Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2470 0 пікір 18 Шілде, 2011 сағат 07:17

Тұрсын Жұртбай. «Ұраным - Алаш!..». Жүйке жегісі (жалғасы)

2.

 

Қоғамдық құрылымдарды түбірімен қопарған ұлы төңкерістер өзінің жаңа қайраткерлерін тарих сахнасына әкелді. «Әскери коммунизм» мен «жаңа экономикалық саясаттың» арасындағы саяси қысылтаяң тұста қазақ зиялыларының ішінен екiншi бiр алаш ұранды ұлтжанды топ сүзiлiп шықты. Олар ұлт-азаттық идеясының ең нәзiк әрi тауқыметті кезеңіне тап келген заманына лайық «тар жол, тайғақ кешудi» таңдап алды. Кейiнгi тағдырлары әр қалай қалыптасқанымен де, өзiнiң тарихи қалыптасу кезеңiне орай iрiктелген бұл топтағылар жаңа жағдайға байланысты өмiрдiң өзi тудырған саяси күрестiң қайраткерi деңгейіне көтерілді. Өз орталарында ішiнара пiкiр қайшылығы қылаң бергенімен де, түпкi нысаналары бiр арнаға сайды.

Сөйтіп, 1919-1929 жылдары арасында өзiнiң дербес ұлттық-саяси ойлау жүйесi толық қалыптасқан қазақ ұлт зиялыларының екінші толқыны ұлт тізгінін қолына алды. Олар қандайда бір қоғамдық құрылымда болмасын, ұлттық тәуелсiздiк жолындағы қозғалыстың қашан түпкі мақсатқа жеткенінше толас таппайтынын аңғартты.

2.

 

Қоғамдық құрылымдарды түбірімен қопарған ұлы төңкерістер өзінің жаңа қайраткерлерін тарих сахнасына әкелді. «Әскери коммунизм» мен «жаңа экономикалық саясаттың» арасындағы саяси қысылтаяң тұста қазақ зиялыларының ішінен екiншi бiр алаш ұранды ұлтжанды топ сүзiлiп шықты. Олар ұлт-азаттық идеясының ең нәзiк әрi тауқыметті кезеңіне тап келген заманына лайық «тар жол, тайғақ кешудi» таңдап алды. Кейiнгi тағдырлары әр қалай қалыптасқанымен де, өзiнiң тарихи қалыптасу кезеңiне орай iрiктелген бұл топтағылар жаңа жағдайға байланысты өмiрдiң өзi тудырған саяси күрестiң қайраткерi деңгейіне көтерілді. Өз орталарында ішiнара пiкiр қайшылығы қылаң бергенімен де, түпкi нысаналары бiр арнаға сайды.

Сөйтіп, 1919-1929 жылдары арасында өзiнiң дербес ұлттық-саяси ойлау жүйесi толық қалыптасқан қазақ ұлт зиялыларының екінші толқыны ұлт тізгінін қолына алды. Олар қандайда бір қоғамдық құрылымда болмасын, ұлттық тәуелсiздiк жолындағы қозғалыстың қашан түпкі мақсатқа жеткенінше толас таппайтынын аңғартты.

Сол екiншi тегеуiрiндi толқынның қайраткерлiгiнiң нәтижесінде қазақтың қоғамдық-әлеуметтiк ойлау жүйесi өркениеттің даму сатысының жаңа деңгейіне көтерiлдi. 1919-1927 жылдар арасындағы Қазақстандағы саяси күрес тәжiрибесi оларды шынықтырып, буынын бекiттi. Интернационалдың ұйымдастыру жұмысына араласып, халықаралық беделге ие болған, федерация туралы пікірталастарында ұлттық мемлекет мәселесін көтеріп, Ресейдегі орыстан басқа халықтардың алдында саяси белсенділік танытқан екiншi толқынның өкiлдерiне тосқауыл қою Кремльге қиынға соқты. Олар қандайда бiр саяси, мемлекеттiк, экономикалық, дипломатиялық түйiнi қиын мәселелердi шешуге қабілетті болатын.

Ең бастысы - ұлттық ойдың өзегi үзiлмедi. Олар партияның мүшесi қатарында қала жүрiп ұлттық нысананың ұйытқысына айналды. Дербес қазақ мемлекетi құрылып, оның ұлттық ұйытқыда дамып, өркениетті ел қатарына қосылуына барынша бағытталып отырды. Әрине, бұл кезеңде саяси еркiндiк, толық бостандық туралы мәселе қозғау мүмкiн емес едi.

«Алаш iсi» атты тергеу iсiндегi құжаттар мен жауаптарға және олардың саяси көзқарасына қарағанда бұл топ негiзiнен «Алашорда» үкiметiнiң ұлттық бағытын жетекшiлiкке алған бiр кездегi «жас алаштар» едi. Кеңес өкiметi кезiнде мемлекет басына келген Смағұл Сәдуақасов, Сұлтанбек Қожанов, Тұрар Рысқұлов, Нығымет Нұрмақов, Жалау Мыңбаев, Ораз Жандосов, Ыдырыс Мұстамбаев iспеттi қайраткерлер 1921-1922 жылғы ұлттық федерация туралы пiкiр таласы тұсында сондай ұстанымдарын танытты. Бұлардың күрес сахнасына келуi заңды құбылыс еді әрі жаңа құрылымдағы қайшылықтарды шешуге ұлттық аймақтар мұқтаж да болатын. Негiзгi үйлестiрушiнiң мiндетiн Қазақстанда - Смағұл Сәдуақасов, Түркістанда - Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожанов атқарды. Бұлар 1920-1929 жылдардың арасында Қазақстанның саяси, мәдени өмiрiнде шешушi оппозициялық-ұлттық нысананы мақсат етiп, ой-пiкiрлерiн мемлекеттiк деңгейде талқыға салған ықпалды да қуатты саяси күш ретінді танылды.

Аз ұлттардың арасындағы мұндай саяси қуатты күш - кез-келген империяның қас жауы еді. Шындығында да Голощекиннің:

«Сәдуақасов дегенiмiз - бұл жиынтық есiм, ол - «сәдуақасовшылар» деген мұқым бiр жұлдыздардың шоғыры... Сәдуақасовшылар дегенiмiз - бұл партияның ықпалынан шығып кетуге жанталасып жүрген кеңес мекемесi... Сәдуақасовшылар дегенiмiз - бұл пролетариат диктатурасына қожалық еткiсi келетiн тұтас бiр ұлттық мәселе!», - деген пікірінде негіз бар еді.

