Ғаділше ӨТЕБӘЛІ. Исатай батырдың зираты қайда?
Ішкі Ордадағы көтерілістің тарихын алғашқы зерттеушілер (А.Рязанов, М.Вяткин, А.Шахматов) осы шайқас туралы жазғанмен (Ақбұлақ қырғыны), қаза болған сарбаздардың, соның ішінде Исатайдың қай жерге жерленгені туралы ешқандай хабар бермейді.
Исатайтануда қазақ тіліндегі алғашқы дерек ғалым Халел Досмұхамедұлының естеліктері деуге болады. Ол көлемі шағын бір-екі мақаласында («Қазақ батырлары: Исатай, Махамбет», «Тайманұлы Исатайдың қозғалысы турасында қысқаша мағлұмат») үш рет қайталап жазып кетіпті: «Исатайдың сүйегі Темір уезіндегі Қиыл деген өзеннің бойында «Шолақмолда» деген молада». Мақалада екіұшты, құр әшейін сөз жоқ. Яғни, ғалымның жазғаны - өзі анық білетін, шындыққа келетін мәселе.
Исатайдың соңғы шайқасы туралы негізгі құжат полковник Геккенің «Рапорт полковника Гекке Оренбургскому военному губернатору о сражении с повстанцами при реке Акбулак и гибели Исатая Тайманова» (13.07.1838) деген есебі. Онда Гекке Орынбордағы ұлыққа соғыстың мән-жайын қысқаша анық жеткізіпті. Яғни, ол Ешкіқырғаннан түнделетіп 60 шақырымдай жүріп, Ақбұлақтың бұлақ-бастауына жетіп құлағанын, 12 шілде күні таңертең соғыстың осы жерде басталғанын тәптіштей жазыпты. «...Отряд перешёл р. Акбулак, пошёл на противников, которые начали медленно отступать...» - дейді ол.
Ішкі Ордадағы көтерілістің тарихын алғашқы зерттеушілер (А.Рязанов, М.Вяткин, А.Шахматов) осы шайқас туралы жазғанмен (Ақбұлақ қырғыны), қаза болған сарбаздардың, соның ішінде Исатайдың қай жерге жерленгені туралы ешқандай хабар бермейді.
Исатайтануда қазақ тіліндегі алғашқы дерек ғалым Халел Досмұхамедұлының естеліктері деуге болады. Ол көлемі шағын бір-екі мақаласында («Қазақ батырлары: Исатай, Махамбет», «Тайманұлы Исатайдың қозғалысы турасында қысқаша мағлұмат») үш рет қайталап жазып кетіпті: «Исатайдың сүйегі Темір уезіндегі Қиыл деген өзеннің бойында «Шолақмолда» деген молада». Мақалада екіұшты, құр әшейін сөз жоқ. Яғни, ғалымның жазғаны - өзі анық білетін, шындыққа келетін мәселе.
Исатайдың соңғы шайқасы туралы негізгі құжат полковник Геккенің «Рапорт полковника Гекке Оренбургскому военному губернатору о сражении с повстанцами при реке Акбулак и гибели Исатая Тайманова» (13.07.1838) деген есебі. Онда Гекке Орынбордағы ұлыққа соғыстың мән-жайын қысқаша анық жеткізіпті. Яғни, ол Ешкіқырғаннан түнделетіп 60 шақырымдай жүріп, Ақбұлақтың бұлақ-бастауына жетіп құлағанын, 12 шілде күні таңертең соғыстың осы жерде басталғанын тәптіштей жазыпты. «...Отряд перешёл р. Акбулак, пошёл на противников, которые начали медленно отступать...» - дейді ол.
