Сәрсенбі, 27 Қараша 2024
Пікір 6459 30 пікір 17 Қыркүйек, 2019 сағат 10:27

Несіпбек Айтұлы: Ақын-жазушылар биліктің жауы емес

Өткенде Елордада Азия қаламгерлерінің алғашқы форумы өткенін білесіздер. Азия құрлығының қырыққа жуық елінен және Қазақстанның әр аумағынан жиылған 300-ге тарта қаламгердің бұл басқосуы жайлы ел ішінде түрлі пікірлер айтылды. Бұл форум бізге не берді деген жалпының көңіліндегі жалқы сұраққа ұйымдастырушылар, яғни Қазақстан Жазушылар одағы басшылығы жауап та берді. Десе де біз бүгін ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Несіпбек Айтұлын сөзге тарттық...

– Елімізде «Азия елдері қаламгерлерінің І форумы» өтті. Бұл форум 1973-жылдан кейін өтіп отырған Азия құрлығындағы қаламгерлердің басын қосқан тұңғыш жиын екен. Екеуінде де болдыңыз. Осы үлкен екі жиынның арасында қаншалықты өзгеріс, өсу бар? Нені байқадыңыз?

– Бұл форум қаламгерлерге үлкен ой салды. Қалғи бастаған қауымға сілкініс, серпіліс тудырды. Азия жазушыларының бас қосуы бұл жай ғана жиын емес. Бұл форумды еліміздің байтақ, әдебиетіміздің бай екеніндігін айғақтайтын халықаралық құрылтай десек те болады. Өйткені Азия жазушыларының 1-форумын біз бастап отырмыз. Форумда кесек сөздер, келелі пікірлер айтылды. Шеттен келген қонақтарды айтар болсақ, маған Оңтүстік Кореядан келген жазушының, Моңғолиядан келген ақынның сөзі ұнады. Олар Азияның мәдениеті мен әдебиетінің ерекше екенін, әлемдік кеңістікте алатын орыны өте зор екенін, өзіне тән болмысы бар күрделі құрлық екенін баса айтты. Өйткені Азияда көптеген елдер бар. Алып империялар отыр. Олардың бір-біріне ұқсамайтын терең тарихы, қилы тағдыры, тамыры тереңде жатқан әдебиеттері бар. Ал, біздің өзімізге келер болсақ, кешегі ұлы ағаларымыз арамызда жүрген қос Ғабең, Ілияс Есенберлин, Сафуан, Сырбай, Ғафу, Тұманбай, Қадыр, Мұқағали, Әбіш, Жұмекен, Сайын, Сағи, Оралхан, Қалихан, Рымғали, Фариза, Ақселеу тағы басқа көптеген ағаларымыз бүгін жоқ. Олар қарқарадай тізіліп осы форумда отырса, қасқайып тұрып өз ойларын айтса, қандай ғанибет болар еді?!... Тағдыр, уақыт оны көруге жазбады. Қазір уақыт басқа, қоғам басқа. Әдебиеттің алдындағы міндет басқа. Біздің тарапымыздан сөйлеген Олжас ағамыз салмақты ойлар айтты. Олжастың қазақ әдебиетінің бүгінгі хал-ахуалы және халтура туралы меңзеген астарлы сөздері көптің көңілінен шықты. Талантты тану, талантты қаламгерлерді қадірлеу мәселесін көтерді. Біздің қоғам ақылды адамдардан гөрі жалпақшешейлер мен жағымпаздарды қолайлы көреді деген өткір пікір білдірді. Төлен Әбдіктің әдебиет жөнінде айтқан сөздері де өте құнды болды. Маған қатты ұнағаны жазушы Дулат Исабековтың постмодернизімге берген анықтамасы. Бұл өзі көптің көкейінде жүрген ой еді. Кешегі Мұқағалилар соны білмеді дейсің бе? Олар да әлем әдебиетін бағдарлап, байыптап оқыған әрине. Бірақ көзсіз еліктеп, солықтамаған. Туған әдебиеттің терең тамырынан ажырамай, туған тілдің уызына жарып, кәусар тұнығынан қанып іше білді. Әдебиетіміздің ұлттық келбетін сақтай отырып, көркемдік көкжиегін кеңейте түсті. Дулат аға айтқандай шынында да: «Постмодернизімге бой ұру – өзіңнің талантысыздығыңды жасыру». Бұл бір айта жүретін сөз болды. Әр әдебиеттің өз тегі бар. Біз тексіз әдебиет жасамауымыз керек. Әдетте біз текті ұрпақ тәрбиелеуіміз керек деп жатамыз, әдебиет те сондай... Тексіз әдебиет ол басқаға телінген әдебиет. Тұлыпқа мөңіреген сиыр сияқты нәрсе. Сондықтан, адаспауымыз қажет. Бізде адасып жүрген бауырларымыз өте көп. Олар кешегі Мағжан, Қасым, Мұқағали заманында да болған. Әлі де болады. Бірақ, олардың түбінде қайта айналып қара өлеңнің үйіріне қосылатынына күмәнім жоқ. «Күпі киген қазақтың қара өлеңін, Шекпен жауып өзіне қайтарамын» - деп Мұқағали бекер айтпаған.

