Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2351 0 пікір 19 Маусым, 2009 сағат 06:56

Алкоголь өндірісін мемлекет монополиясына өткізу тиімді болар ма еді?

Ресейде таңертең, кешке және демалыс күндері алкоголь өнімдерін сатуға тыйым салынып, заңсыз жолмен арақ шығарғандарға қылмыстық жаза белгіленуі мүмкін. Осындай бастама көтерген Қоғамдық палата арақ-шарап сату ісін мемлекет монополиясына беруді ұсынып отыр. Бұған ерлер арасындағы өлімнің 30 пайызы, әйелдер арасындағы өлім-жітімнің 15 пайызы қу арақтың кеселі деген дәлелдер келтірілген. Дегенмен «ішетіндер тұрғанда мұндай шарадан ештеңе де шықпайды, қайта сапасыз арақты жасырып сататындар көбейеді» деушілер де бар. Қазақстанда арақ шығаратын 40, шарап шығаратын 24 және сыра ашытатын үлкенді-кішілі 62 зауыт бар. Біз сарапшыларға «Қазақстандағы алкоголь өндірісін мемлекет қарамағына берген тиімді болар ма еді?» деген сұрақ қойдық.

01122

Мұрат ӘБЕНОВ, Мәжіліс депутаты:

Иә
- Әрине, экономикалық тұрғыдан алкоголь өндірісіне мемлекеттік монополия енгізген тиімді болар еді. Өйткені бюджетке де ақша түседі, сапа да дұрыс болады. Бірақ бұл мәселені мұқият зерттеу керек.

Ресейде таңертең, кешке және демалыс күндері алкоголь өнімдерін сатуға тыйым салынып, заңсыз жолмен арақ шығарғандарға қылмыстық жаза белгіленуі мүмкін. Осындай бастама көтерген Қоғамдық палата арақ-шарап сату ісін мемлекет монополиясына беруді ұсынып отыр. Бұған ерлер арасындағы өлімнің 30 пайызы, әйелдер арасындағы өлім-жітімнің 15 пайызы қу арақтың кеселі деген дәлелдер келтірілген. Дегенмен «ішетіндер тұрғанда мұндай шарадан ештеңе де шықпайды, қайта сапасыз арақты жасырып сататындар көбейеді» деушілер де бар. Қазақстанда арақ шығаратын 40, шарап шығаратын 24 және сыра ашытатын үлкенді-кішілі 62 зауыт бар. Біз сарапшыларға «Қазақстандағы алкоголь өндірісін мемлекет қарамағына берген тиімді болар ма еді?» деген сұрақ қойдық.

01122

Мұрат ӘБЕНОВ, Мәжіліс депутаты:

Иә
- Әрине, экономикалық тұрғыдан алкоголь өндірісіне мемлекеттік монополия енгізген тиімді болар еді. Өйткені бюджетке де ақша түседі, сапа да дұрыс болады. Бірақ бұл мәселені мұқият зерттеу керек.

Алкоголь өндірушілеріне қояр сұрағым бар. Былтырғы жылдың алғашқы жартысында Қазақстан бойынша ел ішіндегі өндіріс пен импортты қосқандағы алкоголь нарығының көлемі 9 пайызға артып, 28 миллион декалитрден 30,5 декалитрге дейін артқан. Алдыңғы жылмен салыстырғанда импорт мөлшері 70 пайызға артып, ішкі өндіріс әлеуеті 2,7 пайызға кеміген. Мұның себебі неде?

