Дүйсенбі, 23 Желтоқсан 2024
7508 0 пікір 5 Қараша, 2019 сағат 16:34

Қазақ күй өнерінің хас шебері Сержан Шәкірт 80 жаста

Сөз құдіреті жеткізе алмайтын өнер түрі күй өнері. Қазақтың күй өнері екіге бөлінеді. Бірі шертпе күй, екіншісі төкпе күй. Осы төкпе күйдің құдіретін әлемге танытып жүрген өнер иесі, заманымыздың заңғар тұлғасы, ұланғайыр Қазақ даласындағы 7 күйшілік аймақтың бірі Маңғыстау күй өнерінің көрнекті өкілі Сержан Ысқақұлы Шакрат ағамыз биыл 80 жасқа толып отыр.

Сержан Ысқақұлы Шакрат – республикадағы маңдайалды үздік домбырашылардың бірі, ел арасынан шыққан тума талант, «төкпе» күй өкілі. Ол домбыра тартудың халықтық ежелгі үлгісін бойына дарытқан. Маңғыстау күй дәстүрінің қазіргі ту ұстаушысы. Атақты Алым Жаңбыршин, Шамғұл Ыбраимов, Мұрат Өскінбаев сынды домбырашылардың лайықты шәкірті. Маңғыстаудың күй орындау шеберлігін шыңдап, оны бүкіл елге және шет жерлерге танытып, таратқан майталман.

Серағаның ең жақын ұстазы, өзінің немере ағасы Алым  Жаңбыршин өлкеге кеңінен танымал айтулы азамат, айтулы күйші. Ол жайлы арнайы түсірілген деректі фильмде бар. 

Осы фильмде Сераға өзінің Алым ағасы жайлы сұхбатында: «Мен ол кісіні көке дейтінмін. Менің болмысым, адамдығым, азаматтығым, өмірлік ұстанымым, домбыраға деген құмарлығым, күйшілік өнерім, бәрі-бәрі сол кісінің тәрбиесімен қалыптасты. Мен оны өзіме ұстаз тұттым.  Маған Алымдай болу қайда деп, басымды иіп тұрып мойындаймын» - деген екен. 

Ол 1939 жылы Маңғыстаудың Үштаған өңірінде дүниеге келген, білімі жоғары. Қазақстан Мемлекеттік университетін 1961 жылы журналист мамандығы бойынша бітірген. 

Еңбек жолын Маңғыстау аудандық «Жаңа өмір» газетінде бастап,  «Ара», «Жұлдыз» журналдарында қызмет етті. Есімі ел арасында сықақшы қаламгер ретінде де танымал. Оның жазған көптеген әзіл – сықақ әңгімелері республикалық, облыстық баспасөз беттерінде жарияланып, «Тамашаларда» ойналды. 2001 жылы «Күте тұрыңыз», 2007 жылы «Маңғыстау күлкісі», 2011 жылы «Маңғыстау күлкісі 2» атты күлдіргі әңгімелер жинақтары жарық көріп, көпшіліктің ықыласына бөленді. «Езуде күлкі ойнасын» жинағы Маңғыстау ақын-жазушыларының  50 томдығына енді.

  Қазақ өнері, оның ішінде Маңғыстау өнері, фольклоры жайында облыстық телеарнада «Маңғыстау мақамдары», «Ауыл айтқыштары» атты қызғылықты хабарлар ұйымдастырды. Күй үйреткен телесабақтар жүргізді.

Бірнеше сатиралық туындалары Қазақ радиосының «Алтын қорында» сақтаулы. Сержан Шәкірат бірнеше жыл мұнай саласында да қызмет етті. Алайда, бар ынтасы күйге ауып, өнерге деген іңкәрлігі бәрінен де басым түсті.

Өнерпаз аға бір сөзінде «Мен домбыраға, домбыра маған ынтық  болдық, домбыра мені қаламгерлікке қимады», деп әзілдегені де бар.

