Сыр өңірінен 15 мемлекетке ауыл шаруашылығы өнімі экспортталуда
Қызылорда облысында жиын-терін маусымы қарқынды жүргізілуде. Биыл жергілікті диқандар 87,9 мың гектар жерге күріш еккен. Бүгінгі таңда егін алқабының 80 пайызы орылған, - деп хабарлайды Абай-ақпарат.
Бұл туралы Қызылорда облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қамбарбек Мүбараков мәлімдеді. Оның айтуынша, аталған жұмыстар қазан айының алғашқы он күндігінде толық тамамдалмақ. Бұдан бөлек, ол Қызылорда облысынан 15 мемлекетке ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталып жатқандығын хабарлады.
- Биыл аймақтан Өзбекстан Республикасына 118 бас түйе, 250 бас ет бағытындағы мүйізді ірі қара малдары, Біріккен Араб Әмірлігіне 950 бас қозы және Иран Ислам Республикасына 789 бас қой мен 56 бас бұқашық экспортталды. Алайда өнімді шикізат түрінде өткізу тиімсіз болғандықтан ет өндірісін дамыту қажеттілігі туындайды. Осы орайда, ірі инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарлануда, - деді Қамбарбек Амангелдіұлы.
Сонымен қатар сала басшысы ел президенті жүктеген міндеттерді облыста жүзеге асыруға мүмкіндік барын жеткізді.
- ҚР Президентінің Жолдауында ауыл шаруашылығы саласының одан әрі қарай дамуына аса мән беріліп, суармалы жерлердің жер көлемін кезең-кезеңімен ұлғайту, оның есебінен өнім көлемін еселеп арттыру, сыртқа өнім шығаруға қолдау көрсету, өнім өңдейтін кәсіпорындар әлеуетін арттыру қажет екендігі сөз болды. Сондай-ақ, шетелден инвестиция тарту мәселелері кеңінен қозғалып, ауыл шаруашылығының әлеуеті толық пайдаланылмай отырғандығы, елімізде ғана емес шетелде де сұранысқа ие органикалық және экологиялық таза өнім өндіру үшін зор мүмкіндіктер бар екендігі айтылды. Мемлекет басшысы атап көрсеткен жұмыстар облыста кезең-кезеңімен жүзеге асырылда, - деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ, Қамбарбек Амангелдіұлы жергілікті диқандар биыл да күріштен рекорд орнатуға үмітті екендігін айтты.
Abai.kz