«ҚазМұнайГаз» тиімді өндіріс әдісін енгізуде
Өндіріс тиімділігін шығынсыз арттырудың жолы барма? Бұл мәселенің шешімі «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясында табылған сияқты. Бірнеше жыл бұрын компанияға қарасты мұнай өңдеу зауыттарында «Lean 6 Sigma» бағдарламасы енгізілген болатын. Соның арқасында Павлодар мұнай-химия зауытының өзінде ғана 43,6 млн теңгеден астам қаражат үнемделді.
Трансформациялық жобаның мұнай өңдеу кәсіпорындарында ойдағыдай іске асырылуына көзі жеткен бас компания Lean 6 Sigma-ны басқа сегменттердегі кәсіпорындарына таратуды ұйғарады. Сөйтіп, ҚМГ жаңа цифрлық трансформация бағдарламасы «Мұнай және газ өндіру» бизнес-бағытындағы еншілес ұйымдарға Lean 6 Sigma-ны енгізу жобасымен толықтырылды. Бұл шешім кездейсоқ емес. ҚМГ тиімділігін арттырудың негізгі әлеуеті дәл осы сектормен тығыз байланысты.
Lean 6 Sigma тұжырымдамасы сапаны басқарудың екі әдісін біріктіру нәтижесінде пайда болды. Біріншісі – шығындарды азайту мен процестерді үдету қағидаларын қамтитын жапондық «Lean manufacturing» («Үнемді өндіріс») әдісі. Ал, екіншісі өнім сапасын арттыру мен клиент сұранысын өтеуге бағытталған американдық «Six Sigma» («Алты сигма») тәсілі. Бағдарлама компанияның шығындарын азайту үшін жобалық тәсілді жүйелі түрде қалыптастыратын ең ұтымды әдістеме болып табылады.
«Lean 6 Sigma» тұжырымдамасы кәсіпорын тиімділігін арттыру мен қызметін оңтайландыру мақсатында жобаларға бастамашылық ететін қарапайым қызметкерлерді ынтыландыруға негізделген. Ол үшін қызметкерлер арнайы DMAIC әдістемесі бойынша оқытылады. Оқу бес кезеңнен тұрады. Алғашқы екеуі – анықтау (Define) және өлшеу (Measure). Бұл кезеңде жобаның бизнес-кейсі дайындалады. Яғни, нақты мақсат қойылып, оған жетудің уақыт шегі белгіленеді, кәсіпорынның ақаулары мен түйіткілді мәселелері анықталады. Одан кейінгі үш кезең сараптама (Analyze), жетілдіру (Improve) және бақылау (Control) деп аталады. Бұл кезде ақаудың пайда болуының негізгі себептері анықталады және сарапқа салынады. Оларды азайту арқылы өндіріс мейілінше жетілдіріліп, оның бұдан арғы барысы бақылауға алынады.
Оқудан өткен және жобаларды іске асырған қызметкерлерге шығыс жекпе-жегі жүйесіне ұқсас «белбеулер» беріледі. «Жасыл белбеу» – бұл күрделілігі бойынша оңай және орташа жоба жетекшілерінің деңгейі. Олар ауқымды мәліметтерді талдап, жүйелей білуге тиісті, ақпаратты дұрыс реттеп, түсінікті қылып ұсынулары қажет. «Қара белбеу» – кез келген күрделі жобалардың үйлестірушілері, «жасыл белбеу» иелерінің ұстаздары. «Қара белбеу шеберлері» – бұл жоғары техникалық және ұйымдастырушылық қабілеттері бар және бағдарламаның техникалық басқаруын қамтамасыз ететін қызметкерлер.
Батыс елдерінде Lean 6 Sigma әдістемесін пайдалану тәжірибесі қысқа мерзім ішінде өз күшімен жоғары нәтижеге жетуге болатынын растады. Айталық, дайын өнім мен көрсетілетін қызмет сапасы 20-40%-ға жақсарып, өзіндік құны 30-60%-ға төмендеді. Орындалған жұмыс көлемін қосымша шығынсыз 20%-ға, орындау жылдамдығын 70%-ға дейін, ал жалпы кәсіпорын жұмысының тиімділігін - 10-30%-ға арттыруға мүмкіндік туғызды.
Мұндай жобаларды іске асыру өзгерістерді басқару ісімен де (change-management) тығыз байланысты. Өйткені, қызметкердің ойлау жүйесін өзгертуге септігін тигізеді. Ал адамдар өз кезегінде бизнес-үдерістерді, тіпті технологияларды өзгертеді. Мысалы, Павлодар мұнай-химия зауытында 2016-2018 жылдар аралығында бағдарлама бойынша 27 адам оқытылды. Кейіннен өндіріске енгізіліп, кәсіпорын қаржысын үнемдеуге мүмкіндік берген 20 жобаны ұсынған нақ осы қызметкерлер еді.
Жуырда ұлттық компанияның негізгі өндіріс активтері шоғырланған Маңғыстау өңірінің орталығы Ақтау қаласында «Lean 6 Sigma негіздері және жүйенің енгізілуі мен жұмыс істеуі барысында бірінші басшылардың рөлі тақырыбында тренинг өткізілді. Жиынға ҚМГ және оның мұнай-газ өндіретін еншілес ұйымдарының басшылары қатысты. Шараны ҚМГ трансформация және цифрландыру блогы ұйымдастырды.
Қатысушылар арасында бағдарлама қызу талқыға түсті. ҚМГ басқа бизнес-бағыттары, атап айтқанда, мұнай сервисі мекемелерінің басшылары Lean 6 Sigma жобасын таяу арада енгізуге ынта білдірді.
ҚМГ трансформация және цифрландыру тобы адами капиталға ерекше ден қойған. Өйткені, өзгерістердің негізгі қозғаушы күші болып қашанда қызметкер қала береді. Ал, Lean 6 Sigma бағдарламасы бизнес-үдерістерді өзгертуге және цифрлық технологияларды енгізуге қызметкердің дайындығы мен қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Abai.kz