Сенбі, 23 Қараша 2024
Саңлақ 5116 4 пікір 20 Қыркүйек, 2019 сағат 13:57

Құрамында жалғыз қазақстандық ойыншы бар «Астана» МЮ-дан жеңілді

«Астана» Еуропа Лигасы топтық кезеңі аясындағы алғашқы матчын сырт алаңда англиялық «Манчестер Юнайтед» командасына қарсы өткізіп, 1:0 есебімен жеңіліп қалды.

Төртінші жыл қатарынан Еуропа лигасының топтық кезеңінде бақ сынап жатқан елордалық команда Манчестер қаласына үлкен үмітпен аттанған. Әрине МЮ-ді жеңіп, үш ұпай еншілейміз деп үміттенбеген болар, бірақ, атақты «Олд Тра́ффорд» стадионында доп тебудің өзі мақтаныш дегенді жиі айтып жүрді. Тіпті «Астананың» айналасындағы басшы-қосшылар қазақ футболына "атасында көрмегенді ботасында көрсеттік" дегенге келтіріп, бұл оқиғаның тарихи жетістік екеніне сендіргісі келді.

«Манчестер Юнайтедтің» Еуропадағы ең беделді командалардың бірі екеніне дауымыз жоқ. «Қызыл сойқандар» деп аталатын бұл команданың жанкүйерлері әлемнің әр түкпірінен табылады. Алайда, соңғы жылдары «сойқандардың» сағы сынған. Өз елінің үздігі атанудан үміті үзілгелі бес-алты жыл болды. Соған қарамастан МЮ біздің «Астананың» қасында алыптың алыбы екені сөзсіз.

Сонымен «Олд Тра́ффордтағы» ойын өтті. «Манчестер Юнайтед» жасыл алаңға бір ғана негізгі құрам ойыншысын шығарды. Шабуылда Тахит Чонг, Мейсон Гринвуд секілді жас балаларға бас-көз болу үшін Маркус Рэшфорд алаңға шықты. Қалған футболшылардың бәрі де «қызыл сойқандардың» негізгі құрамынан орын ала алмай, қосалқы құрамда отырғандар.

Ал «Астананың» бас бапкері Роман Григорчук бар мықтысын алаңға шығарды. Бір өзгеріс, тіреуші жартылай қорғаушы позициясына Юрий Логвиненконың орнына хорватиялық Лука Шимунович шықты. Бірақ, бұл аса көреген шешім бола қоймаған секілді, екінші тайм басында Юрий өз орнына оралды.

Осы жерде айта кетер бір мәселе, «Астана» сапында бұл кездесуді бірінші минуттан бастаған 11 футболшының тек біреуі ғана таза қазақстандық. Сол қапталдағы қорғаушы Димтрий Шомкодан басқа он ойыншы шетелден келген шеберлер. Рас, Қақпашы Эрич пен орталық қорғаушы Постниковта Қазақстанның көк паспорты бар. Бірақ, бұның біріншісі Сербияда туып-өскен, соңғысы Ресейдің екінші сортты ойыншысы. Ал қалғаны легионерлер.

Құрамында қазақ түгілі қазақстандық ойыншы аз елордалық командаға елде қалған миллиондаған қазақ жанкүйерлік етті. Қазақстанның командасын қазақтан басқа кім қолдайды дейсіз?! Елдегі өзге ұлт өкілдерінің ресейлік командаларға жанкүйер екені жасырын емес, олар үшін «Астананың» жеңісінен «Зениттің» жеңілісі әлдеқайда артық.

Ал алаңдағы ойын жайлы айтудың өзі артық. Егер қазақстандық команда қатысып жатыр демесеңіз, түн ұйқыңызды бөліп мынадай ойынды тамашалаудың қажеті шамалы. 11 ойыншымен өз қақпамыздың алдына жатып алып қорғанған «Астана» англиялық жанкүйерлердің күлкісін келтірген болу керек. 90 минут бойы қарсылас қақпасына бірде-бір тура соққы бағыттай алмасақ та, өз қақпамызға бір гол ғана өткізгенімізбен мақтанамыз енді...

Бұндай матчтарды өзге елдің командалары тиімді пайдалана біледі. жеңілсе де барынша жақсы өнер көрсетіп, үздік мамандардың көзіне түсіп қалуға тырысады. Сол мақсатта командадағы жас әрі талантты ойыншыларды алаңға шығарып, өзін көрсетуге мүмкіндік береді. Ал «Астана» 35, 37 жастағы сербиялық, ресейлік ойыншыларды алаңға шығарды. 90 минут бойы қорғанды, ешқандай шабуыл жасамады, өнер көрсетті деуге мүлде келмейді. Соның өзінде жеңіліп қалды. Тым құрығанда ұлттық құрама мүшесі Юрий Перцухты ойнату керек еді. Жас ойыншы тәжірибе жинар еді, мүмкін мамандардың көзіне түсер еді...

Еуропа лигасы. Топтық кезең

Еуропа лигасы-2019/20. L тобы. 

«Манчестер Юнайтед» - «Астана» - 1:0(0:0)

Гол: Мейсон Гринвуд 73

«Манчестер Юнайтед»: Серхио Ромеро, Аксель Туанзебе, Фил Джонс, Маркос Рохо, Диего Далот, Энджел Гомес, Неманья Матич, Фред, Маркус Рэшфорд, Тахит Чонг, Мейсон Гринвуд.

«Астана»: Ненад Эрич (К,В), Дмитрий Шомко, Жарко Томашевич, Евгений Постников, Антонио Рукавина, Иван Маевский, Лука Шимунович(Юрий Логвиненко 46), Рунар Мар Сигурьонссон, Роман Муртазаев(Рангело Янга 46), Марин Томасов, Дорин Ротариу.

«Астана» - еліміздегі ең "бай" клуб. «Самұрық-қазынаның» сан миллионын сарып етіп отырған команда қаржыдан қысылған емес. «Астананың» биылғы жылдық бюджеті 10 миллиад теңге. Бұл мәліметті клубтың бас директоры Михаил Гурман өзі айтқан.

Жақында ғана халықтың есебінен күн көріп отырған осы клубқа қатысты келеңсіз жайды сөз еткен едік. Онда кешегі қарсыласы «Манчестер Юнайтедті» өз алаңында қабылдайтын ойынның билет бағасы тым қымбат екенін айттық. «Астана» - «Манчестер Юнайтед» ойынында ең қымбат билет 55 мың теңге екен.

«Манчестер Юнайтедке» қарсы ойын:

1-ші категориядағы орындардың билет бағасы - 55 000 (елу бес мың) теңге;
2-ші категориядағы билеттер - 40 000 (қырық мың) теңге;
3-ші категориядағы билеттер - 25 000 (жиырма бес мың) теңге;
4-ші категориядағы билеттер - 16000 (он алты мың) теңге;
5-ші категориядағы билеттер - 11,000 (он бір мың) теңге;
6-ші категориядағы билеттер - 4000 (төрт мың) теңге.

Қазақстан чемпионаты аясындағы ойындарда «Астана Аренада» билет бағасы 200-500 теңгеден. Ал Еуропа лигасында баға 100 есе қымбаттап отырғанын ақпарат құралдары жарыса жазғанымен, клуб басшылары бұған жауап бере қойған жоқ...

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1471
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3246
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5420