Сайып келгенде, бұл форум әдебиет қана емес, мемлекетіміз үшін де үлкен абырой болды. Әлемдегі мемлекеттер бір-бірімен шарпысып тұрған кезеңде, өз ішімізде де сан қилы пікірлер мен көзқарастар қақтығысып, дүрбелең туып тұрған шақта Елордада Азия қаламгерлері жиналып әлемдік деңгейде келелі кеңес өткізіп, пікір алмасуы жақсылықтың нышаны. Форумды ұйымдастыруға қолдау білдіріп, мұрындық болған Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа, Мәдениет және спорт министрлігіне, Қазақстан жазушылар одағы басшылғына шексіз алғысымды білдіремін.

Өткен ғасырда Әнуар Әлімжанов ұйымдастырған «Азия, Африка жазушыларының конференциясынан» кейін, біз көрген үлкен шара осы. Қарап отырсақ, 40 жыл мүлгумен келіппіз. Одақ ішіндегі ұсақ-түйек, өзара кикілжің, тұрмыстық дау-дамайдың айналасынан шыға алмаппыз. «Ішіп қойдың, жеп қойдың» деген ырың-жырың тартыстың төңірегінде жүріппіз.

– Азия форумы бүгінгі жаһандану дәуіріндегі қаламгерлердің қоғамдағы орынын айшықтай алды ма?

– Жазушылар одағы ұлттық ойдың көшбасшысы болуы керек. Алайда, билікте жүрген кейбір шолақ ойлы шенеуніктер ақын-жазушылар десе, Абай айтқандай «Ит көрген ешкі көзденіп» шыға келеді. Ақын-жазушылар биліктің жауы емес. Керісінше билік олармен ымыраға келіп, пайдалы пікірлеріне құлақ асса нұр үстіне нұр болар еді. Қаламгерлер мен атқа мінген азаматтардың ойлары бір жерден шығып, көп тілегін қанағаттандырғанда бүгінгідей артық айғай-шу болмас еді.

Мен бір нәрседен қорқам. Ол біздегі шектен шыққан жемқорлық мәселесі. Телегей теңіз ұлт байлығын талан-таражыға салған ұлы жемқорлық, қайталап айтам ҰЛЫ ЖЕМҚОРЛЫҚ, түптің түбінде Тәуелсіздігіміздің түбіне жете ме деп қауіптенемін. Президент кеше жолдауында жемқорлықтың жолын кесу керек деп қадап айтты. Батылдықпен айтты. Алайда, Президент жалғыз өзі жемқорлықтың жолын кесе ала ма, жоқ па? Біздегі ұлы жемқорлықтың жолын кесу жалғыз басшының қолынан келмейді. Жазушылар осы тұрғыдан ойлануымыз керек. Біздер, қаламгерлер осы бітіспес күресте Президенттің қасынан табылғанымыз жөн. Бұл жемқорлықтан көзіміз ашылмаса, мемлекетіміздің болашағы бұлыңғыр. Мына түрімізбен ешқандай мұратқа жете алмай қалуымыз мүмкін. Міне, мені қатты толғандыратын мәселе осы.

– Жүсіпбек Аймауытов айтқан «Әдебиет – ұлттың жаны» болса, әдебиеттің жаны – тіл. «Туған тілін білмесе, Туған ұлым жат маған!..» - дедіңіз сіз. Жақында Президентіміз жолдауында қазақ тілін баса назар аударып, басымдылық беру жөнінде айтты. Ойыңыз қандай?

