15-қыркүйек - қазақ жерінің тұтастығы сақталған күн
1991 жылы 15 қыркүйекте Орал казактары Оралда өздерінің 400 жылдығын атап өтпек болды. Оған Ресейдің әр аймағынан казак атамандары мен жасақтары жиналды. Өз жиындарын концерттік қойылым мен көрініс арқылы атап өтеміз деген олардың шын мәнінде мақсаты бөлек еді. Қазақ ұлтшылдары казактар Қазақстанның батыс аймағында сепаратизм дәнін егіп жатыр деп санады. Олардың қауіптері негізсіз емес еді. Өйткені дәл осындай сценарий бойынша казактар Приднестровьенің берекесін қашыруда Ресейге жақтасты.
Елімiздің бөлшектенбеуіне "Азат" қозғалысы мен қарапайым халық ұмытылмас еңбек сіңірді. Олар 15 қыркүйекке дейін еліміздің әр аймағынан жиналған азаматтармен бірігіп митингтер өткізді. Ал 15 қыркүйек күні бұл жымысқы жоспардың талқанын шығарды. Концерт қоямыз деп жиналған залда казактар "Оралды Ресейге қосу мәселесін" талқылап жатқан болатын. Ұлтшылдар бұл ойды біліп, залға кірмек болды. Сол сәтте батырсынған казак содырлары тайып тұрды. Дайын тұрған автобустарға отырып, Ресейлеріне табан жалтыратты. Әскери саппен жүріп өтпек болған кей казактар біздің жігіттерден соққы жеді. Осылайша қарапайым қазақ жігіттері, жүрегі Алаш деп соққан патриоттар елімізді, бабадан қалған қасиетті мекенді бір қауіптен сақтап қалды.
Олар жайлы бүгінде биік мінберден айтылып, теледидардан көрсетпейді. Бірақ біз ұмытпаймыз. Сол оқиғаға қатысушы патриоттарға алғыс білдіремін!
Асхат Қасенғалидың facebook парақшасынан
Abai.kz