Өйткені «сәдуақасовшылар - тұтас бiр ұлттық шоғыр» болатын. Олардың негiзгi мақсаты - «коммунистiк-колонизаторлыққа» қарсы күрес едi. Мұндай қарсылықты тудырған - кеңес өкiметiнiң аз ұлттарға қарсы бағытталған қастандық iс-әрекетi, ұлыдержавалық өктемдiгi мен үстемдiк көзқарасы еді. Ал ұлыдержавалық өктемдіктің:

«Жазалау жүйесiнiң күретамыры - шовинизм», - деп М. Тынышбаев өте тауып айтты.

Иә, расында да, М.Тынышбаев дұрыс айтқан, капитализмнің де, социализмнің де «жазалау жүйесiнiң күретамыры» - ұлттық, экономикалық, шовинизм болатын. Сондықтан да «социализм» орнату үшін жіберілген Голощекин Қазақстан экономикасындағы аймақтық ерекшелiктерді, өмiр сүрiп, тiршiлiк құрудағы ұлттық айырмашылықтарды, халықтың тарихи дәстүрiн қызыл қарындашпен бiр-ақ сызып тастады да, жергiлiктi жұрттың „қолындағы құрықтың орнына шанышқы ұстатпақ" болды. Алайда, шанышқымен iлiп жеу үшiн де табақта ас-дәм болу керектiгiн ұмытты. Тiптi араб алфавитiнен исламның «иісiн сезiп», жедел қарiп өзгертудi талап еттi.

Мұның барлығын кеңестендіріп, ауылшаруашылығын мәдениеттендіріп, шикізатты өнеркәсіптендіріп, социализмді орнату үшін шұғыл түрде қазақ жерін реформалау арқылы қазақтарды ығыстыру және сол жерді жаппай еуропалық ұлттармен қоныстандыру қажет деп тапты.

Ал жер - ұлттық дербес өмiр сүрудiң басты кепiлi. Жерсiз ұлт - дербес халық ретiнде жер бетiнде өмiр сүру құқынан, ұлттық қасиеттен айырылады. Жаһанданудың да жұлынын жеп отырған жегі құрт - осы жер. Әлемдік геосаяттың бәрі де осы жерге келіп тіреледі. Жердің иелігі шешілмей, тәуелсіздік те, оған ие ұлттың да, оны билейтін мемлекеттің де мүддесі шешілмейді. Түптеп келгенде, капитализм, имперализм, социализм дегеніміздің өзі де - жерді иеленудің бір формасы ғана. Жерсіз - ешқандай империяның мүддесі жүзеге аспайды. Жерcіз - ешқандай империяның халықаралық қауымдастықта ықпалы жүрмейді. Жерсіз империя - тұл империя. Ал империялық өктемдіктен бас тартқан мемлекет жоқ. Бұл ретте қазақтың тағдыры қосақталған Ресейдің дәмесі бұрын да зор болды, қазір де зор, ертең де өте зор болмақ. Сондықтан да В.И.Ленин:

«Ресейдегі отарлау саясаты дегеніміз - жер саясаты», - деп атап айтқан болатын.

Ресей сол саясаттың нәтижесінде 1917 жылға дейін ғана 45 миллион десятина жерді, яғни, күллі қазақ жерінің бестен бірін қара шекпенділерге тартып әперген еді. Енді «шығыста кіші октябрь» мен «социализмді қатар орнатуға» келген Сталиннің «әпермені» Голощекин қалған жерге реформа жасап (тартып алып - Т.Ж.), оған тағы да 360 мың «тың игеруші» орналастыруды ойластырып, қысылып-қымтырылмастан:

«Сәдуақасов жолдас екеумiздiң арамыздағы пiкiр қайшылығы тұп-тура Октябрь (кеңес өкiметi - Т.Ж.) мәселесiне қатысты. Мен: ауылға кiшi Октябрь жүргiзу қажет деп есептесем, сiз Октябрь атаулының барлығына қарсы шығасыз. Бiздiң қазiргi жүргiзiп жатқан жер реформамыз Октябрь емес пе? ...Егер мұны азаматтық соғыс деп түсiнсеңiз, онда бiз соғыс жағындамыз», - деп өзі басқарып отырған халыққа өзі «азаматтық соғыс» жариялады.

Бұл «Қужақтың» қалжыңы емес, шыны болатын. Жай қыр көрсету емес, алдын-ала жоспарланған жоба еді. Оны Сталиннің өзі:

«Голощекин жолдас! Мен мына мәлiметiңiзде белгiленген саясатты негiзiнен алғанда бірден-бiр дұрыс деп ойлаймын» - деп жазбаша түрде мақұлдап берген болатын.

Өйткені, қызыл империяның «жер реформасының» жоспары бойынша, шет аймақтағы ұлттар - ұлы жаhангердiң шикiзат қорын дайындап беретiн «ерiктi құлдар жасағын» құруы тиіс болды, яғни, дамыған социализм тұсындағыдай, экономикалық басыбайлы аймаққа айналдыру көзделді. Егерде, ұлт аймақтарын дер кезінде орыстандырып, оларды қоныстандырып алмай тұрып ұлттық өнеркәсiптi дамытса, онда қазақ ұлтының өкiлдерi, соның iшiнде жұмысшылар да, кейіннен кiрмелерге жол бермеуi мүмкiн едi. Ол үшiн оларды аштықпен есеңгiреттi. 1922 жылғы аштық бұл  саладағы алғашқы «Тәжiрибе» ретiнде сынақтан өттi. Мұқым қазақ халқын «табиғи түрде жоюға» мұршасы жетпедi. Өйткенi қазақтың дәстүрлi көшпелi экономикасы мен өмiр сүру тәсiлi оған мүмкiндiк бермедi. Ендi, «мойынсерiк», «қосшы ұйымы», «керей қостары» арқылы тiрi қалудың, күн көрудiң, жұтамаудың ғасырлар бойы сыннан өткен тәсiлi мансұқталды.

Қауiптi күшейтпес үшiн ең алдымен ұлт аймақтарына, соның iшiнде Қазақстанға, 360 мың еуропалықтарды сiңiрiп жiберуге тырысты.

