Серік Құдайбергенұлы. Сойқанды сақалдылар салды ма? Әлде…
Маусымның 30-ынан шілденің біріне қараған түні Ақтөбе облысындағы Шұбаршы ауылында екі полиция қызметкерін белгісіз біреулер атып кеткен болатын. Арада бірнеше күн өткен соң аталмыш қарулы топпен атыста тағы бір арнайы жасақ сарбазы қаза тауып, үшеуі жараланады. Полицейлерді атқандардың діни ұйымға қатысы бар жоғын құзырлы орган растап немесе жоққа шығармады. Әйтсе де ауылдағы 20-40 жастағы намазхан 20 шақты жігітті бірнеше күннен бері мешітке қамап ұстауы тегін емес-ау.
Маусымның 30-ынан шілденің біріне қараған түні Ақтөбе облысындағы Шұбаршы ауылында екі полиция қызметкерін белгісіз біреулер атып кеткен болатын. Арада бірнеше күн өткен соң аталмыш қарулы топпен атыста тағы бір арнайы жасақ сарбазы қаза тауып, үшеуі жараланады. Полицейлерді атқандардың діни ұйымға қатысы бар жоғын құзырлы орган растап немесе жоққа шығармады. Әйтсе де ауылдағы 20-40 жастағы намазхан 20 шақты жігітті бірнеше күннен бері мешітке қамап ұстауы тегін емес-ау.
Тәртіп сақшылары басты алты күдіктінің есімдерін жариялағаны белгілі. Олар ағайынды Тоқтарбек және Ақылбек Мәмбетов, Айбек Жұмағазин мен Қуаныш Әлімбетов, Мирас Қаражанов пен Бектемір Оразов. Күдіктілердің орта жасы 22 мен 25 шамасы болса, "ақыл тоқтатқаны" 43-те екен. Тіпті, жоғарыда аты аталғандар туралы шынайы ақпарат берген адамға 100 мың АҚШ доллары көлемiнде сыйақы да тағайындалды. Соған қарағанда, сойқан салғандардың аса қауіпті қылмыскер екенін осыдан-ақ аңғаруға болатын шығар.
Өткен жұма, яғни 8-і күні Кеңқияқ ауылында полицейлерді өлтірген күдіктілердің ізіне түсу барысында полиция қызметкерінің майор шеніндегі Айболат Иманбаев қаза тауып, бірнешеуі жараланған көрінеді. Бұл Нұрлан Алпысбай мен Айдос Боранбаев, сондай-ақ арнайы жасақ сарбазы Руслан Жолдыбаевтан кейін қаза тап-қан төртінші азамат. Ал Ақтөбе облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінің өкілі Алмат Иманғалиев қарсылас жақтан тоғыз адам оққа ұштты деп мәлімдеді. Мұның алдында аты-жөні жарияланбаған Кеңқияқ ауылының 1985 жылы туылған тұрғынымен есептесек "қарсылас жақтан" бас аяғы 10 адам қаза тапты. Дегенмен де бейресми ақпарат бойынша адам шығыны бұдан да көп болуы мүмкін дейді ауыл тұрғындары. Ал ресми ақпаратқа сенсек, 26 жастағы күдікті қолындағы түйіншекті лақтыр-ған күйі "Аллаху акбар" деп айқайлап "БМВ" автокөлігіне қарай қашқан. Медициналық көмектен бас тартқан ол Кеңқияқ ауруханасына жеткізілгенімен, қансырап көз жұмды.
Ал Шұбаршы ауылының байырғы тұрғыны, ардагерлер кеңесінің төрағасы Теміржан Қалимағамбетов пен Ардақ Құбашева олардың Пәкістанға жиі баратынын айрықша атап өтті. Іздеуде жүрген 6 күдіктінің бірі Айбек Жұмағазинді "күнде көріп жүрген өзімнің көршім", - деген Теміржан Қалимағамбетов оның "жұп-жуас бала" екенін айтады.
- Бұл қалай болды деп басымыз қатты. Қазақтың ата салтындағы дүниелерді ұстанса қайтеді екен. Ваххабит дегендері бізді кәпірсіңдер дейді. Пәкістанға барып, 3 айлық курстан өтіп келді. Сол жерде бұзықтыққа тәрбиелеп жіберді ме, кім білсін. Дінге еркіндік дейді. Мынадай қырғынға әкеп соқтыратын сол еркіндіктің көп қажеті жоқ сияқты. Бетімен кетіп барады. Миллиондаған ақша, автомат кілең, соның бәрін қайдан алған? Ана ауылдың милициясын да қоршап алып, оқ жаудырған. Кеше ғана мектептің түбіне көміп тастаған автоматтарын алып жатқан кезінде, біреуін жасақтар атып тастады, - дейді Теміржан Қалимағамбетов. "Ауылда сақалдылар қаптап кетті деп, кезінде дабыл көтердік. Бірақ ешкім мән бермеді. Бәленің алдын алу керек еді", - дейді ауыл тұрғыны Ардақ Құбашева.
- Пәкістанға көп барады. 3-4 ай жоқ болып кетеді де келеді. Астарында көлік, қалталарында ақша. Оның бәрін қайдан алады? Барлығы жұмыс жасамайды. Мұнай өндіретін аймақта тұрамыз. Қытайдың мұнай компанияларында Кеңқияқтан, жергілікті жерден бірде бір адам жоқ. Жастар жұмыссыз сенделіп жүріп, осындайлардың құрығына ілініп жатқаны айдан-анық, - деген тың пікірді де Ардақ Құбашева алға тартып отыр.