Сөз реті келгесін мысал ретінде Серағаның «Екі шалдың күлгені» атты шағын әңгімесін келтіре кетейін:

- «Қай бір жылы Наурыз мерекесі тойланарда үлкен театрландырылған көрініс ұйымдастырылды. Маған Құрманғазының ролін сомдауды тапсырды. Мәдениет үйінен ұзын ақ сақал алдым, Құрманғазы сақалды кісі болған ғой. Үстіме шапан, басыма бөрік кидім. Тұрақты киіп жүретін көзілдірігімді алып қойдым. Сөйтіп алаңда, сахнаның сыртында тұрмын. Кезегім келгенде күй тартуым керек, Динаның ролінде бір жас бала ойнайды, соған бата беруім керек. Солай тұрсам, қасыма әкем келді. Сол кезде сексеннен асқан шағы, марқұм. Менің бөтен ойым жоқ, әкеме сәлем бердім: «Ассалаумағалейкум!» деп. «Уағалейкумассалам!» деп бетіме қарады да, «кімсің?» дейді. Мен әкем танымай тұр деп ойлаған жоқпын, кім боп тұрғанымды сұрап тұр-ау деп түсіндім де: «Мен Құрманғазымын» дедім. «А, Құрманғазы. Құрманғазының күйін тартасың ба?» деді. «Ия» деймін. Содан тұрып-тұрып, «Өзің кім боласың? Қай туғансың? Даусың таныс сияқты, жүзіңді де шырамытып тұрмын...» дейді. Мен әкемнің танымай тұрғанын сонда білдім. Енді күлейін десем, сақалым желімінен босап кете ме деп, иегімді басып әрең шыдап тұрмын. Ол «Неге күлесің?» дегендей қарайды. Содан мен де қулыққа көшіп: «Өзіңіз кім боласыз?» деп сұрадым. Ол: «Мен Шәкіратов Ысқақ деген шалмын» дейді. «Ал мен Шәкіратов Сержан Ысқақұлы деген шалмын» дедім. Содан қыран-топан күлкі... Айналамыздағы мерекеге жиылған халық та естіп, күлісіп жатыр. Сондай жағдай ғой...».

Күйшілік өнер адамға Алланың берген сыйы. Бала Сержанға ешкім үйреткен де, үгіттеген де жоқ. Домбыраға қол созып, өзі естіп жүрген күйлерді күмбірлете берді. Мұндайды халық тұқым қуалайтын, тума талант деп атайды. Айтса айтқандай, Сержанның өз атасы Шәкірат та өнерге жақын болған, әйгілі жырау Қашаған Күржұманұлы да Сержанның арғы нағашысы. Атасынан қалған қара домбыраны алғаш рет 5 жасында ұстап, әндердің әуенін салып, «Кеңес» күйімен бастапты. Алғаш рет сахнаға 8 жасында шығып «соқыр Есжан», «Қыз Ақжелең» күйлерін орындаған. Сол бала жасынан домбыра әуеніне елді ұйытқан ұлы күйші болсам деген арманға қол созады. Адамның арманы қаншалықты биік болса, шығар шыңы да соншалықты биік болады демекші, Ағамыз сол қара домбырамен жаттығуды және сырласуды күні бүгінге дейін тоқтатқан емес. Бірде сөз арасында Роза жеңгеміз, қақаған қыстың бір күнінде үйдегі жылу тоқтап қалғанда, Ағамыздың домбырасын тонға орап, мәпелегенін айтып, бәрімізді бір мәз қылып тастағаны да бар. Демек, ағамыз бұл өнер шыңына Алланың қалауы, арманның асқақтығы және еңбекқорлығының арқасында шықты деп батыл айта аламыз.

Тума талант демекші, Сержан ағамыздың әкесі Ысқақ кәкеміздің өз аузынан естіген бір әңгіме де Маңғыстауда сәби бір жасқа шығып «тұсау кесер» жасаған кезде, ақ жайманың үстіне баланың алдына әр түрлі заттар: кітап, домбыра, қобыз, ақша т.т. бұйымдар қояды. Бала осылардың қайсысына қол созып ұмтылса, соны келешекте кәсіп етеді деп, болжайтын дәстүрі бар. Сержан аға басқасына қарамай, домбыраға қол созды, деп отыратын.

