Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2457 0 пікір 19 Маусым, 2009 сағат 09:25

Сыртқы саясатқа қазақтың көзімен қарасақ…

Елбасы былтырғы жылдың аяғында Сыртқы істер министрлігінің алқа мәжілісінде ведомствоға биылғы жылдың бірінші жартыжылдығы ішінде Қазақстанның сыртқы саясаты тұжырымдамасының жаңа редакциясын әзірлеуді тапсырған болатын. Үшбу тұжырымдаманың жаңа редакциясында санаға сіңген ескі стереотиптерден арылып, өзіндік мүддемізге сай геосаяси терминдерді сезімталдықпен байыптап, жаңаша көзқараспен қарайтын күн жеткенін ескерткіміз келеді. Тәуелсіздігіміздің 18 жылдық белесінде сыртқы саясатқа қазақтың көзімен, қазақтың дүрбісімен қараудың маңызы зор.

Елбасы былтырғы жылдың аяғында Сыртқы істер министрлігінің алқа мәжілісінде ведомствоға биылғы жылдың бірінші жартыжылдығы ішінде Қазақстанның сыртқы саясаты тұжырымдамасының жаңа редакциясын әзірлеуді тапсырған болатын. Үшбу тұжырымдаманың жаңа редакциясында санаға сіңген ескі стереотиптерден арылып, өзіндік мүддемізге сай геосаяси терминдерді сезімталдықпен байыптап, жаңаша көзқараспен қарайтын күн жеткенін ескерткіміз келеді. Тәуелсіздігіміздің 18 жылдық белесінде сыртқы саясатқа қазақтың көзімен, қазақтың дүрбісімен қараудың маңызы зор.

Таяу Шығыс бізге Шығыс па?
Әлемдік саяси картада сан ғасырлар бойы қалыптасқандықтан, соншалықты түзетуді немесе қайта қарауды қажет етпейтін геосаяси атаулар мен терминдер бар екені мәлім. Алайда бұл атаулар кімнің, қай елдің мүддесіне қызмет етіп жатыр? Кімнің көзқарасы мен ұстанымына дөп келеді? Мұрындық салынған өгіздей олардың таңған атауларын және терминдерін сол күйі қабылдай беруіміз керек пе? Бір мезет бұл мәселеге қазақтың көзімен назар салып көрсек. Әлемнің «отты нүктелерінің» бірі, БАҚ беттерінде ең көп айтылатын Таяу Шығыс аймағы Қазақстанның геосаяси орналасуы тұрғысынан Шығыс болып есептеле ме? Біздіңше, Таяу Шығысты Жерорта теңізі аймағы деп қарастырып, өзіндік бір атау беру дұрыс сияқты. Әйтпесе бұл аймаққа Ресейдің көзімен қараған болып шығамыз. Қалай дегенмен, бұл ұғым геосаяси жағынан сарапталуы керек.

Жағрапиялық атаулардың саяси астары бар
Бұқаралық ақпарат құралдарында Қытайды «Аспанасты елі» деп дәріптеп жатамыз. Ханзу жұрты өздерін Жұңғо, яғни «Орталық мемлекетпіз» деп атап, өзге әлем елдерін «варварлар» деп санайды. Сонда біз неменесіне жетісіп, кімнің шашбауын көтеріп, «Аспанасты елі» деп асқақтатып жүрміз? Аспан астында Қазақстан деген ел жоқ па еді? Түркі жазбаларында «жоғарыда аспан, төменде қара жер жаратылғанда, ортасында түркі баласы жаратылдық» деп жазылған орта ғасырларда түркі бабаларымыз бүгінгі ұрпағының Қытайды «Аспанасты елі» деп жамырайтынын біліп пе еді? Әлгі алақандай ғана Солтүстік Ирландия, Шотландия, Уэльсті біріктіріп отырған Англияны Ұлыбритания деп атамай-ақ, жай Британия дей салсақ қайтеді? Әркім өзін өстіп дәріптесін, ал бізге не жорық?

Ғылыми тұрғыдан әбден қалыптасып, санаға сіңген жағрапиялық атаулардың астарында бәлендей ештеңе жоқ сияқты. Алайда мұның өзіндік ойлау жүйемізге, өзіндік ұстанымымызға кері әсері болмай қоймайды. Ең әрісі қазақша ойлаудан, қазақтың көзімен қараудан мақұрым қаламыз. Сыртқы саясатқа, геосаяси атауларға қазақтың дүрбісімен қарап,  ұлттық мүдде тұрғысынан безбендеу қажеттігін саясаттанушы мамандар да қуаттады. Сондықтан сарапшылардың ой-пікірлерін ортаға салғанды құп көрдік.

