Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Тарих 13879 68 пікір 6 Қараша, 2019 сағат 11:25

Қазақстан мен Сібірдің көне қалаларын орыстар салған жоқ

Қазір орыс әлемінің ғаламторын ашып қалсаң болды: «Жабайы қазақтарды біз адам қылғанбыз» деген мәлімдемелер өріп жүреді. Орыс тілді қазақтар «Қазақ пен түркі тарихына» қатысты мақала жариялай қалса болды, «біз қазаққа қала салып бергенбіз, біз қазақты адам қылғанбыз» деген далбаса империялық амбицияға толы коментарийлердің берілуіне жиі кезігеміз. Неге??

Қазақ пен Сібір қалалары сөз болатын еуропалық Марко Поло, Снорри Стурлуссон, Сигизмунд Герберштейн, Милеску Спафарий, Николай Витсен; араб-парсылық Тахирак Марвази, Салам ат-Тарджуман, Ибн Хордадбех, Рашид-ад-Дин, Абул-Гази және қытайлық Чан Чунь еңбектері толықтай қазақшаланбай отыр. Әрі қолда бар орысша аудармасы бұрмаланып тәржімаланған. Көбінің еңбегінің атын естігеніміз болмаса, не қазақшаға, не орысшаға еш аударылмаған дүниелер.

Кім кімге қала салып берді? Бұрыннан бар қалалардың ірге көтергені Неге тек орыс отарлаушылары баса көктеген XVI-XVII ғасырларға телініп отыр?  Біз тек өз ана тілі мен орыс тілінде жазатын «Алтын Орда» мұрагерлері қазақ-татар зерттеушілеріне ғана ден қоймай, адал ойлы, жүрегі ізгі ресейлік тарихшылардың да «Ортақ тарихымызға» орай жасаған ғылыми мәлімдеулері мен империялық өркөкіректікпен бұра тартпайтын ғылыми жаңалықтарына да ден қойғанымыз орынды. 

Дәл қазір орыстың ресми тарихында – «Сібірді жаулап алды-мыс» дейтін, қазақтың ресми тарихында – «Бізді қырып-жойды-мыс» дейтін Ермак бар. Ал, балама тарихта, Ватиканда сақталған жазбаларда ешкіммен соғыспаған  несториан дінінің соңғы патриархы (азан шақырып қойған аты: көне түркіше «Құдайдың Ізгі Жазбасының мұрагері» деген ұғымды білдіретін) Керей тайпасынан шыққан Жармақ бар. Ермак Сібірді жаулап алу жорығында өз жолында ірі қаланы кезіктірмесе де, оның әскері басып өткен шағын қалашықтар жетіп артылатын. Әрі Обь өзені бойында шөп басқан, нулана өскен ағаш тасалаған ескі қалалардың орны отарлаушыларға өте жиі кезігетін.

Алтын Ордалық бүткіл түркілік қалалық мұраны ыжаһаттықпен мөрлеген Кәрлі Иванның «Үлкен сызбасынан» бастау алатын барша жазба бұлақ көзі таскереңдене жабылып, Ресей Империясын «Норман теориясымен» байланыстырған Ломоносовтың ата жауы Герхард Фридрих Миллердің (нем. Gerhard Friedrich Müller) 3 томдық «Сібір тарихы» атты мүләйім еңбегі қазаққа да қатысы бар түркілік жосық пен із-таңбаны мүлдем өшірді. Әрі изеуиттердің араласуымен өмірге келген тарихи өтіріктеріне ТМД тарихшыларын иландырды. Осы өшірілу тарихта болған қалалардың бұрын болмағандығынан бастау алады. Ресей отаршылары ірге тепкен шақта Ібір-Сібір және Алтай өңіріндегі Барнаул, Томск, Ақмола, Семей, Өскемен, Қостанай, Қызылжар т.б. Ресейлік және Қазақстандық қалалар бұрыннан бар шаһарлардың орнына салынып,  сақталынып қалған тарихи жәдігерлер қасақана қиратылып, аталған шәрлердің ежелгі тарихын ұмыттырды.

Сізге Ібір-Сібірдегі және де онымен шектесетін алаш жұрты аумағындағы: Ика, Кикас, Камбалык, Грустина, Серпенов, Кануньон, Коссин, Тером сынды қалалардың жарым-жартылай түркіше әм орысша аталуы, не болмаса, Кары-Сайрам, Қарақорым (Саркуни), Алафхин (Алакчин), Кемиджкет, Хакан Хирхир деп жалғасып кете беретін шаһарлар атауы бірдеңе сездіре ме? Иә, бұндай халықтық санада бар, ғылыми санатта жоқ қалалар мен кенттер саны он мыңға жетпесе де мыңнан асады. Біз санамалаған қалалардың бәрі Ібір-Сібір мен Алтай аймағына тиселі. Олардың барлығы бұрындары араб-парсы, қытай, еуропалық тарихи құжаттармен қаталып, бүгіндері рас-өтірігі археологиялық қазбалар арқылы мәшһүрленіп отыр. Дегенмен осы өңірлердегі көне қалалар орнына әлі күнге дейін Ресей тарапынан жүйелі археологиялық қазбалар жүргізілмей келеді. Жүргізіп керегі не? Барлық қаланы жабайы көшпелілерге башқұрттар мен қазақтарға, алтайлықтарға әм аз санды өзге түркі халықтарына орыстар салып берді емес пе?

Осылайша ғылыми әлем жалған Сібір тарихының атасы Gerhard Friedrich Müller-дің: «Сібірдің еш тарихи құндылығы жоқ, сондықтан оны зерттеп опа таппаймыз» деп мәлімдеуіне имандай ұйыды. Әлі де ұйып келеді. «Сібірде орыстар келгенге дейін қала да, мәдениет те болмаған анда-санда қазақ пен башқұрт сияқты көшпелі жұрт оңды-солды көшіп-қонып жүретін бос жатқан аймақ» деген түсінік жұрттың санасын уландыруда. 

Осылай айтуын айтып қалса да, Сібір тарихының атасы өзінің «Сібір тарихында» және Тобыл провинциясының Кузнец үйезінің тыныс-тіршілігіне арналған 1734 жылғы ғылыми еңбегінде адамдар есте жоқ ескі заманнан бері тұрып келе жатқан тарихта болғаны еш дау-дамай тудырмайтын бірнеше қалалардың атауларын келтіреді.

1734 жылы Г. Ф. Миллер (Gerhard Friedrich Müller ) 1616 жылдан бастап Жоңғар империясы қарауына өтіп, ойраттар түркілік мәдени ескерткіштерді буддаландырған, ал бабаларымыз 1660-1670 жылдары орын алған соғыста елу жыл бұрын салған бұтханаларды қиратқан шайқас болып өткен Доржинкитте (Цорджийнкийд), яғни Семейде болып, қаланың жеті шатырын, пұт тастарды көзімен көреді.  Осы он жылдық соғыстан кейін қаланы қайта өзіне қаратқан ойраттар 1672 жылы Учурту Хан Кийд храмын, 1676 – Бошокту Хан Кийд храмын салды. 1717 жылдары бүтіндей Ресей империясы қарауына көшкен қаланы отарлаушылар Семипалатинск деп атай салды. 

Алтын Ордаға бағынышты болған Кәрлі Иванның Пәрменімен 1552 жылы қазір «орыс жері» деп аталатын  барша Дешті-Қыпшақ өңірінің шаһарлары енгізілген «Үлкен сызба» құрастырылғанын бәріміз білеміз. Нағыз карта кейін із-ғайым жоғалып, тек оған енген қалалардың атаулары ғана сақталып қалды. Сақталып қалған қолжазба «Үлкен Сызбаның Кітабы» деп аталады. Осы бір кезінде бастап жазылғанымен аяқталмай қалған қолжазбаны империялық мемлекеттік қызметкерлер (дьяктар) Лихачёв пен Данилов 1627 жылы жазып бітірді. Онда тек қана Сібірдің солтүстік-батысындағы жүзден аса қала атаулары сөз болады. 

Жергілікті тарихшылар мен өлкетанушылар ресми тарихпен келіспей өз зерттеулерін жеке қаржысымен жалғастырып келеді. Томск қаласында тұратын тарихшы Георгий Сидоров: «Борис патшаның Пәрменімен 1604 жылы іргесі қаланды делінетін Томск қаласының орнында он мың жыл бұрын да шаһар болған.  Мен ұйымдастырған экспедиция бірталай артефактілер таба алды. Біз салмағы 4 тонналық алып блоктарды ұшырастырдық. Бұдан шығарып айтарым: адамзаттың өсіп-өрбіген жаңа ошағы туралы теория заттай жәдігер деректермен бекемделіп отыр» деп мәлімдеме де жасады. Бір әттеген-айы олардың басым көпшілігі барша тарихты грек көне дерегіндегі Асгарде Ирийск астанасы болған Гиперборей елін «Славян-Арий» деген мистификациямен ұштастырады. Азшылық болса Сібірді ұлттық негізде қазақ-татар-башқұт деп бөле-жармай «Үлкен Тартария» деген түркілік  ұстанымдағы уәжді құп көреді.  

Сібір жерін егжей-тегжейлі зерттеген ғалымдар әуелі бүкіл әлемді айран-асыр еткен Аркаимды тапты. Олардың ізін ала зерттеу жүргізгендер бүгінгі күні қиранды мен үйіндіге айналған көптеген елді мекен кент орны мен шаһарлардың із-сілемдерін тауып отырған жайы бар.  

Екатеринбургтік зерттеуші В.А.Борзунов кеңес тарихшыларының еңбектерін зерттей келе: Орал бойы, Батыс Сібір, сонымен қатар Томск-Нарым Приобьесі аумағындағы тайга бөлігінде орналасқан ежелгі қоныс мекендердің нақты орындарын анықтап шықты.  Ірі алаңы 600 шаршы метр, орташа алаңы 270 шаршы метр болатын 5 мың жылдық тарихы бар 70-тен аса ғимараттардың орнын тапты.

«Отырықшы аңшылардың тұрағы болған бұл өңірлерде ағаштан екі қабатты үйлер салынған, атап айтсақ, біздің дәуірімізге дейінгі IV - III мың жылдықта Обь өзеніне құятын Казым бойында Амня І қалашығы бой көтерген» деп мәлімдейді Борзунов. 

В. И. Матющенко тынымсыз ізденісі арқылы 1954 жылы Томск облысының Самусь кентінде б.д.д. 17-13 ғасырларға жататын адамдардың ең көне мекен тұрағы табылып, Самус мәдениеті деп аталды.  Бұл мәдениетте өзінің тұтынған бұйымдары мен еңбек құралдары бойынша Орал бойы, Кама өзені, Пермь өңіріндегі Турбин мәдениетіне ұқсайды. 

Ғалымдар осыдан шығарып, қола ғасырында түркі текті Шығыс Еуропа мен Батыс Сібірде біртұтас самус – турбин – сеймин тұтасқан мәдениеті болған деген қорытынды шығарды. Том облысының ірге тасы 1954 жылы қаланған Северск қаласында табылған зілдің (мамонт) тісінде екі өркешті түйе мен қасиетті кереит таңбасы (свастика) бедерленген біздің дәуірімізге дейінгі 20 мың жылдыққа жататын жәдігер табылды. Ал, түйе өздеріңіз білесіздер Сібірлік жануар емес.

Дәл қазір Ресей мен Қазақстанға ортақ бұрынғы қазақ өзендері Тобыл мен Есіл бойындағы қыш кірпіштен тұрғызылған қала мен кент іздері табылып отыр. Осы бағыттағы зерттеушілік жұмысқа  В.Т. Ковалева (Юровская) жетекшілік еткен екатеринбургтік ғылыми топ б.д.д. III-II жылдықтағы ағаш қабырғалы дөңгелек пішінді ғимараттарды тапты. Нәтижесінде Тобылдың екі жағалауына тап осындай 4 тұрақ барлығы анықталды.

Орта ғасырдағы қазақ жерін басып өткен араб-парсы саяхташыларының жазба деректеріне сүйенер болсақ, 842-847 жж. аралығында Сібір мен Қазақстан жерінде болған араб Саллам ат-Тарджуман өз жолжазба күнделігінде 20 күн бойғы жүріп өткен жерлерінде жартылай бұзылған көне қалаларды ұшырастырғанын егжей-тегжей жазады. Бұл жайында жергілікті аңшылардан сұрағанында олар осы қалардың бәрін «йаджудж және маджудж» тайпалары тас-талқан етті деп жауап береді. Тап осы «Қалалар елін» IX – XIV ғасырларда басқада саяхатшылар мен саудагерлер көріп, «Құлазыған өңір» деп атады. «Үлкен Сызбаның Кітабында» бұл жерлерде қара шақпақ тасты терезелі үлкен тас үйлер болған деп сипатталады. Әрі тұрғындарының металл мен қыш бұйымдарын тұтынғаны, сондай-ақ  диірмен тасын пайдаланғаны сөз етіледі.

Өткен ғасырдың қырқыншы жылдары хакас астанасы Абакандағы Л. Евтюхов басшылық ететін музей қызметкерлері ғимарат ауласынан б.д.д. 98 жылдарға жататын іргетас пен сарайдың бір қабырғасын тапты. Бұл ашылым Ташебин сарайы деген атауды иеленді. Қыш шатырлы 20 бөлмелі сарай бір кездегі ірі қаланың қақ ортасына орналасқандығы анықталды. Кейбір зерттеушілер оны жерлестері түркі текті қытай әулетінің әскер басшысы болған Ли Лиинге арнап салған деген жорамал айтады.

Ертіс бойында қазіргі Павлодар қаласының орында Орда қаласы орналасқанын еуропалық Снорри Стурлуссон, Сигизмунд Герберштейн, Милеску Спафарий, Николай Витсендер жазып қалдырды. Олар салған картада Қимақтардың Орда қаласы дәл қазіргі Керекудің орында орналасқан. VIII-IX ғасырдағы тағы бір араб саяхатшысы Тамим ибн Бахр Мутавва'и өзінің әуелі Ертіс бойындағы Қимақ қағандарының ордасында болғанын, кейін Тараздан шығып, 12 әйдік темір қақпалы адамдары құжынаған ірі базары бар үлкен бір шаһарда болғандығын. Әлгі қаланың маңындағы жұрт егіншілікпен айналасатындығын сөз етеді. Бұл әрине – Орда қазіргі Павлодар, бірақ Тараз қай Тараз деген сұрақ та туындайды?

Елші әрі саяхатшы Тамим ибн Бахр Мутавва'и Алтайдағы Зайсан көлінің бойынан қираған қаланың орын көргенін жазып қалдырады. Бұл жерде бабаларымыз алтын қорытатын кендерге иелік етіп, әшкей бұйымдарын  грек отарларына сатқандығын Гумбольдт пен Чихачев сынды зерттеушілер жоққа шығармайды.

Иә, Алтайдағы жергілікті шеберлер алтыннан көздің жауын алатын небір бұйымдарымен ежелгі орта ғасырдағы Еуропаны таң қалдыра білді. Орыстар салды-мыс дейтін қалалар өз орындарында бұрыннан бар еді. Отаршылар қазынадан бір тиын шығармай, ескі қалалардың қирандысын тұрғын үйге айналдырып, жаңаша атай салды. Мысалы: 1618 жылы ескі қаланың махалалары орына Кузнецк деген жаңа қала бой көтерді. Тап осындай жағдаят Сібірдегі бірінші орыс қаласы саналатын Тюмень (1586), Томск (1604), Семипалатинск (1717), Омск (1716), Барнаул (1734) сынды қала орындарына орыс басқыншылары ірге тепкенде орын алды. 1604 жылы қираған ескі шәрі орына салынған Томск қаласы 50 жылдан кейін тұруға мүлдем жарамай, 1648 жылы басқа жерге салынып, бұрынғы мәдени жәдігерлеріміз іргетасқа айналып кетті. 

Бір өкінштісі осы қалалар кеңейген шақта талай көне ғимараттар мен жәдігерлер жаңа салынған үйлердің астында қала берді.  Ноғайсібірде (Новосибирск) Мәскеу патшалығы мен Көшім хан арасындағы 16 жылға созылған соғыстың 1589 жылғы 22 маусымда болған соңғы шайқасы орын алған Цаттырт (Чаты) қорғаны метрополитен бекетіннің астында қала берді. Бұндай мысалдар жетіп артылады.

Бертінде 1999 жылы тағы осы қаланың археологтары Чича көлінің бойынан б.д.д VIII-VII ғасырларға жататын  қаланың орын тапты. Осы аймақтың Қазақ елімен шектесетін жерінде аумағы 5-тен 30 гектарға дейін аумақты алатын бірнешге елді мекеннің орны табылды. Олардың көбінің аты тарихта Тартас сынды қазақша атаумен қалып отыр.

Сонда ресми орыс тарихының Сібірді игеруі (басып алуы) барысында бұрыннан бар «Сібірлік қалаларды біз салдық дейтін?» аксиомаланған  қитұрқы саясатына қашан ғылыми-идеологиялық тосқауыл қойылады!?

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

68 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1951