Сержан ағаның әкесі Ысқақ Шәкіратұлы кәкеміздің де есімі ел есінде сақталған аяаулы тұлға. Ол өмір бойы ағарту саласында қызмет жасады. Қаншама шәкірттерге ұстаздық жасады. 1938 жылы Үштағанда 7 жылдық мектеп салынғанда, осы мектептің алғашқы  директоры болды. 

Ысқақ кәкеміз 80 жасқа толғанда, өзінің ең алғаш еңбек жолын бастаған Үштаған мектебінде мерей тойы атап өтілді. 

«Мектеп оқу ісінің меңгерушісі Өтелбайұлы Наурыз Қаржаутегі ықылас тілегін өлеңмен жеткізді.

Сусындатып білім нәрімен,

Маңғыстауды шарладың.

Қиыншылық көрсең де

Ұстаздық жолдан таймадың,

Ақмұрын, Жыңғылды, Ұштаған,

Таушық, Тұшыбек

Балаларын оқытып,

Білім беру болды арманын.

Мұртты ағайдың мінезін

Білгендер айтып жыр қылды.

Қарт шәкірттер бұл күнде,

Өткенін айтып, сыр қылды.

Сіңірген еңбек еш болмас

Азаматтар ұйғарып,

Сексенге келген шағында

Ұлан асыр той қылды.

Кешегі соғыс кезінде

Румын, Венгр, Болгарды

Құтқарыстың көппенен.

Әлпінің асып тауынан,

Отанды қорғап жауынан.

Жасқаншақтық етпеген,

Омырауың толы орденге

Көптің қолы жетпеген.

Сексен жас сізге көп емес,

Өмірдегі биік бір белес,

Құдайке батыр Қосайды

80 жаста көріпті.

90-ға жет жасқанбай,

Көрмеген 80 жас емес.

Ысеке, тіпті сескенбе,

Ізім менен ізбасты

Айтысқанда Қашаған

Жеңген екен сексенде.

Адайда батыр ер Қармыс

Жалғыз барып жауымен

Соғысқан екен сексенде.

Сексеннен де өтіпсің,

Қуат берсін бір Аллаң,

Өмір берсе, Ысеке,

Жүз деген жасқа жетесің.

Осылайша, Ысеке,

Артынды көріп қартайып,

Мұратыңа жетіп өтесің, — дегенде шапалақтың үнімен зал іші күңіреніп кетті. Өзінің ұстаздық қызметі туралы есте қалғандарды еске түсірді. Ұстаздық жолдың қиын екенін, баланың мінезін түсінудің өзі бір қаракет екеніне тоқталды.

— Бірде,- деді ол, — балаусалау күніміз. Ұстаздық қызметке де ысылмағанымыз ғой, Жыңғылды мектебінде Бекес деген балаға қанша үйретсем де айтқанымды қабылдата алмадым. Алай айттым, былай айттым, олай үйреттім, былай үйреттім, айтқан сөзім қонбады. Дымымның құрығаны сондай Бекеске:

— "А" деп айт, — дедім.

— "А" деп айт, — деді Бекесім.

— "Б" деп айт, — дедім.

— "Б" деп айт, — деді Бекесім.

Сасқалақтаған мен:

— Ойпырмай, енді қайтем, — дедім өзіме-өзім.

— Ойпырмай, енді қайтем, — деді Бекесім.

Мұндайдың талайы кездесті ғой. Иә, балдар, талай күндер өтті ғой. Бірақ ол кездің балдары оқытушысын қатты сыйлайтын еді. Қазір жастар арасынан тәртіпсіздік, арақ ішкіштер, нашақорлар шығып жүр. Мұны мектеп тәрбиесінен де көретіндер бар. Бұл дұрыс емес. Балаға бірінші тәрбиеші ата-ана, олардың тәрбиесінен оңаша қалған бала мектеп тәрбиесінен де басын алшақ ұстайды. Ата-ана осы жағын ойлап қарауы керек.