Ой-тұжырым
Сарапшылардың ойы саяси атаулардың жағрапиялық қана емес, геосаяси-идеологиялық мән-маңызының зор екендігін мойындайды. «Еуропаға жол» бағдарламасын бағдар еткен, ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету қамына кіріскен Қазақстанның бұл мәселеде идеологиялық келбетіміз бен мінезіміз болу қажеттігін мамандар да бірауыздан қолдады. Жоғарыда аталған жайлар сыртқы саясаттың тұжырымдамасында ескерілсе деген тілегіміз бар.
Сарапшылар не дейді?

0017

Сайполла Сапанов, саясаттанушы:

- Бұл - өте орынды көтерілген мәселе. Кейбір жағрапиялық атауларды қазақтың көзімен жүйелеудің өзектілігі зор. Мысалы, кейбір мамандар «Қазақстан және Орталық Азия» деп атап, кешегі кеңестік тұжырымдамаға қайта оралғысы келеді. Қазақстанды өз алдына жекелей бөліп қараудың ұтымды жақтары болуы мүмкін. Алайда Қазақстанды аймақтан оқшаулап қарастыруда біреулердің, әсіресе, Ресейдің саяси мүддесі бар сияқты. Мәселен, «Қазақстан Орталық Азия елдерімен келісе алмай, Ресеймен тіл табысып кетуіне болады» деген ұғымды сіңіруге таптырмас тәсіл. АҚШ-тың «Үлкен Орталық Азия» деген тұжырымдамасы бойынша, бұған Ауғанстан, Пәкістанның бір бөлігі, Қытайдың Шыңжаң аймағы еніп кетеді. Ертең АҚШ Ауғанстанды тастап кетсе, оның жауапкершілігін аймақтағы елдерге жүктеп қояды. Сондықтан бұл жерде терминологиялық мәселе ғана емес, геосаяси-идеологиялық ойындар жүріп жатыр.
0024

Мұхит Асанбаев, Қазақстан гуманитарлық-саяси конъюнктура орталығының вице-президенті:

- Баяғыдан қалыптасқан геосаяси ұғымдарды Қазақстанның тұрғысынан түбегейлі өзгерту қиын. Меніңше, жағрапиялық атауларды өзгертудің бәлендей қажеті де жоқ. Біз оны қайта қарастыратындай дәрежеде емеспіз ғой. Бұл «Өзің кім? Сөзің кім?» деген әңгіме болар еді. Кейбір мемлекеттерді, қалалардың атауын неге ата-бабаларымыздың дәл тауып қойған атауымен атамасқа? Мысалы, Германияны неге қазақша Алмания демейміз? Алмания Германияның Аллеман деген тайпасының атауынан шыққан. Сол сияқты Иерусалимді Құдыс, Сирияны Шам деп қазақ атамыз баяғыдан атаған. Парсылар өздерін Иран еліміз деп әспеттейді. «Иран» деген сөзі, негізінен, «арийлердің елі» деген сөзден шыққан. Бұл - даулы мәселе. Олар - парсы жұрты, сондықтан Парсы елі деп атау керек. Үндістанға дейін барған арийлер - көзі көк, сары шашты ежелгі көшпелі тайпалар, біздің ата-бабаларымыз. Олардың мекен еткен ареалы орман-тоғай, таулы-тасты жерлерден бітетін. Қазақстанның сыртқы саясатына мінез, өзіндік ұстаным керек. Одақтас ел Белоруссияның өзі Ресеймен шекісіп қалады. Бір елдің мүддесі өзге елдің мүддесімен үнемі сәйкесе бермейді ғой. Өзбек секілді неге қыр көрсетіп қоймаймыз? Мені сыртқы саясаттағы осындай жалпақшешейлігіміз, сылбырлығымыз қынжылтады.

0033

Әзімбай Ғали, саясаттанушы:

- Ресейдің тұрғысындағы Таяу Шығысты ағылшындар Middle East деп атайды, яғни «Орта Шығыс» деген сөз, олар үшін солай. Бірақ кейде оларда Таяу Шығыс деп те қолданылып жүр. Оларда орасан үлкен Тынық мұхитты бірнеше бөлікке бөліп қарастырады. Британия мен Франция арасын бөліп тұрған бұғазды олар Ағылшын каналы десе, француздар Ла-Манш деп атайды. Ресей өзінің геосаяси орнын еуразиялық елміз деп атауға тырысады. Геосаяси атаулардың астарында еуроцентризм, атлантизм және русифизм көзқарас дәстүрі қалыптасқан. Бұл жерде кімнің сөзі өтеді, солай аталады. Біз олардың бірінің жетегінде кетпей, бәрінен де хабардар болып, есепке алуымыз керек. Ал қазақша төл атауларды басқаларға таңа алмаймыз. Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық кезінде еуропалық емес, еуразиялық көзқарастарды, құндылықтарды, дәстүрлерді әкелуі мүмкін. Сондықтан әлемге қазақы көзбен қараудың геосаяси маңызы зор.

 

 

Құбаш Сағидоллаұлы

"Алаш айнасы" газеті  18 маусым 2009 жыл

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3260
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5578