Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 3878 0 пікір 12 Шілде, 2011 сағат 09:19

Әбілсейіт Мұқтар. Хан мен халық

Мұрағат деректерінде Абылай сұлтан 1737 жылдардан бастап кездесе бастайды. Бұл кезеңде орыс патшасының Азия бағытындағы ашық саясаты қазақтарға ғана емес, сонымен бірге белгілі бір дәрежеде қазақтарға үнемі қауіп төндірген башқұрттардың өздеріне де секем алдырып, Ресейге қарсы кезекті ұлт-азат­тық күресі жанданып жатқан болатын. Отарлық қамытты мәңгілік кимеу үшін, «орыс­тардың башқұрттарды талқандап, үлкендерін өлтіріп, жастарын солдатқа алып, балаларын шоқын­дыру­ды бастағандығын» алға тартқан 40 башқұрт елшісі 1737 жылы 30 сәуірде Әбіл­мәмбет сұлтанға келген. Көп ұзамай башқұрт елшілері Әбілқайыр мен Сәмеке хандарға, маусым айында Абылай сұлтанға да жетеді. 1737 жылы тамызда Ноғай жолының башқұрт­тары Әбілмәмбетке жолығып, Абылай сұлтан­ды өздеріне хан ретінде тағайындауын сұрады (РМКАМ. 248 қ., 17 т., 1164 кітап, 769п.). Сөйтіп, осы жылы Абылайдың атағы қазақтан асып башқұртқа жеткен. Абылай башқұрттарға бармағанымен, оларды қазақ руларына қабыл­дауға шешім қабылдады. Содан башқұрттардың бірнеше жүздеген түтіндері қоңырат, керей рулары арасына көшкен. Әбілмәмбеттің өзі ұлысы 45 башқұрт түтінін қабылдаған. Кейін Абылай башқұрт елшілерін ертіп, «келісімге келіп, ортақ шешім қабылдау үшін» Әбілқайыр ордасына аттанған. Бірақ Әбілқайыр бұл мезгілде, яғни 1737 жылы 12 тамызда Орынборға кеткен болатын (РМКАМ 248 қ., 17 т., 1164 кітап, 759 п.).

Мұрағат деректерінде Абылай сұлтан 1737 жылдардан бастап кездесе бастайды. Бұл кезеңде орыс патшасының Азия бағытындағы ашық саясаты қазақтарға ғана емес, сонымен бірге белгілі бір дәрежеде қазақтарға үнемі қауіп төндірген башқұрттардың өздеріне де секем алдырып, Ресейге қарсы кезекті ұлт-азат­тық күресі жанданып жатқан болатын. Отарлық қамытты мәңгілік кимеу үшін, «орыс­тардың башқұрттарды талқандап, үлкендерін өлтіріп, жастарын солдатқа алып, балаларын шоқын­дыру­ды бастағандығын» алға тартқан 40 башқұрт елшісі 1737 жылы 30 сәуірде Әбіл­мәмбет сұлтанға келген. Көп ұзамай башқұрт елшілері Әбілқайыр мен Сәмеке хандарға, маусым айында Абылай сұлтанға да жетеді. 1737 жылы тамызда Ноғай жолының башқұрт­тары Әбілмәмбетке жолығып, Абылай сұлтан­ды өздеріне хан ретінде тағайындауын сұрады (РМКАМ. 248 қ., 17 т., 1164 кітап, 769п.). Сөйтіп, осы жылы Абылайдың атағы қазақтан асып башқұртқа жеткен. Абылай башқұрттарға бармағанымен, оларды қазақ руларына қабыл­дауға шешім қабылдады. Содан башқұрттардың бірнеше жүздеген түтіндері қоңырат, керей рулары арасына көшкен. Әбілмәмбеттің өзі ұлысы 45 башқұрт түтінін қабылдаған. Кейін Абылай башқұрт елшілерін ертіп, «келісімге келіп, ортақ шешім қабылдау үшін» Әбілқайыр ордасына аттанған. Бірақ Әбілқайыр бұл мезгілде, яғни 1737 жылы 12 тамызда Орынборға кеткен болатын (РМКАМ 248 қ., 17 т., 1164 кітап, 759 п.). Патша өкіметі Әбілқайыр ханды башқұрттарға қарсы айдап салуға тырысқаны­мен, туысқан халықтар тіл табыса білді. Баш­құрттар Әбілқайырды хан ретінде мойындап, башқұрт қызына үйлендірді. 1738 жылы көк­темде орыс аманатындағы Ералы сұлтанды боса­туға бағытталған бірлескен шаралар қолға алын­ды. Содан башқұртқа Күшік хан, Бұл­қайыр, Абылай сұлтандар, өзге де қазақ батыр­лары бастаған 30 мың қол келіп жеткен (ОрОММ. 2 қ., 1 т., 4 іс, 9 п.) 1738 жылдың наурызынан бастап Әбілқайыр қазақ, башқұрт халықтары аты­нан сөйлеп, шекарадағы орыс қорғандары­нан олар­дың сауда-саттығына кедергі жасамау­ды талап етіп, «башқұрттар өзара келісімге келді» деген хаттармен орыс өкіметіне шыға бастайды.

