ҚР президенті Н.Ә.Назарбаев мырзаға, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Н.Ә.Әбіқаев мырзаға
Көшірмесі:
ҚР Дін істері жөніндегі агенттігінің төрағасы
Қайрат Лама Шариф мырзаға,
ҚР Парламенті сенатының төрағасы
Қ.Ә.Мәми мырзаға,
ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы
О.Б.Мұхамеджанов мырзаға
АШЫҚ ХАТ
Көшірмесі:
ҚР Дін істері жөніндегі агенттігінің төрағасы
Қайрат Лама Шариф мырзаға,
ҚР Парламенті сенатының төрағасы
Қ.Ә.Мәми мырзаға,
ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы
О.Б.Мұхамеджанов мырзаға
АШЫҚ ХАТ
Қазақстан Республикасының конституциясы бойынша дін мемлекеттен бөлек. Алайда, бұл «дін бақылаусыз қалады» деген сөз емес екені белгілі. Биыл Дін туралы агенттікті құруға Өзіңізден тіке пәрмен болуы мемлекеттің дін істерін реттеуге аса мән беріп отырғанын көрсетті. Осыған орай біз, бір топ маңғыстаулық азамат елімізде болып жатқан діни оқиғаларға байланысты өз пікірімізді білдіруді жөн көрдік. Жақында зиялы қауым бастаған Қарағанды облысының бір топ тұрғындары ақпарат құралдары арқылы елдегі діни экстремизм, оның ішінде вахабизм, салафизм туралы Өзіңіздің атыңызға Ашық хат жолдады. Хатта: «...Елімізде тамырын терең жіберген, оның ішінде біздің Қарағанды облысында да, жан-жақты жетілген ірі әрі өте қауіпті діни саяси «уаһабилік - ваххабиттер» немесе «сәләфилік - салафиттер» ағымы туралы өз пікірімізді айтуды жөн көрдік» деп жазады. Осы мазмұндас «Түркістан - шірікстан...» деген Түркістан қаласы ардагерлері атынан өз атыңызға жазылған тағы бір Ашық хат жақында баспасөз беттерінде жарыққа шықты.
Мұнымен қатар жер жердегі зират, мазарларға діни экстремистер тарапынан жасалып жатқан қиянат, бүлдіру фактілері туралы халық атынан ашық хаттар, үндеулер аз ұйымдастырылып жатқан жоқ. Осы орайда біз де өз өлкеміздегі ахуалға назар аудартуды жөн көрдік.
Маңғыстауда соңғы үш жыл қатарынан болған діни астары бар оқиғалар облыс халқын алаңдатып қана қоймай, белгілі дәрежеде қоғам өміріне ықпал етіп отыр. Нақтылай айтқанда, облыс халқының үрейін алған 2008 жылдың ақпан айында болған 5 вахабиттің полициямен қарулы қақтығысқа түскен аты шулы қанды оқиғасы, сол атақты үш оқиғаның алғашқысы еді. «Аллаху акбарлап» шапқан экстремистердің қолынан Теңге елді-мекеніне жауапты полиция капитаны Бисекенов қаза тапты. Елді дүрліктірген бұл оқиға келесі жылы басқаша сипат алды. Бұл жолы, атап айтқанда, 2009 жылы Жаңаөзен қаласынан өрімдей қазақтың бес баласы Дағыстанға жиһадқа аттанып, сол жақта Ресей федералды қызметі тарапынан өлтірілді. Бір үйден ағайынды екі бала оққа ұшқан бұл қайғылы қаза тұтас облыс тұрғындарының қайғысы болды. Ақпарат құралдарының жазуы бойынша, олардың барлығы соңғы уақытта мешітке барып, намаз оқи бастаған.
Үшіншісі, тек Маңғыстау халқын ғана емес, тұтас елдің үрейін алған 2010 жылдың 22 маусым күні Ақтау қаласының сыртындағы ГМ 172/1 қатаң режимдегі колонияда 21 сотталған қашқан қанды оқиға болды. Қаншама адамның өмірін қиған бұл оқиғаға вахабит-салафиттердің қатысы барлығы ақпарат құралдарында жазылды. Қашқандардың ішінде діни экстремизм бойынша сотталған тараздық Дәурен Әлімбековтың болғаны, ал оның әкесі Қордай аудандық маслихат депутаты Біржан Әлімбековтың ақпарат құралдарынан діни қауіптен сақтандырып айтқан сөзі, әке мен баланы ажырататын бұл істің түбі тереңде екенін көрсетті. Парламент қабырғасында да мәжіліс депутаты Асхат Бекеновтың депутаттық сауалында осы мәселе қозғалды. Алайда, осыншама жантүршігерлік оқиғалар болса да «жабулы қазан жабулы» күйінде қалып, дін атын жамылған содырлардың әрекеттері сот процесінде тек, «қылмыстық іс» деп қаралуы бізді қатты алаңдатады. Сонда, бүкіл әлем болып күресіп отырған діни экстремизмнің белгілерін, вахабиттер жасаған қылмыстарды «қатардағы қылмыстық топтың әрекеті» деп қашанғы жауып тастап отырамыз?