Соңына түскен Айшуақов тобын байқап, исатайлықтар оларға қарсы шабуыл салғанда жасырынған казак-орыс әскерінің қоршауында қалады. Жанталаста шегінген сарбаздарын қорғаштап, соңғы шепте атысып келе жатқан Исатайды сұлтан Айшуақовтың өзі хорунжий Петровқа «мынау Таймановтың өзі» деп көрсетіп, оққа байлап кететінін ойлағанда бұл жер әрі кеткенде, өзен арнасынан 10-15 шақырымдай деп шамалауға болады. Әдейі тапсырыс алған қуғыншылар қатарында он алты казак-орыс, үш қазақ (Көпен Субулин, Сәтібай Игітов, Жапар Елекбай) бар көрінеді. Астындағы аты жараланған Исатайды найзалап аттан құлатқан үшеу жаралы батырға тиісе алмай, кезекті мылтығы бар казак-орысқа берген көрінеді. Қалай болғанда да, жендеттер Исатайды Ақбұлақтан көп ұзатпай мерт қылған. Батырдың өлімі туралы сол алғашқы құжатта: «За упорное сопротивление казаки его изрубили (яғни, бүкіл денесіне зақым келген). Урядник Богатырев собственною его же саблею разрубил ему голову, а один из казаков окончил его страдания выстрелом из ружья в грудь» - дейді.
Н.Шаяхметов 1968 жылдан бастап Исатайдың зиратын іздеуді бастаған екен. Белгілі антрополог үшін қазба жұмыстары нәтижесіз болыпты. - Яғни, «осы Исатайдың зираты» деп келген жерлерден Исатайдың сүйегі табылмапты. (Жанболат Аупбаев, «Антрополог», «Лениншіл жас», 1980 ж. 20 қаңтар).
Енді «Шейітсай» әңгімесі қайдан, қашан шықты? «Қазақ әдебиетінде» (1962 ж. 14 желтоқсан) Хаттар Дүйсенәлиевтің «Исатайдың моласы табылды» деген мақаласы шыққан болатын. Онда Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, Қиыл өзені бойындағы (Қиыл совхозы) Шейітсайда Исатай батырдың денесі көмілген жер табылды. Жергілікті бір ақсақал (оған 7-8 жасында ауылының бір қариясы айтыпты) аудан журналистеріне Исатайдың моласын көрсетіпті деп жазылған осы мақалаға орай (18 қараша 1963 ж.) жауап қатқан Қажым аға Жұмалиев: «Материал асығыстау жазылған... Автордың келтіріп отырған деректері тарихи шындықтан алшақ жатыр» деген болатын. Сонымен қатар, академик жазушы Исатайдың зиратын іздестірудің бағыт-бағдарын да айтып өтеді: «Исатай Ақбұлақ өзенінің Қиылға қараған бетінде Ақбұлақтан 15 шақырым жерде өледі,» - депті ол. Бұл алғашқы құжаттағы: көтерілісшілерді Ақбұлақтан 15 верст шамасындағы жерге дейін қуып, шашыраттық деген сөзден алшақ кетпей тұр. Бірақ исатайтануда Халел Досмұхамедұлы көрсеткен Шолақмолдаға да, күні кешегі өткен Қажым Жұмалиевтың «Ақбұлақтың Қиыл бетіне қарай 15 шақырымы» да ескерусіз қалып, неге екені белгісіз, бүгін «Шейітсай» алға шығып отыр.
«Жас Алаш» газеті өткен жылдың 18 қарашасын «Исатайдың соңғы шайқасы немесе Қиыл қырғыны» деген материалды көп назарына ұсынды. Онда Шейітсай - тәуелсіздік күресінің құрбаны Исатайдың қаны төгілген жер (өлген жері) әрі Исатайдың соңғы шайқасы болған жер деп көрсетілген. Биылғы жылдың алғашқы нөмірінде «Ана тілі» газеті де Исатай батыр туралы көлемді мақала жариялаған екен. Мұнда да мақала авторлары «Шейітсай» әңгімесін жалғастырып, осында «Исатайдың зираты табылып», қоршау көтерілгенін жазады.
Сонымен, Бөкей ордасындағы халық көтерілісінің көсемі Исатай батыр Тайманұлының зираты қайда? Батырдың сүйегін Ақбұлақ-Шолақмолда маңынан іздестіру мүмкіншілігі қандай? Исатай-Махамбет рухын асқақтатып, қала төрінде зәулім ескерткіш бойлатқан атыраулықтар, Исатай батырдың ұрпақтары не айтады?