Жер дауы - қазақ ұлты үшiн бұрын да өте күрделi әрi ең талмауытты мәселе болатын. Сондықтан сол тұстағы қазақ зиялыларының бiрде-бiреуi жер, жер бөлiсi жөнiндегi мәскеулiк жобаны бекiттiрмеуге тырысты. Саяси көзқарастары мен қызмет орындарының әр саланы қамтығандығына қарамастан, мұндай «коммунистiк-колонизаторлыққа» қарсы тұрарлық ұлттық пікір қалыптасты. Қазақстандағы ұлттық қызметкерлердің ішіндегі ең жасы, ең өжетi, бiлiмдiсi Смағұл Сәдуақасов мұны:

«Қазақ автономисына жүргізілген коммунистік колонизаторлық» - деп атады.

Бұл - қазақ қауымының рухани өмiрiндегi ең шешушi әрi тарихи қажеттiлiктен туған заңды қарсылық едi.

Мұндай батыл пікірді айтқан Смағұл Сәдуақасов та Қазақстан үшін тосын тұлға емес. Ол республиканың ішіндегі саяси-ұйымдастыру, экономикалық басқару шараларына батыл араласқан, ысылған қайраткер еді. Әсіресе, Қазақстан автономиясының құрылуы, оның территориясының межеленуі, солтүстік облыстардың Қазақстанға қосылуы, қазақ қызметкерлерін іс басына тарту, 1921-1922 жылдардағы ашаршылықпен күрес, жер туралы заң жобасы мен экономикалық тұрғыдан тәуелсіз даму бағдарын анықтау, тарихи-мәдени, рухани құндылықтарды тану, бағалау барысында Смағұл өзгелерден жеке дара суырылып шықты.

Ол өзiн терең де батыл ойлы, шешiмшiл, өжет және ұлт мүддесiн қорғайтын қайратты да қызуқанды, тәлiмдi де тәжiрибелi мемлекет қайраткерi есебiнде көрсете бiлдi. Смағұл Сәдуақасовтың жер, ұлттық өнеркәсiп, мәдениет саласындағы саяси тұжырымдарының негiзiне «Алашорда» қозғалысының бағыт-бағдары мен тұжырымдары желi болып тартылды. Сол ұлы мақсатты кеңес өкiметiнiң саясатына бейiмдей отырып, «коммунист-отаршылдарға қарсы «ұлттық коммунистiк» үлгi ұсынды. Ол қазақ жерi туралы Ә.Бөкейханов ұстанған жер реформасы туралы жобаны қолдап:

«Сырттан келiп отарлауды уақытша тоқтату керек; б) әуелi жергiлiктi халықты, соның iшiнде байырғы қарашекпендердi де қамти отырып, оларды толықтай жерге орналастыру қажет; в) екiншi кезекте барып төңкерiс тұсында ауып келгендерге жер беру керек; г) содан кейiн ғана Қазақстанның жер жағдайы мен құнарлылығын зерттеумен шұғылданып, оның құнарлы-құнарсыз екендiгiн, яғни пайдалануға жарайтын артық жер бар ма, жоқ па, соны анықтау тиiс», - деп үлкен мәселе қойды.

Мiне, мәселе қайда жатыр! Иә, гәп - жерде. Жер - адамды жейдi. Көзiн өңменiңнен өткiзе қадап, телмiртiп отырған да сол жер, қазақтың жерi болатын. «Тың игеру» науқанын Столыпин сұм аяқтай алмай кеттi. Ал, большевиктер өздерi атып өлтiрген Столыпиннiң бастамасын үкiмет басына келiсiмен шұғыл түрде жүзеге асыруға құлшынды. Бiрақ оған ұлт көсемдерi жол бермедi. Өзге шарасы қалмаған кеңес өкiметi жаппай жазалау саясатына жүгiндi. Ұлт көсемдерiн шетiнен түрмеге қамады. Тергедi. Қинады. Сонда да алаш азаматтары алған беттерiнен қайтпады. Өйткенi жер мәселесi - қазақ ұлтының өмiрi мен өлiмiн анықтайтын ең шешушi мәселе едi.

Бұл платформа кеңеске дейін де, кеңес кезінде де, кеңестен кейін де большевиктер тарапынан жаппай сыналды, «ұлтшылдық платформа» деп бағаланды. Ақиқатына көшсек, Смағұл Сәдуақасұлының пiкiрi дұрыс әрi ол жалғыз өзiнiң ғана емес, сол кездегi алаш азаматтарының ақылдаса келiп қорытқан тұжырымды пiкiрi болатын. Әлихан, Ахмет, Мiржақып, Халел, Жаһанша, Мұхамеджан, Халел Ғаббасов, Әлімхан iспеттi ұлт көсемдерiне мiнбеге көтерiлуге тиым салынғандықтан да, солардың ақылына сүйенiп, солардың атынан сөйлеген сөзi едi.

Голощекиннің бұл жер реформасы - қазақтың жартылай көшпелі экономикасын (халық арасында «Ақ шом» деп аталған көшпелі экономика заңдылығы - Т.Ж.) бұзып, жаппай ашаршылыққа алып келетін. 1921-1922 жылдардағы аштық тұсындағы «реформаның» алғашқы «тәжірибесімен» бәрі де таныс еді. С.Сәдуақасов та, С.Меңдешев те, С.Сейфуллин де, О.Исаев та, Ұ.Құлымбетов те, И.Құрамысов та бұл ашаршылықты бастарынан кешірген болатын. Алайда өткеннің қасіретті сабағын коммунистер қаперіне алмады. Ал тергеу ісінің мәліметіне жүгінсек: сол тұстағы облыстық, кейін Өлкелік партия комитетінің екінші хатшысы С.Меңдешев басқарған бір мәжілісте аштан өлген 1 миллионға жуық адамның әруағының алдында беті шімірікпестен:

«Аштарға көмек комиссиясының» жұмысын кеңес өкіметін құлатуға пайдалану үшін және аштыққа ұшыраған тұрғындарды астыртын ұйымға тарту үшін Әуезов Мұхтар мен Ахмет Байтұрсынов Қазақстанның түкпiр-түкпiрiне үндеу жолдады. Ал Ж.Аймауытов «Алашордашылардың» туыстарына мал таратып беру үшін «Аштарға көмек көрсететін» комиссияның мүшелiгiне қасақана кірген», - деп «халық жауын» әшкерелепті.

Мұндай «естен тандыру арқылы халықтың санын табиғи түрде азайтатын жер реформасының» қасіреті Голощекин мінбеде:

«Бесінші партия конференциясының жұмысына қарсы ұйымдастырылған (яғни өзін сайлауға - Т.Ж.) Бөкейхановтың, Байтұрсыновтың, Сәдуақасовтың, Досовтың саяси-экономикалық платформасы», - деп аталған экономикалық талдауда егжей-тегжейлі дәлелденген болатын.

