Арандатушы хаттың иесі Қытай консулдығының өзі ме?
ҚР Сыртқы істер министрі
Мұхтар Тілеубердінің,
ҚР Бас прокуроры
Ғизат Нұрдаулетовтің,
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы
Кәрім Мәсімовтің назарына!
Өткенде Алматы облысы маңында қазақ және қытай азаматтары арасында төбелес болып, полиция бес адамды ұстаған. Ұсталған бес жігіт те Қазақстан азаматтары.
Апта бұрын аталған жайтқа қатысты ақпар айтқан ҚР ІІМ кіші министрі Алексей Калайчи «жергілікті тұрғындарға қате ақпарат жеткізіліп, ол бұзақылыққа себеп болған. Бес адам ұсталып, істері тергеліп жатыр» деп сөйлеген.
Әуелі үш қытай бір қазақты жабылып ұрған
Әуелі әлеуметтік желіде видео тарады. Қақтығыс Талдықорған маңында болған. «Алматы-Өскемен» тасжолын салумен айналысатын «Citic Construction» дейтін ЖШС жұмысшылары арасында дау шыққан. Әлгі компанияда жұмыс жасап жатқан Қытайдың үш азаматы этникалық қазақты соққыға жыққан. Бұл ақпарат кейін расталды. 4 жұмысшының арасында төбелес болған. Төртеуі де Қытай азаматтары. Олардың бірі – этникалық қазақ. Ол дене жарақатын алған. Ол – Жамбыл Қанат есімді азамат.
«Бас инжинер тракторды қаға берген соң, трактордан түстім. «Жай істе. Әйтпесе кет», деді. Жөн сұрадым. Сол кезде күрекпен аяғымнан ұрып жіберді. Артынша, одан неге бұлай жасағанын сұрап, жағасынан алдым. Сол кезде үш қытайлық азамат келіп, ұра жөнелді. Мен жерге құлағаннан кейін тепкілей бастады. Содан кейін орнымнан тұрдым. Директор келіп ажыратып алды», депті баспасөзге пікір білдірген Жамбыл Қанат.
Полицияның мәліметінше, аталған факті бойынша кінәлілер анықталып, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-1 бабы (денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру) бойынша жауапқа тартылған.
Әлгі видеода жұмыскерлер жоғарыдағы болған жағдайды, екі елдің жұмысшылары екі бөлек айлық алатынын, теңдей жағдай жасалмағанын айтқан.
Сосын Полция 5 қазақстандық азаматты ұстаған
Ал әлеуметтік желіге тараған видеодан кейін жергілікті тұрғандар кәсіпорынға барып, төбелес шығарған. Бірнеше қытай азаматы таяқ жеген. Ауруханаға жеткізілген.
Осы оқиғадан соң, Қытайдың Қазақстандағы Бас консулы Ген Липин дейтін келіншек аталған жайтқа ғана емес, жалпы Қазақстандағы антиқытайлық ахуалға алаңдайтынын айтып, пікір білдіріпті.
«Е, бопты, өз елінің азаматтарының амандығы үшін алаңдап отыр екен ғой. Елші болған соң міндеті шығар» деп жылы жауып қоя салар ма ек, лепіріп сөйлеген Липин лимиттен шықпаса. Жоқ, елші емес, елдің егесі секілді екілене сөйлепті.
«Байқұс» қытайдың базынасы
Әлгі төбелестен кейін қытайлықтардың бірі жаңағы Липинге хат жазып, мұң шағыпты. Қазақтар күн көрсетпей жатқанын айтыпты. Өліп таяқ жегенін айтыпты. Араша сұрапты. Мынау сол хаттың қазақша қотармасы:
«Құрметті Бас консул! Мен қазір Қазақстанда, Талдықорғанда жұмыс жасап жатырмын. Біз мұнда жол жөндеуге келдік. Екі күн бұрын мені және менің қытайлық жолдастарымды жергілікті тұрғындар ұрып кетті. Нәтижесінде бірнеше адам ауруханаға жеткізілді. Олардың екеуі ауыр жарақат алған. Тіпті біреуінің қол сүйегі көрініп тұрды. Біз қатты қорықтық. Өзімізді қорғансыз сезінеміз. Біз бұрын басқа елдерде де жұмыс жасадық. Барлық жақта бізді жылы қабылдады және мұнайды көрмедік. Мұна, Қазақстанда біз барынша жұмыс жасап жатырмыз. Бірақ бізді себепсізден себепсіз ұрып кетті. Әріптестерімнің жарақат алғанын көріп, мені ашу мен өкпе қысып отыр. Тіпті мұнда жұмыс жасағым келмейді. Сізден көмек сұрап, хат жазып отырмын. Біз түсініктеме беруін және Сізден көмек күтеміз».
