Прокуратура өкілдерінің айтуынша, 21 қыркүйек күні "рұқсат етілмеген митинг кезінде" арнайы жасаққа қарсылық көрсеткен. Ал айыпталушы "митингіде емес, жұмысқа бара жатқан кезде арнайы жасақ алып кетті" деп санайды. Істі судья Бақыт Еділова қарады.
Алматылық белсенді Қанат Жақыпов Facebook-тағы парақшасында Болат Смағұловты 26 қыркүйекте полиция Алмалы аудандық полиция басқармасына әкеткенін жазған.
21 қыркүйекте полиция Қазақстан тыйым салынған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы белгілеген "митингі орындарында" ресми дерек бойынша шамамен 100 адамды ұстаған. "Рұқсат етілмеген митингіге қатысқан" адамдардың көбі бірнеше сағаттан соң босатылған. Оннан астам адам әкімшілік жазаға тартылған. Оқиға кезінде полицияның бейбіт шерушілерге күш қолданғаны хабарланған.
Халықаралық Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы Қазақстандағы соңғы ұстаулар мен қамауларды сынап, президент Қасым-Жомарт Тоқаевты саяси реформа жасауға шақырды.
Abai.kz