Сол платформаға сүйенген С.Сәдуақасов Қазақстанды өзі өндірген шикізаттың құлына айналдыратын жобаны ұсынған «саяси экономистерге» қарсы:

«Әр республиканың өз iшiнде тұйықталған кәсiпорын ашу бағыты (әрине, ұлтшылдық бағыт деп түсiнiңiз) бар деген Зелинский жолдастың пiкiрi дұрыс емес (мұны талдаудың өзi ұят), екiншiден, Орта Азиядан мақтаны тасып әкету - жақсылық, ал дайын матаны тасу - бұл тұйықталған шаруашылықтың белгiсi - деген мәселе қандай теориядан туындап отыр? Бұлай етуге болмайды, Зелинский жолдас! Тура керiсiнше, шаруашылықтың мүддесiне орай, өнеркәсiптi шикiзаттың көзiне жақын орналастыру қажет», - деген пікір білдірді.

Шындығында да, жүннiң бiр қадағын қазақтардан 15 сомнан алып, 150 сомға қайта қазаққа сатудың қай жері интернационалдық? Қай жері социализм? Қай жері қандай ұлтшылдықпен күрес? Экономикалық жағынан өте тиімді, өзiн-өзi асырайтын, өзiнiң жерiн өзi дербес игеретiн, өзiнiң ұлттық даму дәстүрi мен тарихи танымын сақтайтын мұндай ұлттық социализм   Голощекинге ұнамады. Смағұлдың бұл сөзіне тура жауап бермей, Шая-шаялығына салып:

«Индустрияландыру мәселесi жөнiндегi өзiнiң сырын Сәдуақасов әлi ашқан жоқ. Ол бұрын: бiзде терi бар, оны Мәскеуге тасудың қажетi жоқ, заводты Қазақстанның өзiнде салу керек, сөйтiп қазақтың (күлкi) ұлттық терiсiн (күлкi) өзiмiзде өңдеуiмiз керек... Ал, Мәскеу мен орталықтағы заводтар тоқтап қалса, онда оның жұмысы жоқ көрiнедi», - деп мінбеден мекерсiнді.

Егерде қазақ ұлты жаппай аштан қырылып жатқанда сол ұлтты басқарып отырған Голощекиннің онда «ешқандай жұмысы болмаса», мемлекетті басқарып отырған орталықтың «онда жұмысы болмаса», онда өз елiн аштықтан арашалаймын деп қуғынға ұшыраған Смағұлдың «Мәскеудің заводтарында қандай жұмысы болуы» мүмкiн?!. Аштарға жөнелтiлген азық-түлiктi:

«Тек қана еуропалық ұлттардың шоғырланған жерiне бөлiп берiңдер» - деп жарлық шығарған Мәскеу мен орталыққа кiмнiң қимасы қыши қояр екен.

Сенесiз бе, қазақ ұлтының ел басыларының iшiнен де «қимасы қышитындар» шықты. Соның бiрi:

«Қазақтың «түйелерi» социализмге бет алды, бет алып қана қойған жоқ, соған жетiп қалды. Ол өзiнiң жалпақ табанымен жолына кесе көлденең тұрған Сәдуақасовты таптап тастайды», - деп те соқты.

Алдымен Шаяның шаяны боп Смағұлды шағып, жұртын жұтатқан осынау «теңiзге қарап бақылдаған бақаның» (өз сөзi) өзін де отыз жетінші жылы «социализмнiң жалпақ табан түйесi таптап кеттi».

Өзінің «Кіші октябрь» жобасымен, көпірме пікірімен келіспеген, не қарсы шыққан партия, кеңес қайраткерлерін Голощекин аяусыз жазалап, олардың арасына қасақана іріткі салды. Ұлтын ашаршылықтан сақтап, «азаматтық соғыстың орынына азаматтық келісімді» ұсынған С.Сәдуақасов, Н.Нұрмақов, С.Қожанов, Ж.Мыңбаев сияқты қызметкерлерді қырына алып, қазақ интеллигенциясына қарсы жазалау науқанының басталғанын ресми түрде мәлімдеді. «Ел билеген кемелдердің» көзін жою арқылы ұлттық сананы жою - ақ патшадан қалған «мұра» еді.

Ол қазақ зиялыларының арасына от тастау үшін әуелі Қазақстандағы жер реформасы, территориялық тұтастық, қоныстандыру саясаты, экономика, шаруашылық, оқу-ағарту жүйесі, ұлт тарихы, өнер мен әдебиет, көне мұраға көзқарас туралы баспасөз бетінде пікірталастарын жариялатты, түрлі мәжілістерде сөз сөйлетті, сөйтіп, партия, кеңес қайраткерлерін білдіртпей бір-біріне жанықтырды. Кезінде «Түрккомиссиясы» мен Мусбюроның құрамында болған жергілікті халықтан шыққан қайраткерлердің барлығын пантюркист, оппортунист, ұлтшыл, жікшіл деп жариялады.

Ол жиырмасыншы жылдардың басында тарихи даму жүйесі тудырған: ұлттық федерация, ортақ Түркістан, республика аралық жер межесі, 1921-1922 жылғы ашаршылық, 1922-1924 жылдар арасындағы Қазақстан мен Түркістанның арасындағы «Үлкен Түркістан» туралы пікір білдірген қайраткерлердің сөздерін жинастырып, олардың әрқайсысына „рысқұловщина", „садуақасовщина", „мендешовщина", „сейфуллиновщина", „қожановщина", „төреқұловщина" деп мысқылдай ат қойып:

««Жалпы мен, топшылдық дегенде, ұлтшылдықты емеурiн етiп отырмын. Мен сәудақасовшыларды еске салғанда, қожановшыларды да, рысқұловшылардың барлығын да айтып отырмын. Олардың барлығы да бiр қалыптан шыққан», - деп жер тепкілеп баға берді.

Голощекин «щиналарды» қайтадан саяси сахнаға шығару арқылы тұтас ұлтты қақ жарып, сол кездегі ең беделді үш тұлғаны - Сәдуақасовты, Қожановты, Рысқұловты бiрiн-бiрiне қарсы қойғысы келді. «Алаш ісіндегі» тергеу ісі де осы үшеуін қалайда халық жауы етіп шығаруға бағытталды. Бұл ретте Зиновьевтің:

„Голощекин Қазақстанға барысымен, жергілікті ұлт интеллигенттері мен қайраткерлерін өзара қырқыстырып, ақыр соңында оларды қуғынға салып, үлкен қиянатқа душар етті", - деген пікірі дұрыс еді.