Жалпы алғанда Шұбаршы ауылында қылмыс өршіп тұрғанға ұқсайды. Бұған дейін, нақтырақ айтсақ, 25 мамыр күні Шұбаршы мектебінің оқушылары екі топ болып пышақтасып, біразы жараланған. Ардақ Құбашева: "Бұл - іріңдеп тұрған жара еді, ақыры жарылды, міне. Ал не болдық? Босқа қырылып жатыр. Тайсойған деген жерде өз беттерінше арақ ішіп отырған жастарды атып кеткен. Ит сияқты атып жатыр деп халық наразы болып жатыр. Ит құрлы құнымыздың болмағаны ма дейді. Ауыл ішінде неше түрлі сыбыс көп. Қайсысының шын, қайсысының өтірік екенін білмейсің", - дейді шарасыз күйдегі ана.
«Абай" ақпараттық порталына Байжан Дубай "Шұбаршыдағы сәл саябырсыған шиелініс кеше түнде қайта жалғасын тапты. Мылтықты қойып, сәлафтар граната лақтыруға кіріскенін айтады редакциямызға хабарласқан сенімді ақпарат көздері", - деп жазса, интернет-форумда аты-жөні белгісіз оқырман: "бұл соғыстың басы мұнайдан басталған. Ауыл тұрғындары мұнаймен күндерін көрсе, полиция қызметкерлері солардан үнемі заңсыз алым-салық алып отырған", - деген пікірінің жаны бар сияқты. Олай дейтініміз кеше Ішкі істер министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында ІІМ бірінші орынбасары полиция генерал-майоры Марат Демеуов: "Ақтөбе облысы Шұбаршы кентінде полиция қызметкерлерін өлтірген қылмыскерлер мұнай ұрлаумен айналысып, діни идеяларды бүркемелеген қылмыстық топ болып отыр", - деп мәлім етті. ІІМ орынбасарының сөзіне сенсек, Ақтөбе облысы Темір ауданының аумағында бірқатар жылдар бойы ұйымдасқан қылмыстық топ әрекет етіп келген және олар діни идеялармен бүркемеленген сол топ негізінен мұнай мен мұнай өнімдерін ұрлаумен айналысқан көрінеді.
- 26 маусымда жедел-іздестіру және арнайы операциялар жүргізу барысында "Мерседец-бенц" автокөлігі тоқтатылып, оны тексеру барысында 1 макаров тапаншасы мен 2 шолақ мылтық және діни әдебиеттер мен жарылғыш заттарды дайындауға пайдаланылатын заттар табылған. Ал 30 маусымда Шұбаршы кентінде белгісіз азаматтар патруль полициясына шабуыл жасап, полиция қызметкерлерінің қаруларын тартып әкеткен. Шабуылдан екі полиция қызметкері қаза тапты. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдіктілерді құрықтау іс-шаралары ұйымдастырылды. Соған орай, Шұбаршы кентінен 6-7 шақырымға созылған қамыс арасын сүзіп қарау кезінде белгісіз азаматтар облыстық ІІД "Арлан" арнайы мақсаттағы бөлімінің қызметкерлеріне оқ атып, соның салдарынан тағы бір қызметкер жарақат алып, екіншісі қаза тапты", - дей келе, - 9 шілдеде күндізгі сағат 12-лер шамасында қылмыскерлерді құрықтау үшін шабуыл жасалып, қарулы қарсылық көрсеткен 9 адамның көзі жойылды", - деді М. Демеуов. Оның айтуынша, өлтірілген 9 күдіктінің 7-еуі анықталып, қалған екеуінің кім екендігі әлі анықталу үстінде. Сондай-ақ Шұбаршы кентіндегі оқиғаға қатысты кеше таңертең тағы екі күдікті ұсталды. Орын алған оқиға бойынша қылмыстық кодекстің 96-бабы, 2-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды.
- Қазіргі уақытта прокуратура органдарымен бірлесіп, тергеу жұмыстарын жүргізудеміз. Жалпы, бұл қылмыстық топ діни идеяларды жамылып, осы уақытқа дейінгі әрекеттері барысында бірқатар қылмыстарды жүзеге асырып келген. Мәселен, қазіргі уақытта сол күдіктілердің қатысуымен жасалған 9 қылмыс анықталды. Оның ішінде тонау да, ұрлық та бар. Арыздар тағы да түсуде", - деген Марат Демеуов қылмыскерлер өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін айтты.
Жоғарыда Ардақ Құбашева "жастар жұмыссыз сенделіп жүрігенін" бекер тілге тиек етпегені белгілі. Сондай-ақ кейбір БАҚ қылмысқа қатыстыларды "сәлафтар" деп атағынын қаперден тыс қалдырмау керек. Өкінішке қарай "Көзбен көріп қолмен ұстамағаннан" кейін алыста отырып нақты бірдеңе деу қиын. Анығында сойқанды сақалдылар салды ма, әлде баукеспе ұрылар ма? Қалай болғанда да бұл жәй еліміз үшін қасіретті болды.
Республикалық «ЕЛ» газеті