Ардагер ұстаздың арқасына шапан жабылды. Мектеп көркем өнерпаздарының күшімен үлкен концерт көрсетілді. Мерейтой құрметіне мен және ұстаздың сүйікті ұлы белгілі домбырашы Сержан екеуміз өнер көрсеттік. (Ізбасар Сыртанов: "Зердемді сен ашпасаң нетер едім?!." http://www.elarna.com/video.php).

Осы жолдардың авторы менде Ысқақ кәкеміздің қасына еріп, талай жердің дәмін таттым. Талай әңгімесін тыңдадым. Кәкеміз ағартушылық пен қатар журналистика саласында да елеулі еңбек етті. Кәкеміздің шежіре-тарих, ұлттық тәрбие тақырыбына  арналған еңбектері республикалық БАҚ-тарды ұдайы жарияланып тұрды және оны оқырман ыстық ықыласпен қабылдап жататын.

Сержан ағамыздың Маңғыстауға тән аңыз, айтыс күйлерді тарихи қызғылықты әңгімелермен орындауы өте әсерлі. Мәселен, «Ақсақ құлан – Жошы хан», «Нар идірген», «Үш ананың айтысы», «Құлшардың кемпірмен, қызбен тартысы», «Есірдің Хиуа сапары» атты топтама күйлерді тарихын айта отырып шебер орындауы ел арасында кеңінен белгілі. Ол Маңғыстаудың  ескілікті халық күйлерімен қатар атақты халық сазгерлері Абыл, Есір, Есбай, Өскінбай, Құлшар, Қартбай, Мұрат, Алым шығармаларын мәнерлі орындаушы, өзіндік ерекшелігі мол. Маңғыстау күйшілерінің бүгінгі ең көрнекті өкілі деп танылады.

Сонымен қатар ұлы сазгерлер Құрманғазы, Дина, Дәулеткерей, Қазанғап шығармаларының да бір қатарын жоғары деңгейде жетік меңгерген.

Ол сондай-ақ Маңғыстаудың ежелгі жыр-терме саздарын иеленген бірден бір өнерпаз. Шынайы адай әуендерінің 20 шақты нұсқасын домбырада мәнерлі орындайды.

Сержан ағамыздың өзге күйшілерден ерек, өзіндік қолтаңбасы, өзгеше нақышы, өзіндік жаңалығы да бар. Ағамыздың әсерлі де өрнекті оң қол қимылдарымен орындайтын «Кербез керік», «Бөгелек», «Көроғлы», «Терісқақпай», «Жаңылтпаш» т.б. күйлері әрқашанда көрерменді еріксіз тәнті етеді. Оны көрген жас күйшілер үйренуге құмартып тұрады.

«Сержан Ысқақұлы – бұрынғы Бүкілодақтық халық шығармашылығы фестивальдарының бірнеше дүркін және «Жолдас ән» («Товарищ песня») телефестивалінің лауреаты.

1985 жылы Ленинград этнографиялық институтының шақыруымен осы институтта, Черкасов атындағы театр, кино, музыка институтында лекция – концерттер берді. 1987 жылы Самарқанда өткен халықаралық музыка симпозиумына қатысты. Сол симпозиумның қорытындысымен шыққан «Концерты в Регистане» деген күйтабаққа орындаған шығармасы енді.

«Дала саздары» сияқты халықаралық дәстүрлі музыка фестивальдарына тұрақты шақырылып жүрген ең белді домбырашылардың бірі.

1989 жылы «Азия даусы» фестивалінің ең алғаш ашылуына қатысты. Тағы да сол жылдың желтоқсан айында Қазақстан халық шығармашылығының Мәскеудегі есепті концертінде ойнады. 1990 жылы маусым айында Киевте өткен 2-халықаралық фольклор фестивалінің лауреаты болды.

Ол екі рет «Күй керуен» фестиваліне қатысып, «Алтын домбыра», «Алтын қобыз» сыйлықтарын алды. Және екі рет «Мәңгілік сарын» күй мерекесіне қатысып, соңғысында (2008) «Дәулескер» атағын иеленді.