Қастаншықпағыр мақсатына жету үшін ол өзінің идеологтары мен тарихшыларына 1921-1927 жылдардың аралығында өткен барлық жиналыстар мен конференциялардың, дикуссиялардың материалдарын жинаттырды. Сонда қабылданған қаулылар мен көтерілген мәселелерді қорыта тұжырымдап, мұны «щиналардың» кеңеске қарсы платформалары деп жариялады.

Бұл мәселелер жалпықазақтық сыпат алып, үлкен пікірталастар туғызған еді. Соның ішінде аса батыл пікірлерімен ерекшелетін Сұлтанбек Қожановтың ұстанымдары оның Қазақ өлкелік партия комитетінің атына жазған хатында толық баяндалды. Соның ішінде оны «ұлтшыл, топшыл, алашордашыл» етіп шығарған С.Қожановтың пікірлері мынадай:

«Қазақтар өз республикасында аз санды ұлт болып есептелетін күлкілі көріністі тоқтау керек. Қазақ интеллигенттерін Орынбор сияқты орталықта тұтқында ұстап отырып пролетарлық басшылықты жүзеге асырғанша, оларды қалың бұқараның ішіне жақын ұстап, іске қызу араластыру қажет. Орыс шаруаларын қазақ арасына қоныстандырып, олардың санын көбейтумен пролетарлық басшылық жеңілдеп кетпейді, керісінше, дәстүрлі ұлт араздығының шиеленісуіне әкеп соқтырады, орыстық ұлтшыл өктемдіктің күшеюі пролетариат туралы теріс көзқарас қалыптастырады. Пролетарлық басшылық «тұйық» тоқыраумен емес, шаруашылық пен қоғамдық өмірдегі жария жұмыспен бағаланады.

...Қазақ ұлттық республикасының компартиясы сырттай қарағанда төңкерісшіл боп көрінетін бұрынғы қазақ тәржімашыларының қас-қабағына қарап емес, қазақ бұқарасының ішіне тереңдеп кіріп, солардың талап-тілегін ескере отырып қызмет істеуі керек. Бұл үшін қазақтардың хал-жағдайын іштен біліп отыратын, талаптарын ғана қанағаттандырып қоймай, қажетсіз керітартпа мінездерін жоюға пейілді ететін қандай да бір қоғамдық орта болуы керек. Әйтпесе, қазақ коммунистері осы уақытқа дейін сүйегі баяғыда қурап қалған «Алашорданы» қарғап, өлі дұшпанмен күресіп, «таңғажайып ерлік көрсетуден» жалығар емес. 7 жылдың ішінде не атқарылды, «Алашорданың» кеңеске қарсы күресінің орнын не алмастырды, ол неден байқалады - ол туралы ешкім ештеңе білмейді, білу қажет деп те есептемейді. Қазақ қауымының ішіне тереңдеп еніп, қазақтық қаны бар партиялық қоғамдық пікір қалыптастыру керек, қажет жағдайда тек қана бастықтарды ғана емес, бұқараны да тәртіпке шақырып отыру керек.

1. Қалай санасаңда Қазақстанда европалық тұрғындар басым (орыстар - 54 %, қазақтар - 46%).

2. Қазақстанның РКП(б) ұйымдарындағы қазақтар 6% (568 адам) ғана. Оның үстіне қазақ коммунистері бытыраңқы, дербес қазақ ұйымдары жоқ...

Қазақстандағы жағдай мені мынаған сендіреді: партия-кеңес мамандарының бұдан әрі қарай қожырауын тоқтатып, түбірлі өзгеріс жасау үшін тоқырауды тоқтатып, РКП(б) Орталық комитетінің өзі тікелей партиялық режим орнатып, мұндай жағдайдан шығу үшін төтенше шара қолдануға дейін баруы тиіс, төменнен көрсетілетін қарсылыққа қарамастан тоқыраудың тұйығынан шығудың жолын іздестіру керек. Осы бағытта Орталық комитетке мынадай ұсыныс жасаймын:

Қазақ обкомын таратып, бір жыл мерзімге БКП(б) ОК-нің уақытша бюросын құру қажет, оған Қазақстандағы партия құрылысы мен оны ұйымдастыруды аяқтау міндеті тапсырылады.

Тез арада Қазақ республикасының орталығын Шымкент қаласына ауыстыру керек, басқару тұрғысынан алғанда Қазақ республикасын үш: шығыс, батыс және оңтүстік әкімшілік-шаруашылық облыстарына бөлу қажет...».

Ол 1924 жылы 29 желтоқсанда жазылған бұл ұсынысты Түркістан мен Қазақстанның арасындағы межелеу жұмыстары жаңадан жүргізіліп жатқан кезде Сталинге жолдаған. Ал Голощекин мұны 1927 жылы «жаңа пікір» ретінде жариялап, халықтың назарын өзіне аударды. Бұл үш жылдың ішінде ол мәселелердің біразы күшін жойып, біразы ішінара шешіліп, біразы ескіріп кеткен болатын. Қазақ обкомы Қазақ өлкелік орталық партия комитеті боп өзгерді. Астана Қызылордаға, одан Алматыға ауысты. Бірақта Рысқұлов пен Қожановтың арасындағы таласты Голощекин бақталастыққа көтеріп, оған ұлтшылдық сыпат берді. Құжаттарға қарағанда екеуі де бір-бірін оңдырмай сүріндірген. Шындап келсе, мұның астарында талай-талай «шылыққа» малынған қоя жатыр еді (Біз тек тергеуге қатысты пікірлерді ғана іріктеп ұсынғанымызды ескерте кетеміз).

Әрине, тарихи оқиғаларды өрескел бұрмалап айту Қужақ үшін де, Қужақтың нұсқауына бейімделген тергеушілер үшін де пәлендей қиындыққа соққан жоқ. Әрбір әшкерелеуші мақала жарияланған сайын:

«Біз өз жауларымыздың көзін тек күшпен ғана жоймаймыз, керісінше, идеямыз арқылы көбірек жаулап аламыз», - деп «жасасындатып» (М.Әуезов) түсініктеме берді.

Ал «идеологияға негiзделген қоғам... өзiнiң көздегенiмен үйлеспейтiн көзқарастың барлығын «дұшпандық әрекет» (Ясперс) деп бағалады. Бұл жөнiнен алғанда кеңес өкiметi кез-келген тираннан асып түстi.