1740 жылы 19 тамыз - 1 қыркүйек аралы­ғын­да Орынборда қазақ-орыс келіссөзі өтеді. Оған Әбілқайыр ұлдары Нұралы, Ералы сұл­тан­дар, Жәнібек батыр, 24 тамызда Әбілмәмбет хан және Абылай сұлтан қатысқан. Әбілмәмбет хан генерал-лейтенант В. Урусовқа Абылай қарамағында «үш рулы ел бар. Біріншісі 6 мың, екіншісі 10 мың, үшіншісі 4 мың шаңырақ» деп көрсеткен (КРО І. - С.134-167). Келіссөз бары­сын талдаған Р.Б.Сүлейменов пен В.А.Моисеев: «...қаралып отырған кезеңде Ресей қолдаушы, одақтас ретінде есептелген. Осы бағыт саяси жағдайды қатаң есепке алған, шексіз билікке ұмтылған, тәкаппар Абылай үшін өте тиімді болды. Бұл Абылайдың Орынбор әкімшілігімен алғашқы және соңғы кездесуі болатын. Осыдан кейін ол Орынборға да, тіпті басқа орыс бекіністеріне де келмеді», деп жазады. (Из истории Казахстана ХVIIІ веке (о внешней и внутренней политике Аблая).- Алма-Ата, 1988).

1741 жылы ақпан айының соңында жоңғар­лар «барлық қазақ ордаларын түбірімен жою үшін» Орта жүзге басып кірді. Оның себебін Сібір губернаторы П.И. Бутурлин сыртқы істер алқасына «қазақтар Қалдан Цереннің туысын ұстап алып өлтірді, одан кек алу үшін әскер ат­танды» деп түсіндірді (Русско-джунгарские отно­шения (конец ХVII-60-е гг. ХVIII вв.). Документы и извлечения. - Барнаул: Азбука, 2006). 1741 жылы көктемде болған шайқас­тар­дың бірінде Абылай атақты жоңғар нояны Шарышты өлтірген еді. Сол Шарыш қазақ аңыздарында Қалдан Цереннің баласы делінгенімен, мұрағат деректері оның атақты жоңғар нояны екендігін айғақтайды. Шарыштың өлті­рілгендігін 1742 жылы Әбілқайыр ханға келген ойрат елшілері Қошке мен Бұрын да атап өтеді. Көп ұзамай осындай шайқаста Септен ноян Абылайды, жанындағы жауынгерлерімен қолға түсіреді. Ол турасында Септен подполковник Заринге «Есіл өзені бойындағы Шілік және Шідерті мекенінде бізге кездескен Абылай сұлтан­ды 200 адамымен талқандап, қолға түсірдім» деп хабарлаған. Бұл хабарды 1745 жылғы 12 сәуірдегі Сібір губерниясының кеңсесінің хаты да дәлелдейді (Сулейменов Р.Б., Моисеев В.А. Из истории Казахстана в ХVIIІ веке. -С.34; Русско-джунгарские отношения (конец ХVII-60-е гг. ХVIII вв.). - С.106).

