Жанұзақ Аязбеков. Бальзак неге жылады? (жалғасы)
Ал француздар Бальзакты үкілей үлпілдете отырып, түгін қалдырмай жібектей де, жүндей де түтті. Жіліктеді, іреді, қызыл қырманға салады. Бірақ одан Бальзак тұлғасы да, туындылары да жасымады. Жазушы да, туындылары да керісінше, зорая түсті, асқақтап кетті! Соңғы кезде, бізде кемеңгер Әуезовтың «Абай жолында» кеңестік идеологияның салдарынан анық Абай да, анық Құнанбай да романда автордың ішкі түйсігіндегідей көрініс таппағаны айтылып қалып жүр.Әсілі, бұл жақсы нышан. Шындығында, Әуезов Құнанбайды жеріне жеткізіп жазбайын деген жоқ, заманы жаздырмағаны белгілі. Баукең (Момышұлы): «М. Әуезовтің «Абайы» ұлы шығарма, бірақ кейбір жерлерімен келіспеймін. Неге? Себебі не? Ол кісі Абайды көтеремін деп, Құнанбайды кемітеді. Бұл өте үлкен қате деп білемін.» десе, Мұхтар Мағауин: «М.Әуезов романындағы жағдайлар өз кезінде заман ыңғайымен кеткен мәселе. Құнанбай ескіліктің бейнесі сияқты болды, Абай жаңалықтың жаршысы сияқты болды. Шын мәнінде, тарихи шындыққа қайшы келетіні өз алдына, көркемдік жағынан да Әуезовтің ұтысы деп айтуға болмайды» - деді. Мұндай пікірлерден бәлелік іздеу өресі төмендердің ісі. Мұнан ұлы Әуезов феномені жарқырай түспесе, пәс тартпайтыны анық. Еске түсіп отыр, Байбота Қошым Ноғай («Қазақ әдебиетінде» болу керек) Ә.Нұрпейіовтың сөйлем құраудағы кейбір ағаттықтарын байқап қап жазып еді, оны жүндей түтіп, артынан ит қосып қуа жаздады.
Ал француздар Бальзакты үкілей үлпілдете отырып, түгін қалдырмай жібектей де, жүндей де түтті. Жіліктеді, іреді, қызыл қырманға салады. Бірақ одан Бальзак тұлғасы да, туындылары да жасымады. Жазушы да, туындылары да керісінше, зорая түсті, асқақтап кетті! Соңғы кезде, бізде кемеңгер Әуезовтың «Абай жолында» кеңестік идеологияның салдарынан анық Абай да, анық Құнанбай да романда автордың ішкі түйсігіндегідей көрініс таппағаны айтылып қалып жүр.Әсілі, бұл жақсы нышан. Шындығында, Әуезов Құнанбайды жеріне жеткізіп жазбайын деген жоқ, заманы жаздырмағаны белгілі. Баукең (Момышұлы): «М. Әуезовтің «Абайы» ұлы шығарма, бірақ кейбір жерлерімен келіспеймін. Неге? Себебі не? Ол кісі Абайды көтеремін деп, Құнанбайды кемітеді. Бұл өте үлкен қате деп білемін.» десе, Мұхтар Мағауин: «М.Әуезов романындағы жағдайлар өз кезінде заман ыңғайымен кеткен мәселе. Құнанбай ескіліктің бейнесі сияқты болды, Абай жаңалықтың жаршысы сияқты болды. Шын мәнінде, тарихи шындыққа қайшы келетіні өз алдына, көркемдік жағынан да Әуезовтің ұтысы деп айтуға болмайды» - деді. Мұндай пікірлерден бәлелік іздеу өресі төмендердің ісі. Мұнан ұлы Әуезов феномені жарқырай түспесе, пәс тартпайтыны анық. Еске түсіп отыр, Байбота Қошым Ноғай («Қазақ әдебиетінде» болу керек) Ә.Нұрпейіовтың сөйлем құраудағы кейбір ағаттықтарын байқап қап жазып еді, оны жүндей түтіп, артынан ит қосып қуа жаздады. Ал Әбдіжәміл атамыз ондай жағдайының бар екенін өзі айтыпты:«Әр мектепте ауысып жүргендіктен сауатым шамалы болды. Әлі күнге дейін жазған сөйлемімнен көп қате жіберемін.» ( «Егемен Қазақстан». № 21-23. 