Ақылдылардан айырылып жатырмыз
Қазіргі таңда кей азаматтарымыздың елімізден шет жұртқа қарай үдере көшіп жатқандығы тым құпия да емес. Себептері де жетерлік. Бірі өзге жақтан арзанырақ та сапалы білім іздесе, екіншілері отбасын ешкімге кіріптар қылмайтын жұмыс болар ма екен деп ойлайды. Ал үшіншілерін дедектетіп жүрген қанын қоздырған ата жұртын аңсаушылық секілді адами қасиеттер.
Бір өкініштісі, ата жұртымыздан өзге жаққа қарай ауып жатқандардың саны жыл сайын азаюдың орнына өсіп барады. Мәселен, 2016 жылы елімізден 32 930 адам кетсе, 2017 жылы ол 35 680 адамға жетіп. Ал былтырғы жылдың өзінде бұл көрсеткіш тағы да 41 894 адамға көтерілген. Бұл жайттар бізді алаңдатпай қоймайды. Кейбіреулер ойлайтынай «сыртқа кетіп жатқандардың басым бөлігі өз еліне қайтып, тарихи отанын тапқандар ғой» деп өзімізді өзімізді алдап жүрген секілдіміз. Біздегі билік басындағылардың айтуына қарағанда кетіп жатқандардың 70 пайызға жуығы өзге ұлттардың өкілдері көрінеді. Рас-өтірігін кім білсін, статистиканың мәліметі бізді осылай деп жұбатады.Бұл мекемеге қашанда күдікпен қарайтындығыма қарамастан, (бұлардың еліміздегі инфляция деңгейін қалай есептейтіндігінің өзі неге тұрады?) бұған да көнейік. Алайда бізді алаңдататыны анау 70 пайыз емес. Біз үшін қалған 30 пайыз қымбат. Неге? Өйткені осы отыз пайызың сапасы жағынан әлгі жетпіс пайыздан мың есе асып түседі. Бұл қазақтың қарадомалақтары өзгелерден әлдеқайда білімді, әлдеқайда алымды, әлдеқайда ақылды, әлдеқайда талапшыл да ұғымды. Міне, осындай асыл текті жандардан айырылып жатырмыз. Қысқаша айтқанда, болашағымызға балта шауып жүргендігіміз мүлде қаперімізге кіріп шықпайды. Қарапайым ғана қағида--білімді де таланты жастарға тиісті жағдай жасамасақ, мамандығына сай айлығы қомақты қызмет болмаса, мұндай елмен тағдырын тоғыстыра қояр ма екен? Ал басқа елдер біздің таланты ұл-қыздарымызға қашанда құшағы ашық. Өзгесін былай қойғанда көрші Ресей елінде ғана қазіргі таңда 86 мыңан астам ұл-қыздарымыз оқып жатқан көрінеді. Бұған еліміздің белгілі киноқайраткері Талғат Теменовтың осы порталда шыққан мақаласында айтқан Еуропада оқып жатқа 40 мың жасты қосыңыз. Ал біз болсақ, ештеңе болмағандай әлі де жайбарақат отырмыз. Сонда ешкімнің де елдің болашағына жаны ашымай ма? Көршілеріміз болса бұған белсене кірісіп кеткен. Ресейдің президенті Путиннің өткен бір жылдары: «Елімізге бөтен жақтан оқу іздеген жастар көптеп келе берсін. Түбі осында қалып, елімізді дамытады» деген сөзін неге жылдам ұмытып қалдық? Бұл дегеніміз жақында ғана тәуелсіз алған елімізге төнген үлкен қатер емес пе? Оның алдын алуға не істеп жатырмыз? Ештеңе де. Қайта құрдымға кетуге өзіміз де көмектесіп жатқан жайымыз бар. Әйтпесе неге жақында Сенатымыз елімізде Ресейдің өзге оқу орындарының филиалдары аз болғандай (Біздің Қостанайда Челябі университетенің филиалы баяғыдан бері ойдағыдай жұмыс істеп тұр) Мәскеу мемлекеттік университетінің филиалын ашу туралы шешім қабылдауын қалай түсінуге болады? Бұл не сонда, қолымыздан ештеңе келмейтіндігін ашық мойындау ғана емес, «жә, кетсең, кете беріңдер» деп жаныашымастықпен өзгелерге қарай итере салу ма?
