-20 минуттан соң балшық кеуіп, қабыршықтанған соң баяу жуып тастайды. Батпақ жел-құзға ем әрі беттегі әжімді кетіреді дейді мұндағылар. Біз дем алған жердің тұсында биіктігі 2 метр, ені 1,5 метр шамасындағы жылжымалы доңғалағы бар шағын баня орналасыпты. Сексеуіл мен көмірді отындық еткен баняға батпақ жағып алған соң немесе судан шыққан соң кіріп отыруыңа болады. Іші маздап тұр. Аз отырған соң шып-шып етіп мөлдіреген тер тамшылары тұтас денеңнен төгіліп, жаның жадырап сала береді. 10-15 мин. өткен соң атып шығып, күмп етіп көл суына қойып кетесің, ондағы сезімнің орны бөлек. Содан әлден уақыттан соң судан шығып баняға қайта кіріп ағыл-тегіл терлеуіңе болады. Міне осы екі рет кіріп-шығуыңа 500 теңге төлейсің. Жағалауға жақын ұйтқыған су мотоциклдері (водный мотоцикл) мен шағын сейіл кемелері жағадағыларды өздеріне еліктіріп жатады. Сейіл шағын кемелерінің бағасы әр түрлі, 1000 теңгеден басталады. Балалар үшін 500 теңге. Ал су мотоциклдері 2500, 3000 теңге. Әлде кімдер күннен қорғайтын шатырларын орнатып кетеді, оны пайдаланатын болсаң күндігіне 2 мың теңге төлейсің. Байқап қарасаң, әркім қолынан келгенше ақша тауып қалудың орайына мықтап кіріскен.
Әрбір пансионаттың өзінің дүкені бар деуге болады. Ондағы балмұздақтар мен сусындықтардың, сыраның бағасы Алматыдан қымбат. Көкөніс пен жемістер тапшы болғандықтан қымбат болатыны даусыз. Мысалы, 1 кг қарбыздың бағасы 200 теңге. Үйрек, қой және тауық етінен жасалған кәуәптың бағасы 700 теңгемен 1200 теңге арасында. Кешкісін астан соң сыздықтатып сыра мен кәуәп жей отырып әңгімелесудің немесе балмұздақ жей жүріп көл жағасын серуендеудің өзі бір таптырмас демалыс. Осындайда, бір дос-жарандармен кездесіп, шүйіркелесудің сәті түсті. Бір сөздің кезегінде ол өздері жатқан пансионаттың тамағы көңілдегідей емес, шағым айтсаң: «Біздің жағдайымыз осы, көңілдерің толмаса, есік әне»-дейді екен. Бұның өзі кейбір кәсіпкерлердің әлі де бизнес әдебі мен мәдениетін бойына сіңіре алмай отырғанын көрсетеді. Сол досымның айтуынша Алматыдан Алакөлге дейін теміржол билеттері бар екен, бірақ турагенттер мен әлде кімдер алдынала сатып алып, өздерінің жолдама берген клиенттеріне сататын секілді. Себебі, олар келген вагонда бірнеше купе бос келіпті. Сондықтан интернетте билет жоқ екен деп қалмай, туристікагенттер немесе жолсеріктердің өзінен сұрау керек секілді. Үйткені, ұшақпен барып-келу қолайлы болғанымен экономикалық жақтан тиімсіз.
Жағалауда отырып, көп нәрсенің байыбына барғандайсың. Әлі де жасауға тиісті жұмыстар мен мұндалайды. Тазалық сақтамайтындар да кездеседі. «Ару-Ана» демалыс орнынан ары қарай жағалауда жар қабағы біртіндеп биіктей береді екен. Сая қуған демалушылар сол жар қабақтың астын паналайтын көрінеді. Егер анау жар аяқ-асты лап етіп құлар болса.... Құдай оның бетін ары қылсын. Ойлаудың өзі қорқытады.
