«Күй – аманат» атты байқау өтеді
Оразбек Сәрсенов 1923 жылы 17 қазан күні бұрынғы Шымкент облысы Арыс ауданындағы Байырқұм елді мекенінде дүниеге келген. Мектепте озат оқыған алғыр да зерек жас 9 класты 5 жылда тәмамдап шығады. Кейін Түркістандағы колледжді педагог мамандығы бойынша аяқтап, Байсақал ауылындағы мектепке мұғалім болып орналасып, бір жылдан кейін мектептің директоры болып тағайындалады. Балалары ер жеткесін, олардың болашағына алаңдаған Оразбек сауда жағына ауысып, өмірінің соңына дейін сол салада еңбек еткен.
Оразбек күйші 1969 жылы обыр ауруынан қайтыс болған. Сол жылы көктем кеш келіпті. Жетінші мамыр күні таңертең: «Домбырамды беріңдерші», – деп қолына жан серігін алған күйші «Қызылқұм» күйін шертіп отырып: «Осы салалы саусақтар да бір күні топырақта шіриді-ау!» – деген екен. Бұл сөздерді ешкім елемеген. 9 мамыр күні сағат 10 шамасында ол өмірді, балаларын қимай көз жұмады.
Оразбек күйші Өзбекстанның мемлекеттік телеарнасынан аптасына бір рет берілетін «Замандас» музыкалық бағдарламасына 1967 жылы арнайы шақырылып, өзінің 7 күйін жаздырыпты. Оразбектің күйлері мен өлендерінде мұң, жер мен елге деген сағыныш басым. Өмірден ерте кететінін сезгендей қайран күйші қайырымды, мейірімді, өте кең адам болған екен. Әсіресе, жетім-жесірлерге қол ұшын беріп, қолынан келген көмегін аямапты.
Күйшінің балалары да домбыра шертіп ән айтқанмен, өнер жолына түспеген. Көзі тірісінде балаларына өлең жаттатып, домбыра тартқызып, өнерге баулыған Оразбектің аңшылық өнері де болған. Ел қиыншылықтан есін жимаған уақытта аңға кетіп, қоян, қырғауыл, түлкі атып, бүкіл елге таратып береді екен.
Жиделібайсын күй мектебінің өкілі, Оразбек күйшінің ұрпақтары әкелелерінің күй-аманатын насихаттау мақсатында еліміздегі күйшілер арасында байқау жариялайды.
БАЙҚАУДЫҢ ТАЛАПТАРЫ:
1. В контакте әлеуметтік желісіндегі Күлайна Оразбекқызының https://vk.com/id366513476 парақшасында Оразбек күйшінің жеті күйі берілген. Күйші міндетті түрде «Күлтір-Мамай» күйін және қалған алты күйдің біреуін өз талғамына қарай орындауы тиіс. Күйшілер байырғы құймақұлақ дәстүрімен, күйлерді есту арқылы алады.
2. Күйші өзінің аты-жөнін, қысқаша өмірбаянын жазып, күйлердің wafe немесе видео нұсқасын sarsenova.001@mail.ru почтасы мен Whatsapp номеріне 10-шы желтоқсанға дейін жіберуі керек.
Байқау қорытындысын белгілі күйшілер: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Жанғали Жүзбай, Құрманғазы атындағы ҚҰК доценті, бірнеше күйшілер конкурсының лауреаты Мұрат Әбуғазы және «Жүсіп» күйінің авторы, Жүсіп Сәрсенұлының немересі Мәди Көшікбаев шығарады. Жеңімпаз күйшілерді 2019 жылғы желтоқсанның 16-ы күні Күлайна Оразбекқызы фейсбук парақшасында жариялайды.
СЫЙЛЫҚ ҚОРЫ:
БАС ЖҮЛДЕ: - 200 000 тг
І-орын: - 120 000 тг
ІІ-орын: - 80 000 тг
ІІІ-орын: - 50 000 тг
Күйдің МР3 нұсқасы қажет дейтіндер редакция алқасымен хабарласуы керек.
Abai.kz