Осындай көзқарастан кейін жастарымыз шетелге ағылмай қайтсын. Өзге өңірлерді қайдам, біздегі жағдай тіпті де дабыл көтерерліктей. Жастардың әсіресе көршіміз Ресейге қарай ағылуы әзірге тоқтамай тұр. Мұны Қостанай облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Мұрат Жұрқабаевтың өзі мойындауға мәжбүр болды. Бұл жайды ол облыстық мәслихаттың сессиясында еш бүкпесіз салды. Оның айтуынша бұл үрдіс бой бермей келеді. Өйткені көршіміздегі білім алу әлдеқайда арзанға түседі. Ол оқу орыны бітірген соң олардың Еуропа мен Америка секілді елдерге барып жеңілдікпен оқуын жалғастыра алады.
Білімге құмар жастардың шетелге үдере көшуінің бір сыры--айта-айта әбден жауыр болған атақты Біріңғай ұлттық тестілеу (ҰБТ) дегеннің аяқтан шалып, жастардың бағын байлап тұрғандығында. ТМД елдерінің еш жерінде жоқ, айдағы бір Еуропадан ба, Америкадан ба, әлде Австралиядан ба, көзсіз көшіріп алған осы бір шала-шарпы дүниенің қазіргі таңда пайдасынан зияны шаш етектен болып тұрғандығына ешкім де назар аудармайтын секілді. Әбден ашынған болар, теледидардағы бір пікірталас кезінде «Ақжол» партиясының төрағасы Азат Перуашевтың өзі: «ҰБТ-қа баламалы есебінде шығармашылық емтихан енгізу қажет.Өйткені біздің балаларды Қытай мен Еуропа ешбір ҰБТ-ысыз-ақ елдеріне алып кетіп жатыр. Ал біз болсақ өз жастарымыздың алдына тосқауыл қойып отырмыз»,--деп ағынан жарылуға мәжбүр болды.
Енді құрғақ сөзді қоя тұралық. ҰБТ деген бір жағынан, гранд көбейгенмен оқу сапасының жылдан-жылға құлдырап бара жатқандығы бар, оған білім ордаларындағы парақорлықты қоссаңыз, ақылды да білімді, болашағынан мол үміт күттіретін жастардың өзге елдерге қарап алаңдап тұратындығына таң қалуға да болмас.
Бірер мысал келтіре кетелік.Біздің Қостанайда қарапайым ғана жұмысшы отбасынан шыққан Асхат Сейдалин ешкімнің көмегінсіз өз бетімен Ресей үкіметі жанындағы Қаржы университетіне Біріңғай мемлекеттік емтиханға қатысып, ең жоғары балл алып, талайларды таң қалдырған. Онымен қоймай, Ресей үкіметінің халықаралық деңгейде жариялаған «Жастар саясатына біріңғай баға берудің критериі» атты конкурста еш талассыз жеңіп алып, айды аспаға бір-ақ шығарды. Асхат мүйізі қарағайдай 632 шетелдік студент қатысқан бұл сайыста талай жұртты амалсыз мойындатты. Дегенмен, уақыт шіркінге дауа жоқ. Енді амандық болса ол оқу орыны бітіруге де көп уақыт қалған жоқ. Сонда мұндай аса талантты, оның үстіне жастайынан сал ауруына ұшыраса да асқан шыдамдылықпен білімнің асқар шыңын бағындырған жан өз Отанына керек бола қояр ма екен? Біздегідей жоғары жақта бір мықты «көкең» болмаса жақсы қызмет бұйыра қоймайтын парақорлық гүлдеп тұрған қоғамда мұндай жандарға кім көңіл бөле қояр дерсің? Өкінішті-ақ, Асхат бауырымыз көршіміздің маңдайына бұйырған жарық жұлдыз шығар. Қайтейік, өз қолыңды өзің кесесің бе?
Тағы бір мысал. Орал қаласындағы Назарбаев интеллектуалды мектебінің оқушысы Әлина Молдағалиева АҚШ мен Гонконгтан 11 бірдей грандты жеңіп алған. Оның тоғызы Америкадан да, екеуі Гонконгтан көрінеді
Айта берсек, мұндай мысалдар жетіп артылады. Ақылды жастарымыздан кенде емеспіз. Қазақтың таланты--сарқылып бітпейтін асыл қазына. Тек осыны өз игілігімізге жарата алмай, өзгелердің өркендеуіне үлес қосып отырғандығымыз ешкімді де қынжылтпайтындығы көңілімізді алаңдатпай қоймайды. Абай хәкім айтпақшы «Қолымызды мезгілінен кеш сермеп» жүрмейік, ағайын.
Жайберген Болатов
Abai.kz