Тоқаев неге Ресей арнасына сұхбат берді?
Президентіміздің Қазақстанның арнасына емес, елбасы секілді неге ең бірінші Ресейдің арнасына барып сұқбат бергенін кейбір кісілер түсінбей жатыр екен. Қазақстанның бірінші президенті болып тарихта қалатын Нұрсұлтан Назарбаевтың орнын басқаннан кейін, Тоқаев мырза оның саяси жолын жалғастыратын адам секілді болып көрінгісі келеді. Ресейдің журналисі Пивоваровқа берген бүгінгі сұқбатынан соны байқадым.
Елшіліктің қыр-сырын білетін кісі ғой, сондықтан оны мен дипломатиялық қулық ретінде қабылдадым. Қайткенмен, қазір бізге сыртқы саясатты – Қытай және Ресеймен арадағы байланысымызды реттеп алып, жаңа президенттің қандай бағыт ұстанатынын көршілерімізбен «келісіп» алу керек. Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан сияқты емеспіз, 7000 шақырымнан асатын Ресеймен ортақ шекарамыз, ортақ тарихымыз бар. Осының бәрінің қауіпсіздігіне сыртқы саясатта гарант бола алатындай дипломатия жүргізе білу керек. Сыртымызды бүтіндеп алсақ, өз ішіміздегі проблеманы өзіміз де шеше аламыз ғой.
Назарбаевтың өзі президент қылып қойып кеткенімен, бірақ ол елбасының бүкіл проблемасын – оның саяси бәсекелестерін де бұрынғыдай жау көріп те жүре бермейді. Болашақта біраз адамға рақымшылық жасап, қамауда жатқандар босап шығуы мүмкін.
Сәвет Одағы кезінде «Хрущёвская оттепель» деген болған. Болашақта бізде де саясатта сондай «жылымық» басталатынын сеземін!
Жолымбет Мәкіштің facebook парақшасынан
Abai.kz