Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2018 0 пікір 19 Маусым, 2009 сағат 09:03

Азия чемпиондарына 100 мың доллар берілді

 

 

Бокстан Қазақстан құрамасының мүшелері Азия чемпионатынан оралған бетте ҚР әуесқой бокс қауымдастығының президенті Тимур Құлыбаев мырзаның қабылдауында болды.
Елордада өткен басқосуға Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов, ұлттық бокс федерациясының вице-президенті Серік Қонақбаев, атқарушы директоры Жанболат Сәрсенов, ҚР дзюдо федерациясының президенті Бекет Махмұтов,  ҚР туризм және спорт министрінің бокс жөніндегі кеңесшісі Юрий Цхай, жаңадан тағайындалған әкімшілік директоры Бақыт Сәрсекбаев, ұлттық құраманың бас бапкері Дамир Буданбеков және «Сары құрлық» біріншілігінде чемпион атанып, жүлде алған спортшыларымыз бен олардың бапкерлері қатысты.
Ұлттық федерация басшысы Тимур Асқарұлы Азия чемпионатында топ жарып, жүлде алғандарға қомақты сыйақы тағайындағандығын жеткізді:
– Бүгінгі таңда ұлттық федерация басшылары боксшыларымыздың алаңсыз жаттығуына барлық жағдайды жасап отыр. Қытай шаршы алаңында қол жеткізген табыстарыңыз көңіл қуантарлықтай. Дегенмен де көрсеткіштеріңіз бұдан да жоғары болғанда тіптен жақсы болар еді. Чемпионат басталған бетте сенім артқан жігіттеріміздің біразы бірінен соң бірі біріншіліктен шығып қала бастағанда, шыны керек, қобалжыдық. Өздеріңізбен бірге Қытайда болған ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы Болат Әбдірахмановпен сағат сайын тілдесіп, мән-жайды біліп отырдық. Бокс біздің елде бірінші орында тұрғандықтан, Елбасыдан бастап бүкіл Қазақстан халқы сіздерге мол сенім артады.
Осы маңызды шаруаны қолға алып, игілікті істі бастаған соң мұны жарты жолда қалдыруға тиісті емеспіз. Бапкерлер мен сіздерге, боксшылар, қойылатын басты талап – шаршы алаңда жақсы нәтижелерге қол жеткізу. Ал қалғаны – біздің еншіміздегі, біздің мойнымыздағы шаруа , – деді.
Бұдан кейін ұлттық құраманың бас бапкері Дамир Буданбековтің есеп беру тұрғысындағы баяндамасы тыңдалды.
– Біз командалық есепте Қытай мен Өзбекстан құрамаларын алға жіберіп, үшінші орын алдық. Бүгінгі таңда AІВА-ның (Халықаралық әуесқой бокс федерациясының) техникалық құрамында, әсіресе төрешілер алқасында бір адамымыздың болмауы қиындау болып тұр. Боксшыларымызға көп кедергі жасап отыр. Бұл жолы да қазылар тарапынан бұра тартулар, әділеттік танытпаулар кездесті. Осы жағын ескерсеңіздер екен. Алда – әлем чемпионаты. Милан шаршы алаңында осындай деңгейде (АІВА сапында) арқа сүйер адамымыз болмаса, жігіттерге қиын соғады. Өйткені бұл сынға барлық елдер жан-жақты дайындалып жатқандығын естіп-біліп отырмыз. Тіпті рекордты көлемде 100-ден астам мемлекеттен таңдаулы былғары қолғап шеберлерін жаратып апармақ. Басқадай ұсыныс-талаптарымыз жоқ. Барлық жағдай жасалып жатыр. Барлығы көңілден шығады. Ұлттық федерацияның қолдауының арқасында Азия чемпионатына алаңсыз барып қайттық, – деп түйіндеді сөзін.
Бұдан кейін Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов мырза сөз алып:
– Бокс еліміздегі бетке ұстар спорт түрі болғандықтан, қандай да бір чемпионат, турнир болсын, көңілге қонымды нәтижелермен оралуға тиіссіздер. Сіздер ұлт мерейін асырып, елдің даңқын өсіресіздер. Сондықтан сіздерге қатаң талап қойылып отыр. Ұлттық федерация Азия чемпионатынан олжалы оралған боксшыларды ерекше қошеметке бөлеп, бұрын-соңды болып көрмеген сыйақы жасамақ, – деді.
Азиядан олжалы оралған боксшыларымызға арнап, ақ тілектерін білдірген Бекет Махмутов пен Серік Қонақбаев та федерация тарапынан жасалып отырған қамқорлыққа ризашылықтарын білдіріп, алдағы уақытта да жігіттердің жеңіске жете берулеріне сәттілік тіледі. Бұдан кейін Тимур Асқарұлы Азия чемпиондарын ортаға шақырып, оларға сыйақы табыс етті.
Қытай шаршы алаңында Әнұранымызды шарықтатқан Серік Сәпиев пен Василий Левитке 100 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы табыс етті. Ал қола жүлде иемденген үш спортшымызға – Олжас Сәттібаевқа, Ғани Жайлауовқа және Дәурен Елеусіновке 40 мың доллардан сыйақы берді. Осы боксшылардың жаттықтырушыларына да осындай көлемде сыйақы табыс етілді.
Боксшылар атынан өз лебізін білдірген құрама капитаны, әлем және Азия чемпионы Серік Сәпиев:
– Бұл – бізге көрсетіліп отырған үлкен қошемет, қомақты қолдау. Алдағы әлем чемпионатына барымызды салып дайындаламыз. «Сол сында биік межеден көрінеміз» деп, сіздерге барша боксшылардың атынан сөз беремін, – деді.
Басқосу соңында өз ойын бүкпесіз ортаға салған Бекет Сапабекұлы «Қазақ боксшыларына бұрын-соңды мұндай қомақты сыйақы жасалмапты. Азияда жүлдеге іліккендерге осындай сый-сияпат көрсетіліп отырғанда, әлем чемпионы атанған боксшыларымызды бұдан да жоғары асқақтататынымызды іштеріңіз сезіп отырған болар. Енді ұлттық құрама сапындағы әр боксшы әлем чемпионатында топ жаруға ұмтылатындығы даусыз», – деді.
Болат Жұмәділовтің, Геннадий Головкин мен Галиб Жафаровтың жеңісті жолдарын жалғастырған Серік Сәпиев «биыл Италияда тағы да теңдессіз танылса» деген барша қазақ халқының арманы бар екендігі рас. Тек Серіктің бабы мен бағы қатар шапса екен деп тілейік…

 


Телжан Күдеров
“Алаш айнасы” газеті  18 маусым 2009 жыл

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3260
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5583