2015 жылдың 2 маусымында Астана қаласында Сержан ағамыз «Күй құптаны» атты кешін «Шабыт» шығармашылық сарайында өткізді.

«Шакрат Сержан Ысқақұлы күй тартады» атты телефильм түсірілді және ол «Прикосновение» деген деректі киноның бір кейіпкері. 2008 жылы «Ел» продюсерлік орталығы осы төкпе күй шебері туралы «Телағыс» киносын түсірді. 1985 жылы оның орындауында «Маңғыстау күйлері» атты үлкен күйтабақ, 2001 жылы осы аттас аудиокасета, ал 2002 жылы «Ақжарма», 2007 жылы «Мұра – Домбыра» және 2009 жылы «Дәулескерлік дәстүр» атты дискілері (CD, DVD)  шықты» (Энциклопедиялық деректерден). 

Ағамыз Кеңестік кезеңнің өзінде бірнеше фестивальдердің дүркін-дүркін лауреаты атанып, Мәскеу, Ленинград, Самарқанд, Киев сахналарының сәніне айналған Сераға кейін қазақтың домбырасы мен күй өнері қанатында Түркияда, үш рет Францияда, Бельгияда, Италияда, Швейцарияда, Испанияда, Америкада алқалы жиын алдында өнер көрсетті.

 Айтулы фестивальдерде Ағамыздың күмбірлеткен күйлері қазақтың күй өнері дала сазын айдай әлемге паш етіп, шетелдіктердің қошаметіне ие болды. Кейіннен концерттерге арнайы шақыртқандары да болды. Жүлде мен марапат-мақтаулардың саны шексіз, ол туралы да, ол кейіпкер болған да киноленталар өмірге келді, күйтабағы, аудиотаспалары, заманауи диск табақшалары шығарылды.

Сераға ғұмыр бойы өзі жинақтаған Маңғыстаудың күй мұрасын келесі ұрпаққа беруге, жас таланттарды тәрбиелеуге зор көңіл бөліп келеді. 1993 жылы ашылған Маңғыстау өнер колледжінде ол үшін әдейі енгізілген «Маңғыстау саздары» класын жүргізеді, бұған дейін 1991-1993 ж.ж. Ақтаудағы №2 қазақ өнер мектебінде сабақ берген еді. Онда «Есбай», «Есір», «Құлшар», «Өскенбай» күйлерін насихаттап, жиған мұраларын шәкірттеріне де үйретуден бір танған емес. Астана музыка Академиясы мен Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясында және Атырауда, Ақтөбеде мастер кластар өткізді.

Бірде журналист, ақын Бақтыбай Жайлау ініміз ағамыздан шәкірттері жайлы сұрағанда:

- «Шәкірт деген көп. Мысалға, облыстық колледжіміз ашылғалы он алты жылдай уақыт болды ғой, содан бері қаншама балалар бітіріп кетті. Солардың барлығы менің шәкірттерім деп айта аламын. Дәстүрлі Маңғыстаудың күй мектебінен. Қазір мен тартқан, мен таратқан күйлерді орындау да жоғары деңгейде. Қазақстанның қай түкпірінде болмасын «Маңғыстаудың күйін, Сержан ағаның тартқан күйін тартамыз» деп жүрген жеткіншектер көп. Солардың бәрі менің шәкірттерім.

Жуырда бірінші рет Құлшар күйші атындағы конкурс болды. Соған алпыс бала қатысты. Үш топқа бөлінді: кіші топ, орта топ, үлкен топ болып. Кіші топтағы он үш жасқа дейінгі балалардың өзі отыздан асты. Соның бәрінің тартқаны – Құлшардың күйлері. Ал енді Құлшар деген – менің күйшім ғой. Шамам келгенше шығарып, тартып жүрмін. Соған бәрі ынтызар болып, менше орындап шықты. Ол менің көңіліме хош, қуанышты жағдай болды» деп жауап берген екен.

