Кәдіржан ӘБУЕВ. Хан Абылай қадірі қайтсе артады?
Қоғамдық құбылыстарда тарихи тұлғалардың орны қашанда ерекше. Бұл орайда неміс философы Гегельдің: «Тарихи тұлғалардың ұлылығы олардың жалған емес, аса қажет те әділ, ұлы дүниені жүзеге асыра білуінде» деген сөзі ойға оралады. Сондай тарихи тұлғалардың қатарында Абылай да бар.
Абылай хан ірі тұлға. Тарихи тұлғаларды бір-бірімен теңдестіре беруге болмайды. Әйткенмен Ресей үшін Бірінші Петр немесе Германия үшін Бисмарк қандай болса, Қазақ елі үшін Абылай да сондай алыптар қатарында. Абылайдың даралығы, қолбасшылық таланты мен саяси көрегендігі қазақ халқының жоңғар шапқыншылығы мен Ресей, Қытай империяларының көз алартуына қарсы күресіне байланысты қалыптасқан күрделі тарихи кезеңде көзге түсті. Абылай сол қазақ халқының тағдыр-талайы қыл үстінде, қылыш жүзінде тұрғанда ел бірлігін ұйымдастырып, үш жүздің басын қосып, анталаған жауға тойтарыс берді. Сол арқылы қазақтың келешегіне жол салды. Абылайдың аты көзі тірісінде аңызға айналып, қазақ үшін қасиетті Алаш сияқты жауынгерлік ұранға айналды.
Қоғамдық құбылыстарда тарихи тұлғалардың орны қашанда ерекше. Бұл орайда неміс философы Гегельдің: «Тарихи тұлғалардың ұлылығы олардың жалған емес, аса қажет те әділ, ұлы дүниені жүзеге асыра білуінде» деген сөзі ойға оралады. Сондай тарихи тұлғалардың қатарында Абылай да бар.
Абылай хан ірі тұлға. Тарихи тұлғаларды бір-бірімен теңдестіре беруге болмайды. Әйткенмен Ресей үшін Бірінші Петр немесе Германия үшін Бисмарк қандай болса, Қазақ елі үшін Абылай да сондай алыптар қатарында. Абылайдың даралығы, қолбасшылық таланты мен саяси көрегендігі қазақ халқының жоңғар шапқыншылығы мен Ресей, Қытай империяларының көз алартуына қарсы күресіне байланысты қалыптасқан күрделі тарихи кезеңде көзге түсті. Абылай сол қазақ халқының тағдыр-талайы қыл үстінде, қылыш жүзінде тұрғанда ел бірлігін ұйымдастырып, үш жүздің басын қосып, анталаған жауға тойтарыс берді. Сол арқылы қазақтың келешегіне жол салды. Абылайдың аты көзі тірісінде аңызға айналып, қазақ үшін қасиетті Алаш сияқты жауынгерлік ұранға айналды.
Қазақ халқының тарихына XVIII ғасыр Абылай дәуірі болып кіргеніне енді ешкімнің дауы бола қоймас дейміз. XVIII ғасырдың басы халқымыз үшін қиын-қыстауға толы аласапыран заманға айналған. «Жоңғарлар, еділ қалмақтары, жайық казактары және башқұрттар, - деп жазады Ш.Уәлиханов, - ұлыстарға жан-жақтан ойран салды, малдарын айдап әкетіп, тіпті көптеген отбасын түгелдей тұтқындады. Оған қаһарлы қыс, жұт, аштық қосылып, көктен сынағандай, олардың апат жағдайын күшейте түсті». Сол кезде қазақ біртұтастығынан айырылып, жерін жау таптап, тіпті ұлт ретінде құрып кетудің сәл-ақ алдында тұрған болатын. Оның екі түрлі себептері бар еді. Біріншіден, қазақ жұрты XVIII ғасырдың басында Алтайдан Еділге дейінгі алып даланы қамтитын біртұтас іргелі мемлекет еді. Өкінішке орай, әз Тәуке хан (1680-1716 ж.) дүние салғаннан кейін ел хандардың таққа таласу сүргініне байланысты алауыздыққа ұшырады.
