Сенбі, 23 Қараша 2024
Әдебиет 8491 6 пікір 21 Қазан, 2019 сағат 11:28

Айгүл Жұбаныш. Жасыл жемпір

Жұмысына кірісе бергені сол еді, есік қағылып, кабинетке хатшы қыз енді.

- Ерден Қайыржанович, сізге сыныптасыңыз келіп тұр. Сізді бос емес десем де тыңдар емес...

Хатшы қыз айыпты адамдай төмен қарады.

- Сыныптасым дейсіз бе? Аты-жөнін айтпады ма?

- Айтты. Қобылан ым-м-м (тегін ұмытып қалса керек)

- Қобылан Сансызбаев қой.

- Иә, иә...

- Сыныптасты кері қайтаруға болмайды.

Кабинетке көзілдірік таққан, жуан қарын, жасыл жемпірлі жігіт ағасы кірді. Жасыл жемпір Ерденнің көзіне оттай басылды.

- Оу, оқымысты, еш өзгермепсің. Баяғы құлағың қалқиып, жағың суалған қалпың. «Сен семірсең, бар ғой, мен мына мұрнымды кесіп берейін» деп, мектеп бітірер жылы айттым ба, айттым ғой?! Ха-ха-ха!

Ерден құрдасына қарап жылы жымиып алды. Қобылан да сол баяғы қалпы. Сәл толығып, есейгені болмаса. Бұрын мұғалімдер: «Түбі түскен шелектей дабырлама», - деп ұрысушы еді. Өмір керуендей көшсе де, адамның көңілі, мінезі өзгермейді екен-ау.

- Сенің де өзгергенің шамалы (күліп).

- Япырмай, қала үйінің төрт қабырғасына телміргеннен жек көрерім жоқ. Мынау тар қапаста неғып отырсың? Елге келіп, аунап-қунап, асыр салып қайтпайсың ба?

- Иә, ол ойда бар. Апам да үнемі ауыл жаққа елеңдеп, көз тігіп отырады. Бауырларым да қолдары қалт етсе ауылға аңсары ауады.

- Сен мықты азаматсың ғой. Жасыңнан өмірдің бейнетін көргеніңмен, міне, зейнетін көріп отырсың. Анаңның қолын жылы суға малып, көзіңнің ағы мен қарасындай қос бауырыңды ел санатына қостың. Тек өзіңнің елді аңсамайтын тасжүректігің болмаса, түбі жақсы адамсың.

Қобылан әдетіне салып қарқылдай күлді. Ерден салған жерден не айтарын білмей, қызарақтап қалды.

- Оу, оқымысты, айттым ғой өзгермепсің. Әлі сол ұялшақтығың...

- Сен де айтады екенсің. Кіндік қаны тамған жерді ұмытатын кісі бола ма екен? Әттең, қолымды қызмет байлап отыр. Әйтпесе туған жердің топырағын басып, марқа жеп, қымыз ішкен маған ұнамайды деймісің?

Қобылан хатшы қыз әкелген шайды сораптап отырып, ел жаңалықтарын айтуға кірісті. Сәлден соң бір нәрсені ұмытқандай жан-жағына алақтай қарады.

- Оу, оқымысты, менің сөмкем қайда?

- Сен кабинетке сөмкесіз келдің.

- Қой ары, сонау елден мені құр алақан келетін ақымақ деп пе едің? Саған әкелген базарлығым бар еді. Қап, әлгі...

Есіне бірдеңе түскендей жанталаса есікке ұмтылды. Ерден құрдасының қылығына ішек-сілесі қата күлді. «Әлі сол ұмытшақ қалпы. Ай, ауылдың исі аңқыған аңқылдағым-ай...»

Кабинетке сүріне-қабына Қобылан қайта кірді. Қолында ала сөмке.

- Әлгінде хатшы қызың кабинетіңе кіргізбеген кезде есік алдына қоя салғам. Ешкім алмапты әйтеуір.

Ерден тағы күлді. Қобылан сөмкесін ақтарып отырып, сәлден соң шағын ораманы қолына алып, үстел үстіне қойды. Ала сөмкені Ерденге қарай ысырып: «Ауылдың дәмі деп марқаңды сойып әкелдім. Жайлауда демалмаса да үйінде тынықсын деп қымыз әкелдім және. Бәйбішемнің басқа сәлемдемелері де бар. Ол ана есік алдында тұрған ала сөмкеде», – деді.

