Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 2050 0 пікір 8 Тамыз, 2011 сағат 19:54

Балжан МҰРАТҚЫЗЫ. САЯСИ САРАПШЫ: САҢЛАҚТАР МЕН ҚАҢБАҚТАР

Осылардың айтқан болжамы неге келмейді? «Олар сол үшін сарапшы», - дейді құрбым. Рас-ау, айтқаны келсе көріпкел болып кетпей ме? «Анау ауысады, мынау тарайды», - деп, саусақ сорып отырғанша, «айың оңыңнан туады, бақытты боласың», - деп, ақша таппай ма? Әй, бірақ сөз сауған сарапшылар да жерге қарап отырмаған шығар. Байқасаңыз көбі әлдебір құрылым, қоғамдық ұйым құруға әуес. «Алтын шыққан жерді белден қазып» жатқандары да бар. «Қор құрып, грант жеңіп алдым», - деп жатады, кім білген. Ондай қорлар сырттан да қаржыландырылады, іштен де. «Серіктестік құрма, құрсаң қор құр» деп құрқылдап жататыны сондықтан. Соңғы кезде сырттан келетін күмәнді ақша сүзгіден өтетін болды да, кейбір шалқып өмір сүріп жатқандар тыйыла бастады. Есесіне «аузын алу» әдісі өзімізде күшейіп келе жатқан сияқты. Білгіштер солай деп жүр, бірақ біздің айтпағымыз басқа. Осылар кімдер өзі, олар неге ақыл айтуға тиіс? Біз оларды неге тыңдауымыз керек? Мәселен?!.

Осылардың айтқан болжамы неге келмейді? «Олар сол үшін сарапшы», - дейді құрбым. Рас-ау, айтқаны келсе көріпкел болып кетпей ме? «Анау ауысады, мынау тарайды», - деп, саусақ сорып отырғанша, «айың оңыңнан туады, бақытты боласың», - деп, ақша таппай ма? Әй, бірақ сөз сауған сарапшылар да жерге қарап отырмаған шығар. Байқасаңыз көбі әлдебір құрылым, қоғамдық ұйым құруға әуес. «Алтын шыққан жерді белден қазып» жатқандары да бар. «Қор құрып, грант жеңіп алдым», - деп жатады, кім білген. Ондай қорлар сырттан да қаржыландырылады, іштен де. «Серіктестік құрма, құрсаң қор құр» деп құрқылдап жататыны сондықтан. Соңғы кезде сырттан келетін күмәнді ақша сүзгіден өтетін болды да, кейбір шалқып өмір сүріп жатқандар тыйыла бастады. Есесіне «аузын алу» әдісі өзімізде күшейіп келе жатқан сияқты. Білгіштер солай деп жүр, бірақ біздің айтпағымыз басқа. Осылар кімдер өзі, олар неге ақыл айтуға тиіс? Біз оларды неге тыңдауымыз керек? Мәселен?!.