Абылай сұлтан шамамен 1741 жылдың ма­мырынан 1743 жылдың шілде айы аралығында Жоңғарияда тұтқында болған. Ералы сұлтан­ның қарамағындағы Керей руында болған И. Лапин мен М. Аксаковтар 1743 жылдың шілде айының екінші жартысында Әбілмәмбет ханға Абылай сұлтаннан бес елші келіп, «оның тұтқыннан босап, елге бағыт алғандығын және жанында 30 жоңғар елшілері бар екендігін» хабарлаған (РИССМ. 122 қ., 1743 ж., 3 іс, 122 п.). Оны тұтқыннан босатуда бүкіл қазақ бірлесіп, күш салды. Міне, осы арада Әбілқайыр хан­ның Ресейден көмек сұрағаны, ұлы Айшуақ­ты Жоңғарияға аманатқа беру туралы ойлары белгілі болады. Сол үшін Әбілқайыр, Әбіл­мәм­бет, Күшік, Барақ, Жәнібек, Есет және өзге де ел игілері Еділ қалмақтарымен де келісімге келеді. Ақшора батыр бастаған елшілер Қалдан Церенге жіберіледі. 1742 жылы сәуір айында Ақшора батыр қоңтайшының Абылайды босату үшін қазақтың белді азаматтары балаларын аманатқа жіберуге әзір екендігін жеткізеді. Содан 1742 жылы көктемде барлық қазақ орда­ла­ры­­ның белгілі адамдарының қатысуымен үлкен кеңес өтеді. Қорытындысында Әбіл­қа­йыр­дың Ресейден көмек сұрауы қажеттігі, Орта жүз­ден аманат жіберілетіндігі шешіледі. Араға уа­қыт сала Әбілмәмбет ханның ұлы Әбілпейіз бен Ма­лай­сары және т.б. Жоңғарияға жіберілді. Әбіл­мәмбет хан аманатты орындау арқылы екі мәсе­лені шешкен, біріншіден - Абылайды босат­қан, екіншіден - Түркістан өңірін қайтарып алған.

Сонымен қазақтардың Абылайды босату мәселесіндегі береке-бірлігі өз жетістігін береді. Елге аман оралған Абылай халқымыздың игілігі үшін күреске белсене кіріседі. 1743 жы­лы желтоқсанда Орынборға жолдаған хатында ол Ресеймен «тату көрші болуды» қалайтын­дығын, «өзіне және ағалары Әбілқайыр мен Әбілмәмбет ханға Орынборда еркін сауда жасауға рұқсат» берілуін сұрайды (КРО І. - С.307-312). Кейін Абылай сұлтан өзінің және Барақ сұлтан ұлдарын қонтайшыға жібереді. Аталған шаралардың барлығы оның шебер саясаткер болып қалыптасқандығын айқын дәлел­дейді. Қалден Цереннің сеніміне ие болғаны соншалық, қазақтар Жоңғарияға дейінгі жерлерді еркін жайлай бастайды. Мұны көре тұра И.И. Неплюев 1745 жылы 16 сәуірде Абылайға: «Сіздің көшіп жүрген халқыңыз біздің жаққа ешбір алаңдамасын. Абыройыңыз арта берсін, менің сізге деген шын ниетімді қабыл алыңыз» деген жолдардан тұратын хатын жолдайды. 1745 жылы қыркүйек айында Қалден Церен қайтыс болып, аманаттағы Барақ сұлтанның ұлы Шығай елге оралғанымен, қазақ-жоңғар қарым-қатынасы 1750 жылдарға дейін бейбіт түрде дамиды. Бұл аралықта Абылай Жоңғария­дағы ішкі тартысқа ашық араласпай, қонтайшы орнына таласқан бақталастардың көмек сұрайтын адамына айналады.