Осы еңбекті жазу барысында Сержан ағамызға ең үздік шәкірттерін атауды өтінгенімде, ең бірінші кезекте Републикаға белгілі күйші Роза Айдарбаеваны, керемет домбырашы Құрманғазы атындағы оркестрдің бас дирижері Абылай Тілепбергеновты және Данияр Сағынғалыұлын аса ыстық ілтипатпен атады. Ұстазы шәкіртім деп, мақтанып жүрген Сіздерге мың алғыс!

Ағамыз ел арасындағы Маңғыстау күйлерін жинақтап, реттеп бір жүйеге келтіріп, ұрпақ санасына сіңіру бағытында да үлкен еңбек етуде. Құлшар күйші атындағы конкурс осы айтқанымыздың айдай айғағы болмақ. 

Маңғыстауға тән тағы бір жақсы жаңалық Есір, Мұрат, Сержан атындағы республикалық күйшілер сайыстары тұрақты өткізіліп тұрады. 

Сержан ағамыздың төрт домбырасы бар. Оның бірі Атадан мирас болып қалған қара домбыра болса, қалған үшеуін Маңғыстаулық хас шебер Нұржан Мұсаев жасаған. Нұржан замандасымызда он саусағынан өнері тамған азамат. Облыстық Нұрмұқан Жантөрин атындағы музыкалық драма театрының әртісі және домбыра жасаушы шебер ретінде елге кеңінен танымал. Оның қолымен  800-ден аса ұлттық аспап жасалып, 2017 жылы Атырауда өткен аймақтық «Үкілі домбыра» сайысында бас жүлдені жеңіп алған. Шеберлерді шаң қаптырған оның өзі де домбыраның құлағында ойнайды.

Ол жайлы Сержан ағаның өзі «Менде 4 домбыра бар. Соның үшеуін осы Нұржан інім жасаған. Нұржанның домбыралары қолға жатық. Содан кейін үні, дыбысы домбыраның сабына, өн бойына біркелкі шығады. Өте жақсы» деп баға берген. 

Мемлекет тарапынанда Серағамыздың еңбегі елеусіз қалып жатырған жоқ.  1995 жылы «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қызметкері», 1999 жылы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының құрметті профессоры атағы берілді. «Құрмет» орденімен, «ҚР Конституциясына 10 жыл», мерекелік медальдімен марапатталды. Күйші Сержан Шәкіратты Респукблика жұртшылығы ерекше құрметтейді.

Үш рет Маңғыстау облысының Құрмет грамотасымен, Қазақстан музыка қоғамының Грамотасымен дәріптелген. Ол – Ақтау қаласының Құрметті азаматы және Маңғыстау облысының Құрметті азаматы (2012 ж.).

Ал, енді бір сәтке Сержан ағаның күйшілік өнері жайлы замандастарына сөз берелік: 

 Нұрғиса Тілендиев, әйгілі сазгер:  Сержан орындаған күйді тыңдап отырып «Мынауың сұмдық қой!» деп таң қалған. 

Әбіш Кекілбай, жазушы, қоғам қайраткері:  «Сержан орындаған қай шығарма да тамсантпай, тебірентпей, теңселтпей қоймайды. Мейлінше, тылсым интерпретаторлық тереңдік. Ғажайып орындаушылық шеберлік. Асқан артистизм. Батысша айтқанда, виртуоз! Шығысша айтқанда, біртуар! Қазақ даласында ешқашан қатары азайып, қарқыны кеміп, толас тауып көрмеген күй бәйгесінде тамсантқан үстіне тамсанта түсетін дүлдүлдің де дүлдүлі. Шашасына шаң жуытпас саңлақтың да саңлағы. Ол ол ма?! Бір өзі – бір мектеп Абыл, Құлшар, Есір, Арал, Өскінбай, Қартбай, Мұрат, Шамығұлдар қалыптастырған Маңғыстау күйшілік дәстүрін шартарап қазақ даласындағы барлық орындаушылык үрдістердің ең бір сүт бетіндегі қаймақтай сүлей үлгілерімен үйлесімді жарастырған жаңа бір орындаушылық мектеп дүниеге келді. Күйде ойдағы тереңдік пен сезімдегі сергектікті терең қабыстырған серілік мектебі – Сержан мектебі бой көтерді. Күй серісі Сержан – саз сахнасындағы жаңа құбылыс.