Екіншіден, халқымыздың қиын-қыстау кешу себебі, сол кездегі қазақ елінің халықаралық жағдайына байланысты еді. Өйткені, қазақтың ұлан-ғайыр байлыққа толы даласы ежелден-ақ көршілес елдердің көз құртына айналған. Осындай пиғыл тек Ресей империясына ғана тән емес еді. Төтенше қауіп шығыстан да туған. XVII ғасырдың екінші жартысында Жоңғар хандығы күшейіп, Россияның шығыс Сібірді бағындыру әрекетіне қауіп туғызды. Осыған байланысты I Петр жоңғардың ханы Цеван - Рабданмен келісім айласын іздеп, оған капитан И.Унковский бастаған елшілігін жіберді. Оның басты мақсаты - Цеван-Рабданның назарын қазақ даласына аударып, өзінің жаңа жаулап алған шығыстағы жерінің қауіпсіздігін сақтап қалу, екіншіден, қазақ хандығын әлсіретіп, келешекте оңай торға түсіруді қамтамасыз ету болды.
Орталық Азиядағы ең бір ірі әскери күшке айналған жоңғар хандығы Қытайдың өзімен шектес жеріне де жиі жорық жасайтын. Бірақ оларға Қытай боғдыханы Қанси бірнеше рет есте қаларлықтай соққы берген. Міне, сол Қанси 1723 жылы дүние салғаннан кейін Ресей - Жоңғар, Жоңғар - Қытай келісім шарттары жасалды. Екі империя да жоңғар жеріне қауіп туғызбайтынын мәлімдеген. Жоңғар хандығын қазақпен соғысуға итермелей отырып, әр империя өз мақсатын көздеген, бірақ екі азулының ойы: екі мемлекет те әлсірейді және оларды оңай отарлыққа айналдыруға болады. Мұндай қолайлы жағдайды жоңғар ханы Цеван-Рабдан қалт жіберген жоқ. Ол соғысқа мұқият дайындалып, алпыс мың әскерін орыстардан сатып алған зеңбіректермен, басқа да қару-жарақпен қамтамасыз етіп, қазақ жерін, Орта Азияны жаулап алуға 1723 жылы аттандырды. Жоңғар әскеріне басшылық еткен Цеван-Рабданның баласы Шона-Доба қазақ еліне Алакөл тұсынан кіре сала қырғидай тиді.
Қожаберген жырау: «Елім-ай» дастанында:
...Қырылу Алакөлден басталып тұр,
Қазақтар жау қалмақтан жасқанып тұр.
Орыстар мен Қытайға арқа сүйеп,
Ит қалмақ сол екі елден күш алып тұр, - деп бар шындықты айқара ашқан ғой.
XVIII ғасырдың басынан орта шеніне дейін жоңғар әскері бүкіл Орталық Азияны тітіренткен күш болғаны сөзсіз. Оған дәлел ретінде мына оқиғаға тоқталып кетейік. 1714 жылы Петр I подполковник И.Бухгольцке «қалмақ жеріне жорыққа шығуға» жарлық берді. Сол жарлыққа сәйкес 4,5 мың әскерден тұратын Бухгольц әскері 1716 жылы, ақпан айында Церен-Доба қолбасшылық еткен 10 мың адамнан тұратын жоңғар әскерінің шабуылына ұшырап, талқандалады. Ямышев бекінісі қиратылады, Бухгольц отряды көп шығынға ұшырап, 700-дей ғана адам құтылады.
Жоңғар хандығының күшею себебі, XVIII ғасырдың бірінші жартысында үкімет басында Цеван-Рабдан, Қалдан-Церен сияқты мемлекет қайраткерлерінің келуінен болса керек. Өйткені, олар бір ортаға бағынған мемлекет құрып, тұрақты әскерге ие болды. 1722 жылы Жоңғар хандығында болып қайтқан Ресей елшісі Унковскийдің айтуынша, оның тұрақты әскерінің саны 60 мыңнан астам болыпты, ал соғыс кезінде оны 100 мыңға дейін жеткізе алған.