Қалам алып, хат жазған автор өз шағымын «қытайлық жұмысшы» деп түйіндеген екен. Ол қай жұмысшы? Аты-жөні кім? Белгісіз.
Шындығына келсек, бұл барып тұрған провокациялық хат. Жалған ақпарат берілген хат. «Себепсізден себепсіз ұрып кетті» депті. Жанжалдың себебі жоғарыда айтылды. Полиция фактіні тіркеді. Кінәлілерді әкімшілік жауапқа тартты.
«Біз қатты қорықтық, өзімізді қорғансыз сезінеміз» депті. Көмек сұрапты. Провокациялық хат иесі (кім болса да) бұл сөзімен нені меңзеп отыр? «Біз қорғансызбыз, бізді қорғаңыздар. Қытай полициясы болмаса, Қазақстан полициясы қазақтарды жақтап отыр» дегені ме? Біз солай деп топшыладық...
«Басқа елдерде бізді жылы қабылдайтын. Мұнай бассыздық болмаған» депті әрі қарай. Биыл қоңсылас қоныстанған қырғыз қошыналардың «Құм-Төрдегі» қытайларды қалай қуып шыққанын көрдік. Жалпы антиқытайлық наразылық жалғыз Қазақстанда ғана емес. Сондықтан, «басқаларға сыйлымыз, қазақтар ғана қан-қақсатып отыр» дегені және өтірік. Қойшы, айта берсең, арандату пиғылымен жазылған бұл хаттың әр сөйлемін әшкерелеуге болады.
Провокациялық хаттың иесі Қытай консулдығының өзі ме?
Бізді ойландыратыны – бұл хатты кім жазды деген сұрақ. Аты-жөні белгісіз, ешбір адресаты жоқ бұл хатты жазу кімге керек болды? Рас, төбелесті бастап, артынан таяқ жеген қытайлық жұмысшылар өз елшіліктерінен көмек сұрапты деген әңгіме логикаға саяды. Хат авторының күткен нәтижесі де сол болса керек... Мейлі, солай болса, тым құрығанда «пәлен компаниядағы қытайлық жұмысшылар» деп есім-сойларын көрсетпей ме? Жоқ.
Рас, қазір ел ішінде антиқытайлық көңіл-күй басым болып тұр. Қазақстанның жер-жерінде Қытайдың жұмыс күшіне, оның инвест-жобаларына қарсы наразылықтар лег-легімен өтіп жатыр. Бұл жайдан жергілікті басқарушы органдардан бастап, Қазақстан президентіне дейін хабардар болды.
Біз хатты қытай тілінің мамандарына да оқыттық. Олар: «Бұл сауатты жазылған хат. Аса көркем тілмен жазылмаса да, қаламмен жиі жазып жүрген адамның жазуы. Қарапайым жұмысшылардың арасында жазуды дәл осылай әдемі етіп жаза алатындары көп емес. Сондықтан, пәлен-түген деу қиын», деп баға берді.
Сонымен, провокациялық хаттың авторы кім? Бәлкім жоғарыдағы антиқытайлық наразылықтарға байланысты Қазақстан билігіне дат айтып, талап қою үшін бұл хат елшіліктің я консулдықтың өзіне қажет болған шығар? Оның рас-өтірігі Құдайға сосын Қытай консулдығына аян.
Ел-халықты арандатуға үгіттейтін, елдің ішкі һәм сыртқы қауіпсіздігіне қауіп келтіретін бұл провокациялық хаттың жай-жапсарын Қазақстанның Бас прокуратурасы, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті тексеріп, анықтауы керек!