Әбіш ағаның Құлшардың «Кербез керік» күйін тыңдап отырып Сержанды былайша суреттейтіні бар: «бұтарланған сексеуілдің серейген келтегіндей сексиіп тұрған оң қолын кенет жыланша ирелеңдетіп, тиген жерінің бәрін жалап-сұқтап, перне бойлатып, жылмаңдата, жорғалата жөнелгенде, қапелімде көзбояушыға тап болып арбалып қалғандай өз-өзімнен елігіп бара жатқанымды сезбей қаламын...

Сержанның, қолына домбыра тисе болды, айдын бетін қанатымен сипай ұшқан ақ шағаладай ойнақ салып қоя беретін ақ сүйрік саусақтарынан көзімді айыра алмаймын», - деген екен. (http://www.elarna.com/video.php).

Гүлайым Шынтемірқызы, "Егемен Қазақстан" газетінің меншікті тілшісі: «Бүгінгі қазақ күй өнері туралы ой қозғап, күйшілер жайлы сөз саптағанда есімі алдымен ауызға ілігетіндердің бірі – Сераға, яғни Сержан Шәкірат. ...2008 жылы «Мәңгілік сарын» күй фес­тивалінде «Дәулескер» атағын иеленген Сераға күйші Маңғыстау облысының барлық аудан, қалаларын аралап «Күй тыңдаңыз күмбірлі, сөз тыңдаңыз күлдіргі» атты есептік концерт беріп, кеш өткізді. Тақырыбы айтып тұрғандай, әрі күйші, әрі қаламгер С.Шәкіраттың қос қырын, қос қабілетін ортаға салған кештер. Ел-жұрты сырбаз аға, салмақты ұстаз, салиқалы ата, сыпайы замандас, саңлақ күйші Серағаның қасиетті домбырасын қолына ұстап, сахнаның сәнін келтіре беруіне, қазақ күйлерінің бағын аша беруіне тілекші. Тағдыр-Тәңірдің сыйы да осы болғай...».

Ғалым Әріп, ҚЖО Маңғыстау облыстық филиалының директоры, танымал ақын, жазушы: «Францияда жылма-жыл ұлттық мәдениет байқауы ұйымдастырылады. Бір жолы байқауға Маңғыстау өңірінен домбыра құлағында ойнайтын дәулескер күйші Сержан Шәкірат ағамыз қатысып, аса шебер виртуоз ретінде француздардың құрмет-қошеметіне бөленген еді. Биыл 80 жасты алқымдаған Серағаңның 50 жылдық мерейтойын ұйымдастыруға жетекшілік еттім. Сол кезде Абай атындағы мәдениет сарайында күй құдіреті мен күйші шеберлігіне тәнті болысқан  өзге ұлт өкілдерінің түрегеп тұрып тыңдап, рухани ләззат алуы, толассыз қошемет бір сәтке үзілмеуі әлі күнге дейін көз алдымда. Міне, осының өзі – қазақтың ұлы мәдени мұрасының құдіретіне деген шексіз құрметтің бір көрінісі». (https://mangystaumedia.kz/30/85831/).

Сөзіміздің соңында Сержан ағаның өзіне сөз берсек: «Жалпы, қолыма домбыраны 5-6 жасымда ұстаған екенмін. 1946 жылы ағам әскерден келді. Негізі соғысқа біздің үйден үш адам аттанды. Атам, әкем және ағам. Құдайға шүкір, үшеуі де аман оралды. Ағам әскерден келгенде ауыл-аймақ тойлауға кірісті.

Ауылда Алым Жаңбыршин деген домбырашы ағам болатын. Менің тікелей ұстазым. Сол кісіден халық күй сұрайды ғой. Ол кісі де соғыста болған. Майдан даласында қолын шығарып алған екен. Көпшілік  күй сұраған соң, домбыраны қолына алады да, сәл тосылып қалады. Сөйтсе, қалай тартылатынын ұмытып қалған екен.