Бұл хандықтың күшеюінің тағы бір себебін, сол тұстағы халықаралық жағдайдың қолайлы болуынан іздеген жөн. Жоғарыда айтылғандай, қазақ жеріне жорық жасай отырып, жоңғарлар Ресей мен Қытай империясының қолдауын тапты, олармен бейбіт келісім шарт жасасты. Алайда, Қазақ елінің «Ақтабан шұбырындыға» ұшырауы оның сол тұстағы ішкі жағдайымен де байланысты еді. Бір сөзбен айтқанда, XVIII ғасырдың бірінші ширегінде Қазақ хандығы зор саяси және экономикалық дағдарысқа ұшырады.
Сол бір қысылтаяң уақытта халық есін жиып, басына күн туған шақта ұлт намысын, ата жұртын қорғау үшін азаттық күреске шықты. Ержүрек Қабанбай, Бөгенбай, Жәнібек, Саңырақ, Тайлақ, Қанай, Малайсары сынды батырлардың жасақтары басқыншылардың кішігірім топтарын талқандады. Алайда, ендігі басты мәселе сол жасақтардың басын құрап, елді жаудан мүлде азат ету болды. Сондай ізгі мақсатпен жиналған «Ұлы жиын» 1726 жылы Түркістан қаласының оңтүстік шығысындағы Ордабасы деген жерде өткен. Оған ұйытқы болғандар: Төле, Қазыбек, Әйтеке сынды билер еді. Кеңеске қатысушылардың қатарында Болат, Әбілқайыр, Сәмеке, Барақ, Әбілмәмбет хандар мен сұлтандар, жоғарыда аты аталған батырлар, басқа да ел басылары жүрді. Жиылыста азаттық күрестің жобасы белгіленіп, бүкіл қазақ қосынының қолбасшысы етіп Әбілқайыр ханды тағайындаған. Бұл жиынның ұлы деп аталуы ол елдің басын қосуға жол ашты, жауға қарсы ақ ту көтерді. Бостандық үшін күрес бүкіл елді қамтыды. Ұлы Отан соғысына айналды. Кешікпей қазақ жасақтары 1727 жылы Бұланты өзенінің жағасында болған ірі шайқаста алғашқы жеңіске жетті. Бұл жеңіс қазақ елінің еңсесін көтеріп, азаттық күрестегі жігеріне жігер қосты.
Абылайдың жұлдызы жанып, асқан ерлік көрсеткені қазақ жасақтары үшін жеңіспен аяқталған 1730 жылы ол Балқаш көлінің оңтүстік-шығысында Итішпес көлінің жағасында, қанды шайқас деп топшылауға болады. Оған дәлел ретінде Бұқар жыраудың «Ай, Абылай, Абылай» деп басталатын өлеңінде:
«Ай, Абылай , Абылай...
Сен жиырма жасқа жеткен соң,
Алтын тұғыр үстінде
Ақ сұңқар құстай түледің.
Дәулет құсы қонды басыңа,
Қыдыр келді қасыңа», - демейтін бе еді.
Сол секілді Абылайдың аты жиырма жасқа келгенде шыққанын Үмбетей жырау да:
«Ей, Абылай, Абылай,
Жиырма жасың толғанда,
Қалмақпен соғыс болғанда
Алғашқы бақты тапқанда,
Шарыштың басын қаққанда ,
Қанжығаңа бас байлап,
Жау қашты деп айқайлап,
Абылайлап шапқанда... - деп растамайтын ба еді.
Қалмақпен болған талай шайқасқа қатысқаны, Шарыштай дәу перісінің басын өткір семсермен домалатып түсіргені Есенбай ақынның «Абылай хан» атты қисса-дастанында да суреттеп еді. Өкінішке орай, қазақ жасақтары Аңырақайда қалмақты ойсырата жеңгенімен, хандар арасындағы бақталастықтың кесірінен, жеңістің нәтижесін пайдалана алмай қалды.