Біздікі күдік дедік. Күдігіміз расқа айналар болса, Халықаралық дипломатия тәртібін өрескел бұзған Елшілік пен оның қарамағындағы консулдық басшылары елден шығарылуы керек!
Жә, әрі қарай жазайық... Әлгі күдікті хат Бас консул Ген Липиннің қолына тиіпті. Сөйтіп, Геннің «гемоглавині» көтеріліп, алаңдаушылықпен қатар ашу-ыза кернепті, бойын.
Липиннің нұсқасы
Ақыры төбелес неден шықты деген сұраққа консулдық та жауап іздепті. Липиннің нұсқасы: Оның айтуынша, жергілікті жұмысшының (Қазақстан азаматының) кесірінен салынып жатқан жолдың бір бөлігі бұзылған екен. Қытайлық басшы бұзылған жерді жөндеуді талап етіпті. Сөйтіп, араларында талас туындапты. Кейін оған маңайындағылар араласқан.
«Одан кейін тараптар татуласып, дау тыншыған. Алайда ертесі күні таңғы уақытта қытайлық жұмысшылар жұмысқа шығып бара жатқанда оларды белгісіз бір топ қоршап алып, соққыға жыққан», депті.
Одан әрі әлгі күдікті хат туралы айтыпты. «Мен кеше көмек сұрап жазған қытайлық жұмысшының хатын алдым. Шынын айтқанда, хатты оқып отырып мен, бас консул ретінде қатты алаңдаушылық пен ашу сездім.
Онда хат иесінің Қазақстанда жол жөндеумен айналысатын жұмысшы екені айтылған. 8 қазанда оның бірнеше жұмыстас жолдасын мәселенің мән-жайын білместен, жергілікті тұрғындар тобы соққыға жыққан. Олардың екеуі ауыр сынық жарақатын алып, ауруханаға жеткізілген.
Мен тосын шабуылға тап болған өз отандастарым үшін алаңдаймын. Мұндай инсиденттің Қазқстан секілді бейбіт және интернационал елде орын алып отырғаны өз кезегінде мені өкіндіреді және түсінбеушілікке жетелейді.
Кінәлілер Заң бойынша жауапқа тартылады деп үміттенемін!
Шынында, мен интернетте тарап жүрген, «қытайлық жұмысшылар қазақстандық жұмысшыны ұрды», «қытайлық жұмысшылар балаларды жұмысқа жегіп қойды» немесе қытайлық компания жұмысшыларға тұрғын-жай мен тамақты дұрыс бермейді т.б. секілді жаңалықтардың қайдан шығатынын түсінбеймін...
Мен осындай жекелеген инциденттер Қазақстан мен Қытай арасындағы достық қарым-қатынастарға кесірін тигізбейтініне және ортақ күш салу арқылы біздің әріптестік жолымыз одан сайын кеңейе түсітініне, ал біздің елдеріміз арасындағы қарым-қатынас одан әрі жақсара беретініне сенемін», депті.
Бұл Бас консул Ген Липиннің 14 қазанда жария болған мәлімдемесі. Липиннің айтуынша, жұмыс барысында болған кикілжің сол жерде басылып, тараптар татуласқан екен. Ал ертесіне жергілікті тұрғындар еш себепсіз қытайларды соққыға жыққан. Ал ондағы жұмысшылар үшін барлық жағдай жасалған.
Кім өтірікші?
Ау, Липин айтқандай, тараптар татуласып тарасқан болса, онда полиция не үшін істі тіркеп, жауаптыларды әкімшілік жауапқа тартқан? Осының өзі-ақ, Липиннің лепірмесінің шылғи өтірік екенін дәлелдеп тұрған жоқ па?..
Көпіріп сөйлеген консул келіншек қытайлардың бір қазақты жабылып ұрғанын қылмыс деп танымайтын оқшайды. Есесіне, жергілікті қазақтар барып, қытайлықтарды сабап кеткен деп сазарып отыр. Әлгі өлермендікпен жазылған күдікті хатты оқып, Қазақстан билігіне «ескерту» жасауға мәжбүр болыпты және.