– Біздегі толғақты мәселе – тіл мәселесі. Президентіміз: «Қазақ тілі – ұлтаралық тіл болатын күн де алыс емес» деді. Бұл да өте батылдықпен айтылған сөз. Бұл – қазақ тілі қазіргі қолданыстағы орыс тілінің деңгейіне жетеді деген сөз. Ойлануға тура келеді. Біраз жыл бұрын 2020-жылы еліміз мемлекеттік тілде толық сөйлейді деген де уәделер болған. Тәуелсіздік алғалы ширек ғасырдан асты. Баяғы жартас, бір жартас. Қыруар қаржы жұмсап тіл комитеттерін құрдық, қаншама аударма жасадық, барлығы нәтижесіз болды. Сондықтан мемлекеттік тілдің мәртебесін көтереміз десек, мемлекеттік тілді білмейтін кадр, мемлекеттік қызметте отырмауы тиіс. Сонда ғана Президентіміз айтқан: «Қазақ тілі ұлтаралық тіл болатын» күнді жақындата аламыз. Мен Президенттің тіл саясатын жолға қоймақ ниетіне өте разымын. Лайым айтқаны келсін. Бірақ осының орындалуына әлі де күдікпен қараймын. Президентке сенбегеннен емес, мен осы өзіміздің қазақтарға сенбеймін. Сайып келгенде, ұлттық идеология биік тұғырға көтерілмей, мемлекеттік тіл ешқашан өз мұратына жете алмайды.

– Алда хәкім Абайдың 175 жылдық мерейтойы келе жатыр. Ұлтымызды ұлықтайтын, ұрпаққа өнегесі мол осы тойға дайындығымыз қандай? Абайды қаншалықты зерттеп-зерделеп келеміз?

– Айталық, кеше Ләйлім-Шырақ деген қыз бала бастап, Абай өлеңдерін оқу эстафетесын Президентіміз қостап, үлкен бір қуанышқа бөледі. Абайды ұмытып бара жатқандай едік, бұл өте дұрыс бастама болды. Бірақ бізде бір жаман әдет бар, Президент айтса, Елбасы айтса бөрінің артындай шулаймыз. Ал, өз бетімізбен ойланып жасайтын шаруалар толып жатыр емес пе? Мысалы, Абайдың келер жылы - 175 жылдығы. Оны халықаралық – ЮНЕСКО деңгейінде өткіземіз деп жатырмыз. Бәрі дұрыс. Алайда, өткенде қабырғалы ғалым, абайтанушы, менің досым Тұрсын Жұртбай: «Абай тойын өткізу үшін құрылған мерейтойлық комиссияның ішінде бірде-бір абайтанушы, Абайды білетін адам жоқ» - депті. Тұрсынның қауіп қылатын жөні бар. Абайды түсіну үшін үлкен ойшылдар, Абаймен көзін ашқан адамдар, сол комиссияның ішінде болу керек қой. Абайдың рухани әлемін былай қойғанда, мұраларына, ескерткішіне қатысты көптеген мәселе бар. Егер мен комиссияда болсам айтар ем. Мысалы, Абайдың 150 жылдығында кешенді кесенесін жасадық. Өте асығыс жасалғандықтан Абайдың топырағы қол жетпес тереңдікте қалды. Демек, бұл Абай кесенесінің құрылысы толық аяқталмағандығын білдіреді. Мұны кесенені жасауға қатысқан, архитектор Сайын Назарбековтың өзі де мойындап отыр. Жоспар бойынша кесененің іші арқылы Абай топырағына баратын дәліз жасалуы керек болатын. Сайынның айтуынша ол жасалмай қалған. Менің қозғауыммен, аяқталмай қалған жұмысты аяқтайық деп жоғарыға С.Назарбековтың осыдан 10 шақты жыл бұрын жазған хатына әлі күнге жауап жоқ.