Ол тұстағы, одан кейінгі кезеңдердегі әңгіме туралы айтсақ, мақала желісі ұзарып кететіні белгілі. Абылайдың ресми түрде бүкіл қазақ ханы болып сайлануы 1771 жылы екені күмән туғызбайтын жәйт. Оған дейін ол қазақ халқының азаттығы мен тәуелсіздігі үшін жапан далада жолбарыстай жортып, талай шайқастарға қатынасып, батырлығымен абыройға бөленеді. Қазақ әскерлеріне тікелей қолбасшылық етті. Халқының жағдайын көтеруге бар мүмкіншілікті салды. Сөйтіп, қолдауға ие болады. Абылай - өзінің хандық мемлекетін басқаруда қатаң тәртіп орнатумен бірге, елін, жұртын адамгершілікке, имандылыққа бастаған адам.
Абылай тақырыбына арналған еңбектерде пікірталас туғызып жүрген мәселе, оның 1741 жылы қалмақ тұтқынына түсу жайы. Кейбір зерттеушілер аң аулап жүріп, қапылыста қолға түскен десе, енді бір ғалымдар Абылай екі жүз әскерден тұратын шолу отрядын басқарып келе жатып, жаудың негізгі әскерлері тұрған жерге тап болады. Аз ғана қазақ тобын мыңдаған ойрат әскері қоршап алып талқандайды-мыс. Біздің ойымызша, осы екі пікірдің соңғысы шындыққа жанасатын сияқты. Өйткені, отыз мыңнан асып түсетін жоңғар әскері Қалдан-Цереннің ең бір қаһарлы нояны Сыптанның бастауымен қазақ жеріне шабуылы тұтқиылдан, күтпеген мезгілде басталған ғой. Қазақ жерінде айтарлықтай қарсыластық күш кездестірмеген қалмақ әскері аз уақытта Шідерті өзенінің жағасына келіп жетеді. Дәл осы сәтте Абылай асқан ерлік көрсетіп, қалмақтарға қарсы «екі жүз адамнан тұратын шағын қолмен шабуыл жасады». Бұл жөнінде Ямышев бекінісінің коменданты Сібір губерниясының кеңесіне 1741 жылдың 1 маусымында жіберген мәлімдемесінде жазылған. Әрі қарай сол құжатта: «қалмақтар оларды (қазақ әскерін - К. Ә.) талқандап, сұлтан Абылайдың өзін қолға түсірді» делінген.
Ал енді Абылайдың қалмақ тұтқынынан 1743 жылдың қыркүйегінде құтқарылуына келсек, тарихи басылымдарда оны бірауыздан Ресей өкіметінің іс-әрекетімен байланыстырады. Оған тілге тиек етіп Жоңғар хандығына Орынбордан жіберілген майор Миллер басқарған елшілікті атайды.
Осы орайда біздің айтарымыз, Абылайды Қалданның аман қалдыруының негізінде жоңғар хандығының 1740 жылдардағы сыртқы және ішкі жағдайы жатса керек. Абылай ханның өміріндегі осындай драмалық жағдайға байланысты тағы бір айта кететін жәйт мынау. Ол тұтқында екі жылдай уақыт жүрсе де өзінің қадір-қасиетін жоғалтпай, жоғары ұстауы, тапқырлығы мен батылдығы қалмақты тәнті еткен. Ол жөнінде жоңғар елшілері Орынбор губернаторы И.Неплюевпен келіссөз жүргізгенде Абылайдың Галдан-Чиринді өлтірген кезде қолға түскенін, алайда оның құрмет пен қошеметтен кенде еместігін айтады.
1743 жылдың күзінде Әбілмәмбет ханның ордасына барып қайтқан Орынбор комиссиясының өкілдері Иван Лапин мен Мансұр Асанов осы сапар жөніндегі мәлімдемесінде былай деген: «Он, Аблай, отпущен зюнгарами с великими наградами, а именно: ему дана палатка, шитая золотом шуба, крытая парчою золотою, палатка железная складная, панцырь и прочее». Абылаймен бірге тұтқында отыз бес адам, оның ішінде Жолбарыс сұлтан да бар болған.