Шынымен де, арақ-шарапты азырақ шығаратын болдық па, әлде дағдарыс кесірінен көптеген кәсіпорындар көлеңкелі бизнеске кетті ме? Қаржы дағдарысы басталды деп арақ ішіп жүргендер вискиге көшіп кетпеген шығар. Көлеңкелі бизнес өрістеген жерде сапасыз өнім шығады деген сөз. Бұл - талай жылғы тәжірибеде дәлелденген шындық. Қалай болғанда да, қадағалауды күшейту керек. Арақ өндірісіне келгенде бюджеттің табысы бірінші орында тұрмауы керек. Адамгершілік тұрғысынан алғанда мемлекетке өз алдына мұндай мақсат қоюдың қажеті жоқ. Мұндай ақша бизнеске де, мемлекетке де береке бере қоймас. Адамдардың әлсіздігі есебінен ақша табуға қарсымын. Оларды емдеу үшін көбірек қаржы жұмсауға тура келеді. Дағдарыс заманының өзінде бұл саладан пайда алуға тырыспағанымыз жөн. Азаматтар неғұрлым аз ішсе, мемлекетке соғұрлым жақсы. Өйткені халықтың, әсіресе жастардың денсаулығы өте маңызды. Бұл қазір үлкен проблемаға айналып отыр. Өкінішке қарай, жарнамаға тыйым салғанымызбен, жастардың ішімдікке әуестігін азайта алмадық. Жастар сыраны көп ішетін болды. Олардың арасында бойжеткендер көп. Бұрындары сырт көзге көрсетуге ұялса, қазір сәнге айналдырды. Сырадан бастап ішімдікке салынып кету оңай.

Спирттік ішімдіктердің жасырын өндірісі мен сатылуына қатысты қатаң шаралар енгізу қажет. Көптеген мемлекеттер алкоголь өндірісі мен айналымына мемлекеттік қадағалау енгізген. Өркениетті елдерде ішімдіктің сатылуына байланысты 10-нан астам шектеу бар. Мысалы, спирттік өнімдерді сатуға рұқсат алған сауда орындарының санын анықтау, арақ сататын дүкендердің мектепке жақын болмауы, алкогольді ішімдік сатылатын күндер мен сағаттарды шектеу, мас адамдарға арақ-шарап сатпау, жас мөлшеріне шектеу, сайлау немесе ірі спорттық жарыстар болатын күні алкоголь сатпау. АҚШ-та бір шөлмек сатып алу қиямет-қайым қалалар бар. Еуропаның көптеген елдерінде шектеулер енгізілген. Біз де осыған жетуіміз керек.

02211

Әміржан ҚАЛИЕВ, «Қазалко» қауымдастығының президенті:

Жоқ
- Бұл мәселе осыдан 2-3 жыл бұрын да көтерілген еді. Біз оған қарсы шықтық. Өйткені бәсекелестіктің жоқтығы арақ-шарап өнімдерінің сапасын төмендетіп жібереді. Жеке кәсіпорындар әрқашан өнімнің сапасына қарап, көбірек сатуға тырысады. Кеңес өкіметі кезінде арақ өнімдерінің 5-6 түрі ғана болса, қазір ассортимент 200-300-ге дейін жетеді. Бәсекелестік рынок үшін өте жақсы. Кімнің өнімі жақсы болса, сол алға жылжиды. Ресейде І Петрден бастап Горбачевке дейін арақ өнімдерін өндіруге, ішуге тыйым салуға байланысты талай заң қабылдаған. Бірақ оның нәтижесі болған жоқ. Онда маскүнемдік өте жоғары. Мысалы, бізде адам басына жылына 7 литр абсолюттік спирттен келсе, оларда 18 литрге дейін жетеді. Бұл - өте көп мөлшер.

Әрине, Ресей үшін маскүнемдікпен күрес бірінші орында тұр. Акциз құны жоғары болғандықтан, заңды жолмен шығарылған арақ құны жасырын зауытта құйылған шөлмектен екі есе қымбат. Жұмыссыз, жәрдемақыға қарап отырғандар ала алмайды. Ресей маскүнемдікке қарсы, көлеңкелі бизнеске қарсы қалай күресерін білмей жатыр. Бізде бұл мәселе мұншалықты маңызды болып тұрған жоқ. Елімізде арақ ішу азайып келеді. Арақты бос жүргендер, 45-60 жас аралығында зейнетке жетпей жұмыссыз қалғандар ғана ішеді, жұмысы барлар мына заманда іше қоймайды. Сондықтан жұмыссыздықты азайту керек. Мемлекеттік монополия болғанда жасырын бизнес кемиді деп айта алмаймын. Біріншіден, арақтың түрлері азаяды, сапасы нашарлайды. Себебі бәсекелестік болмайды. Екіншіден, Ресейде «арақты сенбі-жексенбі күндері сатпайық, кешкісін, түнде сатпайық»  дейді. Оның барлығы бос нәрсе. Араққа тыйым салынған 80-жылдары Алматыда «Турчатникте», қонақүйлерде, таксиде, вокзалдарда жасырын сатылатын. Ішетін адам қайдан болсын табады. Ішпейтін жағын ойластыру керек.

