Жексенбі, 24 Қараша 2024
Жаңалықтар 2237 0 пікір 19 Маусым, 2009 сағат 10:27

Біздің министрлер ұлтшылдықты Путин мен Медведевтен үйренсін!

 

 

Қазақстанда ұлтшыл болудан қорқатын шенеуніктер өте көп. Әрине, біз Кеңес Одағынан бері «махровый» ұлтшылдықпен күресіп, көпұлтты мемлекет имиджіне байланып қалған елміз ғой... Қазақ екенін сыбырлап айтатын шенді-шекпенділерге өздерінің нағыз ұлтшыл екенін ашық айтатын В.Путин мен Д.Медведевтің ұстанымы үлгі болса игі. КСРО-ның ыдырауын «XX ғасырдағы ең ірі геосаяси дағдарыс» деп санайтын Ресей премьер-министрі Владимир Путин орыс рухын көтеру арқылы мемлекеттің саясаты мен экономикасын, әлеуеті мен халықаралық беделін түгендеп отыр. Қазірше қазақ миссиясы жайлы қоғамда оқта-текте сөз болып тұрса, Ресейде орыс миссиясы тіл мен діннің үйлесімі негізінде толықтай жүзеге асып келеді!

Владимир Путин: Медведев - мен сияқты ұлтшыл!
Ол билікке 2000 жылы келді. Ор­та бойлы, қатал мінезді, сал­мақ­ты. Арийлік бет-пішіндес. Нағыз пра­вослав. Горбачев пен Ель­цин­нен кейінгі Ресей өз ұлын көп кү­т­ті. КСРО-ны құлатып, Ре­сей­дің им­периялық амбицияларын құ­ла­зытқан Горбачев пен көршілес ТМД елдері түгілі, Ресейдің өз ішін­дегі автономиялық елдерге ие бо­ла алмай қалған Ельциннен ке­йін нағыз қатал мінезді Владимир Пу­тиннің билікке келуі - Ресейді әлем­дік держава ретінде қайта жаң­ғыртты. Батыс сарап­шы­ла­ры­ның айтуынша, КСРО-ның құ­ла­уын «геосаяси дағдарыс» деп бі­ле­тін Пу­тин сол КСРО тұсындағы ке­­ңестік үлгідегі ұлттық рухты қай­та тү­летуге атсалысуда. Мұны Пу­­тин­нің өзі де жасырмайды. Есі­мізде, Ре­сей премьер-министрі Гер­мания канц­лері Ангела Мер­кель­мен кез­дес­кен тұсында орыс елін жай­ла­ған ұлтшылдық жайы да сөз бол­ған еді. Сонда Владимир Пу­тин: «Мед­ведев жақсы мағынада мен сияқ­ты ұлтшыл. Ол нағыз пат­риот жә­не Ресейдің халықаралық аре­­на­дағы беделін белсенді түрде қор­­ғайтын болады» деп мәлім­деді.
Ал Гарвард университетінің бұ­рын­ғы қызметкері, «Орыс ұлтшыл­ды­ғы бюллетені» атты интернет пі­кірсайыс клубының негізін қа­лаушы Андреас Умланд Путинді орыс ұлтшылдығының символына ба­лайды. Бұл орайда ол: «Путин ше­шен лаңкестерімен, эстон фа­шис­терімен, украиннің неофа­шис­терімен, грузиннің ру­софоб­та­рымен, америкалық им­пе­рия­лис­тер­мен, Батыстың азғы­ру­шы­ла­ры­мен күресіп жатыр... Жал­пы айт­қанда, Путин Ресейді құр­тып, бө­ліп-жарып, тым құрығанда тізе бүк­кізгісі келетін орыс емес күш­тер­дің арман-тілегімен кү­рес­кі­сі ке­леді» дейді. 2000 жыл­дан бе­рі ел аумағында скинхед­тер­дің кең өріс алуына, Балтық жа­ға­лауы ел­де­рі мен ТМД мемлекеттеріне жа­са­лып жатқан қысым мен жалпы Ресей имиджінің өсуіне, сондай-ақ орыс православие шіркеуінің кү­шеюіне бірден-бір себепкер Пу­тиннің өзі емес пе?! Кезінде Еуропа ке­ңесінің Парламенттік ассам­блея­сы РФ билігіне талап қойды: Ре­сей елдегі әсіре ұлтшылдықпен заңн­амалық тұрғыда күресуі керек. Бұл арада Путин қандай қадам­дар­ға барды дерсіз?! Ол орыс ұлт­шыл­дығын ақтап шықты. «Клерк.­Ру» ақ­па­рат­тық агенттігінің ха­­бар­ла­уынша, Путин Ресейдегі ксе­но­фо­бия мен ұлтшылдыққа басты се­беп ретінде ең­бек рыногында орыс­тардың жұ­мыспен қамтылмауы деп көр­сет­кен. Өз кезегінде саясаткер: «Мұның бәрі Кеңес Одағынан ке­йін қа­лыптасқан идеологиялық ва­куум мен одан туындаған жай­сыз­дық­тарға және негізгі ұлттық топ­тардың қысымшылық көруіне бай­ла­нысты. Кеңес Одағы құласа да, біз­дің шекараларымыз ашық қал­ды, ал еңбек рыногындағы жағдай Ре­сейдің байырғы ұлтының, РФ аза­маттарының мүддесіне сай ше­шіліп жатқан жоқ» деп мәлімдеді. Бұл - Путиннің президент кезінде айт­қан сөзі. Бұл - оның халықтың кө­ңіл күйімен санасу әрекеті. «Ле­вада-центр» орталығының жүр­гізген сауалнамасына сәйкес, Ре­сей азаматтарының 52 пайызы өзге ел­дерден келген азаматтардың құ­қын шектеуді қалайды екен.