Абылай үшін жоңғар тұтқынында болған жылдар із-түссіз кеткен жоқ. Ол ойрат тілін, жазуын үйреніп ішкі жағдайымен мұқият танысып қайтқан. Абылай Дауаци, Әмірсана деген нояндармен тіл табыса алған. Мұның бәрін кейін өз саясатында мейлінше тиімді пайдалана білді.
1745 жылы Қалдан-Церен қайтыс болғаннан кейін нояндар арасында таққа таластық өрістеді. Дегенмен Жоңғар хандығына ие болған Лама Доржи қазақ еліне шапқыншылықты қайта өрбітті. Бірақ ол пиғылы іске аспады. Қабанбай мен Бөгенбай бастаған Абылай әскері олардың ойранын шығарды. Соның нәтижесінде кезінде калмақтардың қол астына өтіп кеткен Жетісу мен Тарбағатайдағы қазақ қоныстары қайтарылды. Үмбетай жырау «Бөгенбай өліміне» деген толғауында оны тамаша сипаттайды. Лама Доржидің Қазақ еліне қарсы қанды жорықтары сәтсіздікке ұшырағаннан кейін, оның сыртқы және ішкі саясатына қарсы наразылық өрбіді. Алайда, қонтайжыны тақтан құлату мақсатымен жасалған 1752 жылғы бүлік сәтсіздікке ұшырады. Бүлікті басқарған нояндар Дауаци мен Әмірсана елінен қашып, Абылайды паналады. Енді екі елдің арасындағы қарым-қатынас қайтадан шиеленісе түсті. Жоңғар билеушісі Абылайдан Дауаци мен Әмірсананы дереу қайтаруды талап етті.
1752 жылдың күзінде Абылай Ұлытауға үш жүздің өкілдерін жиып, кеңес ашты. Біраз ел басылары, оның ішінде Әбілмәмбет хан да контайжының қаһарынан сескеніп, қашқындарды ұстап беруді ұсынды. Алайда кеңеске қатысушылардьң басым көпшілігі Абылайды қолдап, Дауаци мен Әмірсананы бермейік деп шешім қабылдады. 1753 жылдың басында Абылай Лама Доржидың әскери жорығын күтіп отырмай, өзі қалың қолды бастап, қалмақ жеріне енді. Саяси дағдарысқа ұшыраған Жоңғар хандығының билеуші табының үлкен бір тобы бірігіп, қонтайжы Лама Доржиді өлтіріп, оның тағына Дауациді отырғызды. Міне, енді Жоңғар хандығының ішкі де, сыртқы да жағдайы тұйыққа тірелді, әлсіреді. Соны пайдаланып қалмақ елін билеушілерден кек алуға ақылы артық Абылай барған жоқ, қырып-жойып шапқан жоқ. Бұл оның асқан адамгершілік, парасат иесі екенін көрсетті.
Алайда, Цин империясы Жоңғар хандығының дағдарысқа ұшырағанын қырағылықпен көріп-біліп отырған еді. Бұл сәтті қалт жібермеген олар Жоңғар мемлекетін түбегейлі жоюды ұйғарды. Оған қажет сылтау да табыла қойды. Кезекті ханға қарсы бүлік сәтсіздікке ұшыраған соң оны басқарған Әмірсана тағы да елінен қашып кетуге мәжбүр болды. Бірақ бұл жолы ол Абылайды паналаған жок, хандық билікті басқа елдің көмегімен алмақ болып, Пекиннің қармағына ілінді. Ондағы ойы Цин әскери күшін пайдаланып, Дауациді құлату, сөйтіп ел билігіне ие болу болатын.
Қытай императоры Хун Лидің көктен тілегенін жерден беріп, ол Әмірсананы құшақ жая қарсы алды. Себебі, Цин империясы Жоңғар хандығын біржола жаулап алудың күні туды деп дайын отырған еді. Енді Дауациге қарсы соғыс деген бүркеушілікпен саясатын іске асыруға кірісті. Қытай әскері жоңғар жеріне баса-көктеп кіріп, қырып-жоя бастайды. Дауаци ұзамай қолға түседі, Пекинге жіберіледі. Бірақ қытай әскері жоңғар жерінен кетуге асықпайды. Олар шептер салып, ойраттарды бағындыруды жүргізе бастады. Өз қателігін түсінген Әмірсана 1755 жылдың қыркүйегінде қытай басқыншыларына қарсы күреске кірісті.