Мұндай қастандық психологиясын Ясперс «тек қана мойындамауға (отрицание) құрылған өмiр» деп баға бердi. Оның пайымдауынша:

«Өмiрге құштарлықтың негiзi - сенiм екендiгiнен бас тартқан кезден бастап тоңмойын мойынсынбау басталды. Өзiңе-өзiңнiң көңiлiң толмаған сәттен бастап-ақ өзгенi кiнәлайсың, әйтеуiр сенен өзге бiреу кiнәлi болуға тиiстi, соны iздейсiң. Егер түкке түсiнбейтiн кеще кiсi болса, онда бәріне қарсы шығады. Барлық пәле - жаланы әйтеуiр бiр нәрседен - тарихи құрылымнан, толық танылмаған теориялық заңдылықтан көредi: бәрiне кiнәлi - капитализм, либерализм, марксизм, христиан дiнi және тағы да басқа ағымдар, - деп түсiнедi, қарсылық көрсете алмағандардың iшiнде белгiлi бiр топтар болуы мүмкiн, солар соқыртекенiң күйiн кешедi - ақыры бәрiне - еврейлер, немiстер немесе сол сияқты тағы бiр топтар кiнәлi болып шыға келедi».

Сталин де, оның жандайшабы Голощекин де, сондай «ештеңені мойынсұнбайтын тоңмойын», «өзінің көңілі толмағанның бәріне қарсы шығатын», «пәле-жаланы» әуелі «капитализмнен», «имперализмнен», буржуазиядан, либерализмнен, кейіннен ұлтшылдықтан, тап жауынан, интеллигенциядан, ақыр соңында большевиктердің ішінен шыққан халық жауларынан көрген «соқыр текелер» еді. Аймақтағы большевиктер де тура осындай қаскүнем психологияның толыққанды мойынсұнбас можантопайларына айналды.

Тұтас ұлтты қақ жарып, бiрiн-бiрiне қырғызды. Таптық санамен таптатты. Оған аз ұлттарды желiктiрiп, ақыры жерiне жеттi. Ендi өздерi қанқұйлы етiп көзi қанталаған жарымжан ұлт өкiлдерiнiң өзiн мәңгүрттенуген мәжбүр еттi. Басты мақсат: олардың санасындағы дербес ұлт деген ұғымды мүлдем өшiруге кiрiстi.

Голощекиннiң сол жылдардағы жаппай жазалау саясаты тiкелей осындай адамдардың дайындаған әшкерелеушi құжаттары мен баяндамалары, мәлiметтерi мен кеңестерi арқылы жүзеге асты. Соның нәтижесінде бір жылдың ішінде ұлттық интеллигенцияға деген ерекше өшпенділік сезімді қалыптасты.

Қазақ тiлiн бiлмейтiн, астанадағы үкiмет үйiнен аттап шықпаған, қазақ мәдениетi мен тарихынан, ғылымынан, саяси экономикасынан мақұрым шаян Шаяның тiлiне интеллигенттерге қарсы «идеологиялық у» жинап берген осы дәбiрлер едi. Олар:

«Ұлы iс - ұлы құрбандықты қажет етедi», - деген қазақстандық теорияны ойлап тапты.

Сөйтіп, бұрынғы ұлтшыл деген саяси желеу жайына қалды.

Ендi тiкелей ұлттың өзiне шабуылға көштi. Басты мақсат: олардың санасындағы дербес ұлт деген ұғымды мүлдем өшiруге, «ел билеген кемелдердiң» көзiн жою арқылы Ұлттық сананы жоюға шақырды. Саясаттың ағаш Атына теріс мінген Голощекин өзінің «шалған құрбандығына» өзі масаттанып:

«Топшылдарға жағдай жасау пиғылы әлi тоқтаған жоқ, олардың кәрi көсемдерi әлi де тiрi, оларды әлi де жер көтерiп тұр... Енді кез-келген топтың көсемi өлкелiк комитетке қарсы сөйлеп көрсiншi, олар бiр жетiнiң iшiнде жермен-жексен етiлетiн болады», - деп атой салды.

Демек, сол кезде тірі жүрген «қазақтың ұлтшыл-буржуазияшыл интеллигенциясынан» Сталин секем алған, ал Голощекин тікелей қауіптенген.

Сонда большевиктердің қауіптеніп отырған ең басты мәселесі не? Он жылдан кейін де Сталин ұмытпайтындай, әлі де қауіптенетіндей кеңес өкіметі мен «Алашорда» үкіметінің арасында шешілмеген қандай мәселе бар?

Ол - «Россия халықтары праволарының декларациясы» мен тұлғалардың азаматтық ұстанымы болатын. Сол Декларацияға кеңес өкіметі атынан қол қойған Сталин де, «Алашорда» үкіметінің атынан қол қойған «қазақтың ұлтшыл-буржуазиясының өкілі» Ахмет Байтұрсынов та бұл кезде тірі еді. Сталин «федерация мәселесi - демократияның мүддесiн қанағаттандырмайды» деп бас тартты, ал Байтұрсынов бұған мойынсұнбай үкімет құрамынан отставкаға кетті. Голощекин: «олардың кәрi көсемдерi әлi де тiрi, оларды әлi де жер көтерiп тұр», - деп өкіне сес көрсеткен екі «ұлтшыл-буржуазияшыл интеллигенцияның» бірі - А.Байтұрсынов, екіншісі Ә. Бөкейханов еді.

Ал жоғарыда аталған «құрбандықтар», яғни, Голощекин айтқан «әлi де жер басып жүрген ұлтшылардың кәрi көсемдерi» - Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мiржақып Дулатов, Жақып Ақбаев, Халел Ғаббасов, Халел және Жаhанша Досмұхамедовтер, Мұхамеджан Тынышбаев еді. Олардың кеңес өкiметi мен қазақ ұлтының һас дұшпаны екендiгiн әшкерелеп, жексұрын етiп көрсетудi Ораз Исаев өз мiндетiне алды. Ол сол тұстағы аймақтық комитеттiң Бочагов, Мартыненко, Шафиро, Брайнин iспеттi идеологтары мен тарихшыларына шұғыл түрде тапсырма бердi.