Мазарларымыз қираталып, сан ғасырлық тарихи мұраларымызға, мәденитемізге, дәстүрімізге жасалған шабуылды ел ішіндегі тентектің ісіне балап отыра береміз бе? Осы жағдайларды баяндай келе, әсіресе, вахабит-салафиттерді ауыздықтау жұмыстары басталуы керек деп есептейміз. Бұлардың қатары күннен күнге жастарымызбен толығып жатқаны жас мемлекетіміздің тәуелсіздігіне төнген қатер деп білеміз.
Ақтөбе қаласында Ұлттық қауіпсіздік комитеті жанында болған жарылыс, Алматы қаласы, Қалқамандағы атыс, Атырау мен Семей облыстарындағы зираттарды қирату оқиғалары біздің елімізде діни экстремизмнің жаңаша сипат алғанын көрсете ме деп қауіп етеміз. Ақтөбе облысы Темір ауданы Шұбарши ауылында үш полиция қызметкерінің өліміне кінәлі вахабиттер екенін ақпарат құралдары жазып жатыр.
Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!
«Ырыс алды - ынтымақ» деген ескі халық нақылында айтылғандай, қаншама ғасырдан бері талай азапты күндерді басынан кешсе де қайсар еліміз аузынан Алласын, екі сөзінің бірінен тәубасын тастамай, сын тезінен өтіп, қайыспай келіп еді. Исламның, ислам діні үйреткен біздің халықтың ең негізгі ұстыны - біреуге қиянат жасамау еді. Сақал қойып, дін атынан сөйлеп жүрген жастардың вахабистерге ілесіп, соңғы уақытта жоғарыда айтылғандай қылмыстарға баруы ел тәуелсіздігіне төнген қатер деп білеміз. Ел ішінде жарылыс жасап, мазарларды қирата бастағандар осы бетімен кете берер болса, болашақта қарапайым халықты қанға бөктірері сөзсіз.
Біз төменде қол қоюшылар вахабиттік-салафиттік діни ұйымдар мен вахабизмді уағыздайтын баспа құралдары жұмысын тоқтату керек деп есептейміз. Осыны тікелей назарыңызға алуды сұраймыз.
(Қол қоюшылар тізімінің түпнұсқасы мен көшірмесі қосымша тіркелді)
1. Тасболатов Күріш, Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткері,
2. Абланова Эльвира Амангелдіқызы, Тарих ғылымдарының кандидаты,
3. Утемаганбетов Зинепкали Сисенгалиевич, Физика-математика ғылымдарының кандидаты,
4. Ақмырзаев Мұрат Мұрзағалиұлы, «Дінтану негіздері» пәні мұғалімі,
5. Жұмсақов Ағзам Нұркелдіұлы, «Ақ жол» ҚДП МОФ төрағасы,
6. Айдарбек Жомарт Аққазиұлы, «Ақ жол» ҚДП МОФ аппарат жетекшісі,
7. Оңғарбай Рза Ахметұлы, ҚР Журналистер одағының мүшесі,
8. Жаңбыршин Еділ Терекбайұлы, Маңғыстау облыстық Маслихатының депутаты, техника ғылымдарының докторы,
9. Шакрат Сержан Ысқақұлы, ҚР Еңбек сіңірген қызметкері, Құрметті профессор, «Құрмет» орденінің иегері,
10. Қожық Жәнібек, «Жас Алаш» газетінің Маңғыстау облысындағы меншікті тілшісі,
11. Жарылғасынов Іргебай, дәрігер-валеолог, Денсаулық сақтау саласының үздігі, «Конститутцияға 10 жыл» мерекелік медалінің иегері,
12. Аленов Қуанышбек Қожықұлы, Маңғыстау облыстық Маслихатының депутаты,
13. Жүсіпов Бекмұрат Қыдырбайұлы, Маңғыстау облыстық Маслихаты депутаты.