Сонда, 1998 жылы туған Қазақстан азаматы Қанат Жамбылды Қытай азаматтары Лянг Женг (1982 жылғы), Ченг Пенглин (1992 жылғы), және Чанг Хуй (1995 жылғы) үшеуі жабылып ұрғаны, оның ертесі күнгі жанжалға себепші болғаны өтірік екен. Құдай-ау, бұл деректі тіпті полицияның өзі растады ғой. Жоқ. Липин бұл фактіні ескерусіз қалдырып, «кінәлілер жазалансын» деп налыпты.
Ол ол ма, жұмысшыларға барлық жағдай жасалған депті. Тіпті жалақы айырмашылығы жоқ екен. Бірдей квалификациядағы жұмысшылардың барлығына тең жағдай жасалған депті.
Келімсек компаниялардағы жұмысшыларға теңдей жағдай жасалмағанын үкіметтік деңгейдегі шенеуніктер де, тіпті президент Тоқаевтың өзі де айтқан еді. Липин мұны естімеген екен. Әй, бірақ, естісе де, естімегендей болатыны екібастан белгілі ғой.
Антиқытайлық акциялардың себебі – жалақы мен жағдайдың теңсіздігі
Қазір елде антиқытайлық наразылықтар жиіледі. Бұл шандық. Ал енді сол наразылықтың туындауының басты себебі не? Себеп – жаңағы Ген Липиндер естісе де естімегендей болып, көрсе де көрмегендей болып, көз жұмып, тәналмай отырған жалақы теңсіздігі. Жағдай айырмашылығы. Бұл туралы «Эхо Казахстана» сайтында Таир Багиров егжей-тегжейлі жазыпты. Алып-қосары жоқ.
Жә, сонымен, жаңағы консул келіншек «жалақы тең, жағдай бір» депті, беті бүлк етпестен. Ой, пәлі! Жағдай Липиннің лепірмесіндей тегі керемет болса, биыл қыркүйекте Батыс Қазақстандағы мұнай өндірумен айналысатын сервистік кәсіпорынның жұмысшылары наразылыққа неге шығыпты дейсің...
Сонда олардың «қазақстандық жұмысшылардың жалақысын қытайлықтардың айлығымен теңестірсін. Барлығымызға бірдей жағдай жасалсын» дегендері қып-қызыл өтірік болғаны ма? Жоқ, әрине. Ендеше Липин не көкіп отыр?.. Нені айтпай отыр? Липин айтпағанды біз айтайық...
Қытай менеджері, «Шығыс мұнай және сервистік қызмет» компаниясының Бас директоры Чжан Баоцзунның компанияда істейтін наразы топты қорқытып-үркітіп, үстілерінен арыз жазып, Ақтөбе облыстық прокуроры Қайыпжановқа қайрыла сөйлеп, Жаңажол мен Кенқияқтағы наразылыққа шыққандарды жауапқа тартуды талап еткенін Ген Липин неге айтпаған?
Жаңағы арызқой Баоцзун дейтін келімсек өзінің жазбаша арызында наразылыққа шыққан белсенділердің есім-сойларын тізімдеп көрсетіп, оларды барынша қатаң жазалауды сұрапты, әне. «Эхо Казахстана» солай деп жазып отыр.
Қазақстандық жұмысшылардың өз жалақыларын қытайлықтармен теңестіру үшін 50 пайызға көтеруін сұрап, талап қылуы Чжан Баоцзун үшін қылмыс екен. Әлгі жердегі бұрғылау құрылғысында жұмыс істейтін қазақстандық жұмысшы орташа 120 мың теңге алса, дәл сол жерде, сол құрылғыда істейтін қытайлық жаңағы айтылған сомадан бірнеше есе жоғары жалақы алып отырған. Бұл қаншалық әділетті екенін, сірә, Ген Липин айта алмас. Біз айтайық...
Бұл мәселе де қазақ билігі үн қатуы керек еді. Қытайлық жұмыс берушілердің өзім білемдік саясатынан өз азаматтарына араша түсіп, олардың құқығын қорғауы керек еді. Әй...
Біздікі қауіптің сөзі. Қазақ Жаңаөзенді әлі ұмытқан жоқ. Ол кезде де қытайлық менеджер Маңғыстау облысында «Қаражанбасмұнайгаз» АҚ, кәсіподақ өкілдерінің үстінен арыз жазып, қылмыстық іс қозғалуын талап еткен. Оларды «әлеуметтік араздықты қоздырды» деп айыптаған. Арты немен аяқталғанын барлығымыз жақсы білеміз.