Өзім Абай ауылында өскен бала болғандықтан айтайын, Абай туған Сырт Қасқабұлақ қалай болса солай жатыр. М.Әуезов жөнінде кітап жазып, Абай жөнінде көптеген мәліметтер берген жазушы Кәмен Оразалиннің үйін музей жасау сияқты толып жатқан мәселелер жеткілікті. Оны сол жерде туған, бірге өсіп, біте қайнасқан біздер білеміз. Т.Жұртбаевтың күйініп отырғаны да сол. Сондықтан мені қойшы, Т.Жұртбаевты комиссияға кіргізбеу деген үлкен ұят нәрсе. Бұл Абайға жан ашымастық. Қалай болса солай селқос қараушылық деп білемін. Абайға олай келуге болмайды. Абайға байыппенен, ақылменен келу керек. Әйтпесе, Абайдың аруағы шамданады...

Жақсы, Абай тойын тойлайық, бірақ, Абай жалғыз емес қой. Кәкімбек ақын айтқан: «Қазақтың ірілері – Абайдың інілері» – Сәкен, Ілияс, Бейімбеттің туғанына да биыл 125 жыл толып отыр. Бұл алдымен Жазушылар одағының назарында болатын шаруа. Жазушылар одағы әзірге не істеп отыр оны анық білмеймін.

– Тұлғалардың тойларын өткізу төңірегінде тоқталсаңыз. Нені ескеруіміз керек? 

– Ұлы тұлғалардың тойларын өзінің туған ауданында, туған облысында өткізуді әдетке айналдырып алдық. Бұл дұрыс та шығар. Алайда, ұлтқа қызмет еткен мемлекеттік қайраткерлерді алдымен мемлекет астанасының төрінде әспеттеуіміз керек емес пе? Бұл ұлт үшін, ұлттық идеология үшін ауадай қажет аса маңызды мәселе. Ірі тұлғаларды әр облыс, әр ауданға тығып тойлауды дағдыға айналдыру елдік, мемлекеттік тұтастығымызға жік салатын, қазақты ірітуге соқтыратын қатерлі қарекет. Біз тәуелсіздік жолында құрбан болған ұлы тұлғаларымызды, неге, Елордада «Тәуелсіздік сарайында», биік мінбеден сөйлеп тұрып, үлкен жиналыс жасап, мерейтойларын өткізбеске? Соларды үлгі ете отырып, бүгінгі ұрпақтың бойына ұлтжандылықты сіңіреміз. Тіпті, кешегі Кеңес үкіметі тұсында Д.Қонаевтың қатысуымен мемлекетке, әдебиетке қызмет еткен тұлғаларды қалай ұлықтағанын көзімізбен көрдік. Ал, тәуелсіздік алғаннан кейін олардың бәрін бұрыш-бұрышқа апарып, сай-сайға қуып тықтық. Не болдық? Біз сонда тәуелсіздікті кім үшін алдық? Көк байрақты не үшін тіктік? Ұлт жөніндегі ойларымыз, ұлы тұлғаларымыз жөніндегі сөздеріміздің барлығы көк байрақтың түбінде айтылу керек емес пе? Сонда елімізде тұтастық, бірлік болмай ма? Ұлттық идеология осыдан басталмай ма? Елдің тұтастығы үшін ассамблея деген жақсы, бірақ ұлттың тұтастығын қайда қоямыз?.. Мына түрімізбен бізде қандай ұлттық тұтастық болмақ?

– Ұлт алдындағы қаламгерлердің міндеті қандай?

– Ұлт тағдыры туралы ойлар кешегі Азия форумында да кеңінен сөз болды. Ұлтты аман сақтап қалу жолындағы күресте қазақ қаламгерлері де бірауызды болуы тиіс. Билік халықты тыңдау керек деп ойлаймын. «Жел соқпаса, шөптің басы қимылдамайды» - деп халық бекер айтпайды. Мынау әкім-қаралардың көбі зиялы қауыммен сөйлесуден үркеді, зиялы қауымды кейде өздері шапқа түртеді... Ол дұрыс емес.

Халықтан биік тек Құдай ғана. Билік – халықтың қызметшісі. Өйткені, билікті халық өз қолынан сайлайды. Сондықтан, билік халыққа адал қызмет етіп, көптің сенімінен шығуға міндетті. Халық қай заманда болсын биліктің үстемдігіне, зорлық-зомбылыққа көне алмайды. Халық пен билік бір-бірімен тіл табысып, бір мәмілеге келгенде ғана мемлекеттің мерейі үстем болмақ!

«Әдебиет порталы»

Сұхбаттасқан: Арман Шеризат

Abai.kz

30 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1555
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3355
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6247