2010 ж) Ал қазақта грамматика жағынан небір білімді, саутты жазатын прозаиктер жеткілікті. Бірақ, туындыларының дені Нұрпейісовтың деңгейіне жете алған жоқ. Әдеби танымпаздығымыз бен мәдениетіміздің деңгейі осындайдан - ақ көрініп қалады. Шыны сол, руханиятымыздың өшпес құбылысына айналғандардың толық жампоз тұлғаларын тануға, танытуға селқоспыз, зауқымыз жоқ . Неге?.Қалың жұртты былай қойғанда, әдебиет пен өнер төңірегіндегі, интеллектуал қауымынан сұрап көріңізші, мысал үшін, Мүсірепов, Мұқанов, Майлин, Есеберлин, Нұрпейісов секілді классиктердің кесек романдарының кесек кейпкерлері бүгінгі өмірдің пәлсафа толғаныстарында неге ауызға түспейді? Басылымдардағы ұлт әдебиеті мен өнері хақында сан алуан жарияланымдарға көз жүгіртіңізші, сүйенген, сүйкенген, дәйек - мәйегін, ақылия сөздерін қараңызшы! «Көрген көргенін, көсеу түрткенін істейді» демекші, шетімізден алдымен аузымызға шетелдің батыс, шығыс әдебиеті мен өнерінің өкілдеріне (кейіпкерлеріне) жармасамыз. Соларды үлгі етеміз, олардың ауызынан шыққан сөздерінің бәрі де дуалы.(Соның ішінде осы материалды жазып отырған мен де бармын) Шынымен ақ, төл әдебиетімізде тілімізге үйіріліп түсер кейіпкерлердің болмағаны қалай? Сонау бір жылдары Бейімбеттің Мырқымбайы, Мүсіреповтың Қарабайы, Әбдіжәмілдің Судырахметі секілді келепандай кейіпкерлер сөздің мысалына алынушы еді. Енді бәрі де ұмтылды, қалам ұшына ілгуден қалды. Неге? Олар шынымен де кешегіден бүгінгіге өте алмады ма?! Әдеби портреттер мен образдар бүгінгінің кәдесіне шынымен - ақ жарамай қалғаны ма? Ойлай келсек, біз әлі өзіміздің жазушыны да, туындыны да танудың өркениетті дәстүрін үйренуге селқоспыз, салғыртпыз. Себебі,мойын жар бермейді емес, пенделік қиянкестіктен мысымыз құрып, жүрегіміз дауламайды.Дауламайтыны, дау-дамайдан азар да безерміз. Ьұл орайда аңқыма ақын Тыныштықбек те ашына жазды. Абайды идолға айналдырмайық деп жанұшырды. Абай ұлы, дана, данышпан, бірақ ет пен сүйктен жаратылғанын неге мойындамаймыз деп зар қақты. Әдебиеттің оқылмауына, нарық заманының оң жамбасына (жақсы мағынасында)келмей жүргеніне бір есептен ақын- жазушылар, әдебиетшілер кінәлі..Екінің бірінде, «Әдебиет- ардың ісі» деп тілімізді безей бергенше, сол ардың ісін істеп, неге үлгі көрсетпейміз?Ардың жолында жігерлі бірлігіміз жоқ. Ардың жолында аярлыққа, арсыздыққа ұрынамыз. «Қазақта қалып тұрған өзгеше мінездер: тілі айтқанды қолы қылмайтын тұрақсыздық,ұйымсыздық, басынан аспайтын өзімшілдік, ездік» (М.Әуезов). Сөйте тұра қара қазандай өкпеміз бар. Алдымен билікке. «Сыйлық бермеді, қаламақыдан қақты, талантты тани алмайды,тұлпарды елемей, мәстекті марапаттайды». Бәрі де жөн. Бірігіп жүрекжардымызды, жанайқайымызды айтайық, жеткізейік десек, басылымдар да, БАҚ та, басқа да жеткілікті.Елетудің бағалатудың жолын бірігіп табуымыз керек. Бальзак болса заманында өзі бас болып, қаламақы, авторлық құқық туралы билікке дабыл қақты.Қаламдастары ұйыса кетті.Ақыры дегеніне жетті.
Енді анығы, қалайық- қаламайық, өкінейік- өкінбейік, бүгінгі заманның жиырма бестердегі жаңатолқын оқушысына классиктеріміздің жауһар шығармаларын бұрынғыдай қабылдату қиын. Сол сияқты сол замандағы бойында нафталині аңқыған қызыл саясаттың ақиқат өмірге қисыны келмейтін дайын қалыптағы ой - идеялар, таптаурын тәсілмен жазылған, қан -сөлсіз күйініш- сүйінішке, іс әрекетке, пайым- тұшымға құрылған жасанды кітаптар қызықтырмайды. Қызықтырмайтыны,сендірмейді, арзан, жалаң. Өйткені,бұл ұрпақтың психологиясы өзгеше, талғамы бөлек.Интеллектуальдары көркем әдебиеттен көркем дүниені, адам жанынның беймәлім,тосын жұмбақ құбылыстарын, құндылықтарын іздейді. Егер бүгінгі замандастарымыз кеңес заманындағы ақын - жазушыларымыздың бірқатарына ықыласы ауып, жүгініп жатса- яғни олар күл қойнынан шоқты тапқаны, қоқыстан алтынды көргені. Асылдың азбайтыны, шоқтың маздайтыны белгілі. Қазіргі жастан да, жасамыстан да ананы неге оқымайсың, мынаны неге оқымайсың деудің өзі күлкілі, баланың сөзі. Бір ғажабы, алда ғажайып уақыт туып келеді. Шын хас туындылар уақыт жалына жармаса, таласа жарыққа шығады. Жанрлық әртектілік, түр мен мазмұн жағынан тосын бітім - бітісі болуы да ықтимал. Шынайы, саф дүниені танитын, рухани азыққа айналдыратын қауым түзіледі, қалыптасады.Ол кезде бұрынғыдай қалың бұхараның әдебиетті жаппай оқитын, жазушыларды жазбай танитын дәуренді аңсайтындар азаяды. Әдебиеттің орны - мұражай дейтін саруайым сарқылады. Жүрек соғысы тоқтамаған жерде сезім бар, сезім бар да алаулау, лағылдану, сұлу сөз өнері бар. Рас, беллетристикалық ( бұл да француз сөзі) зауықтық (авантюралық, детективтік, ғылыми- фантастикалық және неомифологиялық) ортаңқол туындылар жазыла береді, шыбындай ызыңдай береді. Маргиналдық әдебиеттің дәурен- дуы қай заманға да тән..Қазіргі компьютерлік, технологиялық дәуірдің екпінінен үрейленбеу керек.Шерағаңшыласақ, бәрінде де бір кем дүние. Ақ қағаз бетіндегі маржан сөздің өзіндік аурасы компьютер мониторында жоқ. Руханият өзі технотектің, бизнестің, ұшқыр заманның ұшарман қызметін пайдаланып, олармен біте қайнасып кетері қазірден де белгілі. Рухани технология шарықтап шегіне жеткенде, қағаздағы өлмес, мәңгілік құндылығы бар көркем әдебиетке оқырман үйіріліп түседі.Классиканы да, калассика айналатын бүгінгі шығармаларды да тамсана оқитын кез келеді.Сонда қара да тұрыңыз, көркем әдебиеттің әлі ақ айдарынан жел еседі. Жүреккөзділерді халтурамен, көзбояушылықпен, қулық - сұмдықпен шекпен киген жылтырақ жарқырауықтармен алдап кете алмайсыз. Плагитаттар, «жиеншілдер» өзінен- өзі жоғалады. Ендеше осы бастан, өзімізді өзіміз алдамауымыз керек. Қолдан келгенше, алтын уақытымызды, жанкештілігімізді дүниеқоңыздың соңында емес, көркем әдебиеттің жолында көрсете алсақ, жұмсай алсақ, нұр үстіне нұр. Аңдасаңыз, француз әдебиетінің бірегей шедеврлері феодализм мен капитализм заманда туған.
Иә, тура Бальзактың заманы өтті - кетті, енді қайта айналып келмейді дерсіз.. Оны үлгі ету ерсі. Қазір заман басқа, заң басқа,талғам басқа,талап басқа дегіміз - ақ келеді. Сөйте тұра..
Бальзактың қайраткерлік, жанкештілік, құштарлық аурасына бейжай қарай алмайсың. Бақсақ, ол қазақта да бар! Оның пендешілігінен қазақ та қалыспайды.Оның көкірегі, ой - санасы сезгенді қазақ та сезді. Кеңес заманында қазақ Бальзак туындыларын оқығанымен, оған ертегідей сеніңкіремеді , өйткені, олардың өмір салтын, заманасын көрген жоқ. А.Вюрмсер Бальзактың дәуірнама ағзасында қан емес ақша бүлкілдеп жатыр деуі дөп қойылған диагноз.
Кеңес билігі кеңес адамдарын шетелге жіберсе де, іріктеп,сүзігіден өткізіп жіберетін. «Бизнес» деген сөздің өзі жиіркеніш тудыратын. Қазір бұл сөз мақтаныш. Енді оқысаңыз, Бальзакты желпіл желіске салған, арқасы жауыр болғанша дамылдатпаған заман, бізге жылмия жалтылдап алшаң басып келе жатыр.Технологиялық капитализм.Жеке меншік.Ақша.Баю. Осының бәріне ессіз құштарлық дәуірі бізде де басталып кетті. Тағы да бір ойланып көрейікші..
Бальзак неге күйзелді?
Бүгінде қазақ қоғамы идеялық тұғырын тәуелсіздік деген ұғыммен шегендеуде. Билік тарапынан айтылып жатқандардың дені ұлттық мүддені көздейтіні анық. Десек те осы тұрғыдан келгенде ақиқат өмірімізде қайшылықтар көп. Мысалы, елдегі дүниетапқыш пысықайлар көбісі балаларын шетелде оқытып, бизнес, банк, билік құрылымдарына қызметке тұрғызуға ұмтылады. Олар бәрін де түсініп - біліп отыр: бұл қоғамда шығармашылықпен айналысып, кітап жазып, ұшпаққа шықпайсың. Тіпті ашығына көшкенде, ақымақтық. Әгараки, жазу- сызуға емешегің үзіліп бара жатса, қолың боста, зеріккендегі ермегің ғана. Магнаттар руханияттың нәрі материалдық байлықтың аурасында деп түсінеді. Сезім атаулы, жүрек лүпілі дүние - тезектен түзіледі. Ал шама -шарқына елең, қылмайтын көңілі көк дөнен қарапайым қазақ оларды зор, өзін қор санағысы келмейді. Бұл пиғыл, мұндай түсінік кеше - бүгін пайда болған емес, түп - тұқияны сонау қадым ғасырларда жатыр.. Сондықтан да кемер белбеуі жалтырап мейманасы тасыған Напалеон дәуірінде, өнер- білімінің шырайы бар кезеңдердің өзінде, сауысқандай бір шоқып, қырық қорынатын Бальзактың әке- шешесі Оноренің заңгерлікті тастап жазушы боламын дегенде шоқ басып алғандай шар ете қалғанына таңданбайсыз. Бәрібір бірбеткей баласы айтқанынан танбағасын әкесі көніп, 120 мың франк ай сайын төлейтін болып, Парижге барып пәтер жалдайды.Сонда да ел білсе ұят болады деп алты қабатты үйдің шатырындағы мансардқа «арамтамақ» ұлын қамаққа ұстайды. Жазушылығын көрсетуге берген мерзімі небәрі екі жыл! Бірақ жазушылық соншалықты сорлы кәсіп деген қоғамдық құлыққа Оноре пысқырмады да. Бозда ойнаған қазақы бозбала емес қой, Бальзак шоқтай ыстық жалынды жүрегімен сұңғыла да сұрқия Париждің мың құбылған тірлік- тынысын жатсынбады. Құмырсқаның илеуіндей құжынаған қалада Бальзак балықтай жүзуге ұмтылды. Түсінік - түйсігі алапат, қағылез Оноре Француз буржуазиясының қалыптасу үдерісін, Париждың жоғарғы ақсүйектер ортасындағы алаяқтар мен пысықайлардың пайда болуы, тұрмысы, салты, ой -көзқарасы, пәлсапасы бәрі айналып келгенде, бір құдайға - АҚШАҒА тәуелді екенін көзбен көрді, жүрекпен сезді. Адамдардың байлық пен кедейлік тауқыметінен туған билікқұмарлық, жүгенсіздік, қорлаушы- қорланушылардың драмалық көрінісі Бальзакқа ұйқы бермеді. Өзін- өзі жегідей жеді, жұлып жеді. Құдайдың берген күш- қуаты, сана- қасиеттері арқасында танып- білуде бір Франция, бір Еуропаны ол шопақ құрлы көрмеді. Адамның қай сезімі қасиетті, қай сезімі бақ, қай сезімі сор екенін тез аңғарды. Жанына дауа іздеді.. Өз дәуіріндегі эгоизмнің шарпыған от - жалыны мұның да тұла бойын кеуледі. Бірақ, суреткер бес күн жалғандағы адамның, адамзаттың жандалбас тірлігінің мәнін ұғынды. Жанына адамнан дауа таппаған Бальзак мұның жалғыз - ақ емі - жазу деп мойындап, ғұмырын ақ қағазға сарп етті. Жазусыз өмір сүре алмайтын халге жеткенде, күндердің күні артына қайырылып қарады да, жазған- сызғандарынан қоғамның бір дәуір бүткіл бет- бейнесін аңғартуға болатынын білді, бәрінің басын құрап тұтас дәуірнама жазуға біржола құлай берілді. Ақыры сол мақсатына жетті де. Ақша мен алтынға құдірет бітірген адамның өзі.Өзі жасаған құдіретке өзі құл болатыны қалай? Адамдық қасиетінен жұрдай болып, хайуанға, мың құбылған санасыз, топас маймылға айналуы, тағы сол адамның өзіне мысқыл күлкі шақыратыны қызық. Бальзак француз қоғамының бет- пердесін сырып, жамылған көрпесін сыпырып алып, тыр жалаңаш кейпін көріп мырс- мырс күлді. Күлейін деп күлді дедіңіз бе, оны сондай заманы күлдірді!
Құранда Алла тағала: «Біліп қойыңдар! Шын мәнінде, дүние тіршілігі бір ойын, ермек, сән ғана. Өзара мақтанысу, сондай-ақ мал-дүние мен балаларды көбейтудің жарысы. Бейне бір өсірген өсімдігімен егіншілерді таң қалдыратын жаңбыр сияқты. Сосын қурап, сап-сары болғанын көресің. Содан кейін үгінді болады. Дүние тіршілігі де сол сияқты. Негізінде, дүние тіршілігі алданыштан басқа ештеңе де емес».Жалған дүние!
Қаламгердің туындыларын ақтарып отырсаңыз, бұл адамзат қоғамының құлқы заманқанша жерден өзгергенімен мәні сол күйінше қала береді екен - ау демеске ләжіңіз қалмайды. Көз жүгіртіңізші: «Заң деген -өрмекшінің торы, мадам. Оған кішкентай шыбындар ілініп өледі де, үлкен шыбындар бұзып өтіп кете береді», «үкіметке депутаттарды сатсам деймін. Оппозицияшыл партияның депутаттарын топ-тобымен министрлер кабинеттеріне сатсам» («Памэла Жиро») «құнсыз бірдеңелерді ала кетіп көріңіз, сізді әділдік сарайының алдына бір сұмпайы етіп алып шығады да, миллион соманы ұрласаңыз салон біткенде айтулы ізгі адам болып шыға келесіз»; « Бір жерде- барын баласының жолына сарп еткен атасына ұялмай- қызармай келіні зіркілдейді.Бір жерде - күйеу баласы қайын енсін қуып шығып жатады.Біздің заманымыздағы қоғамда драмалық қандай оқиға бар деп сұрайтынын қайтерсің» («Горио атай») «Бүкіл бой -басына қарасаң дәулетті адам тәрізді, ал шындығында бар байлығы жалақысы, болашағы зейнетақысына ғана байланысты еді.» («Жергілікті дәрігер») Тере берсек, біздің осы өміріміздің айна- қатесіз көріністері, құлқы Бальзак жазбаларында тұнып жатыр.
Жалпы Бальзактың дүниеге көзқарасы да әр түрлі. Бір - біріне кереғар түсіп жатады. Бұл заңды да. Саясаты сайқалданып, дүние мың құбылып тұратын мәңгілік тірлік. Адам қайтіп тұрлаулы болсын! Бальзактың жазған - сызғанының бәрі саф алтын да, күміс те емес. Оны замандастары, зерттеушілері де айтқан, жазған. Сол замандағы көп туындылар көнтақаға айналғалы қашан. Бірақ бізге құндысы - оның көркем әдебиетті құлай сүюі. Бүгінгі жаңа ғасырдың ұрпағын Бальзак қызықтырмауы да ықтимал. Әсіресе батысқа мұрын шүйіргіш, өзінікін де, өзгенікін де оңайлықпен мойындай қоймайтын біздің қазақ. Біздің қазақ үшін жұмыр жердегі небір асыл дүниені, жаңалық пен жақсылықты әп- сәтте жоққа шығару түкке тұрмайды. Бір ғажабы, тағы да әп - сәтте өзгелердің қаңсығын таңсық қылу, төбесіне көтеріп, елпілдеп еріп кету де түкке тұрмайды. Қит етсе, бөтенді жамандаймыз, түрік ,корей телесериалдарын менсінбей мұқатамыз.Отыз екі тісімізбен тістене естен тандыра сөйлегенімізбен, әлі күнге дейін тым құрығанда бір рет отыз екі сериялы көркем дүние түсірмеппіз.Зардаптың үлкені- бұл әдетіміз жастарға да жұғып, оларда қазір өзгені де, өзін де менсінбейтін кеуде пайда болды.Тиянақ жоқ. Сол баяғы «..ей, құдай-ай, бізден басқа халықтың бәрі антұрған, жаман келеді екен, ең тәуір халық біз екенбіз деп күлуші едім» -деп ашынатын Абай атамыз ұлттық мінез -дағдымыздың кодын көзге шұқып көрсетіп - ақ кетіп еді.Кесірлі - кесапатын сылып тастай алмай жүрген өзіміз. Хакімге не дерсіз, ұлт алдындағы ұлы миссиясын орындап, өзі темірқазықтай жарқырап, кемеңгер абызға айналып кетті!
(Жалғасы бар)
«Абай-ақпарат»