Ол кезде мен 7 жастағы баламын. «Маған беріңіз, көрсетіп жіберейін»,-деппін. Сонда әлгі кісі қатты қуаныпты. Күйге осылай келдім»,-дейді Сержан Шәкірат.

«Бір күні домбырашылардың жарысы өтетін болды. Ол кезде оқу ісінің меңгерушісі Арон Өтеуов деген керемет адам бартын. Сол кісі «Ысқақтың домбырашы баласы бар екен ғой, соны алдыртыңдар»,-деп тапсырған екен. Мен ойын баласымын. Жалаң аяқ, доп қуып, жердің шаңын шығарып  жүгіріп жүрген жерімнен алып кеткен. Содан не керек, жарыстан бірінші орын алып келдім».

«Негізгі мамандығым – журналистика саласы. Алайда, бұл бағытта көп аялдамадым. Қырық жыл мұнай саласында қызмет еттім. Көп марапаттарымды осы мұнай  саласында жүріп алдым. Бірақ, журналистикадан кеткеніммен, оны түбегейлі тастап кеттім дей алмаймын. Өзім сатира, әзіл-сықақ, фельетонға жақынмын. Әңгіме, очерк, публицистикаға да қалам тербеймін. Бүгінге дейін жазып келемін».

Көпшілік Сержан Шәкіратты «нота білмейтін күйші», деп таниды. Бұл турасында ол: «Нота білмейтінім рас. Бірде Алматыға барғанымда маған музыка зерттеушілері келді.  Күй, нота туралы әңгіме болды. Содан мен: «Осы нотаны үйреніп алсам қайтеді, қиын емес шығар?», дедім. Зерттеушілер шошып кетті. «Нотаға жоламаңыз. Әйтпесе, сіздің халықтық өнеріңіз өзгеріп  кетуі мүмкін»,-деді. Содан бері нотасыз келе жатырмын»,-дейді. «Сержан Шәкірат – нота білмейтін күйші» https://qazaqstan.tv/news/99737/).

Иә, Сержан ағамыз Құрманғазы, Дина, Дәулеткерей, Қазанғап, Абыл, Есір, Есбай, Құлшар т.т. сияқты қазақтың күй өнері заманауи нотасыз да музыка әлемінің ең биік шыңына шыға алатынын бүгінгі ұрпақтың көзіне көрсете отырып дәлелдеп берген бірден-бір өнер иесі. 

Ағамыз өзіне ұстазым деп, Алым Жаңбуршинмен қатар Шамғұл Ыбырайымұлын және Мұрат Өскенбаевты аса ыстық ілтипатпен еске алып жүретінін өз аузынан талай естідік. Бүкіл шәкірт атаулыға, шәкірт болсаңыздар осы Сержан ағадай болыңыздар! дегім келеді.

Сержан Ысқақұлы Шәкратов ағамыздың Ата-тегі (руы): Кіші жүз (Бегарыс)-Алшын-12 Ата Байұлы-Адай-Әлнияз (Бұзау)-Айтумыс-Шылым (Бәйбіше Жеменей) ұрпағы болып табылады. Ағамыз бұл өнерге кездейсоқ келген жоқ. Сержан аға сонау түпкірдегі домбыраны дүниеге әкелушілердің тікелей ұрпағы болып табылады. (Қара: «Домбыраны дүниеге әкелген қазақ руы) https://abai.kz/post/44512).

СЕРЖАН АҒАМЫЗДЫҢ 80 ЖАСҚА ТОЛУ МЕРЕЙТОЙЫ МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ ӘКІМШІЛІГІНІҢ ҰЙЫМДАСТЫРУЫМЕН ОСЫ БИЫЛҒЫ 2019  ЖЫЛДЫҢ ҚАРАША АЙЫНЫҢ 7-СІ КҮНІ САҒАТ 16.00-ДЕ АҚТАУ ҚАЛАСЫ, АБАЙ АТЫНДАҒЫ МӘДЕНИЕТ САРАЙЫНДА ӨТЕДІ. 

Қожырбайұлы Мұхамбеткәрім

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1970