Жанұзақ Әкім. Мәдениетсіздік синдромы
1. Соңғы күндердегі әлеуметтік желіде талқыланып жатқан мәселе - ол орыс тілінде шыққан «Томирис» фильмінің қазақша титрін қою мәселесі. Бұл фильмді де осыдан оншақты жыл бұрын орысша түсіріліген, прокаты $30 млн, жартылай өлі «Көшпенділер» фильмінің тағдыры күтіп тұрған сияқты. Өнердің осы маңызды саласында тәуелсіздік жылдары қазақ тілінде есі дұрыс бір фильм шықпады. Өнерге еш қатысы жоқ ширпотреб, анахронизм! «Мыңбаланың...» өзі тарихи тұрғыдан ешқандай сын көтермейді;
2. Тұрсынов пен Алагөзованың қазақ мәдениеті туралы басталып, кіндіктен төмен жақпен аяқталған орысша тартыстары «ит жоқта шошқа үредінің кебі» болды. Оларда мүмкін қазақ өнерін дамытамыз деген ниет болар, бірақ олар жай сөздің мағынасын түсінбегеннен кейін олардың барлық тірліктері жәй талпыныс, имитация немесе емеурін болып қалады. Қазақша тұрмыстық деңгейде сөйлей алмайтын мәңгүрттер енді ұлт мәдениетінің тағдырын шешетін болса, онда бұл Асан қайғының, «Қарағай басын шортан шаларының...» бір түрі осы емес пе?! Әлде бұл қазақ мәдениетінің соңғы жылдардағы рухани қаңғыруы ма?! Билік пен мәдениетті "швондер Шариковтер" басқарған кезде адам мен дәретхананың аттары бірдей, осындай жағдайлардан аяқ алып жүргісіз болады. Сол кезде балаңа "бөрібасардың" атын қоюға зар боласың;
3. Терминкомдағы «пайыз», «әнұран» т.б. 300-ден астам қазақтың төл сөзін қолданыстан алып тастауға шешім қабылдауы да, «қаннен иттің сарып кеткен жерінен» мәдениет жасауға тырысқан надандардың тірлігі. Сол терминкомның қазіргі құрамында есі дұрыс адам жоқ. Болса, «гимннен» 2 мың жылдай бұрын шыққан «әнұранда» не әкелерінің құндары бар?!
4. Кезінде спорттағы допинг дауымен Қазақстанды әлемдегі 6 қара тізімдегі елдің қатарына қосқан бұл министрліктің шала істері әлі де бастан асуда. Мысалы, «Рухани жаңғыруға...» ұсынылған, шеттегі 5 млн қазақ диаспорасы мен елдегі 6 млн азаматтарға қазақ тілін қашықтықтан оқытудың заманауи (онда осыған дейін қазақ тілінде болмаған Монтессори т.б. озық методикалары негізінде дайындалған) методикасын Министрлік өткізбей, осындай және адам капиталы, кванттық технология дәуірінде елге қажет жобалардың орнына «Сакральды яғни «О, дүниелік» өлген Қазақстан» үңгірлік сананы уағыздауға бюджеттен ондаған миллион қаржы бөліп, елді 2 мың жылға кері кетіруде?! Сонда олардың интернет, ТВ, телефон т.б. тиым салған талибан т.б. ортодоксальдық діндерден айырмашылығы қандай?! Ешқандай;
5. Қазақша шығатын басылымдар мен жалпы мемлекеттік тілдегі ақпараттың ел ішіндегі үлесі 20%-дан аспауда. Тәуелсіздік жылдары қазақ басылымдарының тиражы 40-100 есе түсіп кетті. Мысалы, «Мәдениет» жорналы 100 есе, «Жұлдыз» жорналы 40-50 есе түсті. Министрлігі бар, осы саланың айналасындағы департамент, редакторлар т.б. бар, барлығы «қазақ мәдениетінің доңызын тағалап жүр»;
6. Үкімет мәдениеттің барлық проблемасын тойға сырып салып «ай қарап отыр». Елдегі той, садақа т.б. көпшілік шараларды реттеп, оларды халыққа, жастарға үлгі болатын мәдени-дәстүрлік шаралар деңгейінде өткізудің орнына барлығын қытайдың арзан, әрі сапасыз тауарын сататын барахолкаға айналдырып жіберді. Енді 30 жылдан кейін бұл ел неге жаппай барахолка, резервацияға айналды деп таң қаламыз?! Құмар Қараш, «Үкімет, Бергеніне шүкір ет. Жалғыз сиырыңды тартып алып, К...ңе түкірет!» деп дұрыс айтқан;
7. Қазақ мәдениетінің бірегей шыңы оның ұлттық өнері болса, оған «дәстүрлі өнер» деген айдар тағып, ол бұл қоғамның «жетім ұлына айналды». Осыны істеп отырған мәдениетсіз, ұры, сатқын, әрі қаңғыбас билік;
8. Балет пен опера – ол осыдан 2-3 ғасыр бұрын Еуропа ренессансы кезінде шарықтау шегіне жетіп, ХХІ ғасырда негізінен уақыты өткен өнердің салалары. мысалы, Батыста классикалық музыканы халықтың 1% тыңдайды. Олар, өнердің жақсы салалары болғанымен қазақтың ұлттық төл туындысы емес. М.Плисецкаяның шетелдік делегаттарға 1950-1970жж «Лебединая озероны» 800 рет билеуі, - ол өнер емес, саясат болды. Кеңес одағындағы эстрадалық әндердің 90% Еуропа мен Америкадан көшірілген ширпотребтер болса, қазақ «Астананың күні» т.б. «ұлы тойларында» орыстың ширпотреб гомосексуалистерін көргеніне аборигендер сияқты өздерін бақытты сезініп, бар жиған-тергенін соларға беруде. Мысалы, әнші Серовқа Астанаға бір келгенде $300 мың сағатын силапты. Мұндайда, осыдан үш ғасыр бұрын Қарағанды кенорнын 30 жылқыға айырбастаған еске түседі. Абориген, қай ғасырда да өзгермейді;
9. Біз, Францияда Аттилаға байланысты шараны қазақша өткізіп жатқанымызда (синхронды аудармамен) Англиядан келген тарихшы, «Аттила жабайы (варвар), ал сіздер шараны ағылшынша жүргізулерің керек» дегенді айтты. Оған, Аттиланың Батыс өркениетінің дамуына қосқан үлесін тізіп және Англиядағы «Бретон» деген сөзден бастап 326 жер, су, елді мекендер аттарының түбірі түркінікі, яғни түркі тілі әлемге басқа тілдерден 3-4 мың жыл бұрын тараған» деп жауап бердік;
10. Ахмет Байтұрсыновтың, «Сияқты сынық бұтақ төмендесең, Кім жұлмас оңайдағы жемісіңді?...» демекші, мәдениеттің төмендегені ұлттық намыс пен ардың азып, рухтың алмас қылыштай жарқылдамай мұқалуы, дәстүрдің аяқасты болып, әлемді шарлайтын ұлттық өнердің табалдырықтан әрі аттай алмауы... ол, халқы басқалардың биесі болған биліктің есегіне, қоғам «Қорқыттың көріне» айналған кездегі ақырзаманның белгілері. Оны істеп отырған қазақтардың өздері. Мұндай, сатқындықтан асқан немқұрайлылықтың арты «біз заманға не қылдық» деген дәрменсіздік пен құлдыққа әкелетіні заңды құбылыс. Тарих диірмені масылдарды, құлдарды тез күлге айналдырады.
Abai.kz