Біздің жекеменшік зауыттар элиталық арақтарды да шығара алады. Олардың орташа баға деңгейіндегі арағы бізге жеткізілгенше жол шығыны бар, кеденнен өткізгені бар, бағасы 700-800,1000 теңгеге дейін көтеріліп кетеді. 10-15 мың теңгеге дейін жететіндері бар. Сырттан әкелінетін алкоголь үлесі елде тұтынылатын мөлшердің 16 пайызын құрап отыр. Ресей, украин арақтарының өтімді болып отырған себебі оларда жарнама бар. Өздеріңіз білесіздер, Қазақстанда арақ-шарап жарнамасына тыйым салынған. Алайда Ресейдің ақпарат құралдары біздің елде тарайтындықтан, радио, телевизия, түрлі-түсті журналдар орыс өнімдерінің жарнамасына толы. Негізінде, олардың біздің арақтардың сапасынан артық ештеңесі жоқ. Қанша айтқанмен, арақ орыс мәдениетімен байланысты ғой. Бізде 35-40 пайызы көлеңкеде. Олардың жасырын жұмыс жасап жатқаны - акциз қымбат. Салық мөлшері кәсіпкерлер үшін тиімді болуы керек. Салық жоғары болса, кәсіпкерлер одан жалтара бастайды. Қазір литріне 100 теңге акциз төлейміз. Екіншіден, жеке кәсіпкерлерге қиын тиіп отырған тағы бір себеп - соңғы үш жылда акциз төлемін күні бұрын төлейтін болдық. Бұл өте көп шығынды қажет етеді. Өйткені ол өнімнің сатылар-сатылмасы белгісіз. Кәсіпкерлер осы үшін несие алады, ал кредиттің құнын өздеріңіз білесіздер. Есептік-бақылау маркасын арақты өндірмей тұрып алуымыз керек. Ашық жұмыс істейтіндердің жағдайын көріп отырған көлеңкеде жүрген кәсіпкерлер ашық жұмысқа барғысы жоқ.

 

Түйін
Меруерт МАХМҰДОВА, Қоғамдық проблемаларды талдау орталығының директоры:
- Шарап өндірушілердің айтуынша, олардың атын жамылып, нарыққа шығарылған жалған өнім үлесі 60 пайызға дейін жетіп қалады. Үкімет өнімнің санитарлық талаптарға сай сапалы әзірленуін, адамдар уланып қалмайтындай болуын қамтамасыз етуі тиіс. Салықтың толық төленуін, салықтан жалтарғандардың жауапқа тартылуын қадағалауы керек. Бұған үкіметтің заңдық тетіктері жеткілікті. Ал арақ-шарап өндірісіне немесе сатуға монополия енгізілуін қолдамаймын. Мемлекеттің 18 жыл бойы нарықтық экономиканы қалыптастырып келе жатып, қайтадан өз бауырына қайтарып алғаны жөн болмайды. Ресейдегі бастамалардан нәтиже шығарынан күмәндімін. Өйткені тыйым салынған жерде жасырын әрекет жанданады. Жұрт самогон, одеколон іше бастайды. Мұндай тыйымдарды пайдаланып, өз пайдасын көретіндер де табылуы мүмкін.

 


Дайындаған Анар Қуанышбекова

"Алаш айнасы" газеті  18 маусым 2009 жыл

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1494
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3263
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5588