Қытай империясы мен Қазақ елінің арасында қалқан болып тұрған Жоңғар хандығының жойылуы неге әкеліп соғатынын Абылай жақсы түсінген. Сондықтан да ол қалмақ халқының ұлт-азаттық күресін қолдады. Сол көмекке сүйене отырып Әмірсана елін азат етіп, өз билігін жоңғар жерінде жүргізді. Бірақ ол аз уақыттың ішінде көп қырғын-сүргінге үшыраған ел шығынының есесін толтырып үлгермеді. Ауызбірлікке ұйыта алмады. Жау жайрағанмен бақталастық қайта басталды. Соның салдарынан 1756-1757 жылдардағы Цин империясының әскери шапқыншылығы олар үшін жеңіспен аяқталып, жоңғар мемлекеті түбегейлі құрыды.
Жоңғар хандығының дербестілігі жойылғаннан кейін Қытай императоры Цян-Лунның әскері шығыс Түркістанды басып алып, өзіне қаратты. Осы кезде Қазақстаның жағдайы біршама қиындады. Екі империяның қыспағына түсті. Ресей болса Еуропадағы жеті жылдық соғыспен әлек еді. Қытай шапқыншылығына қарсы мұршасы жоқтықтан іс-қимылы тек дипломатиялық әрекеттермен ғана шектелді. Бұл Абылайдың мемлекет қайраткері болғаннан кейінгі өміріндегі ең жауапты кезең еді. Цин империясы жоңғар жерін, Шығыс Түркістанды басып алғаннан кейін қазақты да солай жауламақ ниетпен талай шапқыншылық жасады. Жеңіске жеткен тұстары да, қатты таяқ жеген кездері де болды. Әсіресе Жоңғар қақпасында, Талқы өңірінде болған қанды шайқаста Абылай тікелей қолбасшылық еткен қазақ әскері шүршіттерді ойсырата жеңген. Абылайды оңайлықпен жеңе алмайтынына көзі жеткен соң, олар басқа саясатқа көшуге мәжбүр болды. Абылайды алдап-сулап өз ықпалына көндіруге тырысады. Сый-сияпаттар жасайды, бодан болуын талап етеді. Орынбор губернаторы сыртқы істер алқасына 1758 жылдың 29 қаңтарында жазған мәлімдемесінде: «Богдыхан Абылай солтана сыном называет и прочие лести употребляет» деп өзінің абыржитынын білдірген. Қытаймен ұзаққа созылған соғысқа килігіп, түбегейлі жеңіске жету-жетпесі екіталай және оның салдарынан елдің жүдеп-әлсіреуі сөзсіз екенін Абылай жақсы түсінген. Ал ондай жағдай туған күнде Ресей патшалығы саясатының құрбанына айналу ықтималдығымен санаспауға болмаған. Осындай жағдайларды есепке ала отырып, Абылай Цин сарайымен 1757 жылдан бастап келіссөз жүргізуге кіріскен. Абылайдың бұл саясаты ел басшыларының алқа кеңесінде бірауыздан қолдау тапқан.
Жылма-жыл алмастырылып отырған Абылай елшілері Пекинге барып, керісінше Қытай елшілері Көкшетауға келіп, бірнеше шарттарға қол қойысқан.
Қытаймен бейбіт қарым-қатынасты өрбіте отырып, Абылай Ресеймен де қалыптасқан саяси және экономикалық қатынасты үзбеген. Ресей патшалығы болса Қазақстанда өз саясатын Абылайдың қолдауынсыз іске асыра алмайтынын мойындаған. Мәселен, қазақ елінің жай-жапсарын қырағылықпен бақылап отырған Орынбор әкімшілігінің шенеуніктері генерал-майор А.Тевкелев пен П.Рычковтың сыртқы істер алқасына 1759 жылдың 22 қаңтарындағы: «Бұл күндері Абылай бүкіл Орта жүздің бас билеушісі ретінде танылады, ал сонымен қатар, оның ең білікті де білгір екенін және қытайлықтармен қатынас жағдайды ескере отырып, Абылайды мейлінше ішке тарту керек. Алайда, сол жердің халқы біздің нұсқауымызсыз хан сайлап жібергенін білмей де қалуымыз мүмкін, өйткені қазірдің өзінде әр жерде Абылайды хан атап жүр», деп мәлімдеме жіберген.