- Несіне әуре болдыңдар. Қазір қалада да бәрі бар. Сенің келгеніңнің өзі  үлкен базарлық маған. Кәне, үйге жүрейік.

- Оу, оқымысты, су татыған қала тамағын қайтесің? Тұра тұр, үй қашпас. Мен саған... Мен саған балалық шағымызды еске түсіру үшін тосынсый жасайын деп шештім.

Қобылан ораманың ішінен жасыл жемпір алып шықты. Тура сол баяғы түсі де, сәні де ұқсас жасыл жемпір. Ерденнің маңдайынан суық тер бұрқ етті. Жасыл жемпірдің тарихы арыда еді...

***

...Әдемі түс көріп жатыр екен. Үйге әкесі келіп, үшеуіне базарлық үлестіріп жатыр. Қуаныштары қойындарына сыймай, күле береді, күле береді... Әкесі алып берген су жаңа киімдерін киіп, алма-кезек айна алдынан шықпайды. «Мен өзі әдемі жігіт екенмін ғой...»

Жаңа киім кигенін сыныптағылар тезірек тегіс көрсе екен. Оларға, сөз жоқ, ұнайды. Көршілері де оны көргенде: «Беу, қара бала, өзің көрсе көз тоймайтын сұлу жігіт екенсің ғой», – деп таңдай қағатыны анық.

Е-е-е-е, бәрінен бұрын парталасы, мақтаншақ Қобыланның іші удай ашитын болды. Өйткені жаңа жемпірі де өзіне құйып қойғандай жарасымды. Әкесіне алғыс айтпақ болып жанына жете беруі мұң екен, құлағына анасының үні естілді. «Ерден, Ердентай, балапаным тұра ғой». Әкесін құшақтамақ болып еді,  иығынан біреу жұлқа тартты. «Ердеш, Ерекем, айналайын тұр енді». Бұл жолы анасының үні құлағына ап-анық жетті. Әкесі үйге келмеген екен ғой...

Әдемі түсті әнтек үзгені үшін алғаш рет анасына ренжіп, үстіндегі көнелеу қызыл көрпені одан бетер бүркене түсті. Жүрегі езіліп кеткендей. «Ердентай, балам, сен ана сиырларды өріске қосып кел. Мен самаурынға шай қоя берейін», – деген мейірімді әдемі дауыс күнделікті шаруа жайын баяндауға кірісті. Ашуы терісіне сыймай, төсектен ызаланып тұрды. «Апасы да қызық. Малды өріске кешіктіріп те айдауға болады ғой. Құдды бір сиырлар да жұмысқа баратындай асығып, өрістен қалдырмауы керек».

- Апа, мал айдауға неге бір мезгіл Еркінбекті оятпайсыз? Ол да қаймақ жеп, сүт ішеді ғой.

- Сен Еркінбекке қарағанда естиярсың. Еркінбек сиырды өріске қосқанша түс болады.

- Сонда да, апа, бұл - әділетсіз.

- Тек әрі!

Апасы қабағын түйіп еді, жым болды.

- «Әділетсіз», - дейді ғой. Таң атпай түлен түртті ме сен баланы? Күндегі тірлігің емес пе?

«Апа, мені бекер ояттыңыз. Түсімде үйге әкем келіпті. Киім әкеліп бергені үшін алғыс айтпақ болғанымда, оятып жібердіңіз», – деді ішінен. Дауыстап айтуға дәті бармады. Әкесі туралы сөз қозғаса болды, апасының көңіл-күйі бұзылады.

- Таңда даланың салқын болатынын ұмытпа. Киім ілгіштегі әкеңнің қоңыр костюмін үстіңе іле сал.

Әкесінен қалған костюм олар үшін үйдегі бар заттан бағалы. Үстіне киген сайын әкесінің тер иісі сіңген киімі сағынышын сәл де болса басатындай. Ауырып қалса болды, анасы да осы костюмді үстілеріне жауып: «Әй, Бәке, балаларыңа бас-көз бол. Әруағың желеп-жебеп жүрсін», - деп дұға етеді. Соған қарағанда апасы да әкесін сағынатын сияқты...

«Өрістен қалып қойдым», - дегендей, екі сиыр ауланы басына көтеріп мөңіреп тұр екен. Ызадан булығып тұрғаны соншалықты, атасы сияқты боқтанып, екі сиырды қамшымен осып-осып жіберді. Арқанға оралып қалған ала сиыр жерге омақаса құлады. Әп-сәтте аула ішінде мөңіреген мал үнінен құлақ тұнды. Сиырды бас жібінен босатып жатып, көзі жанында тұрған бұзауға түсті. Анасын жазықсыз ұрғанына налыды ма, әлде, қазір жалғыз қалатынын сезді ме, бақырдың көзі өзінің жанарындай қызарып, жасқа тұнып тұр. «Жазығым не?» - дегендей ала сиыр да тыпыршиды. Сасып қалды. «Кешірім сұрағаннан кішіреймейсің», - дегенді апасы жиі айтатын. Жалма-жан ышқына орнынан тұрған ала сиырдың басынан сипады. Өзінше кешірім сұраған түрі. Мал екеш малда да мінез бар екен-ау. Ала сиыр тоң мінез танытып, құйрығын бұлғаңдатып, аула есігін қирата қашты. «Атаңа нәлет, қайтып келер қораңның есігін сындырғаның неткенің?!» - деді кіжініп...

* * *

...Апасы шай үстінде жақ ашпады. Күндегідей емес, бүгін қалың ойға шомған күйі шайын сораптай берді. Екеуін төңіректеген үнсіздікті бұзды.

- Апа, түсімде үстіме жаңа киім алыппын.

Апасының мейірімді жүзіне күлкі үйірілді.

- Ырыс-несібең артады екен, балапаным.

- Сыныптағы достарым қызығып жатыр деймін.

- Мерейің өседі, құлыным.

Анасының көңілі үшін түсін осылай амалсыз өзгертіп айтуға тура келді.

Тағы да үнсіздік жандарына жайғасты...

Шайға қанған соң апасы: «Ердентай, сен сабағыңа дайындал. Мен базарға барып келейін», -деді.

- Базарға дейсіз бе? Апа, маған жаңа жемпір әкеліп бересіз бе? Біздің сыныпта Айдын киіп жүр. Сондай жемпір.

Апасы біраз кібіртіктеп тұрып қалды. Көңілін қимады ма әлде баласының жемпірінің ескіргені есіне түсті ме: «Жарайды, құлыным, әкеліп беремін», - деді.

Бір қараған адамға апасының түсі суық көрінеді. Бірақ адамның келбетіне қарап, тон пішудің қажеті жоқ сияқты. Егер біреу одан: «Ғаламдағы бірінші мейірімді жан кім?»,  - деп сұраса, ол еш ойланбастан «Менің анам» дер еді. Ал егер: «Нәзік жандылар арасында қайратты, еңбекқор адам кім?», - десе, ол тағы еш мүдірместен анасын айтар еді. Өзге балалардың аналарын жасық, болмаса жалқау деп отырған жоқ. Бұл оның анасына деген өз құрметі-тұғын...

Үйден мойнына рәгеткесін асынып, Еркінбек шықты. Ол қай уақытта да сотқарлығын тастамайды.

- Ерден, қозғалма, жаныңдағы талда торғай тұр екен. Атып түсірейін.

Еркінбек бір көзін жұмып, алаңсыз тұрған торғайды атуды көздеп тұр.

- Жоқ, тиме торғайға!

- Не болды? Тфуй, әне ұшып кетті. Айттым ғой қозғалма деп.

- Қашанғы айтам құстарды атушы болма деп!

-Атса не болады екен?!

- Обал! Обал болады. Қайта құстарға қамқор болудың орнына атқылағаның не?!

- Обал болмайды. Менің оғым тимеді ғой.

- Егер оғың тигенде, балапандары анасыз қалатын еді, болмаса біз сияқты әкесіз өседі.

- Тфуй, сенде апам сияқтысың.

- Осы ісіңді апама айтамын қазір!

Еркінбек ерке болғанымен, апасынан қатты қорқады. Егер апасы қабағын түйіп отырса, үйде оның аяқ тықырын ести алмайсың. Ал, апасының көңілі жайдары болса, бәрін «көшіріп» жіберуге бар.

- Жарайды, Ерден, мен енді құстарды атпаймын. Бірақ саған қояр бір шартым бар.

Еркінбек – мінезді бала. Дегенін жасатпаса жаны тынышталмайды.

- Шартың жеңіл болса, орындаймын.

- Жігіт болсаң, сөзде тұрасың.

- Айта бер.

- Қазір Елжан екеумізге «Батырлар жырын» оқып бересің.

- Елжан оянсын. Сосын мен сендерге «Қобыланды» батыр жырын оқып беремін...

Апасы ылғи: «Уақытты текке ысырап етуші болмаңдар. Әр нәрсенің сұрауы бар. Сондықтан сабақтарыңды оқыңдар. Қолдарың бос кезде кітап оқығандарың жақсы», - дейді. Дұрыс айтады. Кітап оқыған адамның жаман болғанын көрмепті. Мектепті үздік бітірген Көлбай көршінің қызы бұрын кітаптан бас алмайтын. Қазір соның жемісін көрді. Бір мекемеде бастық көрінеді. Ертең бұлар да сондай болады. Өйткені үйлерінде сөре толы кітап бар. Әкесі мен анасының оларға жиған бар асыл қазынасы – осы. Қазір қолы қалт етсе, кітап оқып жүр...

* * *

Апасы базардан көп кешікпей келді. Өзімен бірге шағын ала сөмкені арқалай келіпті. Еркінбек, Елжан үшеуі бір-біріне қарап, жымың-жымың етеді.

«Апа, маған костюм-шалбар алдыңыз ба?», - деді Еркінбек.

«Апа, маған аяқ киім алдыңыз ба?», - деді Елжан.

Оларға қарағанда бұл естияр ғой. Апасы: «Үлкендер шыдамды болуы керек», – дегенді жиі айтады. Сөмкедегі киімнің барлығы өздеріне сатып алынғанын іші сезіп тұр.

Апасы терең күрсінді де: «Иә, сендерге сабаққа киім алдым», - деді.

Сөмкенің аузы ашылар-ашылмастан екі сотқар қолдарын сүңгітіп жіберді. Еркінбек өзіне  шап-шақ жаңа костюм шалбар алды. Елжанға ақ көйлек пен аяқ киім де шықты. Ал бұған... Апасы тұңғышына жасыл жемпір әкеліпті. Алақай-й! «Апам-ай, менің алтыннан да ардақтым-ай! Көңілімдегі қалауымды дәл тапқаныңызға не дерімді білмей тұрғаным...» Көкірегінде сайраған мақтау сөзін айтуға ыңғайсызданып, апасының бетінен шөп еткізіп сүйіп алды.

Жалғыз түймелі жасыл жемпір ақ көйлекпен үйлесіп кетті. Сыныптастарына да ұнайтынын іші сезеді. Япырмай, үлкендер: «Түс түлкінің боғы» деуші еді, кейде түстің де шындыққа ұласатыны бар екен ғой. Жаңа киім киетінін әкесі алдын ала сездірген болды ғой...

- Апа, маған жасыл түстің үйлесетінін дәл тауыпсыз.

- Құтты болсын, құлыным, өзің киіп, өзің тоздыр!

Апасының үнінен діріл байқады. Ұлдарының қуанғанына қарап анасының да көңілі марқайып, көзіне жас келгендей. Сөйтсе...

* * *

Бүгін – 2 қыркүйек. Ұйқыдан ерте тұрды. Бірақ малды өріске айдамады. Апасы Еркінбекті таңертең қоңыр үнімен әлдилеп оятты. Ол сабаққа түс қайта баратын болғандықтан, енді малды өріске сол қосады. Сотқар бауыры тәтті ұйқысын әзер қиып, қос сиырды алдына салып, бір шыбықпен айдап бара жатқанын көріп, күлкісі келді.

Шай ішіп болған соң апасы әндетіп отырып, сүт тартқыш тартуға көшті. Апасына еркелеп жанына жайғасты да, тіліп әкелген нанын сепаратордың шүмегіне тосты. Жолаушы күткен адамдай қаймақ ағатын шүмекті тосып отыр.

- Ердеш, қарағым, сабағыңнан қалып қойма.

- Апа, әлі ерте. Нан мен қаймақ жеп алайын.

Үй мен мектеп арасы аса қатты алыс емес. Бірақ бүгін ол мектепке сәл ертерек баруы керек. Сыныптағыларға жаңа киімін көрсеткені жөн ғой...

Мектеп алдында Айдармен жолықты. Бойы бір тұтам болғанымен, бұл өзі ұзын тілді қу бала. Аңдамай сөйлесең, шағып алады.

- Қызға баратын жігіттей сықиып киініп алыпсың ғой.

- Кеше апам сатып алып берді.

- Апаңның талғамы биік екен.

- Рахмет.

Өзі ойлағандай сыныптағылар жаңа жемпіріне қызыға қарады. Әсіресе, қыздар жағынан мақтау көп естілді. «Жасыл түс сенің түсің екен», - деді бірі, «Өзің аппақ жігітсің ғой», - деді екіншісі, келесілері: «Әдемі болып кетіпсің», «Күнде осылай киініп жүр», - деп қостады. Бірақ бұл мақтау ұзаққа бармады. Қобылан мұның күлімдеген жүзіндегі қуанышты су сепкендей басты.

- Ей, білгіш бала, жасыл жемпірің құтты болсын!

- Рахмет.

- Мына жемпірді қайдан алдың?

- Апам базардан әкеліп берді.

Қобылан сыныпты басына көтере қарқылдай күлді. Өзгелер бұл қылығын ұнатпаса да, директордың баласы болғаны үшін ләм-лим деп тіл қата алмады.

- Апаң мектептің «базарынан» алды бұл киімді.

«Қобылан, мектепте базар бар ма?», «Қобылан, көп сөйлеме», «Қобылан не айтып отырсың?» Жан жақтан осындай дауыс естілді. Ызаланды.

- Мектепте апама киім бере ме?

Қобылан мырс етті. Орындығын ыңғайлап қойып алды да: «Сенің әкең қайтыс болған ғой, білесің. Үйде анаң ғана жұмыс істейді. Мектепте толық емес отбасы мүшелерінің балаларына жыл сайын тегін киім таратады. Өткенде апамның (мектеп директоры) саған және сенің бауырларыңа киім беру керектігін мұғалімдерге тапсырып жатқанын естідім», - деді. Ерден не дерін білмеді. Кірерге тесік таппай аласұрды.

Сыныптағылар үнсіз. Олардың бәрі өзіне қарап қалғандай.

- Өтірік айтасың, Қобылан.

- Мынау ұқпайтыны несі? Басқа сыныптағы әкесі жоқ балаларды қара, тура сенікіндей жемпір киіп жүр.

«Әкесі жоқ...». Ызаланып барып Қобыланның жағасына жармасты. Ол бұған қарағанда бойшаң әрі ірілеу еді. Өзін шыбын шаққан құрлы көрмей, жерге алып ұрды. Әлінің жетпейтінін білген соң, ол парта үстінде жатқан қаламсапты алып, арқасына сұғып алды. Қобылан «баж» ете қалды. Сыныптан жүгіре шығып, далаға бет алды. Жетім атандырған әкесіне, мектептен алған жасыл жемпірді кигізіп қойған анасына ренжіді. Өксіп келеді. Қалайда жасыл жемпірдің көзін құртуы керек. Мектептің сыртын айнала бере қаламсабының сиясын ағызып, жемпіріне жаға берді, жаға берді.

* * *

Аурухана палатасында көзін ашса, жанында анасы отыр екен. Жылағаннан екі көзі күптей болып, ісіп кетіпті. «Әкең болғанда, бұлай жүрмес едің. Сен енді біздің үйдің арқасүйерісің ғой». Осылай деген апасы маңдайынан сүйді. Ренішін айтқысы келді де, бірақ жасыл жемпірді сиямен бүлдіргені үшін өзін кінәлі сезінді.

- Ер жігіттің басына нелер келіп, нелер кетпейді, қарғам. Мектеп бүгін саған көмектессе, сен ертең білім алған ұяңа қол ұшыңды созасың. Бұл -қайырымдылық деп аталады, құлыным, - деді апасы шашынан сипап отырып.

Палатаға Қобылан кірді. Жанында анасы (мектеп директоры) бар.

- Ерден қарағым, бір айыбымызды кеш. Мына есерсоқ неменің сыбағасын ертең мектепте беремін.

Қобылан төмен қарап, жер шұқылап тұр. Мектептің бірінші атаманы бұлай жеңіле салады деп ойламапты. Аяп кетті.

«Апай, бала ғой. Қателескен болар, кешіре салыңыз!» - деді апасы. Қобыланға қамқор болып, директорды райынан қайтаруға тырысты.

- Жоқ, «жан бар жерде, жаза бар» деген. Тәртіп бәрімізге бірдей. Енді бұлай қайталаса, полиция шақырамын.

Көз алдына полициялардың Қобыланды қолынан қайырып, машинаға мінгізіп бара жатқаны елестеп кетті. Расында солай болса, сыныптағылар бұған ренжиді ғой.

- Апай, Қобыланның жазығы жоқ. Кінәлі – менмін. Оның арқасына қаламсап тығып алдым. Полиция мені алып кетсін.

Екі көзіне жас толған Қобылан жанына жүгіріп келіп, бұның үстіне құшақтай құлады.  Бұл да оны құшақтады. «Кешірім сұрағаннан кішіреймейсің», - деген анасының сөзінен қалай аттап кетсін?..

«Қой, айналайын, сен ақылды баласың. Сенен күтер үмітіміз көп. Зере, балаларың аман болса, бір жерден жарып шығады. Әлі-ақ осы айтқаным келеді», - деді директор палатадан шығып бара жатып.

Алдағы күннің әдемі болатынын сезді ме, әлде директордың балаларын мақтағанына масаттанды ма апам мейірленіп, басынан сипай берді.

Палатаға есерсоқ Еркінбек кірді. Апасының көзін ала бере: «Жасыл жемпірді бекер бүлдірдің. Саған ұнамаса, мен киетін едім ғой», - деп ренжіп, сыбырлап үлгерді. Жасыл жемпір намысын жанығанын қайдан түсінсін бұл сотқар!

...Қобылан екеуінің мұнан соң жұптары жазылған емес. Ол мектептің нөмірі бірінші, ал бұл одан кейін 7-сыныптың екінші атаманы атанды. Мұның бәрі жасыл жемпірдің арқасы еді...

* * *

- Оу, оқымысты, сен осы мені расымен кешірдің бе?

Қобылан бұл жолы күлмеді. Сұраулы жүзбен қарап отыр.

- Қобылан-ау, бас жарылып, көз шыққан жоқ қой. Бәрі дұрыс. Мен сені сол күні кешіргем. Қаламсап қадалған арқаң ауырып жүрген жоқ па? - деді қуақылана күліп.

Қобылан бөлмені басына көтере күлді.

-Оу, оқымысты, өткен өкінішті емес, балалық шақты  еске алайық деп екеумізге бірдей жасыл жемпір сатып алдым. Анам әлі күнге сені мақтап отырады. Расында сен өзіңді ғана емес, отбасыңды жарық жұлдызға айналдырған адамсың. Сол үшін сені құрметтеу керек.

- Тым мақтама, Қобылан. Сенің де орның біз үшін бір төбе ғой.

Ескі достар өткен күнді еске алып, біраз шер тарқатысты.

- Иә, біздің мектепті бітіргенімізге отыз жылға жуықтады. Тай-құлындай тебісіп қатар өскен сыныптастар мектепті бітірген соң, тарам-тарам соқпақ жолдарға өз ізімізді салдық. Қазір бірі бар, бірі жоқ...

Директордың айтқаны келді. Филология факультетін тәмамдап, кейін диссертация қорғады. Қазір ғалым деген аты бар. Еркінбек Жоғарғы сотқа орналасты. Шаңырақтың сүт кенжесі Елжан қазір қаладағы мықты дәрігерлер санатында. Екі бауырын үйлендіріп, анасын қалаға қолына көшіріп алды. Анасы енді немерелерінің қамқоршысы...

Ал, Қобылан қазір ауылда мал дәрігері. Шағын кәсіпкерлікпен де айналысады. Мақтанғаны емес, олардың сыныбындағы жиырма бала ел дамуына үлес қосушылардың қатарында. Өйткені болар мектепте жақсы оқыды... Ең бастысы, кінәсін мойындай білетін, ұстазға қарсы сөз қайтармайтын.

- Қобылан, үйге барайық. Апам сені көріп, балаша қуанатын болды.

- Оу, оқымысты, үстіңе жасыл жемпірді ки. Апам да өткен күнді есіне алсын.

...Жасыл жемпір киген қос құлынын ана құшақ жая қарсы алды. Қобыланды жазбай таныды. «Өмірлерің жасыл жемпірдей жайнасын», - деп ақ батасын берді...

Айгүл Жұбаныш

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3254
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5489