1748 жылы тамыз айында Әбілқайырдың өлтірілуі Абылайға қатты әсер етеді. Ел ішіндегі бірлікті бұзған Барақ сұлтанға Жәнібек тархан: «Әбілқайыр хан сияқты басты ханды өлтіріп, қашқаның жарамайды» десе, Орта жүз билері Өтебай, Шорақ, Қабанбай батыр «Әбіл­қайыр хан барша қазақтың мүддесі үшін ұлын аманатқа берді; қазаққа сауда жасауға мүмкін­дік туғызды; жайлы қоныс, байтақ жайылым тауып берді. Әбілқайырдың арқасында қазақ халқы әлі күнге соның игілігін көріп отыр» деп сәлем жолдаса, Қазыбек би: «Қазаққа жер алып берген ханды өлтірдің» деп Барақты Ұлы жүзге, жоңғарларға жібермей жолдан ұстап қалған. Оларды Төле би де қолдайды (Абылай хан. Өмірі мен қызметіне қатысты құжаттар мен ма­териалдардың жинағы. (Құрастырған З.Тайшы­бай). - Петропавл. 2005.) Көп кешікпей Абылай Бопай ханымға келіп көңіл айтқан. Кейін ол Керей руын басқарған Ералы сұлтанды да Барақ әрекеттерінен қорғап қалған.

Абылай сұлтан 1749 жылы қаңтар-ақпанда Бопайға Барақтың тұрақтаған жерін көрсетсе, 9 ма­мырда И.И. Неплюевке жіберген елшісі ар­қылы Барақтың «жауыздығын» сынап, Нұра­лы хан, Ералы сұлтанмен бірге кеңеске қатыс­қан­дығын жазады (РИССМ. 122/1 қ., 1749, 4 іс, 56 п.)

Сыр бойына көшкен Барақ Тұрсынұлы (Көк­жал Барақ) қарамағындағы найман, арғын ру­ларымен бірге оңтүстіктегі Иқан, Ташкент, Оты­рар, Созақ, т.б. қалаларды босатқанымен, 1749 жылы күзде қырғыздарға шабуылдап, же­ңі­ліс тапты. Барақ Абылайдың «бір жағым - Қо­қан, бір жағым - Қытай, бір жағым - орыс, қазақ-қырғыз бір ұрық едік» деп ескерткенін де есепке алмады. Барақтың іс-әрекеттерінің арты оның екі ұлымен бірге 1750 жылы Қарнақ қала­сында ұйымдастырылған қорлық өліміне әкеледі.

1781 жылы 29 маусымда Сібір корпусының генерал-майоры Н.Г.Огаревке жолдаған ха­тын­да Барақ ұлы Дайыр сұлтан: «Әкем (Барақ) өлгеннен кейін Ұлы жүздегі хандық билік Абылайға бағынды» деп хабарлады (ОрОММ. 3қ., 1т., 176 іс, 424 п.). Сөйтіп, Абылай билігі біртіндеп Орта, Ұлы жүздерде мойындала бастады.

ХVIII ғасырдың 50-ші жылдары Абылай Жоңғариядағы ішкі тартысты қазақ мүддесіне пайдаланып, қашып келген жоңғар нояндары Әмірсана мен Даваци, Банчжураны қабылдап, Лама-Доржиге бермеді. Ойраттар шабуылының алдын алу үшін Абылай Лама-Доржиге елші жіберіп, қашқындарды қайтару мәселесі қазақ кеңесінде шешіледі деп хабарлайды. Кеңеске үш жүздің игілері түгел шақырылады. Әбілмәм­бет хан Түркістаннан келіп, нояндарды берген дұрыс деген қорытындыға келген. Бірақ Абы­лай, Ералы сұлтандар, Дәуіт тархан (Жәнібек тар­ханның ұлы) Бөгенбай батыр, т.б. Әбіл­мәмбет ұсынысын қолдамады. Кеңесте Абылай Давацидің мүмкіндігін жоғары бағалады. Оның себебін Жапақ батыр Абылайдың жоңғар тұт­қынында болған кезінде Давацимен қалыптас­қан достығымен түсіндіреді. Кеңестен соң Абылай Лама-Доржиге елші жіберіп, «ноян­дар өздері келді, біздің дәстүр бойынша «қонақтарды» бере алмаймыз» деген көпшілік­тің шешімін жеткізеді. Мұндай шешімді күт­пеген Лама-Доржи 1752 жылы қыркүйекте 20 мыңдық әскерін қазақтарға аттандырады. Абы­лай бастаған қазақ әскері қазан айында Баян­ауылда жиналып, жоңғарларды талқандап, кері шегіндірген. Мұны пайдаланған Даваци мен Әмірсана 600 әскермен тылдан соққы беріп, жоңғар билігін тартып алады. Жоңғар ханы Даваци бірден Әбілмәмбет пен Абылайға елші жіберіп, достық келісімге келеді. Көп ұзамай Жоңғарияда Даваци мен Әмірсананың өзара тақ таласы басталды. Оның соңы Жоңғар мемле­кеті­нің құлап, Қытай империясының қара­ма­ғына еніп, тарих сахнасынан жойылуына әкеледі (Сулейменов Р.Б., Моисеев В.А. Из истории Казахстана в ХVIIІ веке. -С.47-52)