Абылайдың өз еркімен елінің бірлігін, дербестігін сақтаудан тайынбайтынына көзі жеткен Ресей өкіметі оны қайтсе де өз ықпалына көндіру шараларын қарастырады. «Абылайдың бұл қылығына, - деп жазады. А. Левшин, - ыза болған Ресей үкіметі оған ақы төлеуді тоқтатып, оны кемсіту үшін кез келген бір сұлтанды көтермелеп, оған қарсы қоюды ұйғарған. Онымен қоймай, Абылайды тұтқындап, ішкі бір губерниясына жер аударуды да ойластырған. Бірақ дәл осы сәтте ол әскерін жиып, буруттармен соғысып, оларды жеңіп, бітім жасады. Осыдан соң, Түркістан маңында қалып, баласы Ғадилдің (Әділдің - К.Ә.) сұрауымен Талас өзенінің жағасына қала салғызды».
Әбден амалы таусылған соң патша үкіметі Абылай хан ордасына әдейілеп елші жібереді. Хан ордасында болып қайтқан капитан Г. Лингрейн өзінің сапары жөнінде есеп бергенде Абылайдың Түркістанда тұратынын айта келіп, енді ол Ресей шекарасына жақындап көшіп келмейтінін жазады. Ресеймен қарым-қатынасында Абылай бейбіт, тату көршілестік жағдайда өмір сүру қажеттігін еске ала отырып, тағы да ресми түрде өзін оның боданы екенін мойындағанымен іс жүзінде өз елінің дербестігіне дақ салған жоқ, беделін түсірмеді. Абылайды өз ықпалына көндіре алмаған патша өкіметі енді Қазақ елін отарлаудың басқа жолдарын қарастырды. Оның бірі - қазақ жерінің шекарасына қалашықтар, бекіністер салу, оларды келімсектермен, әсіресе казактармен толтыру еді. Бұл жергілікті халық үшін қиын жағдай қалыптастырды. Ол Жайықтың, Ертістің, тағы басқа өзендердің жағасына қазақтардың мал жаюына тыйым салу жөніндегі патша өкіметінің жарлықтары еді. Бұл шешім Абылайдың наразылығын тудырды. Бірақ ол Ресеймен үзілді-кесілді қатынасты тоқтатуға, жағдайды шиеленістіруге бармады, мәселені дипломатия тұрғысынан шешуді ойластырды.
Абылай Орта жүздің ханы бола тұрып, өз билігін бүкіл еліне жүргізді. Кейін үш жүздің ханы болып сайланғаннан соң қазақ мемлекеттігін нығайту жолында аянбай нәтижелі қызмет атқарды. Шет мемлекеттер онымен санасуға мәжбүр болды. Қазақ елімен тығыз экономикалық байланыс жасап, бейбіт өмір сүрді. Абылай, әсіресе Сібір қалаларымен сауда-саттықты дамытуға ерекше мән берді. Мысалы, 1740 жылы Орынборда Ресей бодандығын мойындау шартына қол қою сапарында қазақ-орыс сауда-саттық қатынасын тек Орынбор жәрмеңкесімен шектемей, Сібірдің басқа да қалаларында жүргізу қажет екендігі туралы мәселе көтерді. Бұл ұсыныс орыс патшалығының ойынан шықты. Өйткені, ол орта жүзде өзінің экономикалық, саяси ықпалын күшейтуді көздеген-ді. Көп ұзамай Орскіде, Троицкіде, Ямышев бекінісінде жәрмеңкелер ашылып, сауда-саттық екі елдің арасында өрбіді. Ол өз халқын орыстардан егіншілікті, балық аулау тәсілін үйренуге шақырды.
