Еліміздің Жапониядағы елшісі Абайдың қара сөзін жапон тілінде оқыды
«Абай өлеңдерін жатқа оқу» эстафетасын Еліміздің Жапониядағы елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев жалғастырды.
Бас елші Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай жалғасып жатқан эстафетаны Қазақстанмен парламенттік достық лигасының төрағасы Такео Кавамурадан қабылдап алды.
"Такео Кавамура мырзаның достық туралы пікіріне қосыла отырып, Абайдың 38-ші қара сөзінен үзінді оқып берейін", - деген Қожатаев эстафетаны жалғастыруды ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, фольклорлық-этнографиялық Сазген Сазы Ансамблінің жетекшісі Бағдат Тілегеновке жолдады.
«Абай өлеңдерін жатқа оқу» эстафетасының кең көлемде жалғасуына 9 жастағы мектеп оқушысы Ләйлім-Шырақ Ерланқызы түрткі болды. Ол ұлы ақынның өлеңін оқып, оны президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған болатын.
Мемлекет басшысы эстафетаға қолдау білдіріп, ақынның «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінен үзінді оқыды. Әрі эстафетаны одан әрі Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовке, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға және бүкіл әлемді мойындатқан талантты әнші Димаш Құдайбергенге жолдаған.
Әлемге әйгілі қазақ әншісі Димаш Құдайберген де мемлекет басшысы ұсынған эстафетаны қуанышпен қабыл алып, ұлы ақынның «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» өлеңін оқыды. Димаш бұл challenge-ді жалғастыруды Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Сейілұлы Оразалинге, РФ-ның халық әртiсi Игорь Крутойға және өзінің барлық тыңдарманына тапсырған еді. Осыған орай ресейлік өнерпаз да ұлы Абайдың өлеңін оқыған болатын.
Abai.kz