Айдос Сарым өзін оппозиция өкілімін деп санайды. Бір қарасаң оппозиция мен Үкіметтің арасындағы кеңістікте алшаң басып жүргендей көрінеді және. Пікірлері қызық та емес, қызықсыз да емес. Анда-санда жап-жақсы, салмақты ойларымен көрінсе, бірде басқа бір топтың сойылын соғып жүргенге ұқсайды. «Ұлт үшін ештеңе істемеді», - деп ұлтшылдармен жиі ұстаса береді, бірақ өзін ұлттық-патриоттық қозғалыс белсенділерінен жоғары ұстайды. Десе де ол саясат үшін аянып қалмайды. Осы мақсатта кімнің болса да аузы-мұрнын қан жалатып жібергісі келетіндей. Ақсақалына да, қарасақалына да пысқырып қарамайды. Бұл жағынан өктем көзқарастағы адам. «Тәрбиеден кеткен адам алған білімнің құлы», - деп айтып кеткен бір ғұламаның сөзі ойға еріксіз оралады осындайда. Ал Айдос өзі ізіне түскен саяси технологияның құлы. «Абай kz.» ақпараттық порталын дүниеге әкелушілердің бірі әрі бірегейі дейсіз ғой. Мұны ұлтқа қызмет етудің бір функциясы ретінде түсінсек, саясаттанушы саясатсыз әрекет етпейтінін тағы ұмытпаған жөн. Біреулер оны: «шылымын бұрқыратып, тамағы қырылдап отырып анекдот айтатын адамның образына кіріп алған», - дейді. «Онысы рас шығар, бірақ анекдоттың жанкүйері екені анық» дейді тағы біреу. Әйтеуір түбі барлығын анекдотқа айналдырып жүрмесе болғаны. Ал сөздің шынына келсек, Айдостың болжамдары саяси көріпкелділіктен гөрі ситуацияға қарай қорытынды пікір айтуға келіңкірейді. Бүгінгі заманның ситкомын іздесеңіз, Айдостан табасыз.
Қоғамға мысқылдап қарау саясаттанушы Досым Сәтбаевта да бар. Саясатта жүріп, сатиралық роман жазу соның әсері. Алайда 2008 жылы қаңтарда «Мәсімов кетеді!» деп еді, Мәсімов қайта қазір күшейіп кетті. «Мәсімов дағдарысқа қарсы менеджмент көрсете алмады» деген, керісінше біз дағдарыстан дін аман шықтық. Елбасы оны қайта тағайындағанда осынысы үшін алғыс айтты. Тарайды-ақ деген Парламенті де тарамады. Өткен Президент сайлауын да дәл болжап бере алған жоқ. «О-й-бүй, айтқаным келмей қалды» деп, оның себебін түсіндірген Сәтбаевты да, басқаны да көрмедік осы жолы. Баяғы «Ара-Шмельдің» заманы болса, Сәтбаевтың өзі кейіпкер болып кетер ме еді, қайтер еді. Бір қарасаң, дұп-дұрыс-ақ болжам жасайтын сияқты, бірақ өмірі айтқаны келмейді. Әлде біз белгіленген ережемен жүрмейтін халық па екенбіз? Неғылса да мұндай жағдайдағы берер кеңесіміз біреу-ақ, Сәтбаевқа сенсеңіз де, қолшатырыңызды ұмытпаңыз!
Сөйтсе де осы Досым Сәтбаев, Ерлан Қарин, Берік Әбдіғали, Дос Көшім төртеуі саясаттағы сүйкімін жоғалтпаған адамдар. Басқалардан гөрі объективтілеу пікір айта алады. Мысалға, өткен жыл аралығында белгілі саясаттанушы Ерлан Қарин өтімді пікірлерімен қайта көрінді. Біз саясаттанушының Петропавлды Қызылжар деп атау турасындағы дауға белсеніп араласқанын айтып отырмыз. Әдетте билік тарапындағылар ши шыққан жерге «от тастамауға» тырысатын. Сондай ортада жүрген «Нұр Отан» партиясы саяси кеңесінің хатшысы Ерлан Қарин ойын ашық жеткізді. Досым Сәтбаев ондай «қаншыл» емес. Ұлт мәселесіндегі кейбір жайттарға келгенде Досым үшін «екі қойың бір сом». Қазақшаға да жорға емес. Ал Қарин болса, қазір жоғарыдағыдай қазаққа жақын әңгімелермен ұпайын түгендей бастады. Себебі саясаттың жол ортада мөңкіп тастап кетерін «Асар» партиясында кеңесші болып асарлатқанда білген. Елге ақыл айтпақ түгіл, «Асардың» тарап кетерін білсе, ту тұрғанда жалау көтеріп шығар ма еді, мәселен. Уағында Ақаевқа да ақылшы болғаны Ерланның саясаттың саудасынан да алыс емес екенін байқатса керек. Айналып келіп «туын тапқаны, түбін тапқаны» дерміз енді. Ұлттық мәселелермен тылын мығымдап қойған Қарин алайда, ықпалды партиядағы ықпалды тұлға бола тұра, жоғарыдағы Қызылжар мәселесінің оңынан шешілуіне еш ықпал жасай алған жоқ. Бұған не дейміз, өзі түгел болмаса да, сөзі түгел, әйтеуір. Ендеше Ерланға да толайым сеніп қалуға болмайды.
Алпауыт партияның аламанына айналған Қариндікі түсінікті, ал мына басы бостан Әзімбай Ғалиға не жорық?! Бірдеңе сұрасаң: «ананың кәріне ұшырап қалармын, мынаның көңіліне тиіп қалармын», - деп ашық айтатын болыпты. Айтқаны келе бермеген соң, сақ болған түрі ме екен, әлде. «Ішімдегіні өзің тап» деп мысықтабандап жүретін саясаттанушы бола ма екен, тәйірі. Содан да шығар, қазір Әзімбай Ғалидың үні шықпай кетті. Өзі де ұлт мәселесін көбірек көтерсе де, қазақша екі сөздің басын құрай алмай міңгірлеп қалушы еді, кейінгі кезде біржола тыйылды. Бұрынырақта басқалардан гөрі Әзімбай Ғалиға сеніңкірейтініміз рас еді, енді ол да тым-тырыс. Енді бізге ертегіні кім айтады деп, қар-а-ап отырмыз.
Қазіргі заманның саясатшысына қызыл сөз жолдас болмайды, әрине. Десе де сол жоқтың орнын толтырып жүрген Бекболат пен қызыл сөз адамат (кентавр) құсап бірігіп кеткендей. Тыңдаушының да қотырын қасып, емінте түсетін сияқты. «Ұлтым, тілім, дінім» деп безек қағып жүргенін көріп: «Әй, осы Бекболаттан басқаның қазаққа жаны ашымайды-ау», - деп ойлап қаласың сен де. Сондағы Бекболаттың «меншігінде» үш-төрт-ақ тақырып бар. Соның ең жандысы - кино. Көрерменге жол тартқан киноның бәрі шетінен Бекболат Тілеуханның сынынан өтеді. Мәселен, «Келінді» қазымыр қайыната құсап жер-жебіріне жете сынап, айызымызды бір қандырды. Алайда кино мен тілге келгенде жарқын-жарқын шығатын Бекболаттың дауысы саяси мәселелерге келгенде көбіне «өшеді» де қалады. Әйтпесе үлкен-үлкен, күрделі тақырыптарға байланысты Бекболаттың пікірін естігің-ақ келеді. Қызба сөз, қызыл тіл, эмоцияға салғанда қандай болып шығады екен деген ет пен терінің арасындағы желік қой біздікі. Бекболат саясаттанушы емес, бірақ қазір ол ұлттың сөзін сөйлейтін саясаттың адамы.