Абылай қазақ халқы үшін бір мезгілде екі алып империямен қарым-қатынас жүргізді. Оны тиімді пайдаланды. Ресей патшалығынан қыспақ көрсе, Қытай боғдыханына қарай ығысып, керісінше Цин империясынан қысым көрсе, патша үкіметімен жақындаса түскен. Сөйтіп, билік тізгінін ешкімге ұстатпай, өзінің ішкі және сыртқы саясатын дербес жүргізе алды. Оны А. Левшин растай отырып, былай дейді: «Өзінің күшіне сүйеніп, қажетіне қарай өзін біресе Ресейдің, біресе Қытайдың боданы екенін мойындай отырып, бірақ шын мәнінде мүлде тәуелсіз билеуші болды». Мұндай іс тек тарихи ұлы тұлғалардың қолынан келер еді. Қазақстанның Абылай заманында «іс жүзінде тәуелсіз ел» болғанын Шоқан Уәлиханов та растайды. Ал шығыстанушы ғалым В.Бартольдтың айтуынша: «XVIII ғасырда қырғыздар (қазақтар) орыс үкіметінің қойған талаптарын өзіне тиімді болса ғана орындап отырған». Мұндай саясат тәуелді билеушінің қолынан келмейтіні айтпаса да мәлім.
Иә, Абылайды еліміздің игі жақсылары қолдамаса, оның аты шығар ма еді, шықпас па еді?! Абылайдың ақылгөйлігі сол емес пе, ол ақсүйек сұлтандарға емес, қалың қазақ жұртшылығына, халқымыздың рухани көсемі болған Бұқар, Үмбетей, Ақтамберді жырауларға, Қаздауысты Қазыбек биге, Төле биге, Әйтеке биге Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Сырымбет, Малайсары, Баян сияқты басқа да қаһарман батырларға сүйенді.
Абылайды өз заманы, өз ортасы тудырған, сол себепті де өзі шыққан билеуші тап мүддесін қолдауы заңды, өйткені ол сол ортада тәрбиеленді. Одан басқаша ойлауды талап етіп, оның дүниеге деген көзқарасына сыни түрде талдау жасау артық болады. Қайта, тарихи кезеңде бүтін қазақ жұртының мүддесін тұтастырып, халықты сол мақсатқа жұмылдыра білгендігі Абылайдың ұлылығының көрінісі деп білеміз.
Абылайдың алға ұстаған саясаты, мақсаты - қазақ халқының бостандығы мен бірлігі, мемлекеттігі мен тәуелсіздігі еді. Сол ұлттық мүдденің орындалуына енді қол жетті.
Иә, Абылайдың жетсем деген күні осы еді. Мақсаты - қазақ халқының бостандығы мен бірлігі, мемлекеттігі мен тәуелсіздігі еді. Сол ұлттық мүдденің орындалғанына биыл 20 жыл болады.
Абылай ханның 300 жылдығы қай кезде аталуы тиіс деген мәселе төңірегінде әрқилы пікірлер айтылып жатыр. Бұл мәселе түпкілікті ғылыми шешімін табады деп сенеміз. Ол қай жылы аталғанда да төмендегідей ұсыныстарымды айта кетсем деймін. Егер орындалса, нұр үстіне нұр болары хақ.
Біріншіден, Абылай атына байланысты пікірталастарға түбегейлі нүкте қою үшін Мәскеудегі мұрағат құжаттарын зерттеуді қолға алып, оны аяғына дейін жеткізетін комиссия жасақталса; екіншіден, Абылай хан атындағы жоғары дәрежелі орден белгіленсе; үшіншіден, Абылайдың ордасы тігілген Бурабайдағы Щучье қаласына Абылай хан аты берілсе; төртіншіден, Абылай ханға арналған халықаралық дәрежедегі ғылыми-практикалық конференция өткізсе деген байламмен сөз аяғын түйсем деймін.
Кәдіржан ӘБУЕВ, тарих ғылымдарының докторы, профессор.
http://www.egemen.kz/309823.html