Сенбі, 23 Қараша 2024
Ел іші... 6197 6 пікір 6 Қыркүйек, 2019 сағат 14:48

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы өтті

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің алғашқы отырысы өтті. 

Ұлттық кеңес аясында үш бағыт – саяси, экономикалық және әлеуметтік бағыттар бойынша жұмыс топтары құрылған. Тамыз айының соңында консультативті-кеңесші органның ұйымдастырушылық кездесуі өткен болатын.

Алғашқы отырысты ашқан Президент билік халықтың уәжін тыңдауы керек екенін айтты.

«Мемлекет өз азаматтарын тыңдай білуі тиіс. Ең бастысы тыңдауы керек. Біз мемлекеттің әлеуметтік саясатын қайта қарауымыз керек. Ұлттық экономика – біздің қазақстандықтардың әл-ауқатына негізделуі тиіс. Басқаша айтқанда, мемлекет табысын бөлуде әділдікті күшейтуге тиіспіз. Бірақ, масылдық пиғылдың орын алуына жол берілмейді. Өкінішке қарай, бұл кесел ұлттық мінез-құлқымызға кері әсерін тигізуде. Біз бүкіл қоғам болып, жұртшылықты еңбекке баулуға тиіспіз. Табысты жұмыс істегені үшін азаматтарды қаржылай ынталандыру керек. Бұл – мемлекеттің міндеті. Біз осы міндеттерді орындауымыз керек», - деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, дәл қазір қоғамда қызу талқыланып жатқан Қытай зауыттарына қатысты жағдайға да пікір білдірді.

«Соңғы уақытта шетелдіктерге жер сатылады немесе шетелдік 55 ескі зауыт ауыстырылып, шетелдік жұмысшылар тартылады деген қауесет тарап жүр. Біздің халық мұндай нәрсеге еріп кетпеуі керек. Мұндай қауесеттерді адамдардың, соның ішінде эмоцияға ерік беретін, эпатажды азаматтардың патриоттық көңіл-күйлерін сенімді басқаратын арам пиғылдылар өз мақсаттарына жету үшін таратады.

Біздің халық ақылды және өз санасымен өмір сүре алады. Биліктің басты мақсаты қоғаммен диалог жүргізу арқылы мемлекеттік саясаттың мақсаты мен міндеттерін түсіндіру. Біз бұл істі жақсы атқармаймыз.

Дұрыс ақыл мен ұсыныстарды тыңдап, ескеру қажет. Тағы да қайталап айтамын, жерді біз ешкімге бермейміз және әрдайым азаматтарды тыңдаймыз», - деді президент.

Сондай-ақ, мемлекет басшысы Қазақстанда саяси реформалар қажеттілігі пісіп-жетілгенін айтты. Оның айтуынша, қазіргі саяси-әлеуметтік, экономикалық және қоғамдық дамудың сипаты айтарлықтай өзгеретін болады.

«Азаматтық белсенділік ел тағдырына деген жауапкершілік, тұрмыс сапасын жақсартуға деген ұмтылыс халқымызды алға жетелейді. Осы ұстанымдарды басшылыққа алып, еліміздің дамуына тың серпін беру маңызды міндет. Кез келген мемлекеттің өз түйткілі болады. Алға ілгерілеу үшін қордаланған мәселелерді уақытылы шешу керек.

Биылғы сайлау науқаны соны анық көрсетті. Ел өмірінде болып жатқан маңызды өзгерістерге құбылмалы әлемнің де ықпалы зор екендігін түсінуіміз қажет. Дегенмен, Ұлттық кеңес жұмысының бастауында алдағы жұмыстың өте маңызды әрі түбегейлі сәттерін белгілеп берсем. Біздің күш-жігеріміз дамуға бағытталған болуы тиіс. Мен барлық уақытта шектеулі болуға қарсы болып келемін. Себебі ол танымалдық әкелуі мүмкін. Бірақ еш нәтиже бермейді. Ал бізге жемісті жұмыс қашанда керек. Сондықтан өзімнің Қазақстан халқына Жолдауымда саяси реформаларды алдыға ентелеместен, ойластырып, біртіндеп жүзеге асыратындығымызды баса атап өткен едім. Тарихи дамудың логикасы осындай. Дегенмен, уақыт талабынан қалып қоймау керек. Яғни, реформа реформа үшін емес, қажеттілік үшін. Реформалардың қажеттілігі пісіп-жетілді, ол барлығына да түсінікті», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ұлттық кеңес аясында үш бағыт – саяси, экономикалық және әлеуметтік бағыттар бойынша жұмыс топтары құрылған болатын. Бүгінгі отырыста осы үш топтың әрқайсысынан екі адам, яғни 6- адамға сөйлеуге өкілеттілік берілді. Регламентті Кеңес мүшелері өздері келісіп, бекітті. Барша баяндамалардың басым көпшілігі мемлекеттік тілде болды.

Ал Саяси реформа тобының атынан Айдос Сарым баяндама жасады. Ол "Партиялар жөніндегі', "Митингілер жөніндегі", "Ақпарат құралдары жөніндегі", "Сайлау туралы", "Парламент жөніндегі" заңдарға өзгеріс енгізуді ұсынды. Сонымен қатар, "Өзін-өзі басқару", "Сот жүйесін реформалау" концепцияларын қарастыру керек екенін айтты.

Айта кетейік, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган саналады. Ұлттық кеңес қызметінің негізгі мақсаты - жұртшылықтың, саяси партиялардың, азаматтық қоғамның өкілдерімен кеңінен талқылау негізінде мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар. Ол өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы ережені басшылыққа алады.

Ұлттық кеңестің негізгі міндеттері: тұжырымдамалардың, мемлекеттік бағдарламалардың және нормативтік құқықтық актілердің жобаларына қоғамдық сараптама жүргізу; жұртшылықтың және азаматтық қоғамның пікірін ескере отырып маңызды стратегиялық проблемаларды қарау; жұртшылықтың, саяси партиялардың, үкіметтік емес сектордың және мемлекеттік органдардың өкілдері арасында сындарлы диалогты қамтамасыз ету; өзінің құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге де қызметті жүзеге асыру болып табылады.

Ұлттық кеңестің құрамы белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, саяси партиялар, үкіметтік емес сектор өкілдерінің қатарынан қалыптастырылады. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл өз лауазымдарына сәйкес Ұлттық кеңестің құрамына кіреді. Төрағаның шешімі бойынша Ұлттық кеңеске республикалық және жергілікті деңгейдегі қоғамдық кеңестердің өкілдері, сондай-ақ өзге де адамдар енгізілуі мүмкін.

Ұлттық кеңестің отырыстары қажеттігіне қарай өткізіледі, бірақ жылына үш реттен жиі өткізілмейді. Кеңес шешімдері оның отырысына қатысып отырған мүшелерінің дауыс беруі арқылы жалпы санының көпшілік даусымен қабылданады.

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5364