Мұғалімнің мәртебесі қашан артады?
Бүгінде бой салыстыратын заман емес, ой салыстыратын заман келді. Оны күн сайын өзгеріп жатқан жаңа технология мен жасанды интеллекттің қарыштап дамуынан да аңғаруға болады. Яғни, қазіргі күні бәсекеге қабілетті болғың келсе, тек жас кезінде ғана емес, өмір бойы оқып, біліміңді жетілдіріп отыру керек. Тәуелсіздік алып, аяққа тұра бастаған еліміз аз ғана 30 жылдың ішінде көбі жарты ғасырлап уақыт кетіретін үлкен қадамдар жасады. Заманауи астанасын салып, «көштен қалмауға» тырмысқан жап-жас ел жаңа технологияның сырын меңгеруде де біраз жетістікке жетті. Бұған дәлел өнертапқыш талантты жастарымыздың басын қосқан Astana Hub пен бүкіл мемлекеттік қызметті үйден шықпай-ақ қолжетімді еткен E-Gov-тың өзі жеткілікті болар. Айтпақшы, әлем бойынша 5G интернетін қосатын 10 шақты елдің қатарында Қазақстан да бар. Бұл қадам еліміздің технологиялық дамуына тағы да орасан зор мүмкіндіктер берері анық. Таяуда әлемдегі ең жүйрік интернет желісіне ең алдымен, республикалық маңызы бар Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары қосылады.
Осындай тартысты заманда «өз дегеніңді болдырып,беделіңді сақтап қалу үшін» білімді ұрпақ қажет. Ал, ол ұрпақты қалыптастыратын ең алдымен ұстаздар қауымы. Халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлының «Ұстаздық - ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді... Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз»,- деген сөздері мұғалімнің ұлы қызмет атқарып жүргенін көрсетеді.
Өкінішке орай, соңғы жылдары ұлы қызметпен қоса ұстаздарға бітпейтін есеп беру, әр үйді аралап, неше бала, қайсы оқуға, қайсы колледжге баратынын тіркеп, сайлауға да, стадионға да жүгіретін, оның үстіне балаға сөйлеп қалсаң «басың дауға ұшырайтын» психологиялық стресс сынды қосымша ауыр жүк артылып қойды.
«Болашақ - білімді жастар қолында» деп жиі айтатын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылы Халыққа жолдаған Жолдауында осы «жағымсыз трендті» қатты сынға алып, шұғыл түрде педагог мәртебесін өсіретін заң қабылдауды тапсырған болатын.
«Келесі жылы «Педагогтардың мәртебесі» туралы заң әзірлеп қабылдау қажет деп санаймын. Ол мектепке дейінгі ұйымдар қызметкерлері мен мұғалімдерді ынталандыратын шаралар қарастырып, жүктемені азайтуы тиіс. Мұғалімдерге барлығын үйіп-төгеді: сайлауды да мұғалімдер өткізеді, үгіт-насихат та солардың мойнында, бірдеңе істеу қажет болса, тағы мұғалімдер. Бұл үшін оларға ешкім ақша төлемейді, оларды артық жұмыстан босату керек, олар сабаққа дайындалуы керек»,- деді Н.Назарбаев.
Бұл бастаманы ұстаздар да, халық та жылы қабылдап, бірден қоғамдық қызу талқылау басталып кетті. Депутаттар да, ұстаздар да өз ойларын ашық білдіріп, нәтижесінде заңның жобасы дайын болды.
192 бап, ауқымды 5 бағыттан тұратын заң жобасын 2019 жылдың тамызында Үкімет бірауыздан бекітті. Құжат материалдық және материалдық емес ынталандыру, әлеуметтік кепілдіктер, ұстаздардың құқықтарын кеңейту, мұғалімдердің жүктемесін азайту сынды өзекті мәселелерді қамтиды.
Онда құжатқа көміліп, үйді аралап, адам мен жануарлардың есебін жүргізген ұстаздар барлық қоғамдық шаралардан босатылатыны айтылған. Құжатқа сәйкес, ұстаз кәсіби қызметінен тыс жұмыстың бәрінен арылады. Өз қалауымен істесе, оған қосымша ақы төленеді. Ал, мұғалімді еркінен тыс жұмысқа тартқандарға айыппұл салынады.
Үкімет бекіткен заң жобасын Парламент Мәжілісіне алып кірген ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов заң жобасында педагогтарды артық жұмысқа тартқаны үшін немесе артық есеп беруге мәжбүрлеген жағдайда 20-дан 120 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылғанын айтты. Сонымен қатар, осындай айыппұл жұмыс уақытының нормасын заңсыз асырғандар үшін де ескерілген.
«Бұл шаралар өзінің үлкен септігін тигізеді деп ойлаймын. Мысалы, директорлар, әкімдіктер және басқа мемлекеттік органдарға қатысты. Бүгінде мектепке кімдер келмейді? Тексеруші органдар да аз емес. Керек емес әртүрлі ақпарат сұраса, мұғалімдерді жұмысына тән емес шараларға тартатын болса, онда тиісті жаза қолдануға мүмкіндік туды. Заң жобасы қабылданғаннан кейін біраз жақсы өзгерістер болады деп санаймын», - дейді білім министрі.
Депутаттар талқылауына түскен заң жобасы тағы толықтырылады. Соңғы нүктесі жыл соңына дейін қойылып, жоспар бойынша заң келесі жылдан күшіне енуі тиіс.
«Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы қоғамда ең көп талқыланған жоба болды. Нәтижесінде қайткенмен де мұғалімнің абыройы артатыны анық. Мағжан Жұмабаев айтпақшы: «Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, берік һәм өз жанымызға үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады».
Abai.kz