Сенбі, 23 Қараша 2024
5993 1 пікір 26 Қараша, 2019 сағат 10:24

Орфоэпиялық заңдылықтарды меңгертудің әдістемесін жетілдіруіміз қажет

Жаңа әліпби мен емле ережелерін оқытуда кирилграфикасында болған кемшіліктерді ескергеніміз жөн. Басты ескеретін мәселелердің бірі  – қазақтың төл және күрделі сөздерін қазақ тілінің орфоэпиялық нормасына сәйкес меңгерту. Қазіргі таңда орфоэпия балабақшадан бастап жоғары оқу орындарының оқу бағдарламаларында қамтылғанмен, нәтижесінде бүгінгі мектеп оқушылары, ЖОО студенттері, өзгетілді өкілдер, тіпті ересектердің де орфоэпиялық норманы сақтамайтындарын байқап жатамыз. Ал тілдік тұлғаның балабақша мен мектеп жасында фонетикалық дағдылары дұрыс қалыптаспаған болса, онда ол айтылым үрдісінде сөздерді дұрыс дыбыстамайды және естігенін дұрыс түсінбейді. Бүгінгі коммуникациядағы тілдік тұлғаның төл сөздер мен күрделі сөздер қалай жазылса, солай оқитын дәрежеге жеткен. Оның себебі әдістемеде орфография мен орфоэпияның қатар меңгертілмеуінен, екіншіден, бастауыш сыныптан бастап жоғары сыныпқа дейінгі  оқу бағдарламаларында орфоэпия мәселесіне басымдылық берілмегендігінен, тақырыптардың күрделенбегендігінен болар. Десек те, ауызша және жазба тілдің нормалары жайында зерттеулер  А. Байтұрсынұлы, Қ. Жұбанов еңбектерінен бастау алып, Р. Сыздық, Н. Уәли, Ә. Жүнісбек, З. Базарбаева, Қ. Күдеринова, А. Фазылжанова, т.б. ғалымдардың еңбектерінде жалғасын тауып келеді. Мәселен, Ахмет Байтұрсынұлының екі бөлімнен тұратын «Тіл жұмсары» мен «Оқу құралында» оқушыға әріп пен дыбысты ажыратуға арналған жаттығу жұмыстарының түрлері ұсынылған.  Әуелі оқушыларға буын айыруды, буынды айыра білгеннен кейін дыбыстарын айыруды, одан кейін дыбыстарды қайта қоса білуге үйретудің қажеттілігін айтады. Ғалым «Жаза білу үшін тілдегі дыбыстарды тани білу керек. Ол дыбыстарға арналған әріптерін тани білу керек. Таныған әріптерін жаза білу керек. Жазған әріптерін дыбысымен атай білу керек» деп әріп пен дыбысты, буынды айыра білудің алғашқы мәліметтері А. Байтұрсынұлы еңбектерінде көрініс табады. 

Ауызша сөз мәдениетінің маңыздылығы туралы академик Р. Сыздықтың мектеп мұғалімдері мен жоғары оқу орындарының студенттеріне, сахна қайраткерлері мен радио, теледидар дикторларына, комментатор мен журналистерге арналған «Сөз сазы», «Қазақ тілінің анықтағышы» еңбектерінде, шағын мақалаларында баяндалады. Ғалым: «Сөз мәдениеті, дұрыс сөйлеу мәдениеті, сауатты жазу дағдысы дегендерді тек бөлінген сағаттың бойында ғана үйреніп шығуға болмайды. Тіл мәдениетін, сөзді дұрыс қолданып, дұрыс дыбыстап, дұрыс жазу дағдысын мектеп табалдырығын аттаған күннен бастап, оны бітіргенге дейін (тіпті одан кейін де) үзбестен игертуді тек тіл мен әдебиет пәні мұғалімдері ғана емес, барлық пәннен сабақ берушілер сезініп, күш жұмсағанда ғана ана тіліміздің табиғи қасиетін, ғасырлар бойы жиналған мол қазынасын, бабалар қалдырған көркемдік құдіретін сақтай аламыз», - деп атап көрсетеді. «Сөз сазы» еңбегінде тек жекелеген сөздердің орфоэпиялық нормалары ғана емес, сөз тіркестерінің арасындағы дыбыстардың өзара әсері, фонетикалық құбылулары, бір деммен топтасып айтылатын ырғақты топтардың проза мен поэзиядағы  айырмашылықтары жайында құнды ақпараттар беріледі.  Міне, осы еңбектердегі теориялық мәліметтер практикамен ұштастырылып, орта және жоғары сынаптардың, сондай-ақ, ЖОО оқу бағдарламаларына лайықталып енгізілсе, оқулық мазмұнынан көрініс тапса, сөз мәдениетіне қатысты бірқатар мәселелер шешілер еді. 

Сонымен қатар Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ғалымдары Қазақ тілінің орфопиялық проспектісі әзірлеу үстінде.  Бұл еңбекте қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің әдеби нормаға сәйкес айтылу үлгілері мүмкіндігінше толық қамтылады.  Профессор Н. Уәлидің айтуынша, әдеби тілдің орфоэпиялық нормасына байланысты қиындықтың бірі жазу тәртібімен байланысты, өйткені жазба сөздің өзіне тән жүйесі бар да, ауызша сөздің өзіне тән жүйесі бар, сондықтан жазба мәтінді оқығанда жазба сөзге тән кодты ауызша сөзге тән кодқа көшіре білу қажет.  Міне, бұл сөздік орфоэпияны меңгертуде ғылым мен практиканы сабақтастыратын, жүйелейтін жетекші құрал болатыны сөзсіз.

Сонымен жаңа әліпбимен орфоэпиялық заңдылықтарды жеңілден күрделіге қарай меңгертудің әдістемесін жетілдіруде аталмыш еңбектер оқыту үрдісінде ғылыми-практикалық тұрғыда бағыт-бағдар болатын, сүйенетін негізгі еңбектердің қатарынан орын алуы тиіс.  

Айнұр Сейітбекова

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3233
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5347