Сыр шаруалары «Алтын дән» мерекесін тойлап жатыр
Жылдағы дәстүр бойынша мереке аясында ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылып, Қызылорда қаласы мен барлық аудандардан арнайы келген шаруашылықтар өз өнімдерін тұрғындарға арзан бағамен ұсынды. Аймақ басшысы Қуанышбек Ысқақов жәрмеңкені аралап көріп, тұрғындармен сұхбаттасты.
Қызылорда облысының шаруалары жәрмеңкеге 1700 тоннаға жуық ауыл шаруашылығы өнімдерін – көкөніс, бақша және сүт өнімдері мен балық, ет алып келген. Айта кетейік, барлық өнім нарықтағы бағадан 10-15 пайызға төмен сатылды. Сонымен қатар, жәрмеңке алаңдарында өнерпаздар өз өнерлерін көрсетіп, қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Мұнан соң, «Алтын дән» мерекесіне арналған салтанатты жиын ұйымдастырылып, аймақ басшысы ауылшаруашылығы саласының үздіктерін марапаттады.
«Қазіргі таңда облыстың аграрлық секторында серпінді даму динамикасы қалыптасып келеді. Кейінгі жылдары аграрлық секторда өндірілген өнім көлемі 1,5 есеге өсті. Ауыл шаруашылығына салынған инвестиция көлемі 46 есеге, тамақ өнімдерін өндіруге салынған инвестиция 10 пайызға ұлғайды. Биыл облыс бойынша барлығы 183,1 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылып, жалпы егіс көлемі 2014 жылмен салыстырғанда 25 мың гектарға артты. Әртараптандыру бағытында мал азықтық дақылдар 8 мың гектарға, майлы дақылдар 7 мың гектарға, ал, күріштен басқа дәнді дақылдар көлемі 3,7 мың гектарға ұлғайды. Сондай-ақ, биылдан бастап облыста алғаш рет 3 шаруашылықта соя 50 гектарга егіліп, жақсы нәтиже көрсетті. Алдағы жылы соя егісін 500 гектарға жеткізуді жоспарлап отырмыз,- деді аймақ басшысы.
"Үздік аудан" номинациясын биыл Жалағаш ауданы жеңіп алды. Егін шаруашылығы саласында жетістікке жетіп, "Озат аудан" номинациясы бойынша Шиелі ауданы, ал мал шаруашылығында Жаңақорған ауданы озат атанды. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуде жеткен жетістіктері үшін Қызылорда қаласының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев марапатталды. Мұнан бөлек аймақ басшысы сала еңбеккерлеріне Ауыл шаруашылығы саласының үздігі және Ы. Жахаев атындағы төсбелгілерін тапсырды.
"Алтын дән-2019" шарасында "Мағжан и К" ЖШС өзінің үздік қызметкерлеріне 7 автокөліктің кілттерін, сонымен қатар, "Достық-жер" ЖШС 6 автокөліктің кілттерін табыстады. Ал, "Жан-Арай жем" ЖШС үздік деп тапқан қызметкерлеріне 1 млн. теңге және 500 мыңның екі сертификат тапсырды.
Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыруда қабылданған Агрокарта шеңберінде ауылшаруашылық өнімдері түрлерін және экспорт көлемін ұлғайтып ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, Сыр өңірінің күріші Монғолия, Түркия, Ауғанстанға экспортталып, сондай-ақ, Иран нарығына шығару да жоспарлануда. Өзбекстан, Иран және Біріккен Араб Әмірліктеріне сиыр және қой, ешкі экспортталса, көкөністер пен бақша өнімдері - Қытай мен Ресейге т.б. елдерге жіберіледі.
Агрокарта аясында cоңғы 5 жылда облыстың жалпы өңірлік өнімдегі ауыл шаруашылығының үлесі 2,6 пайыздан 3,7 пайызға артқан. Сонымен қатар, биылдан бастап жалпы құны 2 млрд теңгеден асатын 20 инвестициялық жоба іске асырылуда. Үстіміздегі жылы облыста ғылыми негізделген жаңа технологиялар мен инновациялық жобаларды өндіріске енгізу арқылы АӨК қарқынды дамыту бойынша 9 инновациялық жоба қолға алынып, жоғары әрі сапалы өнім беретін күріш, картоп, асқабақ, соя, қант құмайының сорттары өндіріске енгзілді.
Сыр диқандары егін жинау жұмыстарын аяқтап, 87,9 мың гектар күріштің әр гектарынан 60,3 центнерден өнім жинап, ел қамбасына 530,5 мың тонна сыр маржанын құйды. Еліміз тәуелсіздік алғалы күрішшілер жеті жыл қатарынан осындай жоғары жетістікке қол жеткізіп келеді. 2019 жылы егілген егіс көлеміне толығымен жоғары репродукциялы тұқым пайдаланылған. Сонымен қатар, ауыл шаруашылық құрылымдары өз қаржысы есебінен және «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 6,4 млрд. теңгеге барлығы 229 дана әр түрлі ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алған.
Бүгін Қызылорда қаласының 201 жылдығы мен «Алтын дән» мерекесі қатар тойланып, салтанатты шара «Бәйгемен» жалғасты.
Abai.kz