Елуінші жылдары Атырау облысы, Қызылқоға ауданының тұрғыны, Исатайдың немере ағасы Жабал Бегәліұлы ұрпағы Нәжімеден Исатайдың моласын іздестірген көрінеді. Оған батыр баба моласының Қиыл-Ақбұлақ аралығында, Шолақмолда-Үйтас деген жерде деген хабар Қазақ ССР Ғылым академиясынан келген. Бұл дәйектеменің түсініксіздеу тұсы - іздеуші Нәжімеден Жабал ұрпағы республикалық мұрағат мекемесіне, болмаса Орталық комитеттің тиісті бөліміне емес (Нәжімеден - аудандық партия комитетінің қызметкері болатын) - Қазақ ССР Ғылым академиясына сілтеме жасайды. Бүгінде сол Нәжімеден-Парух ұрпақтарында 50-ші жылдардағы Исатайдың зиратының орны көрсетілген құжаттар бар ма? Соны кім біледі? Ал осы мәліметті «Исатай-Махамбет» зерттеу еңбегінде келтірген жазушы Әнес Сарай өзі соңғы шайқасты Ақбұлақ қырғыны деп атағанмен, «көтерілісшілер сол Шейітсайға жерленген» деген пікірді алға тартады: «Сонда ортақ зират бар. Исатайдың зираты бөлек болған» - дегендей ой айтады. Яғни, сол 1962 жылғы мақаладағы «Шейітсай» әңгімесін қайталайды. Бұл 1997 жылы шыққан еңбек.
Сонымен барымен базар деп, осы Шейітсайды «малданып» жүре беруге де болар еді. Бірақ, өйтіп батыр аруағы алдында күнәпар болуға болмайды. Тағы бір газет «батырдың бас сүйегінсіз денесін тауып, Н.Шаяхметов зерттеуге алып кетіпті» деп жазыпты. Бұл да бос сөз сияқты. Неге десеңіз, бас сүйегі болмаса оның кімдікі екенін ажырату да мүмкін емес қой. Алайда, Н.Шаяхметовтің Шейітсайда жүргізген қазба жұмыстары 40 жылдан кейін аңыз-әңгімеге айналып, антропологтың өзі таппаған «мүрделер табылып», сол жерге ескерткіш-құлпытас орнады. Алайда, сол уақытта (1991 ж.) қыруар жұмыс атқарғандарға алдын ала (қоршау, ескерткіш, той, баяндамалар) сол жылдары антропологтың өзімен де, онымен бірге қазба жұмыстарының басы-қасында болған ақтөбелік ғалым-тарихшылармен де хабарласуға болатын еді ғой...
Өзімізге белгілі, биыл Исатайдың 220 жылдығы. Олай болса, оған дайындықты батырдың топырағы торқаланған жерді іздестіруден бастау қажет. Исатай батырдың бас сүйегін ешкім ешқайда алып кеткен жоқ. Аруақты батырдың мүрдесі сол 12 шілде күні, қарулас серіктері қаша соғысып жүріп, қай төбеде топырақпен бетін жапса, әлі тап сол орнында. Интернет картада (Google Earth) Жарсай мен Ақбұлақ ауылдарының арасы 36 км, ал Шолақмолданың шамасы Ақбұлақтың бастау бұлағынан 14 км жерде тұр. Жарсайлық Жалғасбай Өтепұлының айтуынша, бұл қорымға келіп-кетушілер бар көрінеді. Ақтөбеде өткен жылы «Исатай қоры» құрылыпты. Іске сәт! 172 жыл өтсе де зираты табылмай келе жатқан Исатайдың рухын тірілтетін уақыт келгендей.
Ғаділше ӨТЕБӘЛІ.
Батыс Қазақстан облысы.
Суретті салған М.Қалимов.
http://www.egemen.kz/309825.html