Сол қасиет Сәтбаевта ғана емес, Ерімбетовте де жоқ, мысалы. (Бекболат Тілеухан қаламымызға сол үшін де ілігіп қалып отыр). Нұрлан Ерімбетовті тыңдасаңыз, рингте жұдырығын оңды-солды сілтеп жүрген боксшыны елестетесіз. Араласпайтын тақырыбы жоқ, оңынан келсе оңынан, солынан келсе солынан шартпа-шұрт кірісіп кетеді. Бағамдап қарасаңыз, оның мемлекеттік тіл мен ұлтшылдық туралы пікірлері саясаттағы әуесқой адамның кейпін көз алдыңа әкеледі. Десе де, белгіленген ереже шеңберіндегі «тәртіппен» төбелесетін «боксшылардың» арасында ол сол оңды-солды соққыларының арқасында басқалардан гөрі көбірек танымал болып үлгерді. Орнықты, ордалы ойлары болмаса да ой айта алатын адамдарды додаға салуды ұйымдастыра алатын қабілеті бар. Салыстыра айтсақ, саясаттанушы Ерлан Қарин одан әлдеқайда кәсіби, әлдеқайда терең. Алайда Нұрлан әлдеқайда қызық, «тобырға» әлдеқайда жақын.
Биліктегі бірден-бір қызық фигура кім десеңіз, ол «биліктің айтқышбегі» атанған - Ермұхамет Ертісбаев. Кейде сайқымазаққа да ұқсап кететін кездері аз емес. Әйтсе де оны қанша ұнатпағанымызбен, бәрібір оның айтқаны келіп жатады. Біздіңше, Ертісбаев демократтың образын именбей иемденген талантты «актер». Осы уақыттың, тап осы күннің адамы. Тақ мұрагері кім болуы мүмкін екеніне болжам жасауға тек соған ғана рұхсат беріліп қойғандай құдды. Бірақ ол да дәл үстінен түсіру үшін емес, қоғамдық пікірді адастыру үшін болжам жасайды. Міне, біздің саясаттанушылардың сыр-сипаты енді анықталды, «олар сол үшін де саясаттанушы!» Пікірлері аса қызық та емес, аса қызықсыз да емес. Біз де үйреніп кеттік, айта берсін: «Айың оңыңнан туады, бақытты боласың!..»

http://www.halyksozi.kz/news/view/id/706

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1483
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3255
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5502