Менің бір байқағаным, демалуға келсеңіз, өзіңізбен бірге бауы бар, арнаулы суға арналған аяқ киім ала келіңіз. Жағалауда жайылма төсектер шекті болғандықтан өзіңізбен бірге төсеніш алуды ұмытпаңыз. Күннен қорғайтын май мен көзілдірік міндетті түрде болғаны жөн. Ал суға түсетін ең қолайлы кез таң сәріден таңғы асқа дейін кез және кешкісін суға түскен абзал секілді. Себебі, сол кезде су барынша тұнық, таза болады. Ал пансионаттар туралы айтар болсақ, Ақши ауылы бойынша 140 орын бар. Барлығының бағасы негізінен шамалас. Стандарт, жартылай люкс, люкс болып бөлінеді. Стандарт бөлмелері 6 мыңнан бастап 8 мың арасында болса, люкстері 9 мыңнан бастап ары қарай 15 мыңға дейін, тіпті кейбіреулері одан да қымбат болып кете береді. Барлығында 3 мәрте тамақ беріледі. Бағадағы айырмашылық менің түсінігім бойынша бірнеше факторға байланысты. Біріншіден, ең өтімді уақыт. Бұл әдетте шілденің 15 күнінен тамыздың басына дейінгі кезең. Екіншіден, қонақ үйдің қызмет көрсетіп, елге танымал болған уақытына байланысты. Бұрыннан бері жұмыс істеп келе жатқандардың бағасы, жаңадан қатарға қосылғандардан қымбат. Үшіншіден, көлге болған ара қашықтыққа байланысты. Жақын болған сайын қымбат болатын тәрізді.
Біздің табан тіреген «Ару-Ана» пансионаты жағалаудан қашық емес жерде орналасқан. Екі және бір қабатты жалпы 150 кісілік орны бар шырайлы да, көкалды мекен. Пансионат иесі Молдаханова Жанат Данекерқызы сонау 1990 жылдардан бастап бизнеске араласқан жан екен. Алакөлге келіп жұмыс бастағанына да биыл 6 жылдың жүзі болыпты. Осы уақыт ішінде пансионатты осындай деңгейге көтерген. Ол кісі қонақтар үш мезгіл ас үстінде отырғанда барлығының қасына кезек-кезек барып, хал-жағдайын сұрап, не керек, қандай нәрсе ұнамай жатыр немесе тамақ тойымсыз болса, тағы да үстеме тамақ алдырайын деп бәйек болады да жатады. Қонақжай иесінің толағай көңіліне риза болған баршамыз тек «рахметтен» өзге сөзіміз жоқ еді. Қызметкерлері де сондай кішіпейіл, пысық жандар. Қашан көрсеңіз алдыңыздан қия өтпей, иіліп, сәлем беріп тұрады. Әр күнгі тамақ мәзірі әр түрлі әрі тойымды. Бірде тамақтан соң шағын бау арасында дем алып отырған әйелім екеуіміздің алдымызға Ирина есімді қызметші қыз келіп, мынау сіздің телефоныңыз болар, ұмыт қалтырыпсыз- деп әйелімнің қолына ұялытелефонын ұстатып кетті. Бұның өзі де Жанат ханымның тәрбиесі мен сол қыз бойындағы адалдықтың белгісі. Жанат Данекерқызының айтуынша алғаш жұмыс бастаған жылдары қиын болған екен. Су мен төк көзін тарту жұмыстарын өздері істепті. Қазір үкімет туризм саласына көңіл бөле бастаған, соның бір дәлелі Жанат ханым 30 млн. теңге несие алып екі қабатты қонақ үйді салған. Несие 7 пайыздық жылдық өсіммен берілген. Бұның өзі де кәсіпкер үшін зор қолдау ғой. Қармағында 12 адам жұмыс жасайтын «Ару-Ана» пансионаты да өзге демалыс орындары секілді жаздың жадыраған шуақты күндерінде бір жарым ары кетсе екі ай көлемінде жұмыс жасайды. Оның үстіне ауа райына ерекше байланысты сала болғандықтан тәуекелі мен қиындығы көп сала. Алайда, «Біздің ұранымыз - келген қонақтарды жақын туыстарымыздай күтіп алып, шығарып салу» -деп түсінген Жанат ханым оның бәрін де еңсерген әлі де еңсеріп кететіні не бек сенімді. Оның сөзінен өзінің кәсібі мен Алакөлге деген шексіз құрметі мен махаббатын аңғарып, іштей қатты риза болдым.
Қайтар күні көк тұлпарын ойқастатып Асаубай аға да жетті. Таңғы асымыздан соң, «жолда жеңдер»-деп тәтті тоқашын сыйлаған Жанат ханым біздің қолымызды қысып, балаларымыздың бетінен сүйіп қимастықпен ұзатып салып жатып:
-Қастер, келесі жылы тағы келіңдер, біздің ауылда әртістер келгенде консерт қоятын үлкен парк салынып жатыр соны тамашалайсың –деді қолын бұлғап. Бізде, осынау аналық нәзік жүрегіне кәсіпкерлік өр мінезді сыйдыра білген «Ару-Ананың» аяулы ханымына алғысымызды айтып ұзай бердік.
Қастер Сарқытқан
Абай атындағыы ҚазҰПУ ұстазы,
ҚР журналистер одағының мүшесі, жазушы
Abai.kz