Президент Тоқаев Ерлан Қожағапановқа сөгіс жариялады
Алматы қаласына іс сапармен келген президент Қасым-Жомарт Тоқаев қала әкімінің бірінші оранбасары Ерлан Қожағапановқа Көк-Төбедегі кесілген ағаштар үшін сөгіс жариялады.
Дәлірек айтсақ, Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары Көк-Төбедегі кесілген алма ағаштарының көшеттері үшін сөз естіді.
"Швейцарияда үш жыл жұмыс істедім. Онда ағаштарды заңсыз кесу, тіпті бір ағашты кесіп тастау ауыр қылмыс болып саналады. Себебі, ол - бүкіл халықтың ортақ мүлігі.
Көк-Төбедегі алма көшеттері сын көтермейді. Осыған байланысты әкімнің бірінші орынбасары Ерлан Қожағапановқа сөгіс жариялаймын. Игі істі жоқ қылдыңдар", деді президент Тоқаев.
Сондай-ақ, мұның алдында Президент Көк-Жайлауда тау-шаңғы шипажайын салу жобасына қатысты пікір білдірген болатын.
"Қайтадан осы мәселеге оралмау үшін мен бүгін осы жобамен айналысуға тыйым саламын. Яғни Көк-Жаулауда тау-шаңғы шипажайын салуға. Ол бізге керек емес", деген еді Қасым Жомарт Тоқаев.
Abai.kz