Сәрсенбі, 27 Қараша 2024
46 - сөз 5224 44 пікір 21 Қазан, 2019 сағат 10:49

Ақын-жазушылар мен ғалымдар парламентте отыру керек

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құру туралы бастаманы мамыр айының басында өзінің сайлауалды бағдарламасын таныстыру барысында жариялады. Билік пен халық арасындағы диалогты дамыту мақсатында құрылған келелі кеңестің алғашқы отырысы 6 қыркүйек күні Президенттің төрағалығымен өтті. Жаңа органның отырысында бұқараның көкейінде жүрген мәселелер қозғалып, күрмеуі көп түйіннің шешілу жолдары қарастырылды. Осы орайда, еліміз үшін маңызды кезеңде енжар қалмай, өз ойымды айта кетуді жөн көрдім.

Сан ғасырлар бойы көшпелі қазақ қоғамында заң шығарушылық қызметті билер атқарғанын және шынайы халықтық үлгідегі дала парламенті жұмыс істегенін тарихтан білеміз. Хандықтағы билер кеңесі мемлекеттің саяси-құқықтық, әскери-дипломатиялық, әлеуметтік-экономикалық жағдайын тек әдеттегі құқықпен ғана емес, елдің рухани-мәдени салт-дәстүрімен ұштастыра отырып қамтамасыз еткен. Күлтөбенің басында қабылданған "Тәуке ханның Жеті жарғысында" афоризм, мақал-мәтел, қанатты сөздердің көрініс табуы соның дәлелі. Билер "Қасым ханның қасқа жолы", "Есім ханның ескі жолы", "Әз Тәукенің Жеті жарғысы" заңдар жинағындағы негізгі қағидалар мен нормаларды толық меңгеріп қана қоймай, ел-жұртының әдет-ғұрпын, шежіресін, тарихын, кемел пікірлерін шешен тілмен жеткізе алатын дара жандар болған. Болашақтың жолын бабалар салған жолдан іздеп, бүгінгі таңда да от ауызды орақ тілді ақын-жазушылар мен тіл, әдебиет, тарих саласындағы ғалымдардың Парламентке көбірек барғандары дұрыс деп ойлаймын. Қазақтың тілін, әдебиетін, тарихын жете түсінетін тұлғалар билік пен халық арасын жақындата түседі деген сенімдемін.

     Түйіткілді мәселелердің түйінін тарқатуға бағытталған Ұлттық қоғамдық кеңеске халық үлкен үміт артып отырғаны рас. Бұған дейін де көптеген кеңестер мен коалициялар болған. Алайда, "Бұл кеңес бұрынғы кеңестен  өзгерек" деп білемін. Ел іргесі аман, болашағымыз жарқын болсын!

Қуаныш Жұмабек

"Қазақстанның 100 жаңа есімі" жобасының жеңімпазы, PhD докторы 

Abai.kz

44 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1555
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3351
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6223