Сонымен Жоңғария ішіндегі тартысқа араласқан Абылай әскері қытайлармен бетпе-бет кездеседі. 200 мыңдық Қытай әскері 1755 жылы маусым айында жоңғар хандығын жой­ған­нан кейін, Абылай ханға ресми елші жібереді. Елшіні қабылдаған Абылай қазақ аты­нан Бөлебай бастаған азаматтарды келген елшімен бірге Қытайға аттандырды. Бұл оқиға сол за­ман­­дағы қазақ-қытай байланысындағы бет­бұрыс еді. «Бабаларымыз Есім хан, Жәңгір хан за­манынан бермен қарай Қытай империясының лебізі мен ұлағаты бізге жетпей келіп еді» деген жолдардан басталатын Абылай хаты 1757 жылы тамыз айында Қытай патшасына жетті (Қазақ хандығы мен Чиң империясы арасындағы қа­рым-қатынасқа байланысты құжаттар. - Алматы, 1998.)

1757 жылы 5 қарашада Қытай ресми түрде Ресейге қазақтарды өз қамқорлығына алғанын хабарлады. Қытай патшасы: «Орыстар қазақ­тар­ды біздің әскерлерімізден қырылып, жерлерін тастап алысқа көшкенін көріп тұрып, олар­ды қандай себептермен «боданымыз» дейтінін түсінбейміз» деп таңданыс білдірген (Русско-джунгарские отношения (конец ХVII-60-е гг. ХVIII вв.).-С.224). Көп ұзамай Абылайдың қай­раткерлігін мойындаған Қытай оны хан ретінде таниды. Сенімге ие болған Абылай қазақ-қытай арасындағы сауда-саттықты дамытып, Үрім­жіні 1758 жылы орталық базар ретінде таниды. Үрімжі базарының күздегі ашылу рәсіміне Қабанбай батыр қатысады.

Қытайдың «жұмсақ» саясатының түпкі мәнін Абылай ашық түсінген. Өйткені, шекаралас халықтардың қазақтармен теке-тіресінде Қытайдың генералдары Абылайды сөз жүзінде қолдап, әскери жорықтарға кедергі келтірумен болған. Міне, осы кезеңде Қытайдың Орталық Азиядағы мұсылмандарды жаулап алу жос­парына қарсы Ауған шахы Ахмад көтеріледі. Ахмад шах Әбілмәмбетке, Нұралы мен Абы­лайға хабар салып, Қытайға 1763 жылдың ба­сында елшілерін жіберіп, Цинь патшасының Жоңғария және Шығыс Түркістан бағыт­тарын­дағы саясатын анықтайды. 1763 жылы көктемде Абылайға Ахмадтан елші келіп, соғыс бастал­ған жағдайда өзара көмек беруге шақырады. Кейін Ахмадтың Үндістан жеріндегі со­ғысқа араласуы, Абылайдың Қытаймен ор­тадағы байланысты үзбеуі Цинь империя­сымен қатынасты шиеленістірмеді. Оның үстіне мұ­сылмандардың бірігу әрекеті де Қытайдың жылжуын белгілі дәрежеде тоқтатты деуімізге болады.

Сонымен Абылайдың Қытай патшасымен тікелей байланысы, қазақтардың еркін сауда-сат­тығы, одан әрі Қашқарға сауда керуендерін жіберуі, қырғыздармен келісімі, Ташкентті ба­ғын­дыруы, аталған мемлекеттік маңызы бар мәсе­лелерді шешуде оны Әбілмәмбет, Нұралы хан­дардың, Қазыбек бидің, өзге де би-батыр­лардың, сұлтандардың қолдауы бұл тұлғаның қадір-қасиетін, алысты болжайтын сарабдал саясаткерлігін дәлелдеді. Мұны орыс патшасы да түсінді.

Ресей Абылайға 1740 жылы «Бодандықты» қабылдадың, «Орта жүз Сәмеке хан заманынан бері бізге бағынады» деп сендіруге тырыс­қаны­мен, өзінің түпкі мақсатын жүзеге асыра алма­ды. И.Неплюев «Абылайға «неғылса да Қытай­дан аулақ бол» деп түпкі ойымызды ашып біл­дірмей-ақ қояйық. Қазақтарды сескендіріп ал­майын деп отырмын» деп мойындауға мәжбүр болды.

1758 жылы мамыр айында Абылай Орынбор қаласына арнайы шақырылғанымен, 8 қыр­күйекте орыс әкімшілігіне, А. Тевкелевке хат жолдап, өзінің Әбілмәмбет ханға шақырыл­ған­дығын, Батыр сұлтанның ұлы Бөріні (Абылайға болашақ күйеу бала болатын) аралдықтардың өлтіргендігін, оған бару қажеттілігін, Қытайдан өзіне елші келе жатқандығын, оны күтуде екендігін алға тартып, бармайтындығын мәлімдеп, өз орнына немере інісі Жолбарыс сұлтанды жіберді. Жолбарыс Орынбордан әрі Петербургке аттанды. Кездесу барысында қазақ-орыс қатынасындағы орыс әскерилерінің озбырлығы, жер-жайылым мәселелері қаралды.

1759 жылы 22 қаңтарда А.Тевкелев пен П.Рычков сыртқы істер алқасына қазақ дала­сын­дағы қазіргі жағдай туралы мәліметтерді жолдады. Алдымен, «қазақтар далалық халық­тар ішінен бағзы заманнан жауынгер халық. Бүгінде жоңғарлар талқандалғаннан кейін бізге (Ресейге) жақын олардан асқан халқы көп, мықты көрші жоқ, олар ешқашан, ешкімге са­лық төлеген емес» деп ескерте отырып, Әбіл­мәм­бет ханның Түркістанда тұруына байланыс­ты, Абылайдың Орта жүзде бас билеуші сана­латындығын хабарлады. Хабарламамен таныс­қан патша саясаткерлері Орынбор губернаторы А. Давыдовқа Абылай туралы толық мәлімет жинауды жүктейді. Губернатор арнайы нұсқау дайындап, 1759 жылы қараша айында поручик Ураков пен аудармашы Гуляевті Орта жүзге жіберді. Содан орыс тыңшылары 1760 жылы 7 сәуірде Орынборға оралып, есептерін тапсыра­ды. Есептен Абылайдың Ресей тарапынан ұсы­нылған хандық лауазымнан бас тартып, Әбіл­мәмбет ханмен ақылдасатыны белгілі болды (КРО -І, -С.567-568, 571-582,607). Ресейдің Әбілмәмбет пен Абылай арасына араздық отын жаға алмағандығын тыңшылар да мойындады.

Ресей кейінгі жылдары да Сібір шекара­сында Абылай үшін ерекше құрмет танытып, оның талап-тілектерін орындағаны­мен, орыс қорғандарына кездесуге келтіре алмады. Керісінше, орыс елшілері жиі келіп, Абылайға деген ресейлік құрметті көрсетіп тұрады. Патша өкіметінің хаттары да осы елшілер арқылы жетті. 1767 жылы жазда Абылайға барып қайтқан башқұрт старшындары Әбілмәмбет хан мен Абылайдың Орынборға келуді ауызға алмаған­ды­ғын, тіпті ойында жоқтығын хабарлайды.

Абылай үлкен саясатта ұлт мүддесін бәрінен жоғары қойды. Мәселен, бірде қытай елшілерімен кездесу үстінде Абылайдың үйінен оның бәйбішесі «науқастан халі нашарлап қалды» деген хабар екі қайтара жеткенімен: «Отбасымның жағдайы соншалықты маңызды емес қой. Оның сыртында, мен үйімде болғанда да өлейін деп жатқан адамды тірілте алмаспын. Оған қара­ғанда Боғда Ежен ханмен арадағы іс маңыз­дылау», дегені (Қазақстан тарихы туралы Қытай деректемелері. ІІІ том. Алматы, 2006.), Орта жүзде болған тау-кен инженері И.П. Шангиннің (1783-1830) 1816 жылы «Абылай дала заңды­лық­тарын қатаң сақтады. Кез келген қылмысы үшін жауапкерлер қатаң жазалана­тын. Қазақтар арасында барымта деген болма­ды. Халқының ең кедейінде 500, ауқаттысында 5000-нан 15000-ға дейін мал болатын» деп жазғаны (Ерофеева И.В. Родословные казахских ханов и кожа XVIII-ХІХ вв (история, историография, источники). - Алматы, 2003.) Ресейдің ішкі бірлікті бұзып, арандатуды жоспарлап, 1758 жылы Әбілмәмбет орнына хан сайлау ұсынысын қа­был­дамауы, қырғыз бен ташкенттіктерді бауы­ры­на басуы, Ахмад шахпен келісімге келуі, Кіші жүз басшылары Нұра­лы, Батыр хандармен, Ера­лы, Айшуақ сұлтан­дармен, қарақалпақ, түр­кі­мен бағытындағы бірлескен қимылдары оның қазақтың бас ханы деңгейіне көтерілгендігін дәлелдеді. Дегенмен, Абылай ата заң бойынша Әбілқайыр хан өлгеннен кейін бас хан ретінде мойындалған немере ағасы Әбілмәмбет ханның алдына түс­пе­ді. Керісінше, оны қолдап, өзара сеніммен, оның ұлы Әбілпейіз сұлтанмен қоян-қолтық араласты. Ал Әбілпейіз Кіші жүз ханы Нұра­лы­ның күйеу баласы болатын.

Әбілмәмбет хан есімі орыс деректерінде соңғы рет 1768 жылдың желтоқсанында атала­ды. Ол бойынша Орта жүзден барлаудан орал­ған К. Юсупов пен У. Аслаев 1768 жылы 27 қарашада Орынборға келіп, Әбілмәмбет ханның амандығын жеткізеді (ОРОММ. 3қ., 1т., 98 іс., 281-283п.). Содан кейін мұрағат қорынан кездеспейді. Соған қарағанда, Әбілмәмбет 1769 жыл­дың басында қайтыс болған. Оны 1769 жы­лы Цинь патшалығынан Әбілмәмбет асына 200 тұяқ жылқы ақтық салып, арнаулы адамдардың жіберілуімен анықтай түсеміз (Мұқанбет­қан­ұлы Н. Тарихи зерттеулер. -Алматы, 1994.).

Әбілпейіз 1772 жылы қыркүйекте Қытайға жолдаған хатында «Әбілмәмбет ханның бар кезінде, Ташкент жақтан бізге керектілердің барлығы келуші еді, екі-үш жыл болды, қырғыз жабылды да, әрі-бері жүру болмай қалды» деп атап өтеді (Қазақстан тарихы туралы Қытай деректемелері. ІІІ том.).

Әбілмәмбет қартайып, ауруы дендеген соңғы жылдары қазақ хандығының болашақ бас ханы мәселесі күн тәртібіне шыққан сияқты. 1767 жылы 14 желтоқсанда Абылай Омбы әкімшілігіне жазған хатында «Менің ата-бабаларым Барақ хан, Жәнібек хан, Жәдік хан, Шығай хан, Есім хан, Жәңгір хан, Тәуке хан, Болат хан, Қайып хан, Әбілқайыр хан, Әбілмәмбет хан, олардан соң енді мен Абылай ханмын» деп алғаш рет қазақ хан­дығының бас хандарын тізбелеп берді (РИССМ. 122 қ., 122/2 т., 1766-1769, 18 іс, 189 п.; Исмурзин Ж.А. Ба­тырұлы Қайып хан және оның әулетінің тарихы (1745-1860 жж). Бұл дерек Абылайдың өз атынан жазылғандықтан, оған то­лық­тай сенуімізге болады. Оған қосымша анық­тама ретінде И.В.Ерофееваның Абылай хан мөрі­нің Түркі­станда (1771 жылы) хан сайланғанға дейін 3 жыл бұрын соғылғандығына таңданыс білдір­генін де айта кетуімізге болады (Ерофеева И.В.Символ Казахской государственности (Позднее средне­вековье и новое время). - Алматы, 2001.).

Дегенмен бұл арада Ш. Құдайбердіұлының «Абылай барлық қазақтың ханы болып 1735 жылы сайланды» (Құдайбердіұлы Ш. Родословная тюрков, киргизов, казахов и ханских династий. - Алма-Ата, 1990.), М.Қ.Қозыбаевтың «Келесі 1734 жылы Әбілмансұр Абылай деген атпен хан болып сайланды» (Қозыбаев М. Жауды шаптым ту байлап. -Алматы, 1994.) деген және оларды қайталайтын пікірлердің де бар екендігін атап өту абзал. Бұл пікірді қолдаушылар Абылай­лап жауға шапқан батырдың Шарышты өлтірген шайқасын 1734-1735 жылдарға жыл­жытады. Ал шайқастың 1741 жылы көктемде өткендігі мұра­ғат дерегінен белгілі. Ендігі екінші пікір, 1744 жылдан Әбілмәмбет ханның Түркістанға көшіп, Орта жүзге Абылайды қалдырды деп жазған зерттеушілер пікірлерінен туындап отыр. Ол П.И. Рычков, А.И Левшиннің еңбектерінен бастау алады. Олар Әбілмәм­бет­тің Түркістанға көшу себебін Әбілқайыр хан­ның саясатынан іздейді. Расында оған еш негіз жоқ. Әбілмәмбет қазақ-жоңғар келіссөзінен кейін, ұлы Әбілпейізді Жоң­ғарияға аманатқа беріп, Түркістанды билеуге қол жеткізгендігі тарихтан белгілі.

Қорыта келгенде, 1743-1744 жылы ақ киізге көтеріп, Орта жүз ханы ретінде сайланған Абылай 1769 жылы Әбілмәмбеттің қайтыс болуы­на байланысты қазақ ордасының бас хандығына лайықты үміткер болатын.

Абылай хан 1771 жылы қаңтар айында бастал­ған Еділ қалмақтарының Жоңғарияға көшуі кезеңінде үш жүздің қарулы қолдарымен бірлесе қимылдады. Ол Ералы сұлтан жасақ­та­рымен бірге қалмақтарды түпкілікті талқа­н­дады. Сөйтіп, үш жүз игілері қатысқан жорық­тар тұсында қазақтар 1771 жылы Түркістан қаласына жиналып, бірауыздан Абылайды тағы да ақ киізге көтеріп, Қожа Ахмет кесенесі жа­нында бас хандыққа заңды түрде бекіткен. Ол турасында Абылай 1778 жылы 28 ақпанда орыс патшасына жазған хатында: «1771 жылы Түркі­стан қаласында ... мені қазақтың үш Алашының ханы етіп, ақ киізге көтерді» деп ашық жазғанынан хабардар Ш.Уәлиханов «1771 жылы Абылай серт беру үшін орыс шекарасына барғысы келмеді. Мені хан етіп, халық сайлап, Көктің ұлы өзінің грамотасымен әлдеқашан бекіткен» деп толықтыра түседі. Сөйтіп, 1767 жылы көтерілген бас хандық мәсе­лесі 1771 жылы түпкілікті шешілді.

Әбілсейіт МҰҚТАР, тарих ғылымдарының докторы, профессор.

"Егемен Қазақстан" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1487
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3256
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5521