Енді міне, тағы да сол жағдай. Алматы облысындағы төбелес себепке сылтау ғана. Тіпті, ондағы төбелесті бастаған қытай азаматтары екені дәлелденген де. Алайда, қытайлық дипломат дәл осы төбелесті екі желеу, бір сылтау етіп, наразы жұмысшыларды жазалауды талап қылып, өкіметтен өздерін қорғауды сұрапты.
Консул келіншектің мұнысы бекер емес. Жоғарыда айтқандай, аңғал көңлім сенгіштің әңгімесі емес. Қауіптің басы. Бүйте берсе, Қытай билігі жұмыс барысындағы әрбір кикілжіңді – Қытай азаматтарына, Қытай меншігіне жасалған қастандық деп танымасына кім кепіл? Кәсіпорын Қазақстан аумағында орналасқанына қарамай, өз күзетін, өз полициясын алдырамыз десе ше?
Бұл шығыспай қалса, «шық кет» дей салатын шаруа емес. Алып ақша. Алпауыт күштердің күресі.
Жаңағы төбелес болған бір ғана «Алматы-Өскемен» тас жолының құны 27 миллиард доллар. Осынша қаржы айналып отырған жобаны Қытай басқа біреуге оңай беріп, кете салмайтыны айтпаса да түсінікті.
Жоқ. Қытай барын салып өзінің мемлекеттік корпорацияларының мүддесін қорғап қалатыны анық. Керек болса, Қазақстанның ішкі саяси мәселелеріне араласуға мақұл. Төбелесті бастаған өз азаматарын емес, аяқтаған Қазақстан азаматтарын жазалауды талап етуі соның дәлелі. Жоқ. Біз қылмысты ақтамаймыз. Ал енді қылмысты кім жасағанын анықтау құзырлы органдардың қызметі.
Ал енді біздің билік...Біздің билік олардың айтқанына көніп, ығына жығылатын болса, жаңағы антиқытайлық наразылық антибиліктік наразылыққа ұласатыны анық. Өйткені халықтың билікке деген сенімі таусылар халде.
Қайталап айтамыз, біздікі қауіптің сөзі. Осыған дейін Қытайдың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Шыжан Сиау дейтін адам өз билігіне, өз президентіне дат айтқан елге «Естерің дұрыс па?» деп сөйлеген еді.
Қазақстанның Конституциясында көрсетілген Заңдар мен Кодекстарды өрескел бұзған елші Шыжан туралы осыған дейін жазған едік. ҚР Сыртқы істер министрлігіне қарата жазылған мақала қоғамда қызу талқы болғанымен, кешірім сұраған елшіні де, елшіге ескерту айтқан министрлікті де көрмедік.
Түйін. Бұл бірінші рет болып отырған жоқ. Осыған дейін Қытай елшісі Шыжан Сиау Қазақстан азаматтарына жекіп сөйлеп, «Естерің дұрыс па?» деген. Енді міне, Қытайдың Бас консулы Ген Липин дейтін адам лепіріпті.
Аты-жөні, адресаты жоқ, қайдан шыққаны белгісіз күдікті, провокациялық хатты көрсетіп, «мен ашуландым, кінәлілер жазалансын» депті. Мәсле тіпті, Ген Липиннің пікірінде емес. Оның аргумент ретінде ұсынған үшбу хатында.
Елдің ішкі және сыртқы тұтастығына нұқсан келтіруді көздейтін бұл хаттың кімге тиесілі екенін құзырлы орган қызметкерлі анықтауы керек!
«Елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан» деуші еді. Күдікті хатты көпке уәж еткен Елшілік пен консулдықтың қылығы елшіден гөрі жаушының жауыз ниетті тірлігіне ұқсайды.
Дипломатиялық акридитация мен рангті беретін Сыртқы істер министрлігі! Демек, берілген акридті кері қайтарып алуға да құқылы! Ал ол үшін жоғарыдағы заң бұзушылықтар мен фактілер жеткілікті болса керек-ті.
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz