Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ. Зобалаң немесе қапасқа қамалған рух
Кенесарының есімі патшалы Ресей кезінде де, кеңес өкіметі жылдарында да жабық тақырып болып келді. Себебі, Кенесары қолына кару алып, қарсы күрескен патша отаршыларының саясаты жаңа дәуірде сыртқы формасы өзгергенімен де мазмұн-мәні жаңаша социал-империялық сипатта жалғасын тапты. Өйткені, «біртұтас совет халқының» күшімен коммунизм кұруды көздеген компартияға ұлт-азаттықты аңсаған Кенесарылар рухы аса кауіпті еді. Кеңес өкіметі жылдарында жүзеге асқан халықтың ұлттық санасын өшіру мақсатымен ойлап шығарылған небір «ғылыми теориялар», идеологиялық жұмыстар өз «жемісін» бермей қойған жоқ, жүзге жуық ел тілінен айырылып, ұлттық болмысын жоғалтып, ассимилияцияға түсіп, «совет халқына» айналып кетті. Әупіріммен қазақ халқы мұндай күйден әрең-әрең аман қалды десек, аман сақтап қалған - кезінде Кенесарылар ту ғып көтерген қазақтың өміршең ұлттық рухы-тұғын.
Кенесарының есімі патшалы Ресей кезінде де, кеңес өкіметі жылдарында да жабық тақырып болып келді. Себебі, Кенесары қолына кару алып, қарсы күрескен патша отаршыларының саясаты жаңа дәуірде сыртқы формасы өзгергенімен де мазмұн-мәні жаңаша социал-империялық сипатта жалғасын тапты. Өйткені, «біртұтас совет халқының» күшімен коммунизм кұруды көздеген компартияға ұлт-азаттықты аңсаған Кенесарылар рухы аса кауіпті еді. Кеңес өкіметі жылдарында жүзеге асқан халықтың ұлттық санасын өшіру мақсатымен ойлап шығарылған небір «ғылыми теориялар», идеологиялық жұмыстар өз «жемісін» бермей қойған жоқ, жүзге жуық ел тілінен айырылып, ұлттық болмысын жоғалтып, ассимилияцияға түсіп, «совет халқына» айналып кетті. Әупіріммен қазақ халқы мұндай күйден әрең-әрең аман қалды десек, аман сақтап қалған - кезінде Кенесарылар ту ғып көтерген қазақтың өміршең ұлттық рухы-тұғын.
Қанша күшті болғанымен де совет өкіметі қазақтың ұлт-азаттық күреске толы тарихын өшіре алмады. Ресми түрде жабық болғанымен жүректерде жазылып қалған Кенесары туралы аңыз-жырлар неше ұрпақтардың ұлттық сана-сезімдерін оятып, рухани жағынан байыта түсті. XIX ғасырда туған көптеген жыр-дастандарды былай қойғанның өзінде кеңестік кезеңде де Кенесары туралы бірнеше еңбектер жарық көрді. Солардың ішінде М.Әуезовтің «Хан Кене» (1934) пьесасын, Е.Бекмахановтың «XIX ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» (1947) атты монографиясын, І.Есенберлиннің «Қаһар» романын ерекше атауға болады.
Соғысқа дейінгі дәуірде КСРО-ны мекендеген халықтардың барлығында дерлік ұлттық батырлар болмады. Ол, әрине, жоқтықтан емес. Ұлттық батырлардың болуы совет өкіметінің ұлттарды мәңгүрттендіріп, бағынышты етіп ұстау саясатына қайшы келгендіктен де ресми түрде олардың барлығы да ескішіл, кертартпа деп жарияланды. Осындай саясаттың салдарынан қазақтың бай ауыз әдебиеті, оның ішінде, әсіресе батырлар жыры түгелге жуық халыққа зиянды деп танылды. Елуінші жылдардың соңына дейін «Қамбар батыр» жырынан басқалары түгелдей дерлік реакцияшыл саналып келді. Орыс отаршыларына қарсы күрескен Кенесары түгілі, эпостық жырлардың күйінің өзінен-ақ сол кездегі әдебиет, мәдениет, ғылым саласындағы идеологиялық саяси ұстанымды толық аңғаруға болады.
Өткеннің, ұлттық атаулының барлығын сыпырып тастап, алдымен социализм, соңынан коммунизм құрамыз деп, халықты жылтыр сөзбен жылытып, семіртіп жатқан кезде Ұлы Отан соғысы басталып кетті. Жауды жеңу үшін советтік патриотизм туралы құрғақ сөздердің аздық ететіндігі байқалды. Қиын-қыстау кездерде халықтың рухын көтеретін ұлы күш ұлт батырларының ел қорғаудағы ерліктерін үлгі ету қолға алынды. Осындай мақсатпен бұрындары «жабық» болып келген ұлттық батырлар тақырыбы жедел қолға алынып, насихаттала бастады. Қазақ жауынгерлеріне Алпамыс, Қобыланды сияқты батырлардың ел қорғау жолындағы ерліктері үлгі етілді. Міне, осындай кезде қазақтың ұлттық батыры ретінде орыс отаршылдарына қарсы күресте ерен ерліктер жасап, жанқиярлық істер атқарған Кенесары Қасымұлының есімі де жарқ етіп шыға келді.
Отан соғысы басталғанда, бір топ орыс тарихшылары Алматыға қоныс аударып, еңбек етті. 1943 жылы жарық көрген «Қазақ ССР тарихын» жазысуға белгілі орыс ғалымдары Греков, Дружинин, Кучкин, Бернштам, Панкратова, Вяткин атсалысты. Оның редакциясын М.Әбдіқалықов пен А.Панкратова басқарды. М.Әбдіқалықов сол кездегі Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің идеология жөніндегі хатшысы да, ал А.Панкратова КСРО Ғылым академиясы Тарих институтының жетекші ғылыми кызметкері, ғылым докторы (1951 жылдан академик) белгілі ғалым болатын. Авторлар ұжымының құрамындағы М.Әуезов, С.Мұқанов, Е.Ысмайылов, Б.Кенжебаев тарихтың түрлі тарауларын жазысты. Осы кітаптың Кенесары Қасымұлы бастаған қозғалыс туралы тарауын жазған Воронеж педагогика институты жоғары партия мектебінде оқып келген жас тарихшы, ғалым Ермұхан Бекмаханов еді.
«Қазақ ССР тарихы» шығысымен-ақ ұлт республикаларының тарихын тұңғыш зерделеген елеулі еңбек ретінде одақтық ғылымда жылы қабылданып, бірден Сталиндік сыйлыққа ұсынылды. Бірақ шовинистік рухтағы профессор А.Яковлев бастаған бірсыпыра тарихшы ғалымдар қарсы шығып, кітап сыйлыққа ілінбей қалады. Бұған наразы болған А.Панкратова партияның Орталық комитетіне хат жазып, еңбекті қайта талқылау үшін жетекші ғалымдардың кеңесін шақыруды ұсынады. Бұл жиын 1944 жылдың мамыр-шілде айларында бірнеше күнге созылды. Кеңестің жұмысына сол кездегі жетекші тарихшылардың көпшілігі қатысқан. Жиынды ВКП(б) Орталық комитетінің хатшысы А.Щербаков жүргізіп, талқылауға А.Жданов пен Г.Маленков қатысып отырады.
Талқылаудың барысында екіұдай пікір бой көрсетті. А.Панкратова, Б.Греков, Н.Державин сияқты ғалымдар «Қазақ ССР тарихын» дұрыс зерделенген маңызды еңбек деп бағалады. Ал А.Яковлев, С.Бушуев бастаған тарихшылар бұл еңбек орысқа қарсы жазылған кітап, өйткені, мұнда Кенесары қозғалысы сияқты ұлт-азаттық күрескері дәріптеледі деп айыптады. Бүкіл идеологиялық жұмыстарда қырағылық танытып жүрген А.Жданов, Г.Маленков, А.Щербаковтар да соңғы пікірдің жағында кетті. Сөйтіп, «Қазақ ССР тарихына» лайықты бағасын аламыз деп жүргенде, керісінше, «орысқа қарсы» деген үлкен саяси айыптаудың шетін шығарып алады. Бұл кез соғыстан кейінгі идеологиялық қысымның қызуы қайтадан көтеріліп келе жатқан тұс еді. Мұның алдында қазақтың өткендегі батырлары, эпостық жырлары туралы бірсыпыра зерттеу, насихаттық мақалалары жарияланып келсе, енді сап тыйылғандай болды. Мұның өзі жеңетін жауды жеңдік, енді ұлттық рухты оятатын батырлардың, өткеннің эпостық жырларының керегі жоқ дегенді аңғартатын. Өйткені, олар әр түрлі ұлттарды күшпен бағындырып отырған совет өкіметінің идеологиялық ұстанымдарына қайшы келе бастаған еді. Соғыс кезінде бар күш-жігер фашизмді жеңуге бағытталып, ұлттық тарихты, мәдениетті, әдебиетті зерттеуге, дамытуға көңіл бөліп, сол арқылы қиын-қыстау кезде жанқиярлықпен тіршілік кешіп жатқан халықтың еңсесін көтеріп келсе, ендігі жағдайда идеологиялық жұмыстардың алдына жаңа міндеттер қойыла бастады.
1946 жылы күзде Е.Бекмаханов Мәскеуде КСРО Ғылым академиясының Тарих институтында докторлық диссертациясын қорғайды. Келесі жылы «ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» атты негізінен Кенесары көтерілісіне арналған монографиялық зерттеуі жарық көреді. Сөйтіп, Е.Бекмахановтың алғашында 1943 жылы шыққан «Қазақ ССР тарихына» Кенесары қозғалысы туралы тарау жазуы, осы кітапты талқылау барысында негізгі сындар ұлт-азаттық қозғалыстарға байланысты айтылғанына қарамастан, бұл тақырыпты әрі қарай тереңдете зерттеп, алдымен докторлық диссертация қорғап, Мәскеу ғалымдарына тарихи шындықты ғылыми тұрғыдан танытуы, соңынан зерттеулерінің нәтижелерін жеке кітап етіп бастырып шығаруы халқымыздың ұлттық сана-сезімін оятуда тарихи маңызы бар іс болды.
Қазақ зиялыларының ішіндегі ұлтшылдарды, буржуазиялық идеологияның ықпалындағыларды «әшкерелеу» қарқын ала бастағанда, Е.Бекмахановтың «ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» атты кітабының басылып шығуы жанып жатқан отқа май құйып жібергендей болды. Ұлтшылдарды қай жерден тауып қалар екенбіз деп тіміскілеп жүрген әсіре саясатшылар үшін бұл жерден жеті қоян тапқандай «олжа» еді. Жалған белсенділер жеңді түріп, алақанға түкіріп шыға келді.
Солай бола тұра, бұл кітап шыға салысымен оған рецензия жазған тарих ғылымының кандидаты Ә.Жиреншиннің еңбекті «Қазақстан тарихының күрделі мәселелерінің біріне арналған бұл кітап - аса бағалы және пайдалы еңбек», «бұл кітап Қазақстанның XIX ғасырдың алғашқы жартысындағы тарихын маркстік-лениндік ғылыми методология негізінде зерттеудің бастамасы болып табылады» («Социалистік Қазақстан», 14.ХІІ.1947) деп бағалағаны сол кездің саяси ахуалы жағдайында күтпеген ерлік еді. Ол Е.Бекмахановтың қазақ тарихының аса бір күрделі кезеңі туралы құнды еңбек жазғанын ғылыми тұрғыдан дәйектей келіп, Кенесары қозғалысы хақында да автордың концепциясын қолдайтындығын «Кенесарының саяси талаптары жағынан алғанда да оның көтерілісі прогресшілдік қозғалыс болды. Қазақ хандығын орнатып, Кенесары әкімшілік, сот, жер, финанс, әскер жөнінде реформалар жасады, бұл реформалардың прогресшілдік маңызы болды» деп білдіреді.
Көп күттірмей-ақ «Лениншіл жас» газетінің (31.01.1948) бетінде М.Ақынжанов пен Т.Шойынбаевтың «Саяси қате, ғылыми құнсыз кітап» атты мақаласы жарқ ете қалады. Тарих ғылымдарының кандидаттары Е.Бекмахановтың кітабын бастан-аяқ қаралайды. Партия қаулыларын басшылыққа ала отырып жазылған рецензияның негізгі бағыты Кенесары қозғалысын феодалдық-монархиялық сипатта, яғни күні өткен хандық құрылысты қалпына келтіру екендігін дәлелдеу болған. «Бекмаханов Кенесарыны еңбекші халықтың қорғаны, ұлт батыры деп мадақтаған буржуазияшыл ұлтшылдарды большевикше әшкерелеудің орнына, біле тұрса да кітабында буржуазияшыл ұлтшылдардың сол сандырағын тура қайталады»; «Кенесары халық мүддесі үшін жанын қиған, халықтың қорғаушысы болған деп, автор нағыз идеалистікке ұрынды»; «Кенесары патшалық Ресейге қарсы күрес ашумен өзінің хандық мүддесін қорғап қалмақ болды. Бұл үшін ол халықтың отаршыл саясатқа наразылығын пайдаланып, ол наразылықты патшалық Ресейге қарсы жұмсамақ болды», «Азат еткенде олар Қазақстанды басқаруды хандар мен сұлтандардың қолына беріп, қазақ халқын соларға бағыныруды көздеді. Міне, феодальдық-монархиялық ұлтшылдықтың бір түрі», «Кенесары Қасымовты соншама дәріптеп, оның қанаушы озбырлығын терең талдауды жадынан шығарған. Сөйтіп, Кенесарының хандық мүддесін қорғауын бұқараның мүддесін қорғауы деп білген. Осының салдарынан Кенесары бұқараның мүддесін корғаған халық қамқоршысы болып шыға келген»; «Кенесары ханды «халық батыры», «бұқараның көсемі» деген дәрежеге дейін жеткізгісі келеді. Бұл еңбектің басынан аяғына дейін Кенесары хан дәріптеліп, оның батырлығы асыра мақталады» дей келіп, «Егер Кенесары дегеніне жетіп, хандығы дәуірлесе, Қазақстан Ресейдің озат экономикасы мен мәдениетінің дамыған ықпалынан сырт қалып, томаға-тұйық тоңазыған болар еді... Қазақстанға шығыстағы күшті феодалдық мемлекеттердің басып алу қаупі де төнген болар еді... «Қазақстан осы мемлекеттердің бірінің жемі болып құрып кетуі ықтимал еді» - деп, негізгі ойларын бір түйіндеп тастайды. Авторлардың «Кенесары хандығы нағыз кемеліне келген мемлекет болып еді деуі Бекмахановтың аңғалдығы, саяси қате. Қазақстанда тәуелсіз мемлекет - қазақтың Советтік Социалистік республикасы тұңғыш рет ұлы Октябрь социалистік революциясы арқасында ғана құрылды» деулерін шындыққа каншалықты жақын екенін шын тәуелсіздіктің дәмін татып отырған бүгінгі көзі ашық азаматтардың өздері-ақ айырады деген ойдамыз.
Алғашқы пікір екі ұдайда көрінген «XIX ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» туралы талас қыза түсті. 1948 жылғы 28 ақпан күні КСРО Ғылым академиясының Тарих институтында Е.Бекмахановтың монографиясына арналған үлкен пікіралысу болып өтті. Н.Дружинин, С.Батрушин, М.Вяткин, А.Кучкин, С.Юшкин сияқты белгілі тарихшылар қатысқан жиналысты КСРО Ғылым академиясының Тарих және философия бөлімшесінің академик-хатшысы Б.Греков жүргізіп отырды. Талқылаудың барысында орыс ғалымдарының пікірі көптеген кемшіліктеріне қарамастан, Е.Бекмахановтың монографиялық зерттеуі елеулі еңбек дегенге сайды. Жиынға Алматыдан арнайы келген ғылым кандидаты X.Айдарованың сөзінде сыни пікірлер басым түсті. Осы кітап жөніндегі Т.Шойынбаев пен М.Ақынжановтың жазбаша пікірлері оқылды.
Е.Бекмахановтың кітабын тарихшы ғалымдардың талқылауы мұнымен бітпеді. 1948 жылдың шілде айының 14-нен 19-ына дейін Қазақ ССР Ғылым академиясының Тарих институтында бес күнге созылған қызу пікірталас болып өтті. Талқылаудың барысында үш түрлі пікір бой көрсетті. А.Нүсіпбеков, Ә.Тұрсынбаев, Т.Елеуов, Х.Әділгереев, С. Медведев, Т.Күлтелеев сияқты ғалымдар кемшіліктерін айта отырып, еңбекті негізінен оң бағаласа, И.Будовниц, Б.Аспандияров, т.б. сын-ескертпелерді айтыңқырағанымен де Е.Бекмахановтың негізгі концепцияларын қолдады. Ал Т.Шойынбаев, С.Толыбеков, Х.Айдарова, В.Жизиевский, А.Нұрқанов, Б.Сүлейменов, М.Ақынжанов бастаған топ монографияның негізгі тұжырымдарын түгелдей жоққа шығарып, «буржуазияшыл-ұлтшылдық сарындағы зиянды еңбек» деп бағалады. Пікірталасудың соңында Е.Бекмахановқа сөз берілді. Ол өзіне айтылған кейбір ескертпелермен келіскенімен де негізінен өз еңбегінің басты бағыттарын, тұжырымдарын қорғап сөйледі. Әсіресе, Кенесары қозғалысына қатысты саяси тұрғыдан айтылған сындармен келіспейтіндігін үзілді-кесілді білдірді.
Осы талқылаудан соң тарихшылардың Кенесары жайлы дау-дамайы сәл-пәл саябыр тапқандай болды. Бірақ бұл сырттай солай көрінгенімен де шындығында шешуші шайқастар алдындағы алдамшы тыныштық .
Қырқыншы жылдардың соңы, елуінші жылдардың басына карай Сталиннің жеке басына табынушылыққа байланысты күшейе түскен идеологиялық күрес жағдайында Кенесары туралы айтыстың аяғы саяси сипат ала бастады. Мәскеуде, Алматыда өткен ғылыми пікіралысуларда өз мақсаттарына жете алмаған кейбір тарихшы ғалымдар қалыптасып келе жаткан саяси ахуалды өз ниеттерін жүзеге асыру үшін пайдаланып қалудың кезі келгендігін сезініп, іске кірісті.
«Қазақстан тарихының мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан баяндалсын» атты атышулы мақаланың «Правда» газетінде (26.XII.1950) шығуы осы теріс пиғылды ойды жүзеге асырғандай да болды. ВК(б)П Орталық комитетінің органы «Правда» газетіне олай еді, былай еді деп ешқандай түсініктеме беруге, пікір айтуға, талқылауға болмайтын, оның жазғаны тек партияның сөзі, пікірі ретінде жүзеге асырылатын. Ал партиялық газеттің атын, беделін пайдаланып мақала жазғандар Т.Шойынбаев, Х.Айдарова, А.Якунин болатын. Алғашқы екеуі Е.Бекмахановтың еңбегі, Кенесары қозғалысы жайлы теріс пікірлерімен республика жұртшылығына белгілі, Мәскеуде, Алматыда өткен ғылыми талқылауларда пікірлерін өткізе алмай, жеңіліс тапқан, баспасөз бетінде кітапты ғайбаттап мақала жазған тарихшы ғалымдар еді. Ал Т.Шойынбаевтың Е.Бекмахановтың шәкірті, аспиранты болғандығын айта кеткен де артық болмас.
Ұлтшылдықты көркем шығарманың тақырыбынан немесе идеясынан ғана емес, оның тілінен де іздеу әрекеті бұдан бұрын да байқалған болатын. Мұқаш Сәрсекеевтің «Әдеби тілдің таза болуы үшін күресейік» («Лениншіл жас», 26.01.951) атты мақаласында бірсыпыра қазақ қаламгерлері тілді қолдануға байланысты сыналған еді. «Ұлтшылдардың орыс мәдениетінен, әдебиетінен бойларын аулақ ұстап, араб-парсы сөздеріне құлшылық етуі қазақ әдебиетіне көп залалын тигізді... Бірсыпыра ақын-жазушыларымыз әлі күнге дейін термин сөздерден бойларын аулақ ұстап, қайтсе де қазақшалаудың соңында жүр. Олар ескі, көне сөздерге, көбіне араб-парсы сөздеріне көп жармасады» - деп білетін автор Ә.Тәжібаев, А.Тоқмағамбетов, Ғ.Сланов сияқты жазушылардың Россияны «Ресей», Москваны «Мәскеу» деп қазақшалағанын, Ғ.Мұстафиннің философияны «пәлсапа», пианиноны «күйсандық», І.Есенберлин мен Д.Әбіловтің паровозды «отарба», Ғ.Слановтың комендантты «қорғанбек», Ж.Тілековтің барлаушыны «жортарман» деп алуын қолдамайды.
Кенесары туралы, қазақ әдебиетіндегі ұлтшылдыққа, «буржуазиялық бұрмалаушылыққа қарсы күрес» қызып жатқан кез сол жылдың 16-17 қазан күндері Қазақстан К(б)П Орталық комитетінің ҮІІІ пленумы болып, онда оның бірінші хатшысы Ж.Шаяхметов «Республиканың партия ұйымдарында идеологиялық жұмыстың жайы және оны жақсарту шаралары туралы» баяндама жасады. Енді бүкіл соғыстан кейінгі елуінші жылдардың бас кезіндегі республика өмірінің саяси-әлеуметтік жағдайындағы идеологиялық жұмыстардың бағыт-бағдары, сыр-сипаты айқын көрінетін, сол кездегі қазақ зиялыларының (оның ішінде ақын-жазушылар да, әдебиетші ғалымдар да бар), ауыр тағдырларына тікелей қатысы болған, бұл күндерде сарғайған тарихи кұжатқа айналған Ж.Шаяхметовтің баяндамасына көз жіберейік.
Қазақ әдебиетінде, оның ғылымында Кенесары қозғалысына байланысты «ұлтшылдық», «буржуазиялық» бұрмалаушылықтардың орын алуына Қазақ ССР Ғылым академиясының президиумы, оның президенті Қ.Сәтбаев және Қазақстан Жазушылар одағының басшылығы айыпты деп тапты. «Қазақстан Совет Жазушылары одағының президиумы, оның председателі Мұқанов жолдас өз жұмыстарының тиісті дәрежесінде бола алмады. Мұқанов жолдас жазушылар ортасында большевиктік сын мен өзара сынды бастамай отыр. Жазушылар одағының принципі творчестволық сын мен өзара сынның орнына тамыр-таныстық қатынастар, қателер мен кемшіліктерді бүркеу орнаған. Осындай кеселді системаның салдарынан жазушылардың шығармалары талқыланбайды, қазақ әдебиетін дамытудың өмірлік маңызды мәселелері дер кезінде көтерілмейді, деп Жазушылар одағының, оның басшысы С.Мұқановтың басшылық жұмыстарын жоққа шығарды.
Елуінші жылдардың бас кезінде қазақ зиялыларына қарсы жүргізілген саяси науқанда сол кездегі Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Жұмабай Шаяхметовтің рөлі жайында жазушы Ғ.Мұстафин кейіннен: «Шаяхметов жолдасқа жазушылардың тарқамайтын өкпесі бар. Ол кісі халқымыз сүйген жас әдебиетті сүйе білмеді. Егер сүйе білсе, пәлен жыл басшылықта отырғанда, айтарлық бірдеме істей де білер еді. Тұқыртуды ғана білді...
Олар әдебиетті тек әкімшілік жолмен басқаратынын, әдебиеттің теорияларын зерттемейтінін Кенесары мәселесінде тіпті айқын көрсетті. Кенесары жайында халық пікірі ертеден екіұдай болатын. Шаяхметов жолдас газет бетінде Кенесарыны тіпті ұранға қосқан соң, жұртшылық партия пікірі екен деп қалды. Әдебиеттің барлық салаларында Кенесары тіріліп, түрегелді. Қателеспеген әдебиетші кемде-кем. Біреу аз, біреу көп қателесті... Шаяхметов.... ақыры айыпты басқаларға аударып, өзі шілдің бұққанындай бұға қалды» (Қазақ әдебиетінің жәйі және міндеттері. «Әдебиет және искусство»,1954, №10), деп жазуында да ащы шындықтың сарғайған сілемдері көрінеді. Соғыстан кейінгі қиын кезде республика басшысы болған (1946-1954) Ж.Шаяхметовтің Сталиндік саясаттың жүргізушісі болғаны да рас. Түрлі қаулы-қарарлар шығарып, жоғарыдан жел беріп отырған Мәскеудің нұсқауларын орындамау сол кезде қалыптасқан саяси ахуалда мүмкін емес. Ол республика басшысы үшін міндетті болатын. Ж.Шаяхметов те өз қызметінің міндеттерін заманына лайықты орындауға тырысты. Өзіне жүктелген қызметті орындау барысында жоғары жақтың қаһарынан қорыққан ол пленумда өзін-өзі сынауға дейін барды.
Кенесарыға қатысты жүргізілген саяси науқанның барысында ең көп «таяқ жеген» ақын Қалижан Бекхожин болды. Ақынның «Батыр Науан» (1940) поэмасын және «Кенесары-Наурызбайдың әдебиеттегі бейнелері» («Әдебиет және искусство», 1941, №5) атты мақала жазуы оның шығармашылығының төбесіне қара бұлтты қоюлата түсті. М.Сәрсекеевтің «Қ.Бекхожин шығармаларындағы ұлтшылдық сарын», («Социалистік Қазақстан», 22.VІІ. 1951) Т.Исмаилов пен С.Жұмағалиевтің «Қ.Бекхожин шығармаларындағы буржуазияшыл-ұлтшылдық» («Әдебиет және искусство», 1951, №10), Мұқаш Сәрсекеевтің «Тағы да Қ.Бекхожиннің творчествосындағы қателіктер» («Лениншіл жас», 12.XII. 1951) сияқты мақалаларының негізгі сарыны ақын шығармашылығындағы ұлтшылдықты, буржуазияшылдықты дәлелдеу болды.
Кенесарыға байланысты саяси науқанның барысында бар «пәле-жала» Қазақ ССР Ғылым академиясына, оның президенті Қ.Сәтбаевқа да жабылды. Қаныштың «Едіге батыр» жырына алғысөз жазып, алғаш бастырып шығаруы (1927) оны «ұлтшылдар» қатарына бұрын-ақ қосып қойған болатын. Ал Кенесарыға байланысты оны қудалау тіпті асқынып кетті. Қ.Сәтбаевты қуғындаудың апогейі 1952 жылы сәуір айының 15-17-сі күндері болып өткен Ғылым академиясының жалпы жиналысы болды. Оған Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Ж.Шаяхметов қатысып, ұзақ сөз сөйледі. Ол академияның ғылыми жұмыстарында орын алған өрескел идеологиялық «қателіктерге» көбірек тоқталды. Қ.Сәтбаевқа тағылған негізгі кемшіліктер Қазақ ССР Ғылым академиясы президиумының бас ғылыми хатшысы Д.Сокольскийдің баяндамасында сыналды. Оған ғылыми мамандардың жетекшісі ретінде алқа алдында есеп бермейді, ғылым мен өндірістің байланысын әлсіретіп жіберді, кадр таңдаудың сталиндік принциптерін бұзды, академияны іскерлік қабілеті жоқ, саяси жағынан сенімсіз адамдарға толтырды. Сөйтіп, өкімет қаржысын далаға шашты деген айыптар тағылды. Бұл жерде саяси жағынан сенімсіз деп отырғаны Е.Бекмаханов, Е.Ысмайылов, Қ.Жұмалиев, Е.Ділмұхамедов, А.Жұбанов, т.б. болатын. Жиналыс осындай кемшіліктерге жол бергені үшін Қ.Сәтбаевты қызметінен босатты.
Қазақ қаламгерлерінің шығармаларында қаптап кеткен «буржуазиялық бұрмалаушылықтар» үшін Қазақстан Жазушылар одағы, оның президиум председателі С.Мұқанов қатты сынға алынды. Көп ұзамай-ақ жазушылар арасында коммунистік тәрбие жұмыстарын әлсіретіп, олардың советтік шындықты көркем бейнелеуіне дұрыс басшылық жасамай, «буржуазиялық бұрмалаушылықтарға» қарсы күресті өз дәрежесінде жүргізе алмағандығы үшін С.Мұқанов та қызметінен босатылып, оның орнына Жаймұрзин жайғасты. Ақын-жазушы да, сыншы-ғалым да емес, философ Жаймұрзиннің келуі Жазушылар одағындағы идеологиялық тәрбие, әшкерелеу жұмыстарын күшейту мақсатын көздеген болатын.
Соғыстан соңғы сойқанның басты «кейіпкері» Е.Бекмаханов болса, 1951 жылы партиядан шығарылып, университеттегі жұмысынан қуылған соң, оған тіпті Алматы қаласында тұруға да рұқсат берілмегендіктен, ол Алматы облысының Нарынқол, Жамбыл облысының Шу аудандарының мектептерінде тарих пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеді. Ақыры 1952 жылдың 5 қыркүйегінде Е.Бекмаханов тұтқындалды. Оған мынадай саяси айыптар тағылды: «1952 жылғы 5 қыркүйекте Қазақ ССР Мемлекеттік қауіпсіздігі министрлігі Бекмаханов Ермұханды тұтқындап, оған антисоветтік қызметі үшін айып тақты. ССРО-да орнаған саяси құрылысқа қарсы ниетте болған Бекмаханов Ермұханның өзінің ғылыми қызметкер болған жағдайын пайдаланып, 1942-1952 жылдарда антисоветтік жұмыс жүргізгендігі анықталды. Өзінің «ғылыми» жұмыстарында ол Қазақстанның Россияға қосылуының маңызын буржуазияшыл-ұлтшыл тұрғыдан түсіндірді. Өзінің ұлтшылдық концепциясын негіздеуде Бекмаханов реакцияшыл ақындардың және совет халқының қас жаулары - алашордашылардың деректерін пайдаланды. Онымен бірге өзінің таныстарының арасында антисоветтік үгіт жүргізді...
Бекмаханов совет өкіметіне жау пиғылда болып, 1942-1952 жылдары ұлтшылдық идеяларды насихаттап, антисоветтік үгіт жүргізгені үшін... РСФСР қылмыстық кодексінің 58-статьясының 10-бөлімінің екінші бөлігіне сәйкес айып тағылды» (Қазақ ССР Ғылым академиясының Орталық архиві. Қор-23, тізбе-1, іс- 447, 1-2 беттер).
Қазақтың саналы азаматтарының бәрі түрмеде шірір ме еді, кайтер еді, егерде 1953 жылдың наурызында «халықтардың күн көсемі» И.В.Сталин қайтыс болмағанда. Билік басына келген Н.С.Хрущев И.В.Сталинді «жеке адамға табынушылықпен» айыптап, ол жүргізген саяси қудалаулардың барлығын партияның қателігі деп жариялады. Көп ұзамай Қазақстанның да басшылығы ауысты. Ж.Шаяхметовтің орнына Понамаренко Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болып келді. Екі адамның оңаша сөйлесуінің өзі күдікті саналып келген Қазақстанда да оң өзгерістер жүре бастады. Нәтижесінде, 1951-52 жылдары сотталып, жер ауып кеткен Е.Ысмайылов, Қ.Жұмалиев, Қ.Мұхаметханов, Б.Сүлейменовтер түрмеден босап шықты. Б.Кенжебаев, Т.Нұртазин, Ә.Қоңыратбаев, М.Қаратаев сияқты азаматтардың Алматыға оралып, ғылыми-шығармашылық жұмыстармен айналысуына мүмкіндік туды.
Уақытша Мәскеуде бой тасалап жүрген М.Әуезов республика басшылығының арнайы шақыруымен елге оралды. Е.Бекмахановтың да ісі қайта қаралып, 1954 жылы 16 ақпанда ақталып шықты. Ол өзінің бұрын жұмыс істеген университеттегі «Қазақстан тарихы» кафедрасына қайта оралып, ұстаздық, ғылыми жұмыстарын жалғастырды. Қанша ауыр болғанымен де, абақтыдағы азапты жылдар Ерекеңнің сағын сындыра алмады. Ол өзінің бұрынғы ғылыми ізденістерін жалғастырып, 1957 жылы КСРО Ғылым академиясының «Наука» баспасынан «Қазақстанның Россияға қосылуы» (орыс тілінде) атты іргелі еңбегін жариялады... Ғалымның қазақ тарихын зерттеудегі жемісті еңбегі ғалымдар тарапынан жоғары бағаланып, ол 1964 жылы Қазақ ССР Ғылым академиясының корреспондент мүшесі болып сайланды. Солай десек те, кезінде Е.Бекмахановтың есімін Одақ ғалымдарына танымал еткен, кейіннен өзін ғана емес, бүкіл қазақ зиялыларын қуғындауға негізгі себептердің бірі болған «ХІХ ғасырдың 20-40 жылдардағы қазақ тарихы» (1947) атты еңбегі совет өкіметі жылдарында басылым көрмеді. Тек еліміз егемендігін алғаннан кейін барып, орыс және қазақ тілдерінде жарық көріп, қалың оқырманның рухани игілігіне айналды.
Сөйтіп, өткен ғасырдың қырқыншы жылдарының өзінде-ақ ұлтын сүйген азамат Ермұхан Бекмахановтың отаршылдардың ойранынан аяққа тапталып қалған Кенесары-Наурызбайдың рухын қайта көтеріп, халқының ұлттық сана-сезімін оятуға бағытталған іс-әрекетінің аяғы бүкіл ұлтжанды қазақ атаулыға қарсы бағытталған саяси науқанға әкеліп соқтырды. Бүгінде елінің елдік намысын көтеріп, отаршылдарға қарсы ту көтеріп шыққан ардагер азаматтың есімін білмейтін, оның елі үшін жасаған рухани ерліктерін мақтан тұтпайтын қазақ жоқ. Азаттық жолында Кенесарылар мерт болған ұлттың ұлы армандары бүгінгі күндері салтанат құрып отыр. Оны туған халқы да ардақтап, ұлттық батыры санайды десек, қазір Астананың қақ төрінде, бір кездерде өзі ат ойнатып, отаршылдармен айқасқан Ертістің жағасында Кенесарының зәулім ескерткіші асқақтап тұр.
Дандай ЫСҚАҚҰЛЫ, филология ғылымдарының докторы, профессор.
http://www.egemen.kz/310454.html