Деректерi бұрмалаған, кей тұстары қасақана қате аударылған, тек қана әшкерелеушi құжаттар ғана жинақталған «Алашорда» атты үш кiтап бiрiнен соң бiрi жарық көрдi. Кiтапты «өңдеп», алғы сөзiн жазған - Ораз Исаевтiң өзi едi. Мұны Бочаговтiң естелiгi толық растайды. Осы үш жинақтағы құжаттар „Алаш" партиясы мен „Алашорда" үкіметінің мүшелеріне басты айыптау айғағы әрі бейресми нұсқау-үкім ретінде басшылыққа алынды.

Тергеу орындары өзiнiң iс-әрекетiнiң бағыт-бағдарын анықтап, тиiстi нұсқау алған соң, ендi қалайда сол айыпты дәлелдеп шығу үшiн жанталасты. Бұл орайда баспасөз басты әшкерелеуші құралға, тыңшылыққа негізделген өкіметтің «құлағы мен көзіне» айналды. Газеттер мен журналдарда, кітапшаларда:

«Ұлтшыл коммунистер мен партияда жоқ ұлтшылдардың:

«ақгвардияшыл казактармен, контрреволюцияшыл генерал Колчактың армиясымен бірігіп кеңес өкiметiне қарсы ашық күрескен тұсындағы мәліметтер,

кейiннен контрреволюциялық армия мен үкiметке кешiрiм жасалғаннан соң да контрреволюциялық ұйымның ұйытқысы болған кезіндегі мағлұматтар;

1921-1922 жылдары Орынбор мен Ташкентте кеңес өкiметiн құлату үшiн құрылған астыртын контрреволюциялық ұйымның хаттамалары;

Қазақстан кеңес қызметкерлерiнiң Орынбор қаласында өткен ІІ - съезiнде жеке өткізген «Отарлаушылардың шабуылы және онымен күресудiң әдiс-тәсiлдерi» туралы мәжiлiсінің мәжіліс хаты;

партияның 12 - съезiн өз мүдделерiн жүзеге асыру үшiн Бөкейханов, Байтұрсынов, Сәдуақасов Смағұл, Досов қол қойған «Ұлттық-мәдени автономияны» талап еткен Үндеудің мәтіндері;

айыпталушы Әуезов Мұхтардың осы үндеудегi бағыт-бағдарды қолдай отырып, Қазақстанның партия және кеңес мекемелерiндегi отарлаушылық пиғылдармен күреске шақырған сөзінің мазмұны;

астыртын ұйымның мүшесi Сәдуақасовқа айыпталушы Әуезовтің оған Ташкентке барып, содан әрi қарай Ферғанадағы басмашыларға өтіп кетуді ұсынуының жай-жапсары туралы тыңшылық ақпараттар;

астыртын ұйымның мүшелерінің кеңес аппаратының бағытын өзгертiп, контрреволюциялық ұйымның талап-тiлегiн қанағаттандыру мақсатын көздеген құжаттар» - деген мазмұндағы мақалалар даңғазалықпен насихатталды.

Бұл жарияланымдар  орталық партия комитетінің бөлімдері арқылы тергеу ісіне айғақ ретінде тіркеліп жатты.

Сөйтіп, алашордашыларды тұтқындауға мүмкiндiк беретiн алғы шарттардың барлығы да жасалып бiткен соң Голощекин - «Қужақ» «екiншi бiр контрреволюциялық-ұлтшыл астыртын ұйымның» қастандығы ашылғаны туралы салтанатты түрде жариялады. Сөйтiп, «Ұлы құрбандық» шалынды. Мұны Голощекин «Партия құрылымының 10 жылдығы» атты баяндамасында мақтанышпен мәлiмдеп:

«Жолдастар, менiң сiздерге жариялайын деп отырған деректерiм - қазiр көзi жойылған «Байтұрсыновтың контрреволюциялық ұйымының» тергеуiнде ұлтшылдардың өзi берген куәлігi», - деп ұзақ уақыт екiлене сөйлеп, тергеу жауаптарынан үзiндiлердi ерекше рахаттанған сезiммен оқыды.

Бұл "қуанышты хабарды" О.Исаев, Ұ.Құлымбетов, I.Құрамысов, Е.Ерназаров iспеттi дәбiрлердiң ымдауымен мәжiлiстегi жұрт «ұзаққа созылған ду қол шапалақтаумен» қарсы алды. Шабыттанып кеткен О.Исаев тебiрене толқып, жоғарыдағы аты-жөнi аталған жолдастарының атынан:

«...Алматы қаласында ашылуға тиiстi коммунистiк университет - "Голощекин атындағы қазақ коммунистiк университетi" деп аталсын» - деген ұсыныс айтты (Ду қол шапалақтау).

Қыза-қыза келе олар:

«Халықаралық пролетариаттың мүддесi үшiн қазақ халқын да құрбандыққа шаламыз», - деп жанын қасым ғып ант берді.

Осындай ызалы күлкі тудыратын мағынасыз формулировкаға мемлекеттiк, ұлттық тұрғыдан ойлай бiлетiн Ыдырыс Мұстамбаев қана қарсы шыға алды. Ол сол мінбеде тұрып:

«...Үнемi Голощекиннiң көпiрме сөзiне сене беруге де болмайды, Голощекиннің қолымен Қазақстанда коммунизм орната алмайсың!», - деп Қужақтың бетіне айтты.

Өкінішке орай, Ы.Мұстамбаевты ешкім де қостамады, мемлекеттiк, ұлттық тұрғыдан ойлай бiлетiн өжет тұлға табылмады. Олардың орынын М.Әуезов «заман еркелері» деп мысқылдап айтқан жалтақ та жарамсақ, өзiндiк пікірi жоқ, бiрақ та бiрiншi басшының көңiлiн табудың жолын бiлетiн Ораз Исаев, Елтай Ерназаров, Ұзақбай Құлымбетов, Iзмұхан Құрамысов, Ғаббас Тоғжанов iспеттi дүбара жандар алмастырды. Олардың денi бiлiмi таяз, тұрақты мемлекеттiк-қоғамдық көзқарасы қалыптаспаған, дауыл шайқаған кезде толқынның бетiне шыққан желқабық жандар-тын.

Елге ұсынар нысанасы жоқ, қондырғы саясаттың қолшоқпарлары болған бұл топ өздерiнiң iстеп отырған iс-әрекеттерiнiң түпкi залалы мен зауалын жете сезiнбедi, сезiнуге бiлiм жетелерi жетпедi. Егер көздері жетсе, қандай таққұмар, тақуа болса да, мұқым ұлтты аштықтың аранына айдап салмас едi. Заманның ауаны мен зауалына, ертеңгi өмiрге көз жiбермей, күнделiктi жалаң ұранның жетегiнде кеттi.

Берген антты «большевиктiк ақ жүрекпен» орындау үшiн «ұлы құрбандық шалуға» жанталаса жанықты. Бұл шешендер, араға он жыл салып барып, яғни, отыз жетінші жылы бірін-бірі «құрбандыққа шалды».

Жүйкесі тозған «кәнігі кәрі большевик» алаш азаматтарына жегі құрттай қадалып:

«Сондай-ақ, дәл осы күндерi Тынышбаевтiң, Ермеков пен Досмұхамедовтердiң тағы да бiр контрреволюциялық-ұлтшыл ұйымының тамырына балта шабылуда», - деп кезекті бір „құрбандығының" батасын қайырды.

Осыдан кейін тура үш күннен соң:

«1921-1922 жылғы Орынбордағы немесе Ташкенттегі контрреволюциялық астыртын ұйымға қатысты» делініп тағы да 40 адам тұтқынға алынды., Бетпақдаладағы және Торғайдағы астыртын қарулы көтерілісті „дайындаған" 32 адамнан 2 жыл бойы ілгерінді-кейінді екі жүзден астам рет жауапқа тартты. Бұдан бұрын жүргізілген Ә.Бөкейхановтың, Е.Омаровтың, Х.Ғаббасовтың тергеулерін осы іске әкеп қосып, жоғарыдағы көрсетінділерге сүйене отырып олардың бәріне ортақ: 1. «Аштарға көмек комиссиясының» жұмысын кеңес өкіметін құлатуға пайдалалану үшін және аштыққа ұшыраған тұрғындарды астыртын ұйымға тарту үшін 2. Орта Азиядағы басмашылардың қозғалысына қатысқан, әскери жасақ құруға ұмтылған, сөйтіп, қарулы көтеріліс арқылы Қазақстанды Ресейдің құрамынан бөліп әкетпек болғаны үшін. 4. Байларды тәргілеуге қарсы үгіт жүргізіп, оларды қарулы көтеріліс жасауға бағыттағаны үшін. 5. Англиямен астыртын байланысып, ағылшын әскерi Қазақстанға басып кiре қалған жағдайда, қырда көтерiлiс ұйымдастыруды жоспарлағаны үшін. 6. Қазақ Өлкелiк комитетiнiң хатшысы Голощекин жолдасқа қастандық жасап, атып өлтiрмек болғаны үшін» - деген айып тақты.

Ал тергеудегі жауап алу тәсілінің қалай жүргізілгеніне Т.Рысқұловтың:

«Мені: қайдағы бір ұлтшыл ұйымға мүше болды-мыс делінетін түрлі қауесеттердің барлығы да жала. Мені әлдеқандай бір топшылдықтың қатарына қосып, жазғыру бұрын да болған. Мысалы, 1920 жылы Түркістан майданының ерекше бөлімінің бастығы жолд. Бокии болып тұрған кезде арандатушы Семеновты және бірнеше адамды атты, олар мені - қазақ хандығын құрғалы жүр деп «Түрккомиссиясымен» арамызды өшіктіруге тырысты. Топқа бөліну тұсында бір топтың екінші топтың үстінен материал жинауы әдетке айналды. Сондай материалдар бір кезде Ташкентте жүргенде менің де үстімнен жиналды. Мысалы, Алматыда Голощекиннің тұсында оның рұқсатымен тұтқынға алынған алашордашыларға: менің үстімнен арыз жазсаңдар, онда сендерді босатамыз - деп мәжбүрлеген. Кейбіреулері жалған көрсетінді берді, кейбірі берген жоқ... Мысалы, Жалысбаевтің тергеуі соған дәлел... Оған: Рысқұлов контрреволюциялық ұйымға тартылған, Қазақстандағы асыра сілтеушіліктер менің нұсқауыммен жүргізілді деп айт, әйтпесе, ату жазасына кесілесің - деген. Жалысбаев өзінің арына қарсы іске барудан бас тартып, өзін-өзі өлтірмек болған...», - деген мәліметі толық мағлұмдар ете алады.

Тұрар Рысқұлов тергеу ісіне тікелей тартылмаса да, жоғарыдағы қамтылған сұрақтар барлық тұтқындарға қойылған. Сонымен:

«Құрбандығыңды алдын-ала белгiлеп, барлық қастандығыңды дайындап ап, жауыңды табан астында аяусыз жайратқаннан соңғы ұйқыдан асқан рахат жоқ»,- деген Сталинді...

...осыншама «рахатқа» бөлейтіндей, сол жылдары қазақтың «ұлтшыл-буржуазияшыл интеллигенциясы:

«Қазақстанды Ресейдің құрамынан бөліп әкететіндей» қуат-күшке ие ме еді?

Сондай-ақ: «кеңес өкiметiн құлатып, құрылтай жиналысын өткiзу арқылы қазақтың ұлтшыл-демократиялық республикасын құруға» ұмтылғаны» рас па?

Сонымен, Қазақстанды Ресейдің құрамынан бөліп әкетудің мүмкіндігі болды ма? Қазақтың ұлтшыл-демократиялық республикасын құру мақсаты неге жүзеге аспады?

Қазақ халқына тарих ондай мүмкіндікті ХХ ғасырдың басында беріпті.

Сол мүмкіндікті неге пайдалана алмады? «Россия халықтары праволарының декларациясы» неге бір уыс қағаз болып қалды?

«Алашордашыларды» тұтқынға алған тергеушілер неге дәл осы сұрақты бәріне міндетті түрде бірінші етіп қойған?

 

3.

Әрине, жоғарыдағы «қол шапалақтаулар» салтанатты сарайдың сыртына жетпеді. Халықтың құлағы «шапалақтың жаңғырығын» емес, сырттағы аштардың ыңырсуын естіді.

Бұл шапалақтың нақты құнының қаншалықты қасiретпен өлшенетiнiн сырттағылар да, түрмедегi тұлғалар да бiлдi. Бiрақ олардың елiне араша түсуге ешқандай да мүмкiндiгi де, мұршасы да жоқ едi. Оларға бұйырған сыбаға - ағаш еден, суық камера, шикi нан, сұғанақ тергеушi ... өзiн де, өзгенi де әшкерелеу құқығы және ... төзім, төзім және төзім болатын.

Әрине, мұның барлығы орыны толмас қасірет әкелді.

(Жалғасы бар)

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5504