Путин билікке келгелі бері сырт­тағы орыс диаспорасын қар­жы­лай қолдап, рухани демеу сая­саты ерекше қарқынмен жүзеге асып келеді. РФ посткеңестік ел­дердегі орыс тілінің дамуына жы­лына 210 млн рубль бөліп отырады. 2005 жылы Ресей «Орыс тілі» атты фе­дералдық бағдарлама қабылдап, 2010 жылға дейін ТМД аумағында орыс тілінің ұлттық тілдерден басып озуы үшін 1,5 млрд рубль бөлген. Бұл өте қомақты қаржы! Айт­пақ­шы, биліктің «Единая Россия» пар­тиясы да сырттағы орыс-славян ұйым­дарын қаржылай қолдап-қол­паштап келеді. Мәселен, ке­зінде дәл осы партия Қазақстан­да­ғы орыс ұйымдарына Алма­тының қақ төрінен Орыс үйінің ғи­ма­ратын сыйлады. Ресейге бағы­натын Қазақстандағы орыс пра­вос­лавие шіркеуі де ата жұрттан қол­дау тауып отыр. Қарап отырсақ, Путин орыстың ел ішіндегі ғана емес, сырттағы мүддесін де қорғау­мен келеді.
Дәл Путиннің тұсында «ре­сей­лік отандастар» жобасы дүниеге кел­ді. Бұл жоба - шетелдегі орыс­тілді азаматтар арқылы Ресейдің іш­кі демографиялық ахуалын дағ­дарыстан шығаруға бағытталған стратегия. Айтпақшы, бұл жоба ұлт тал­ғамайды. Ресейде тұрғың келе ме, орысша білесің бе, сен - ре­сейліксің. Яки түптің-түбінде жал­пыұлттық орыстандыру сая­са­тының ығында кетіп, орысқа айна­ла­сың. Путиннің президен­т­ті­гі тұ­сында Орыс православие шіркеуі хрис­тиан әлеміндегі басты бә­се­ке­лесі - католик шіркеуінен де кө­теріліп, халықаралық аре­на­дағы бе­делін шарықтатты. Елдегі мұ­­сыл­ман факторынан қорық­қан­­нан ба, кім білсін, әйтеуір біраздан бе­рі «Православие не­гіз­дері» пәні күл­лі орта білім ошақ­тарында мін­детті пән ретінде оқы­ты­лып келеді. Жал­пыұлттық хрис­тиан­дандыру сая­сатына Путиннің қо­сып жат­қан үлесі сүбелі: осыдан бір­неше жыл бұрын Путин пасха ме­рекесін Якутиядағы шіркеу­лер­дің бірінде қар­сы алды. Бұл - үл­кен қадам еді. Осы­лайша Путин өзге ұлт өкіл­д­е­рінің православие ді­нінің аясында бірігу қажеттігін көрсеткені анық. Жалпы, Путин, Медведевтер Ре­сейді қаншалықты зайырлы мем­лекет дегенімен, шіркеуге мінәжат етуге жиі барып тұрады. Өз ке­зегінде мұның бәрі фе­дералдық те­ле­арналарда жалпы­ұлттық деңгейде на­сихатталады. Осы­лайша Ре­сей­дің іс жүзіндегі мемлекеттік дініне - православие тармағы айналып отыр, бұл РФ-ның - нағыз көп­ұлт­ты, көпдінді мем­лекет екеніне қа­ра­мастан...
Әрине, Путиннің қажет болса бір күнде скинхедтерді жайпап са­лып, әсіре ұлтшыл партияларды ауыз­дықтауға күш-қайраты же­те­ді. Батысшыл, бірақ дербес Грузия­ны төбесінен бомбалап тастаған Ре­сейге 70-80 мыңдық скинхедтер «ар­миясы» түкте емес қой... Бірақ оларды құрту мемлекетке керек пе?! Скинхедтер де орыс ұлт­шыл­дығының символына айналды. Скин­хедтерді бүкіл орыс сая­саткерлері «балаларымыз» деп қор­ғай­ды. Биліктің ұстанымы осы.
­Орыс ұлтшылдығы орыс мем­ле­кетіне қызмет етеді. «Орыспен ой­намаңдар!» деп ескертеді Ре­сей билігі. Ресей үшін Балтық жа­ғалауы мен ТМД елдеріндегі ұлт­тық қайта жаңғыру процестері - фа­шизмнің дәл өзі?! Ал нағыз фа­шистік бағыттағы қандықол скин­хед­тер Ресей үшін небары 16-20 жас­тағы тентек балалар! Мем­ле­кет­тің ұстанымы, ақпараттық на­си­хаты осыны үндейді. Әрине, мұ­ның арты Ресейдің басына бақ боп қо­на ма, әлде маңдайына сор боп жа­быса ма, оны бір Алла біледі. Қа­зірше анығы, орыс ұлтшылдығы пра­вославиелік орыс мемлекетінің қа­лыптасып, дамуына мол үлес қо­суда. Орыс православие шіркеуі үшін де, орыс халқы үшін де Вла­димир Путин - патша! Пасха ме­ре­келерінің бірінде шіркеу мит­ро­политі Путинге тәжі бар жұмыртқа сый­лапты. Ал бұл өз кезегінде «пат­шалықты ұзақ та бақытты бас­қа­­рыңыз!» деген сөз екен. Путин­нің патшалығы - ұлтшылдыққа не­гізделген. Яки бұл шын мәнінде, ғұ­мырлы патшалық болары сөзсіз.

Ұлтжандылық - ұлтшылдықтың басы ғана...
Сарапшылар Қазақстандағы кө­ңіл күйдің өзгеріп жатқанын ай­тады. Кеңес Одағынан бері өз­геріс көрмеген ұлтаралық саясат, де­колонизациялық процестің мүл­дем жүргізілмеуі, қазақ ұлтының әлеу­меттік қиын жағдайы жыл өт­кен сайын шешілудің орнына ушы­ғып жатқан жоқ па?! Биліктің ұлт­тық ұстанымы өте таяз. Алма­тыға жиі келетін Ресейдің танымал сая­саткерлерінің өзі ұлттық ұс­та­нымы таяз адамдардың ұлтшыл адам­дармен тіл табысуы қиын де­ген ойда. Мемлекеттер де солай.
Ресейдегі экономика, саясат, спорт, мәдениет саласындағы же­ңіс­тердің бәрі де - ұлтшылдықтың ар­қасы. «Евровидение» байқауын­да­ғы Дима Биланның жеңісі, фут­болда «Зениттің» жеңісі, «Әлем аруы» байқауында орыс қызының же­ңісі, бәрі-бәрі - орыс рухын кө­терген игіліктер. Мұны халық Пу­тиннің саясатымен байланыс­ты­ра­ды. Ал Қазақстан құрамасы фут­болдан күні кеше ғана Англия құ­рамасынан 0:4 есебімен ойсырай же­ңілді. Ал біздің ұлттық жеңі­лісіміз футболдағы жеңілістен де асып түседі. Ұлт зиялысы Аман­гелді Айталы айтпақшы, қазір тіпті ұлт­тық мәселені көтеріп жүрген аза­маттарды халық жауындай көру үр­дісі тағы бар. Сонда бүгінгі қа­зақ миссиясының мұраты не? Өз­гелерге жалтақтау ма, қайткен күн­де кеңестік салғырт саясаттың сар­қыншақтарын сақтап қалу ма?! Ғаламдастыру заманында қазақтың тілі мен дінін, ділі мен мә­дениетін кім құтқарады?
Түптің-түбінде, мемлекет болу - өзгелерді біржақты сыйлау емес, мемлекет болу - мемлекетқұрушы, байырғы ұлт пен мемлекеттік тілдің аясында өзге ұлт өкілдерінің шоғырлануы, осы мемлекеттің патриоты болуы. Ғаламдастыру заманында барлық елдер өз ұлттығын сақтағысы келеді, яки олардың барлығы дерлік - ұлтшыл. Тек Ресейдің мемлекеттік тілінде сөйлеп, діни ұстанымын әлі де анықтай алмай келе жатқан біздің кейбір шенді-шекпенділеріміз қалайша қазақ мемлекетінің патриот, ұлтшылы бола алады?!

 

 

Кәмшат ТАСБОЛАТ

"Айқын" газеті 18 маусым 2009 жыл

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1491
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3259
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5570