Сенбі, 23 Қараша 2024
Жаңалықтар 1810 0 пікір 19 Маусым, 2009 сағат 16:35

Айжан КӨШКЕНОВА. Министрдің қызметінен алынуына не себеп?

Қорғаныс министрі Даниал Ахметовтің алдыңғы күні қызметінен кетуі сол мекемеде істейтін қарапайым қызметкерлер үшін күтпеген оқиға болыпты. Себебі кеше оның Сарышаған полигонына іссапары жоспарланған. Сол жерде ол журналистерге қоғамда көп дау тудырған отандық қару-жарақтардың мән-жайын түсіндіруі тиіс еді...

Қорғаныс министрі Даниал Ахметовтің алдыңғы күні қызметінен кетуі сол мекемеде істейтін қарапайым қызметкерлер үшін күтпеген оқиға болыпты. Себебі кеше оның Сарышаған полигонына іссапары жоспарланған. Сол жерде ол журналистерге қоғамда көп дау тудырған отандық қару-жарақтардың мән-жайын түсіндіруі тиіс еді...

Алайда оның орнына Ахметовті Қорғаныс министрі қызметінен босату туралы Мемлекет басшысының Жарлығы шықты. Қорғаныс саласындағы алғашқы азаматтық министрдің отставкасы әскери сарапшылардың таңданысын тудырмапты. «Бұл оның министрлігіндегі соңғы жанжалдармен байланысты болуы мүмкін. Өйткені басшының орынбасары қызметінен кеткенде оның да көп ұзамай орнын босататындығы анық еді. Ал экс-министрдің кінәлі, кінәлі еместігін тергеу орындары ғана біледі», - деді бұрынғы Қорғаныс министрі, парламент депутаты Сәт Тоқпақбаев.
Мекемесінде қанша дау шықса да, елімізде ешқандай лауазым иесінің өз еркімен қызметінен кетпейтіндігін айтады Запастағы офицерлер одағының төрағасы Айтқали Есенқұлов. «Былтырғы жылы сыбайласқан жемқорлық бойынша айыпталған жапон министрі өз-өзіне харакири жасаған. Ал бізде олардың «үстінен түйе өтсе де, қыңқ етпейді», - дейді генерал. Дегенмен «харакири» жасап, қарнын жармаса да, кеңірдегін тіліп, өз-өзіне қол жұмсау талпынысы дәл осы министрлікте орын алған. Ахметовтің орынбасарларының бірі Қажымұрат Маермановқа сәуір айында сыбайлас жемқорлық фактісі бойынша айып тағылған. Осыдан кейін абақтыға түскен генерал қағаз қиятын пышақпен өзін-өзі бауыздамақ болған. Кейбір деректер бойынша, экс-вице-министр «Найза», «Семсер», «Айбат» сияқты жарамсыз артиллериялық жүйелердің жасалуы мен шығарылуы жөніндегі конкурстар мен келісім-шарттар әзірлеуде заң бұзушылықтарға барған. Ал мемлекет қазынасы 82 млн долларға зиян шеккен.
- Басшысы қандай болса, бағыныштылары да - сондай. «Балық басынан шіриді». Жоғары талап қойылмаса, осындай олқылықтар шыға береді, - дейді Есенқұлов. Алдымен бағыныштысы, одан кейін басшысы жауапқа тартылған жайттар Қазақстанда бұрын да кездескен. Мысалы, бірінші орынбасарын «құрбандыққа» шалған Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Ысқақов 4 наурызда өзі қызметтен кетсе, 30 наурызда қамауға алынған. Дегенмен Қазақстан тарихында айып тағылған күннің өзінде шетел асып, көзден ғайып болатын шенеуніктер де кездескен.

- Алайда мені таңғалдырғаны - Ахметовтің қызметінен кетуі емес, орынбасары, жоғары лауазымды қызметкерлері тұтқындалып жатқан кезде ләм-мим деп аузын ашпауы. Ол ең құрығанда Нұрлан Ысқақов сияқты өз еркімен отставкаға кетуге батылы бармады, - дейді саясаттанушы Айдос Сарым. Айта кету керек, «Айқын» газетінің Қорғаныс министріне былтыр 18 қыркүйекте жолдаған сауалдары сан мәрте жаңартылып, қайта жолданып отырғанымен, сол күйі жауапсыз қалған. Оның ішінде Қорғаныс министрлігіндегі сыбайласқан жемқорлыққа қатысты сауалдар да назарға ілінген жоқ.

- Мемлекет басшысы Қорғаныс министрін орнынан алу арқылы осы маңызды мекемені сауықтырғысы, басқа шенеуніктерді де жауапкершілікке шақырғысы келді, - дейді Есенқұлов. «Ахметов қарамағындағылар арасындағы жемқорлықты ауыздықтай алмады. Қайта керісінше, әскерилердің былық-шылығы, бюджеттік қаражатты талан-таражға салуы артып кеткенге ұқсайды, - дейді Сарым. Сондықтан ол Ахметовті жұмыстан кетіруді «өте орынды, қисынды кадрлық шешім» деп бағалайды. - Оның орнына Мұхтар Алтынбаев, Әлібек Қасымов сынды ары бар генералдар келсе дұрыс болар еді, - дейді сарапшы.

Қазақстан Президенті 2007 жылы қаңтар айында Даниал Ахметовті қызметке тағайындаған кезде оның республикадағы алғашқы азаматтық Қорғаныс министрі екендігіне айрықша назар аударған. «Әскерилер әскер жұмысымен, ал қорғаныс кешеніндегі саясат пен оны басқару ісімен азаматтық тұлғалар айналысуы тиіс. Бұл - әлемдік үрдіс» деген болатын Президент. Ол Даниал Ахметовтің алдына саны көп емес, бірақ сапалы, мобильді, жақсы жабдықталған әскері бар Қазақстанның пәрменді әскери кешенін жасақтау міндетін қойған. Ал Ахметов өз кезегінде Қазақстанның қорғаныс саласын барынша бәсекеге қабілетті етіп, әлемдік деңгейге көтеруге уәде еткен еді.

 


«Айқын» газеті, 19.06.2009

 

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1489
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3257
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5529